Pavlodar, KZ
27°
Ясно

Жарық дүние есігін ашқан әрбір адамзат баласының өз ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бір-біріне ұқсамас тағдырлар мен сакналуан соқпақтардан өтесің. Құдайға шүкір мен де өкінбейтіндей өмір сүріп, жетпістен асып отырған жайым бар. Еңбек еттік, есейдік. Біраз белестерге де жеттік. Асуларды асқан шығармыз, сырт көзге көріне бермейтін бұралаңдармен де жүрдік. Оның бәрі өткен күннің еншісінде кетті. Бағыма қарай қызмет еткен кездерімде өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын жаны жайсаң жандар көптеп кездесті.

Еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны айналаңдағылар аңғаратын шығар. Саналы ғұмырыңда бойыңнан жоғалтпауға тиісті құндылықтар аз емес. Бастысы кісілік келбет, азаматтық тұлғаңды сақтап қалу деп ойлаймын. Дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Мен бүгін өткенге көз жүгіртіп, өмірде жолықтырған сондай жақсы ағаларым туралы бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.

******************

Егер сен өзінді дұрыс адаммын деп есептесең, мұндай дәрежеге  қалай жеттім деп те ойлау керек болар. Иә, әңгіменің әлқиссасын ірі мемлекет қайраткері, өзім көрген басшылардың ішінде ақылына шешендігі сай өз заманыда қазақтан шыққан азаматтардың ішінде керемет ұйымдастырушы, менің есебімше ерекше көзге түскен біртуар жан – Рыспек Мырзашевтан бастасам.

Бұл кісі Кеңестер Одағының батыры Махмет Қайырбаев ағамыздың орнына келді. Махаң облысты, аймақтағы кадрларды жақсы білетін, айтқаның орындата алатын адам болған. Біздің де есейіп қалған кезіміз еді. Бастапқыда енді қалай болар екен деген сұрақ көкейде тұрғаны рас. Күдігіміз жөнсіз болып шықты. Рыспек Мырзашұлы облысты бірден игеріп алып кетті. Кейін көзіміз жетті, ол кісінің өткізген мәжілістеріне қатысудың өзі бір ғанибет болатын. Бастықтығын мойындатамын деп бәз біреулер сияқты жөн-жосықсыз бақырып-шақырмай, тақырыпты терең талдап, өте орынды ұсыныстарын жасай білді және ол тапсырмалардың орындалуын бақылауында ұстады. Таң қалатынымыз – шешімнен қателесіп көрмейтін. Әсіресе, жастарды қызметте  батыл көтере білді. Мен де сол кезде өзімнің туып-өскен Аққөл совхозына директорлыққа тағайындалдым. Арнайы шақырып, бір сағаттан артық ақыл-кеңесін айтып, ақ жол тілеп шыгарып салды.

Келесі жылы аудан басшысы Оралбек Қожанов егін орағы кезінде хабарласып, бір күннен кейін Рыспек Мырзашұлы жұмыс сапарымен ауданымызға келетінін айтты. Мен облыс басшысын егін басында қарсы алу керек болдым. Кездескеннен кейін бірден егіннің шығымын сұрады. Мемлекетке қаншасын өткізетінімді анықтады. Өз кезегімде мен де екі мал бордақылау алаңын салғанымды, 32 мың қой, 3600 бас ірі қара мал барын жеткіздім. Қыстаққа кіретін 14 мың аналық қой қоздайды, сол себептен мемлекеттің жоспарын орындаймын дедім. Рекең екі жарым жоспарды орындау керек деп тұрып алды. Бәлкім жастықтың жалыны ма, кім білсін, мен де бетіне тура қарауға бата алмасам да өзімдікін қайталап жатырмын. Бір уақытта Рекең мені қарнымнан қолының сыртымен қақты. Мен ол кісіге тура қарап, сұраулы пішіммен тұрып қалдым.

-Әбілхақ азды аяймын деп көптен айырып қалма. Мен алсам, мен беремін,- деді жылы жүзбен күлімсіреп.

Мен бірден Рыспек Мырзашұлы орындаймын екі жарым жоспарды дедім. Ол кісінің қашан деген сұрағына алдағы аптада деп қалғанымды өзім де аңғармай қалдым.

-Орындағаныңды рапортпен білдіресің, содан соң ауылдық кеңеске жаңа «Москвич» автокөлігін беремін. Целиноградтан өздерің айдап әкелесіңдер,- деді. Бұдан әрі пішен шауып жатқан жерге қозғалдық. Ол кезде Аққөлде сегіз мың гектар шабындық, тағы екі мың гектар алқаптың жалғасы бар болатын. Пішеншілердің жанына келіп тоқтады да, бөлімше басшысы мен бригадирді шақырып алып жағдайды сұрады. Мән-жайға әбден қаныққан соң маған бұрылып, Әбілхақ, сен осы жердің жігітісің ғой деді. Тосын сұраққа сәл абдырап қалып, басымды изедім. Бұдан кейін әңгіме жем-шөп қоры жайлы өрбіді. Қыстан қысылмай шығатын шамаларың бар ғой деді. Оған кеңшардың малы қоса тұрғындардың жеке меншігіндегі малдың қажеттілігін толық өтей алатынымызды айтым. Бұдан бөлек ауданымыздың екі кеңшарына көмек жасай алатынымызды жеткіздім. Мұқият тыңдап тұрған Рекең сен бақытты жігіт екенсің деп арқамнан қақты. Әрине, облыс басқарып отырған адамнан мұндай баға алу жас маман үшін зор құрмет емес пе, марқайып қалдым.

Бір күн бұрын Құла құлын деген жерде ас береміз деп, әзірлік жасап қойғанбыз. Анадайда тосып торған адамдарды көрді де, мыналар бізді күтіп  тұр ма деп сұрады. Қазақы жоралғымыз ғой, дәм татсаңыз дедім. Жүргізушіге  бұрыл деп бұйырды. Сол жерде екі жарым жоспарды қымызбен атап өтіп, Рекеңді шығара салғанымыз әлі есімде. Өзі қойған шаруашылық басшысының бетін қайтарып зекімей, байсалдылықпен, сабырмен, ақылмен менің өміріме бағдар беріп, тәлім-тәрбиенің үлгісін танытып кеткен еді.

    **********

Май ауданында Жалтыр кеңшарының іргесін қалаған Жәмсап Қорабаев деген ақсақал қайтыс болды. Баласымен институтта бірге оқыған едік, сол кісінің жаназасына бардым. Ол кезде Крастнокутскі ауданында қызметтемін. Азаматтармен амандасып болған соң байқағаным анадай жерде еліміздің қадірлі ақсақалы Уақап Бекұлы Сыздыков таяғына сүйеніп тұр екен. Ол кісі облысымыздың бірнеше ауданын басқарып, Май ауданына зейнетке шыққан. Барып сәлем бердім. Сәлемімді алды, басқадай амандық сұрасқан жоқпыз. Мен өз жөніме кетіп топырақ салып келсем, Уақаң бағанағы орнында тұр екен.  Ыммен ишарат жасап жанына шақырып алды. Қалқам, біз бірге қызмет жасаған жоқпыз ғой. Бағана сәлем бергеніңде бірден танымадым. Тектілік танытып, ата-әженің тәрбиесін көргендіктеріңнің дәлелі ғой, азаматтар бір-біріңмен жақын сыйласып жүр екенсіңдер. (Ата-әже тәрбиесі хақында кейінірек тоқталамын). Жассыңдар ғой, өмірлерің әлі алда. Қуанышта да, қайғыда да осылай бірге болыңдар. Мына бірге жүрген тірліктеріңе риза болып отырмын. Танымағанымды көңіліңе алма. Алған беттеріңнен таймаңдар. Бірге болыңдар,- деп ақжарма батасын берді.

Ол кісінің сырқаттанып жүрген кезі екен. Асқа қараған жоқ, кетіп қалды. Енді ол кезде аңғармаған да шығармын. Қазір ойлап отырсам жаны да, ары да таза, ойы тұнық, біреуді ренжіте алмайтын бала мінезді тұлғалығы екен-ау. Мен білетін Уақаңның біздерге өмірлік сабақ алуға бағыт берген бір ғана сәті бұл.

**********

Әдептен озбаған, абайлап басып, анық сөйлейтін, ұтқыр ойлы, кісілік жолдан таймаған алдыңғы толқын ағалар көшін бастаған азаматтардың ішінде Кемер Әшімбетов ақсақалды ерекше атар едім. Оның өмірлік жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Партия тарап, обкомның екінші хатшысы қызметінен кеткеннен кейін Кемер аға «Крестьянский Союз» деген ұйымды басқарды. Бір күні аға телефон шалды.

-Әбілхақ мен сендердің аудандарыңа келіп кетейін деп едім. Шаруалардың ахуалымен жақын таныссақ,- деді

-Келіңіз, Кемер аға, тек наөқты күнін алдын-ала белгілеп берсеңіз,- дедім.

Межелі күні ол кісіні Ақтоғай ауданының шекарасынан тосып алдым. Ауданды екі күн аудан аралаттым. Дәл кетерінде Кемер аға маған қарап, -Әбілхақ, осының алдында Ақсуда екі күн болдым. Айтайын дегенім мен өзіме өзім риза болып отырмын.  Бірге қызмет істеп аралапасақ та, бізде осындай азаматтар өсіп қалған екенсіңдер. Соған шүкіршілік  етіп отырмын деді. Сендер аман болыңдар. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласында өздеріңдей буын өсіп келе жатса біз еш алаңсыз боламыз. Еңбектеріңнің жемісін көріңдер,- деді.

Міне, біз осындай азаматтардан тәлім-тәрбие алып өстік. Сол тәрбиені өмірімізге азық еттік. Бүгін мен де сондай азаматтардың көңілінен шыға алғаныма шүкіршілік етіп, кейінгі ұрпақ ата жолын, халық дәстүрін сыйлап өссе екен деп тілеймін.

*********

Жоғарыда ата-әженің баласы тақырыбына оралатынымды ескерттім ғой. Енді аз-кем әулетіміздің үлкендеріне тоқталып өтсем. Әкемнің әкесі Түгелбай Әлішұлы мен ұлы шешеміз Ұрлиқа Қылдыбайқызынан төрт ұл, екі қыз бала туған. Менің әкем  Балғабай, баланың кенжесі. Жеті айлығында іште қалған бала екен. Ұрлиқа марқұм әкейді 49 жасында дүниеге әкелген. Олардың екінші баласы ел арасында Бозғой аталып кеткен Ахметжан. Мен бәйбішесі екеуін ата-әже деп атайтынмын. Атам 94 жасқа келіп дүниеден өтті. Өтерінен 4 күн бұрын үйіне барып , амандығын білдім де, ата маған не айтасың дедім. Беті қызарып, көзі жайнап жатыр екен. Бетіме тесірейіп қарап жатып не айтайын, құдайшыл едің құдайыңа тапсырдым деді. Мен 60-қа келгенде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің қаламы қарымды журналисі Асыл Әбіш сұбхат алған. Сонда Бозғой атам жайлы көп айтылды. Кейінірек мақала газетте жарық көрді. Тақырыбын «Мен қайда болсам да әй кәпір аталмауға тырыстым» деп қойыпты. Шыны керек, атамның сол бір тілегі маған өмірлік серік болып келе жатыр-ау деймін.

*********

Бір анығы – бойында шын таланты бар тұлғалардың алдын көрген біз бақыттымыз. Мен атап өткен ағаларымның бойында жат қылық, батпақ-былық, қыңыр ниет болмайтын. Сөйлесе ойындағысын бүгіп қалмай ағынан жарылатын. Өйткені олар да бұраң-бұлтарысы жоқ, тума талант толқынның сабақтастары еді. Ылайым, сол дәстүр жалғасын тауып бүгінгі ұрпаққа да жұғысты болғай.

Әбілхақ ТҮГЕЛБАЕВ,

Павлодар облысының Құрметті азаматы.

Добавить комментарий