(ақын Нұтфолла Шәкенов өмірінің Абыралыдағы кезеңдері)

Ертеректе «Қазақстан мектебі» журналының ескі нөмірлерін ақтарып отырып, Нұтфолла Шәкеновтың «Бір мектептің түлектері» деп аталатын жолжазба мақаласын тауып алған едім. 1974 жылғы 9-шы саны. «Бетіміз Абыралы, Қайнар… Менің бұл жолмен жүрмегеніме ширек ғасырдан асып кеткен шығар. Зымыраған өмір дегенің осы» деп, ерекше сағыныш лебімен жазылған туындыны қызыға оқып шыққанмын. Мына бір тұсына көз жіберейікші: «Семейтау – Семей қаласының қақпасы тәрізді. Не Шыңғыстан, не Абыралыдан келе жатып, осы жатаған таудың асуынан өтсең-ақ болды, күндізінде алдыңда кең жазық жатады, дала төсінде будақтаған Семейдің түтіні қол бұлғап шақырып тұрғандай әсер береді».

Мынау бәрімізге таныс сезім ғой, бала кезде ауылдан Семейге келе жатып, талай рет бастан өткерген ахуал! Нұтфолла ақын жол бойы бала күннен бірге өскен досы Жұман Оразалинмен бірге жолдың жөнін, жердің жағдайын еске алып, әңгіме етіп келе жатады. Қазіргі уақытта халық «Қырқыншы» деп атап кеткен бекет туралы айтпапты, бәлкім ол кезде басқаша аталды ма екен? Ақынның бұл сапары өзі білім алған «Қайнар» орта мектебінің елу жылдық тойына байланысты еді. Бала күнгі достарымен қуана қауышқанын жазады. Қайнарға жеткенде, «жаздың айлы түнінде ақсүйек лақтырып, алтыбақан ойнайтын» Қарашоқының бауырында жыпырлаған жаңа үйлер салынғанын көреді. Баяғы өздері оқыған бір қатарлы балшық үйге – мектептеріне кіреді. Бұл кезде үш қабатты жаңа мектеп енді салына бастаған кезі болса керек. Ақын «Қайнардан қанаттанғандар» деген үлкен стендке назар аударады. Мектепке елу жыл болған, ал нақты есеп жүргізілген 1940 жылдан бастап, 33 жылдың ішінде бұл мектепті 1206 адам оқып бітіріп, 5 Социалистік Еңбек Ері, 22 ғалым, 16 ақын-жазушы, 12 инженер, 85 дәрігер, т.б. шыққанын біледі. Н.Шәкенов келіп қайтқаннан бергі тағы да елу жыл ішінде қаншама тұлғалар осы білім ұясынан қанаттанды десеңізші!

Мектеп түлектері мен қонақтар кешкі самалмен Қайнардан ұзап, Абыралы тауына қарай беттейді. Тағы бір үзінді оқиық:

– «Әне бір үңгірді танисыздар ма?, – деді қайнарлық жігіт. Мен іле жауап қайырдым:

– Қалыбай қуысы емес пе?

– Дәл өзі. Кашафтың қасапшы болған қуысы – осы. Бәріміз жамырай күлісіп алдық. Балалық шақтың бір тентектігі көзімізге елестегендей қадалып қалыппыз». Кашаф дегені – ол да осы тойға келген абыралылық белгілі ақын, Кашаф Туғанбаев, бала күннен бірге өскен достары.

«Бір мектептің түлектері» деп аталатын бұл мақала туралы: «Зор тебіреніспен оқып шықтым. Таныс жер аттары, таныс есімдер, туған өлкеге деген ыстық сағыныштың таныс лебі… Мен Қайнар ауылында туып-өскен де, оқыған да емеспін. Бірақ журналистік еңбек жолымды бастап, үлкен өмірге қанат қақтым» деп күнделігіме түртіп қойған едім.

Сонымен… Нұтфолла Шәкенов есімі иісі қазаққа мәлім. 1928 жылы Павлодар облысының Ақсу ауданында № 9 ауылда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, республикалық газет-журналдарда, Қазақ радиосында, т.б. қызметтер атқарған. Қызылордада педагогикалық институтта ұзақ жыл оқытушы болып та жұмыс істеген. 20-дан аса кітаптың авторы, жүзден астам өлеңдеріне ән жазылып, халық арасында кең таралып кеткен. Тіпті,  әдебиеттен хабары аз деген адамның өзі оның сөзіне жазылған әндерді жақсы көруі мүмкін. Ән сөздерін есімізге түсірейікші: «Өмірдің көрген талай жол торабын» («Әке туралы ой»), «Ақ бидай – алтын астық дәнім аты» («Ақ бидай»), «Әлем сүйген салтымыз бар» («Бейбітшілік сақталады»), «Еду, еду қашықтан, мен водовоз асыққан» («Су тасушы қыздың әні»), «Жалт етші дәтке, бір ғана сәтке, суретің қалсын кеудемде» («Іздедім сені»), «Жаным деп маған үн қатқан, жүрекпен сүйіп ұнатқан» («Махаббат вальсі»),  «Әлемнің сенде қызығы, күннің де сенде қызуы» («Сен ғана»)… Оның әнге жазған сөздері бір төбе болса, арқалы да адуынды ақын ретіндегі дауылпаз жырлары бір төбе. Бірақ біздің мақсатымыз – ақын шығармашылығына тереңірек үңілу емес, оның Абыралы ауданында өткізген балалық шағы мен алғашқы туындыларының жариялануы туралы кейбір деректерді келтіру.

Кереку өңірінде дүниеге келген ақынның Қайнарға келіп, балалық шағын осында өткізуінің себебі белгілі қайраткер, журналист, тарихшы ғалым Болатбек Нәсеновтың «Абыралы сұңқарлары» кітабында баяндалған. Бұл кітапта ол Н. Шәкеновтың бала күнгі досы С. Тәбәріковтың естелігін келтіреді.  Естелікте: «Нұтфолланың әкесі Жүнісов Шәкен баянауылдық, текті, көргенді елден келіп, Абыралы ауданында 1934-1938 жылдар аралығында денсаулық бөлімінің бастығы болған… Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді, қызметінен аластатылып, партия қатарынан шығарылады. Жазықсыз қудаланып, тек 1939 жылдың соңына қарай ақталғандардың бірі болды. Бұл өз алдына үлкен бір әңгіме» деп жазады. С. Тәбәріков осы естелігінде 1974 жылы Қайнарға келген Н.Шәкеновты, басқа да мектептес достарын үйіне қонаққа шақырған қайнарлық Қапыш Елубаев туралы жазыпты. Бұл бала кезімде көрген бір адамды есіме түсірді. 1926 жылы дүниеге келген, соғысқа да қатысқан Қапыш аға 1979-1983 жылдар аралығында біздің үйде жиі болып, әкеммен жақсы араласып еді. «Төре», «Сүлеймен» қыстақтарында көмекші шопан болып жұмыс істеген. Кішкентай кезімде маған әртүрлі тақпақтарды жаттатып отыратын. Егер бұл екеуі бір адам болса, мен талай шежірені білетін жанмен сөйлесіп отырғанымды сезбеген болдым ғой.

Сөйтіп, бала Нүткен әкесінің қызмет бабымен келген жерінде өскен, білім алған. Соғыс жылдарында мектептегі сабағын тоқтата тұрып, аупарткомның кітапханасында да жұмыс істепті. Абыралы аудандық «Социалистік шаруа» газетін қарап отырып, 1940 жылғы 8 наурыздағы санында мектеп оқушысы Н. Шәкеновтың «8 март» өлеңі басылғанын көрдім. Сол кезде шамамен он екі жастағы болашақ ақынның алғашқы жарияланған туындыларының бірі сол болса керек. Бұдан кейін газетке жиі жарияланып тұрғаны байқалды. 1940-1943 жылдары аудандық газетке жарияланған өлеңдері: «Қазақстанның 20 жылдығына», «Қызыләскер ағайға», «Еліктеймін Жамбылды», «Қызыл қыран», «Октябрь бақшасы», «Алып күш» (Кашаф Туғанбаевпен бірігіп жазған), «Кек алынар күн жақын», «Досқа – қуат, жауға – өлім», «Достық күші», «Крейсер», «Оңтүстікте», «Достың хаты», «Еркін жан», «Колхоз қызы», «Бүгін», т.б. Ол өлеңдермен қатар газетке хат-хабар да жазып тұрған. «Социалистік шаруаның» 1941 жылғы 23 қыркүйектегі нөмірінде Молотов атындағы колхоздың оқушылар бригадасының бригадирі Н. Шәкенов «Отанның игілігі үшін» деген мақаласында  13 оқушы күндіз-түні ұйқы көрместен колхоз даласында егін масағын теріп жүргенін жазған. Бұл соғыстың алғашқы жылындағы қиын күндер болатын. «Мектеп өмірі аз жазылады» деп аталатын тағы бір шағын мақаласы 1942 жылы 5 мамырда жарық көрген. Басқа да шағын хабарлар жазып тұрған. Н. Шәкеновтың 1943 жылы жазған сын мақаласы «Сылдыр сөз, сылбыр жұмыс» деп аталады.

Бір өкініштісі, «Социалистік шаруа» газетінің 1944 жылғы нөмірлері табылмады. 1945 жылғы аздаған нөмірлері сақталыпты. Бұл кездерде Нұтфолла Шәкенов Алматыға оқуға кеткен болуы керек. Газет беттерінен көрінбеді. Ақын Кашаф Туғанбаевтың «Естен кетпес күндер» деген естелігінде («Семей таңы» газеті, 1967 жыл, 5 желтоқсан) 1945 жылы Қарауылда өткен ұлы Абайдың жүз жылдық тойында Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ зиялылар (арасында ленинградтық әйгілі ғалым, лингвист В.Жирмунский де бар) Абыралы ауданының тойға арнайы тіккен алты қанат ақ отауынан дәм татқанын жазыпты. Сонда халық ақыны Жақсылық Төленов оларға Кашаф Туғанбаевты таныстырып, «Абыралыдан мына ақын баламды ертіп келіп едім, жақсылардың жүзін көрсін, сөзін естісін деп» дейді. Олар Кашафқа өлең оқытып, ризалық білдіреді. Сол сәтте М. Әуезов: «Бізде оқитын бір ақын бала, ұмытпасам ол да Абыралыданмын деген еді. Домбыра тартысында, ән салысында оттылық, қызулық бар, өлеңді де тәуір жазады, өзі бір өжет бала?» деп сұрайды. Мұхаңның сұрағаны Нұтфолла Шәкенов екен.

Н. Шәкеновтың жоғарыда айтылған «Қазақстан мектебі» журналындағы жолжазбасынан оның Қайнарға ширек ғасырдан кейін келіп қайтқанын білуге болады. Абыралыдан алыста жүрсе де, ақын жүрегінен өскен жерінің ешқашан да өшпегендігі оның өлеңдері мен жазбаларынан аңғарылады.

1979 жылы жарық көрген «Белеңдер» деп аталатын өлеңдер мен поэмалар жинағына жазған «Өлең жолында» деген кіріспе сөзінде Нұтфолла Шәкенов: «Менің өскен жерім Абыралы ауданы Қайнар ауылы… Бұл өңір – ойын-сауықшыл, ән мен жырдың ордасы болатын. Осы қауымның ортасында өскен әрбір жас балаға өнерпаз жұрттың шарапаты тимей қалған жоқ» деп жазады. Сонымен қатар ол осы естелігінде 1941 жылы алтыншы сыныпта оқып жүргенінде өзін Семейдегі республикалық халық ақындарының айтысына қатысуға жібергенін, қаршадай баланы көріп, үлкен ағалары басынан сипап, «жарайды, айтысқа түспесең де, ақын аталарыңның жанында бол» деп меселін қайтармағанын қызықты оқиға ретінде еске алады. 1943 жылы мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасына қатысып, өлеңдері үшін жүлде алады. Қайнарда оқып жүрген болашақ ақын, осылайша, жастайынан әдеби өмірге араласып, қанатын қатайта берген. «Біздің жыр» деп аталатын тұңғыш жыр жинағы 1949 жылы жарық көрген. Тырнақалды туыныдысында ақын көптеген өлеңдерін В.В. Маяковский үлгісімен сатылап жазыпты. Жалпы, елуінші-алпысыншы жылдарда кейбір шығармаларын Маяковскийге еліктеп жазған ақындар қатарында абыралылық қаламгерлер Төлеужан Ысмайылов, Кашаф Туғанбаев, Нұтфолла Шәкеновтер ерекшеленіп көрінеді. КСРО Журналистер одағының мүшесі Боранбай Мауқаев былай деп жазыпты: «Төлеужан Ысмайыловтың мектеп қабырғасында жүріп жазған өлең жолдарын оқып, ең алғаш жоғары баға берген республикаға белгілі ақын Нұтфолла Шәкенов болды. Оның Төлеужанның ақындық жолға түсуіне көп көмегі тиді» («Жаңғырған Абыралы» газеті, 1991 жыл, 7 қараша).

Н. Шәкеновтың «Қайнарым менің» өлеңі Қайнар орта мектебінің 50 жылдығына орай жазылыпты. Әнін ауылдас досы, қоғам қайраткері, қаламгер Сейтжан Тәбәріков жазған. «Қайнарым менің, жылдарым менің, алыстап кеткен балғын шақ!» деп басталады. Өлеңнің екінші бөлімінде:

Бұлағындай Абыралы бауырының,

Мөлдір еді-ау адамдары ауылының!

Қыран ұшар биігіңе көтеріп,

Ашық аспан ауасында баулыдың…

Қайда жүрсем ыстығың бар кеудемде,

Қайда жүрсем өз балаңмын, Қайнарым!

Жер биігін алғаш сенде көргенмін,

Ел биігін алғаш сенде көргенмін!, –

деп тебіренеді.

Семейден Саржал, Абыралы бағытына жолға шыққанда 40-50 шақырымнан кейін сол жақ қапталдан халық Қыземшек деп атап кеткен шағын қос дөң кезігеді. Ақын осы табиғат ғажабын:

Семейтауды маңайлап,

Қыземшектен жол кеткен.

Жолаушысын қарайлап,

Тұрғандай бір бойжеткен…

Жолың түсіп, бару мұң –

Бара қалсаң, көре кет.

Толықсыған арудың –

Кеудесіндей керемет, –

деп жырға қосқан.

1979 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Байқал» өлеңдер мен поэмалар жинағында «Абыралым, армысың!» деген өлеңі бар:

Балалық, балғын шағымнан

Кеудеме қонған бұлбұлың!

Өзіңді аңсап, сағынған

Мен-дағы сенің бір ұлың –

Абыралым, армысың!

Әлі де жақсы үміт көп,

Көп еді-ау бізден күткенің…

Алдыңа келген жігіт боп,

Баяғы бала Нүткенің –

Армысың алтын Қайнарым!

Нұтфолланы бала кезінде Нүткен деп атаса керек.

1973 жылы «Жүз ән» деген атпен Нұтфолла Шәкеновтың сөзіне жазылған әндер жинағы жарыққа шықты. Бұл кітапқа да «Автордан» деген алғы сөзін ақын Абыралыдан бастайды: «Мен бала шағымнан әнге құмарттым, әнді сүйдім. Оған бірінші себеп Абай ауылының іргесінде – ән толқыған Абыралы тауының бауырында өстім және өз әкем қолынан домбыра түспеген, Майра мен Естайдан тәлім алған ел әншісі болды».

1954 жылы жерінің негізгі бөлігі Семей полигонына берілуіне байланысты Абыралы ауданы таратылып, аудандық «Социалистік шаруа» газеті де шығуын тоқтатқан. Абай ауданына қосылған шаруашылықтардың тұрмыс-тіршілігін енді Абай аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газеті (кейіннен «Совхоз туы» деп аталған) жазып тұрды. «Совхоз туының» 1968 жылғы 21 қыркүйектегі санында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тұңғыш рет Қазақ поэзиясының Абай күнін Абай аудандық мәдениет үйінде өткізгені, оған Алматыдан көптеген ақын-жазушылар келгені баяндалыпты. 17 қыркүйекте өткен осы шараға Нұтфолла Шәкенов та қатысып, сөз алады: «Бұл ел – мені өсірген ел. Бұл жер мені бауырына алып, қияға ұшырған» деп бастап, «Туған жер» деген өлеңін оқып береді.

Нұтфолла ақын 1983 жылы өмірден өтті. Тағы бір оншақты жыл өмір сүргенде, 1991 жылы Семей полигонының жабылғанына, Абыралы ауданының қайта ашылғанына куә болып, өскен өлкесіне шексіз қуанышпен тағы бір оралар ма еді! Ол күнге жете алмаса да, өлеңдері, әндері халықпен бірге жасай бермек.

Қайырбек ШАҒЫР.

«Malim» сайтынан алынды.

Пікір үстеу