Жарық дүниеге келген әрбір пенде өз қалауынша өмір сүруге ерікті. Ермұхан Бекмаханов та мейірімді Алла пешенесіне жазған дарын-қабілеті арқасында өз қатарынан қара үзіп шығып, Қазақ Елі тарихының қатпарлы сырларын тереңдете қазып, туған халқына елеулі еңбектер беруге құлшынған білімпаз еді. Амал қанша, батыл ойға тұсау, еркін көңілге кісен салған қатыгез заман оның ең алғашқы қарымды еңбегіне тыйым салып, қазақ тарихнамасының төрі түгілі, босағасынан да орын бермей, үнемі қуғын көріп, нағыз дер шағында өмірден озды.
«Ноқталанған тарихшы» ғұмырнамасында деректі жанрдың шебері Медеу Сәрсеке шерменде тарихшының өмірін әсірелеусіз баяндап, оның жолын кескен қаскүнем замандастарының есімдерін де, қастандық әрекеттерін де ҰҚК-нің жабық мұрағатынан алған деректермен нақты сипаттайды. Кешегі кер заманның қитұрқы зауалын бүкпесіз ашып, билік басындағылардың сорақы қиянаттарын әшкерелейтін деректі туынды оқырманның оң бағасын алған шығарма. Кітап 11 қараудан тұрады. Әр тарауда ғалымның балалық шағынан батсап, өмірінің соңына дейінгі – ғибратты ғұмырының әр кезеңі қамтылған. Биыл – Ермұхан Бекмаханұлының туғанына 110 жыл толы. Аталған мерейтойға орай, оқырман назарына «Ноқталанған тарихшы» романының оныншы тарауынан үзінді ұсынамыз.
Ноқталанған тарихшы
Оныншы тарау
«Бұл еңбегімізде біз Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын қайыра жаңғыртуды,
қазақ халқының келешегіне сол оқиғаның игі әсер еткенін көрсетуді мақсат етіп отырмыз.
Сол мәселені ғылыми талдау арқылы Қазақстанның XIX ғасырдағы
әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасын түбегейлі анықтауға болады…»
Е. Бекмаханов, «Қазақстанның Ресейге қосылуы».
«Шерменен жүріп тарихын шерттің еліңнің,
Шежіресінде қалдың ұлан-байтақ жеріңнің»
(Хамза Абдуллин)
1
1954 жылдың ақпан айы саясатқа құлағы түрік қауымды селт еткізген соны жаңалықтармен басталды: Алматы облысының партия конференциясында Ә.Қ. Қанапин бірінші хатшылыққа қайтадан сайланған жоқ, комитетке мүшелікке кірді де, әлдеқандай себептермен қызметсіз қалды; ал соңғы үш жылда қазақтың бетке шығар зиялысына бүйідей тиіп, ойына келгенін істеген И.П. Храмков КСРО Жоғары кеңесіне Қостанай облысынан депутаттыққа ұсынылып (бұл болса ҚКП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушілері ешқашанда көтерілмеген мәртебе), іле-шала сол облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды; осы хабарды естігенде гуманитарлық ғылым мен әдебиет төңірегіндегілер кеудесін кере демалып, «Апырай, қызыл көз пәледен құтылдық па?» − десіп, қуаныш білдірген-міс…
Алайда республика жұртшылығы тосын хабардың көкесіне келесі аптада кезікті: ақпанның 11-ші жаңасында, ҚКП Орталық Комитетінің кезекті VII құрылтайы ашылуға бір апта қалғанда төтенше пленум шақырылып, Орталық Комитеттің жетекші екі хатшысы Ж.ШШаяхметов пен И.И.Афонов мәртебелі қызметтерін тапсырып, Оңтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарын басқаруға аттанды; олардың орнына Мәскеуден жіберілген П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев қонжиды. «Правда» газетінің үш тілшісінің осы жиыннан берген есебіне қарағанда, «Жұмабай Шаяхметов ұлан-байтақ жерге, зор байлыққа ие алып республиканың ауыл шаруашылығын шұғыл өркендетуге, әсіресе тың жерлерін игеруге аса құлықты болмаған-мыс. Оған қоса Қазақстан Компартиясының басшылығында 16 жыл тапжылмай отырғанда кадрларды тәрбиелеп, өсірудің большевиктік принципін өрескел бұзып, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берген-міс. Ал екінші хатшы И.И. Афонов бірінші басшының өзім білем әрекетіне қарсылық көрсетпеген…»
(Қазақстан коммунистерінің VII құрылтайында жасаған баяндамасында Жұмабай Шаяхметұлы өзіне айтылған ауыр сынды толық мойындапты. Сонау 20-жылдардан бастап партия жолына адал болғанын ескертіп, идеология саласында соңғы жылдары пәрменді жұмыстар атқарылғанын, әсіресе қазақ қауымын ұлтшыл элементтерден тазартып, ғылыми ортаны солардың зиянды ықпалынан сауықтыруда қыруар шаралар жүргізілгенін айтып: «Осы мәселеде бізге «Правда» газеті ерекше көмек көрсетті. Мысалы, былтырғы «Сынау орнына мадақтау» мақаласында Әуезов пен Мұқанов туралы монографияның қателігін большевиктік белсенділікпен әшкерелегені өте дұрыс болды…» − деген тұжырыммен аяқтапты. Құрылтайда отызға тарта делегат мінбеге көтерілген. Бәрі де ОК бюросының жұмысына қанағаттанғандық білдіріп, қайсысы болсын басшылықтан тайдырылған бірінші хатшының соңынан тас лақтыруды жөн көрмей, сыпайылық аңғартқан.
Екінші күні сөйлеген И.П. Храмков қана: «Баяндамашының идеология мәселесіне байланысты соңғы жылдарда жүрген сауықтыру шаралары нәтижелі болды дегені – шындықтан қашық мәлімдеме. Бұл жұмыс одан әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Шындығын айтқанда, Шаяхметов жолдастың саяси сауаты төмен, маркстік-лениндік ілім негіздерін білмейді, ең сорақысы, өзінің білімін көтерумен шұғылданбайды, қымбат уақытын әншейін ермектерге жұмсайды. Сондықтан да ол Қазақстанның Ресейге қосылуын буржуазиялық-ұлтшылдықпен теріс-қағыс түсіндіріп, ұлы орыс халқы мен қазақ халқының тамыры терең достығына сына қаққысы келген жауыз топты әшкерелеп, аяусыз жазалауға кедергі жасап бақты…» − депті.
Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы М.Ә.Сужиков те құрылтай мінбесінен: «Тарих пен әдебиет саласында орын алған буржуазиялық ауытқулардан қауымды біршама тазарттық. Бізді осы мәселеде тым қатал шара қолданды деген жолдастардың есінде болсын, алдағы уақытта да мұндай ауытқуларға жол бермейміз, ұлтшылдық пиғылдың түп тамырын жойғанша жалғастыра береміз!..» − деген ескертуін біз съезд хаттамасынан келтіріп отырмыз).
Құрылтай делегаттары Абай атындағы Опера және балет театрының залында отырғанда «буржуазиялық ұлтшылдардың қаскөйі» деген қаралаумен Сібірге жөнелтілген қазақ тарихшысы саяси қылмыстан құлантаза ағарып бостандыққа шықты. Бұл хабар Алатау баурайына коммунистер құрылтайының екінші күні, яки ақпанның 17-ші жаңасында жеткен. Тарих институтының директоры мен партия ұйымының хатшысы атына Ермұханның өзі жолдаған: «Біржола ағарып бостандыққа шықтым, тиесілі еңбекақымды Мәскеудің бас поштасына жіберіңіз, Бекмаханов», − деген жеделхаты арқылы мәлім болған.
Демек, үш жыл бойы зиялы қауымның ұйқысын бұзып, маңдайалды өкілдерін қуғындаған саяси науқанның, әсіре белсенді делегаттар тілегендей, «жүйелі түрде жүргізілмегі» осы хабардан соң әншейін бопсаға айналған… Сену қиын, сенбеске бірақ амалың жоқ. «Ұзын құлақтың» ақпарына қарағанда, Ермұхан жайсаң өзбектерді паналаған келіншегіне жетіп, Ташкентте сайрандап жүрген сияқты, сірә, бірер аптада Алматыға келеді-міс; ең ғажабы, қазақ тарихшысын КСРО-ның бас прокуроры Шығыс Сібірден арнайы ұшақпен алдырыпты; қылмысынан ақталған күні оны Н.С.Хрущев қабылдапты-мыс; кімге не деуді білетін азамат Қазақстандағы ауыр жағдайды, зиялы қауым нақақтан ұшыраған қуғынды бірінші хатшыға бастан-аяқ мәлімдепті; Никита Сергеевич бұл әділетсіздікті таяу арада түзетеміз депті; олай болса өзін де, өзге шерменделерді де Сібірге айдатқан жалақорларға, соларды құтыртқан бастықтарға да тықыр таянды деңіз…
Сөйтіп, біржарым жылда бостандыққа шыққан дақпырты тілеулестерін ерекше қуантып, қас дұшпандарын қуартқан тарихшы ақпан айының аяқ шенінде Алматыға жетті. Рас, өсекшіл жұрт күткендей ақбоз атпен емес, кәдімгі паравоз сүйреткен жолаушылар пойызымен келді. Қарсы алғандар шамалы топ: Екінші Алматы айлағында оны ең алдымен екі ұлын жетектеп келіп Айша енесі бауырына тартып маңдайынан сүйді, Хадиша қайынбикесі мен жақын-жақыбайлары да шашу шашып қуаныш білдірісті, ең соңында қауышу кезегі қатары сиреп қалған тарихшы достарына тиді. Мәре-сәре болған жұрт Ерекеңді ортаға алып, Панфилов көшесіндегі ескі пәтеріне жеткізген. Сол күннен бастап жұпыны пәтердің есігі жабылған жоқ: ертелі-кеш сәлем берушілер көбейіп, игі ниет білдірген дос-жарандардан арылмады. Бәрі де: «Үйге жүр, сақтаулы сыбағаңды же!..» − деп еркіне қоймай қонаққа шақырып, хал-қадерінше тойлапты.
Солардың бірі − ұйғыр жазушысы Қадыр Хасанов.
− Мен сенің, Ермұхан, елге қайтып оралатыныңа титтей де шүбә келтірмеген құдайы көршіңмін. Халима ханум маған аманат еткен заттарды ешкімге көрсетпей, көзімнің қарашығындай сақтадым, міне… − деп, бір қоржын ескі кітаптары мен қолжазбалар бумасын ғалымның алдына қойды, іле қалтасынан орамалға түйілген кішкентай қорап шығарып, орауын ашып, оны да ұсынады. Сөйтсе, Шуға кетерде үйіне тастап кеткен алтын сағаты. Басын шайқаған үй иесі сағатты қолына алып бұрап еді, тық-тық етіп жүріп кетті.
− Бәрекелді, Қадеке, мұныңыз көрім болды. Бұл туралы Халима маған ештеңе айтқан емес. Көршілік қақыңызды адал атқардыңыз, көп рақмет сізге!
− Айтпаса, Халима ханум маған сенген. Сеніміне мың мәрте рақмет! Кітапты да көтергенімше беріп, қалғанын кейін жеткізбек болып еді, сірә, үлгірмеді…
− Қалғаны тәркіге түсіпті. Жүзден аса кітап, кейбірі төңкерістен бұрын шыққан сирек кітаптар еді, әсіресе Ключевский мен Соловьевтің көп томдық еңбектеріне ішім ашып отыр. Қайта ма, қайтпай ма, білмеймін… − деп Ермұхан қолжазбасын ақтара бастады. Біраздан соң басын көтеріп, − әншейін ұсақ дүниелер болды, мақалаларымның түпнұсқасы. Ал жаңа еңбегім жоқ… − деді шұқшия іздегені кезікпегеніне мұңайған тарихшы.
− Басың аман болса, қайтадан жазасың, Ереке. Жазалаушылардың қолына түскен дүние сірә да қайтпайды, өздері иемденеді, не өртейді…
Содан бір күні үміт жетелеп қауіпсіздік мекемесіне барды. Қызылжар мен Бодайбодан үстемелеп жазған хаттарына жауап бермегенін көлденең тартып, бұрнағы жылы тәркіленген кітаптары мен жаңа еңбегінің қолжазбасын қайтаруды өтініп, тағы да арыз берді. Жауап бермесе, сотқа шағынатын ескертті.
Сөйтіп, бұйырған үйдің дәмін ішіп, ертелі-кеш балаларымен ойнап, баққа қыдыртып, әткеншек тепкізіп, киноға апарып, шат-шадыман қуанышқа шаш етектен кенелген күн шуағы мол наурыздың соңғы аптасы, мектеп түлектері көктемгі демалысқа шыққан мезгілдің кеші еді, сыртқы есіктің қоңырауы безек қағып шылдырлап қоя берді. Есікті Ермұханның өзі ашқан-ды. Екі қолында екі қоржын, бет-жүзі жайраң қаққан, маржандай аппақ тістерін ақсита ыржиған бейуақыттағы жолаушы бірден-ақ аптыға сөйлеп:
− Ассалаумағалейкум, ағасы! − Дәлізді басына көтере дауыстап, үй иесін қапсыра құшты. – Аман-есен қайтқаныңыз қайырлы болсын! Бұл енді сіздің отбасы ғана емес, біздің үйдің де қуанышы. Әділдік жеңді, дұшпандарыңыздың жүзі күйді! Ақ түйенің қарны ақтарылды деген де осы, Ереке!..
− Ой, айналайын, Ахметжан, ентігіңді бас? – деді үй иесі жымия қарап, − сүйікті келінім Хадиша аман-есен бе?
− Дін аман, ағасы, Шудан келемін. Бұрнағы жылғы батаңыз қабыл болып, жуықта екінші мәрте нәрестелі болдық. Атұстар жігіт, есімін сізге бұрыңқырап Ержан қойдық. Сол неме бөгет болмағанда Сәния да бірге келетін еді. Сонсоң, міне, сәлем-сауқат жіберді, сыбағаңыз!.. − деп екінші, қомақтырақ қоржынды асүйге сүйреді. Байлауын шешіп, семіз қойдың тұтас етін үстел үстіне шығарды.
− Шешей, бұл жігіт Ново-Троицкіде мені үйінде күткен Ахметжан шәкіртім. Менің ініден де, ағадан да жұрдай екенімді білесіздер, ал мына жігіт − маған қиын күнде қорған болған шынайы інім!.. − деді Ермұхан екі кемпірдің көзінше жасаң қонағын бауырына тарта құшып, − елге қайтқанымды естіп, сонау Шудан алып-ұшып жеткен?!
− Ой, ағасы, ана бөлмеге жүріңіз, сізге әлі де айтарым бар! − деді Ахметжан.
Басын шайқаған үй иесі бес жан баспана еткен жалғыз бөлмеге қонағын ертіп келіп, бетіне аңыра қарады. Өзімен-өзі болып ойнап отырған Ерік пен Сермұханды Ахметжан бетінен сүйіп:
− Ой, айналайып кетейін қос балақан, осы күшіктердің көз жасы ғой, Ереке, Сібірден сізді қайтарған! Әй, сендер, нағыз майлыаяқ баласыңдар, көкелеріңнің аман келгені қайырлы болсын! Жә, апашкаға барыңдар! − деп екеуін де асүйге аттандырып, бөлменің есігін нығарлай жапты.
− Жә, құпияңды айт!..
− Ереке, осы күні байқап сөйлеген жөн! Бұрнағы жылы сізді әкеткен соң үш қаріптің жігіттері мені біраз айналдырды, сақтықты ұмытпаңыз, Ереке. − деп Ахметжан екінші сөмкені ашып, қомақты буманы суырды. − Баяғы аманатыңыз!..
Үй иесі қапелімде не дерін білмей апалақтап қалды. 1952 жылдың қыркүйегінің алғашқы жаңасында, түн ішінде тапсырған жаңа еңбегі. Бас-аяғын парақтап, орта тұсынан да әр жерін ашып, түгел екеніне көңілі көншіген соң кеудесіне басты. Сонау ойқыл-тойқыл күндерде сарыла отырып (Н.С. Хрущевке хатында: «Қаныммен, көз жасыммен жаздым» деген қолжазбасының соңғы түзету жасаған нұсқасы), саяси қаралауға араша болар деп, жанұшыра толғаған төл еңбегі Ахметжанның ұқыптылығы мен кісілігі арқасында өзіне қайтып оралды. Үш данасын тәркілеген органнан түңіліп, ауылда қалған соңғы нұсқасы қол сүртуге кетті ме, алаңғасар шәкірті қарадай қорқып жойып жіберді ме деген де қауіп ойлап, сол аманатының бар-жоғын телефонмен сұрауға дәті жетпей, «Ой, Ереке, ақымақтық жасап, айырылып қалдым» десе не істейді, соңғы үміті үзіліп ойбайға басары анық еді. Енді міне, жоғы табылған соң күтпеген қуаныштан шат-шәлекейі шықсын. Өзін көргенде ата жауы қайтып келгендей тіксіне қараған тергеушілерге қайыра бармайтын болды. Солардың дүдәмал жауабынан-ақ еңбегі қайтпайтынын сезген-ді. Соған қоса Кремль шенеуніктеріне өз қолымен тапсырған нұсқасы да зым-зия жоғалды. Ахметжан інісінің аманатқа адалдығы үш жылғы ауыр еңбектен құтқарды. Мұндай ер азаматтан айналсам болмай ма, он мәрте толғанып, жүз мәрте құшсам артық па?! Өзін ел көгіндегі ардақты жанға балап, ақадал еңбегін де халық қазынасы санап, қарақан басын қатерге тігіп, мәнді еңбегін жұрт көзінен тасада қастерлеп сақтаған Ахметжанды төбесіне көтерсе несі бар?!..
Қолжазбасын үстел үстіне қойып, мейманын қайтадан құшты. Құшақтап тұрып, көзінен тамшылаған көз жасын да жасырған жоқ. «Ой, айналайын, ерсің, нағыз азаматсың!» деп дауыстан, қатты толғанып, соған да шегесі босап ұзақ тұрды.
Содан бір сәтте қолжазбасын қолтығына қысып, асүйге барды.
– Шешей, Хадиша тәте, бері қараңдар. Ахметжан інімнің сыйлығын көріңіздер! Шешей, өз қолыңыздан шыққан баяғы қолжазбаның түзетілген соңғы нұсқасы. Мұны да мен жоғалдыга санап, үйқым қашып жүр еді… Мені тарих әлемінен қуып тастадық деп жүргендерді есінен тандыратын еңбегімді Ахметжан інім көзінің қарашығындай сақтап, тәркіге түсірмей, міне, өзіме қайтарды! Қане, тездетіп қазан көтеріңіздер, бұл қуанышты от басымыз болып жуамыз. Мен тек дүкен жаққа барып келейін… – деді Ермұхан екі енесіне.
Екі кемпір бір-біріне жымия қарады да:
– Суды ысытып қойдық, қонақ жігіт мынаны бізге мүшелеп берсін, – десті.
– Ереке, ешқайда бармаңыз, бүгінгі кештің барлық ризығын Хадиша келініңіз түгендеп салған… – деген Ахметжан білегін сы банып, қой етіп мүшелеуге кірісті…
***
Отбасына қайтып оралған күннен Ермұхан екі ұлын күні-түні құшып, қонаққа барса да ерте жүріп, балақандардың өздері де әкесінен бір елі қалмай, әлдеқайда кете қалса, қайтып оралуын күтіп, есікке телмірумен күн батырып, таң атқызған. Екеуі де өзі үйде болмаған екі жылда едәуір ширап, тіпті ертерек есейгенін әкесі де аңғарған. Бұл да еркін өмірі өксікке айналған шерлі күндердің зардабы. Сәби атаулы бала болып өсуге тиіс: ойын-ды да құмары қанғанша ойнап, емін-еркін асыр салып, әсіресе ер бала тежеусіз ержетсе, алдағы тірлікке әзірлігі күшейіп, өмір қыспағына түсе қалса, соған төзімпаздығы да, қиыншылықты көтерер қажыр-қайраты да мықты болады-мыс. Осы гәпті ойына мықтап түйген Ермұхан атын иеленер екі қарғашының тәрбиесіне ерекше назар бөлді. Оның үстіне Ташкенттен жүмыс жағдайымен келе алмай жатқан шешесін де қатты сағынады…
Сөйтіп жүріп көңілін алаңдатқан тағы бір жайтқа алаң болудан арыла алмады. Ақыры, неде болса мәселені бір жағына шығармақ болып, жексенбі таңы атқан сәтте көшедегі автомат телефоннан Әминаға телефон шалып, қыздарын көруге рұқсат сұрады.
– Келгін, рүқсат, бұлар да сені вить сағынып отыр… – деді алғашқы қосағы.
Тұңғышы Нәйля сол жылы он төртке толған, орта мектептің жетінші басқышында оқиды. Нұрия мен Нәдиясы да өткен күзде мектепке барыпты. Үшеуі де пысық, бір басына қажыр-қайраты жетерлік ұстаз анасының тәрбиесі арқасында көп-көрім ширап, бой түзеген әсем гүлдей өсіп келеді екен. Бауырына тартып, маңдайларынан иіскеген әкесін қыздары жатсынған жоқ, әке құшағын сағынғандығын білдіріп, қасынан ұзамай, әсіресе естияр үлкені тізесін баса отырып, наз қылықпен еркелегендей шырай танытты.
Күйеуі телефон соғып рұқсат сұрағанда Әмина сасып қалып, келгіннен өзге ештеңе айта алмаған-ды. Қазір де бұрынғы ашық-жарқын шырайын ұмытқандай тымырайып отыр. Бір кезде кек болып жүрегіне байланған шері ерін көрген соң қоламтада өлеусіреп жатқан қи шоғындай қайта тұтанды ма, кім білсін, ері табалдырықтан аттағаннан соң-ақ тілі байланып, іштен тынған қалыптан аумады.
Алғашқы қосағының неге күмілжіп отырғанын көкірегімен түсінген ері қолайсыз жағдайды тарқатқысы келіп:
− Әминаш, қолыңнан шай ішпегелі көп жыл болды. Әрі алыс жолдан келдім. Дастарқанға бірдеме қоймайсың ба? − деді.
− Оның енді, Ермұхан, құдай сөзі. Мен қазір, қазір.. − деп күрт сынған қосағы асүйге жүгірді.
Сірә, келе қалса деген оймен қам жасаған білем, бір жолғы қонаққа керек астың бәрі де әзір екен. Қыздары да шешесімен қоса жүріп, бес-он минутта дастарқанның үсті неше түрлі дәмге толды. Шарап та қойылды. Соны екі бокалға толтыра құйып, біреуін Әминаның алдына қойды да, екіншісін қолына алған Ермұхан:
− Әминаш, саған мың да бір рақмет! Қыздарым көп-көрім өсіпті, көңілім толып қуанып отырмын. Әкелік парызымды өтей алмадым, мені оқтатпапсың… − деп жүйесі босап, көзінен дастарқанға тамған жасын жасырмай, босаңдық байқатты. − Бұлар әлі сәби, көп жағдайға түсінбейді. Түсінген кезде кінәмді
кешірер деген үміттемін… Ал саған, Әминаш, ешқандай өкпем жоқ, болса да кешірдім. Бекерге қамықпа, тергеушілердің балаларыңның келешегін ойла деген дөңайбатына түсіп қалғаныңды ұқтым. Ал ол − артында күтер үміті жоқ, жылан жалағандай тақыр екеніне иландырып, тұтқындағы пенденің жігерін жасытуға жасайтын қитұрқы амал. Ондай жаманат хабарды мен сияқты талай шерменде алды. Әйелі ғана емес, балалары да: «Мен сенен безіндім, фамилиямды өзгертіп, комсомолға мүше болғым келеді деп те хат жолдатады…» Жә, ол әңгімені қоялық. Мына бокалды сен үшін көтеремін, менен көрмеген бақытыңды қыздарыңнан қайтар, Әминаш!
Қосағы ләм-мим деген жоқ. Жүрек түкпіріндегі іңкәрлік кө-ңілін түрткілеп қапа болды ма, қайткен күнде кек қайтаруды ой-лап, ашу үстінде жүзеге асқан опық іске не дерін білмей қайғырып отыр ма? Бокалына ернін тигізді де, қайта қойды.
– Халің нешік? Жүдеусің, ескі сырқатыңды қоздырып қайтқан сияқтысың? Бала-шаға сенсіз де өз тірлігін жасайды, санаторийге сұран, емделу керек саған!.. – деді әлден соң.
– Партиялық билетімді қайтып алуға арыз бермекпін, жұмыс жайын да ойластыруым керек. Ғылыми атақтарымды қайыр-мақпын. Соның бәрі алдағы тірліктің қамы. Соны бекемде-мей, тәнді буған науқасқа ем қона ма?.. Ермұхан бокалдағы шарапты тауыса ішті де, аузын сүртті. Жұмыс жайын ретте ген соң балалардың нәпеқасын ай сайын беріп тұрамын, тапқан еңбекақымның қақ жартысы бұрынғыдай сендерде болады… Ол үшін сотқа жүгіріп әуре болма, бұлардан аяйтын ештемем жоқ. Тек ғылыми атақтарым қайтқанша мардымды сома күтпе. Бұл -бір. Екінші, Нәйляның оқуын мектебінен білдім, бұл қыз өз қата рының алды екен. Мұғалімдері дән риза. Тегінде, Бекмаханов әулетінің атағын биікке көтеретін осы қыз бола ма деген үмітім бар… – дегенде, Әминаш басын көтеріп, еріне үрпие қарады.
– Ермұхан, жалбарынып өтінемін, тарихшыдан басқа мамандықтың қайсысына баулысаң да қарсы болмаймын. Тек тарихшы болмасын! Бұл қыз ынта қойса, бәрін де игереді. Ал өзі тарихқа ерекше үйір, үйдегі кітабыңды неше мәрте оқыды, тура өзіңе тартқан, бір нәрсеге қадалса бас көтермейді, содан да қорқамын вить…
Ермұхан жайраң қағып алақанын сарт-сұрт соқты.
Ойыңды ұқтым. Үлкен Бекмахановтың тартқан сор-бейнеті жетеді, қызым пәле-жалалы ескі тарихтың шытырман жың-ғылынан қашық жүрсін ғой сенікі… Жарайды, ол жағына алдын ала дауласпайық. Баланың өзі білсін. Тегінде, ақиқат әрқашанда жеңетінін мойындау керек! Соны менің тағдырымнан да көріп отырсың… Үш қарғашыңды орта мектептен ұзатып берсең – әрі қарай оқыту менің мойнымда… Саған тілегім, әредік киноға, театрға, үйге шақырсам, қарсы болмай жіберіп түр, әкесі барын бұлар да білсін, жұрт та көрсін. Маған деген ашуыңды бұларға көрсетпе. Одан арғы тірлікті өмір көрсетеді. Денсаулығым онша емес, ескі сырқатымды асқындырып қайттым. Алла қуат берсе, артымнан ерген балаларыма тиянақты білім беріп, осылардың бақытына мұрындық болсам деген арман жолындамын, Әминаш…
Ермұхан, бүгінгі келісің, әлгі сөзің де көңіліме майдай жақ-ты. Кезінде мінезімнің артық-кем оғаштығы болды. Оны енді түзете алмаймыз… Органның адамдары қайта-қайта шақырып, күйеуіңе развод жарияламасаң, саяси қылмыскердің әйелі деп мектептен шығартамыз, басыңдағы пәтерді тартып аламыз деген соң солар дайындаған арызға қол қойып, соңынан бір ай жыла-дым… Өзің де балапандарым аман ба деп бір мәрте хат жазбадың. Посылка салуға, тиын-себен жіберуге халіміз бар еді, қайтейін…
– Ол әңгімені қоялық, Әминаш. Қалай болғанда да аман қайт тым. Әлгінде кінәңді кештім дедім. Сен де кеш менің қателігімді!..
– Жарайт, Ермұхан, бұрынғы тасыраң мінезді саған енді көр сетпеймін. Маған да қазір ақыл кірді, алдағы қарекетім үш қызымның жолында болады! Ал іздеп келгеніңе ерекше тебіреніп отырмын, бұлардың өзіміз барайық, алыс сапардан келді вить, сағындық дегелі қашан…
– Рақмет, Әминаш! Шайыңа да, ықыласыңа да дән ризамын!
– Неге асықтың? Қазан көтеремін, ескі таныстарды шақы рамын!..
– Сәлкен досым, оны білесің, баянауылдық провизор, дәмге шақырып еді, үйге келіп, мені жоғалтып отырған болар. Түнде түсімде сендерді көрген соң көргім келіп, аңсарым ауды да, келіп қалдым. Ілтипатыңа рақмет, дәмді кейін ішейін, рұқсат бер! – деп орнынан тұрды.
Сөйтіп, бұл шаруаны да бір жайлы еткен соң ұйқысы тыныш-талды…
Медеу Сәрсекеның «Ноқталанған тарихшы» деректі роман-эссе кітабынан (Астана: Фолиант, 2015) алынды (439-448-беттер)