Pavlodar, KZ
Ясно

Бала кезімнен ұстаз болуды армандаған мен отызға келгенде қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика саласына ауысам деп ойламаппын. Еңбек жолымды өткен ғасырдың 90-жылдары туып өскен жерім Ақтоғай ауданының Жаңабет ауылында қарапайым жұмысшы болып бастадым. Көктемгі дала жұмыстарында, пішен шабу мен қыс мезгілінде мал шаруашылығындағы қызу жұмыстардың бәріне араластым. Кейіннен жоғары оқу орнының сырттай бөліміне оқуға түсіп, Қ. Нығманұлы атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім. Сенімді ақпарат көздерінің мәліметінше, қазір еліміздегі халықтың шамамен қырық пайыздан астамы ғана ауылда тұрады екен. Мұны көбінесе, ауылдық жерлерде жұмыс орындарының жоқтығымен байланыстырады. Ал менің қалаға көшуім кездейсоқ оқиға болды…

Көз алдымда дәл бүгінгідей сақтаулы, 2001 жылдың маусым айы еді. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Мұхит Омаровтың қолы қойылған хат алдым. Онда мүмкіндігіме қарай редакцияға келіп кетуімді сұрапты. Қарапайым ауыл мұғалімі үшін мұндай шақырудың қандай әсер беретінін өзіңіз ойлай беріңіз. Дереу жолға жиналдым.

Жастық жалынның әсерімен ара-кідік әр-нәрсенің басын құрап елдегі жаңалықтарды газетке жіберіп тұратынмын. Біраз өлеңдерім де осы басылымда жарық көріп үлгерген. Сол себепті де, ұзын дәлізбен тура жүріп бас редактордың бөлмесіне кірдім. Жүрексініп тұрғанымды да жасыра алмаспын, бірақ оны өзгеге сездірмеуге тырыстым. Өйткені, бұл менің қабылдау бөлмесіне бірінші рет бас сұққаным еді. Телефон тұтқасын қоя сала орнынан көтеріліп амандасқан редакторды көргенде бағанағы «батырлығым» қайда кеткенін өзім де сезбей қалыппын.

-Танысқанымызға өте қуаныштымын, Жұмабек бауырым. Қажымұрат Смағұлов ағаң мақтауыңды жеткізіп бергеннен кейін жеке шақырып, жақын таныссам деп едім. Тырнақалды еңбектерің жаман емес көрінеді. Өз басым жастардың шығармашылықпен айналысқанын құптаймын. Ия, әңгімеңді айта отыр, – деді ол кісі.

Аз-кем әңгімелескеннен кейін Мұқаң менің аталарымды, ағаларымды жақсы білетіндігін айтты. Ол кезде ұққан жоқпын, әрине. Кейіннен ойлап отырсам бұл да Мұхит Мүрсәлиұлының бойындағы адамды өзіне баурап ала алатын қасиеті екен. Осылайша психологиялық тұрғыда ортақ тіл табысуға бастайтын сара жол таптық деуге болады. Бұрын-соңды таныс емес адамның мұндай сөзінен кейін өн-бойым жібіп кете барды. Емін-еркін отырып ұзақ сөйлестік. Сондағы ұққаным – өнерден таласы бар жастардың болашағына бағыт беріп, атадан қалған «бұлақ көрсең көзін аш» ұстанымын жалғастырмақ ниеті бар екен. Ағаның саулығын тілеп орнымнан тұруға ниеттенген тұста мен үшін күтпеген ұсыныс айтты.

-Жазғы демалыс уақытында осындағы алдыңғы толқын журналист ағалардың қасында болып, шығармашылығыңды шыңдай түссең қайтеді. Бүгін болмаса ертең бір кәдеңе жарар, дегенде не айтарымды білмей, мен «қабырғаммен» кеңесіп келсем қайтеді деппін.

-Міндетті түрде. Ойлан, ұсыныс көңіліңнен шығып жатса есігіміз қашанда ашық өзіңе,- деп одан сайын «есімнен тандырып» жіберді.

Облыс орталығынан онша шалғай болмаса да туған ауылыма жеткенше уақыт құрғыр өтпей қойды. Үйдегі анама осындай ұсыныс алғанымды айтуға асықпын. Қанша жерден тағатсызданып тұрсам да, шынымды айтайын, қалаға ауысу туралы ешқандай ой жоқ менде. Оның үстіне ата-баба дәстүрімен отбасындағы сүт кенже қарт анасынан асып қайда барсын?! Ал анамның ауылдан қозғалмасын анық білемін. Алайда, жүрегім мұндай жағымды жаңалықты жеткізуге алып-ұрып тұр-ақ.

Араға біраз уақыт салып үлкен шаңыраққа аға-апаларым түгел жиналды. Мұндайда үйдің іші думанға толып кетпей ме. Дастархан басында анам менің мәселемнің нүктесін қойғандай болды. Тәубесін айта отыра, ақжол тілегендей болды маған. Ендігі жерде оны тастап ешқайда кетпейтінімді айтып мен қарсылық білдірдім.

-Жоқ, балам. Шүкір Аллаға, кешегі күні әкеңнен жастай қалғанда бір сендерді жеткізсем деп Жаратушыма жалбарынған едім. Міне, бүгін сол тілегім қабыл болып отыр. Бар, көр, үйрен, ағалық қамқорлығы шығар, тектінің тілін алсаң жаман болмассың,- деді анам.

…Не керек, ұзын сөздің қысқасы, 2001 жылдың шілде айынан бастап облыстық газеттің экономика бөліміне тілшілікке қабылдандым. Тіпті болмаса, жаңа оқу жылы басталған тұста елге қайтып кетермін деген ой да болды. Иісі мұрныма бармайтын салада қиындықтар кездесетіні түсінікті де. Қазіргі кезде ұсақ-түйек боп көрінетін кейбір детальдарға дейін білмегендіктен тісқаққан ағалардан сұрап алатынмын.

Тіпті, жасы менен кіші болса да редакцияға бұрын келген Айбек Қобдабайдан біраз дүниелерді үйрендім. Табиғаты жаратқан талабы ма, кім білсін, әйтеуір үнемі ізденіп жүретін. Қимылының шапшаңдығы мен материалды беру стилі маған сабақ бола алды десем артық айтқандық емес. Осындай жандардың жанында жүріп мен де ысыла бастадым.

Аллаға сансыз шүкір, баспана мәселесі де мен үшін жылдам шешілді. Бұл ретте де осы ағамның ел алдындағы абыройы, ортасындағы беделі өз рөлін атқарғаны шындық. Жасыратын несі бар, Мұхит ағаны жұмыста бәріміз қатал басшы ретінде қабылдадық. Таңғы тоғызда басталадын жұмысқа бір сағат бұрын келіп алатынбыз. Ондағы ойымыз лездеме басталғанға дейін нөмірге беретін материалдарымызды реттеп, сақадай сай дайын отыру. Айта кетсем артық болмас, «Қорықса – құрметтегені, құрметтесе – қорыққаны» деген қағида бар емес пе. Біз тура осы талап шеңберінде шыңдалдық. Есесіне, ұжымда темірдей тәртіп салтанат құрды. Бас редакторға қарсы келіп, өз әрекетіміздің дұрыстығын дәлелдеуге «дәтіміз» жетпейтін.

Араға үш жылдан сәл астам уақыт салып, мен республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси күнделік газетінің Павлодар облысындағы тілшісі болып орналастым. Мұнда да Мұхит Мүрсәлиұлы жастардың шығармашылық шабытын шыңдап, олардың бір орында қалып қоймай алға ұмтылғандығын қалайтынын көрсетті.

Мұхит аға газет тізгінін қолға алған күннен бастап заман талабына сай жаңашылдықтар әкелуге бет бұрды. Талғамы күшті оқырман жақсы біледі, өңірлік басылымдар ішінде алғашқылардың бірі болып «Сарыарқа самалы» газеті заманауи менеджментті игере бастады. Бұрын-соңды болмаған қазақ газеттерінде жарнама беру, сол арқылы нарықтағы бәсекелестікке қабілетті болуды бастама етіп көтерді. Бастапқыда мұндай өзгерістерге еті үйрене алмай жүргендердің үрке қарағаны да шындық. Алайда, білікті басшы іс жүзінде бұл шешімнің дұрыстығын дәлелдеп берді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол басылымға жаңа леп керек деген қағиданы бекем ұстанды. Бүгінгімен өмір сүрмей болашақты ойлағандықтан елді-елді аралап, оқырман пікірін білу үрдісін бастаған да осы ағамыз еді. Сол сапарларында, өзге де кез келген  сәттерде бойында талабы бар жастарды аңғарып, Асыл Әбішев, Айбек Қобдабай, Жұмабек Сманов, Нұржайна Шодыр, Бейбіт Бөженов, Нұрбол Жайықбаев, Мұрат Әбілмәжит, Данияр Жұмаділов, Гүлжайна Түгелбай, Мұрат Аяғанов сынды басқа да шығармашыл жастарды баули білді. Бүгінгі таңда осы аталғандардың бәрі қазақ журналистикасынан ойып тұрып орын тапқандығы қуанышты. Ол уақыттарда өңірлерде журналистика факультеті жоқ болатын. Сырттан әкелген кәсіби кадрлардың жаңа ортаға сіңісіп, біте қайнасып, тұрақтап кетуі нейғабыл екендігін сезді.  Өмірлік тәжірибесінің молдығы Мұхит Мүрсәлиұлының нетижелі еңбек етуіне септігін тигізгені анық. Облыстық басылымдар арасында  ең алғашқы болып Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болған да осы кісі. Бұл газеттің өзгелерден оқ бойы озық болғанының айқын дәлелі.

«Ағаға қарап іні өсер»,- дейді халық даналығында. Қарап отырсақ, қызығы мен шыжығы қатар жүретін осы бір күрделі саланың қыр-сырын меңгеруде алдыңғы толқын ағалар көшінде жүрген Мұхит Омаровтың қолтаңбасы бар екен. Бүгінгі таңда «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет жасайтын әріптес бауырым Айбек екеуіміз кездесе қалсақ, осындай байламға келеміз. Тағы да дәлелдеудің қажеті жоқ бір анық – журналистиканы газеттен бастаған жанның ұтары көп екен. Үш жылдан аса уақыт қазіргі «Ertis» облыстық телеарнасында жұмыс істеген кезде бұған көзімді талай жеткіздім.

Бүгінде өзіміз орта жасқа жетіп, оңымыз бен солымызды айырар шамаға жеткеніміз осындай ағалар салып барген соқпақтың өмірде адастырмас сара жолы сияқты әсер береді маған. Неге деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Өзі де жалындаған жастығында біраз өмір мектебінен өтті. Небары он тоғыз жасында сол уақыттағы Краснокутскі аудандық газетінде тілшіліктен басталған еңбек жолы кейіннен аудандық комсомол ұйымының басшысы, облыстық партия комитетінің лекторы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы сынды лауазымында жалғасын тапты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы, Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқара жүріп, ғылым жолында да аянбай тер төкті. Елуден астам монографиялық еңбектер мен үш деректі фильмнің сценариінің авторы атанды. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, халықаралық Евразия журналистика академиясының мүшесі М.Омаров С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі болды. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театры әдебиет бөлімінде қызмет атқарды. Еңбегі елеусіз қалмады. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан мәдениетінің қайраткері», «Қазақстан Республикасының құрметті журналисі», «Облыс алдында сіңірген еңбегі» белгісімен марапатталып, «Павлодар қаласының құрметті азаматы», «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» деген атақтарға ие болды.

Міне, осылайша облысымыздың айнасына айналған осы бір киелі қара шаңырақтан бастау алған шығармашылық жолымды қашан да мақтаныш айта аламын. Себебі, бүгінгі таңда сол бір жастық қиялыма қанат бітірген шығармашылық ұжымға қайтып оралып, басшылық жасап отыруымның өзі Алланың берген сыйы шығар.

Жұмабек СМАНОВ.

Добавить комментарий