Қазақтың ғана емес, жалпы еліміздің әнсүйер әлеуметіне белгілі опера әншісі Шахимардан Әбіловтің кім екенін тағы бір әйгілеп айтып жату, әрине, артық. Оның есімі әлемнің көптеген елдерінің өнерді құрметтейтін бекзат қауымына да танымал. Олай болатыны – оның ән мен әншіге хакім Абай қойған талаптар үдесінен табылған дарын иесі болғандығынан болар. Әлбетте, Шахимардан Абайдың ән мұрасын тек әнші ретінде байыптап дүниеге танытуда десек, аздық етеді. Осы ұлы рухани мұраны ол өз шығармашылығының алтын арқаулы өзегіне айналдырған, Абай әндерінің насихатына ғылыми, пәлсафалық сипат берген. Бүкіл әншілік өмірі Абай сазымен өрнектелген, жан-жүрегі абайлық әуен-үнмен толғанған бірден-бір әншіміз.

…Халық әртісі Шахимардан Әбілов Абайға қалай келді десек, оның өмірінің тұтқалы тағылымдары ұлы ақын өнер­намасымен астасып жатқандай. Бала кезінен анасы айтатын Абай әндерін санасына сіңіріп өсті. Консерваторияны бітірерде кәсіби кәмелеттігін өзіміздің опера театрында Абай партиясын орындап қорғады. Айтқандай, сондағы режиссері осы рөлдің алғашқы орын­даушысы, абзал да аяулы Бай­ғали Досымжанов еді ғой. Ал консерваториядағы ұстазы өзі де Абай әндерін нәшіне келтіре тамаша шырқайтын, республиканың халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаев болатын. Сөйтіп, Абай әні, музыкалық мұрасы келе-келе Шахимардан мақсатының ны­санасына, әншілік мұратына айналған-ды.

Қазақ даналығының хакіміне жүгінсек, төрт құбыласын түгел келістірер кемел әншіге әнді тек сүйіп қана қою аздық етері хақ. Ұлы ақынның әннен «мән» іздейтіні сондықтан. Жүректі ән ғана емес, «үннің тәтті оралған мәні» оятсын дейді. Оған қоса, жүректі тербеп қою ғана аз, «бастағы миды» оятсын дей келіп, тәңірінің ондай сыйын «ойсыз құлақ» ала алмайтынын меңзейді. Міне, осылайша пайымдағанда, біздіңше, Шахимардан ұлы ұстаздың бұл ғибратынан бәһра алған, сондай сәулелі сыйды жан-жүрегіне сорғалатып құйып алып, шартарапқа көңілінің көрікті кұсындай құйқылжытып ұшыра білген ойлы құлақ, оймақ ауыз әншінің нақ өзі. Және де өнердегі Абай діттеген мұратқа мейлінше адал, дегдар дарын өмір бойы бүкіл бітім-болмысымен есер де құлақты кесер әндерден бойын аулақ салып, тыңдағанның көңілін өсіретін, «ақылдының сөліндей» «есті» әндерге ғана ден қойып келеді. Қысқа ғұмырлы күлбілте, арзан атаққа жеткізер әлемішті әләулайларға әсте жоламай, ха­лықтың классикалық әндерінің терең қайнарынан сусындап шөл басады, ұлттық әуен-саздың бал бұлағынан мейірін қандырады, өстіп келіп әндегі Абай мұратын ту еткен Шахимардан Абай бас­тауына бас қояды, Қазақстанда Абай әндерін айтудың кемелдік тұғырына көтерілген өзіндік мектебін қалыптастырады. Сөйтіп, ұлттық ән мәдениетімізді жете, жанымен сүйе меңгерген өндір өнерпаз енді әлемдік ән классикасы мен өлмес операларының да асыл мұраларын жатсынбай, жан­серігіне айналдырып, орындаушылық зергер шеберлікке қол жеткізеді. Бұл сүйінішті жайдың өзін Шахимардан әншіні Абай аруағы қолдағанының нышаны деп қабылдасақ керек.

Кеңес заманының өнеріндегі бір көлеңкелі жәйттер жай әнші емес, қайраткер һәм күрескер әнші Шахимарданды көп ойлан­дырып, толғандырды. Сонау жет­пісінші-сексенінші жылдарда атақты, атақсыз әншілеріміз көбінеки салтанатты жиындарда, әсіресе, ресми концерттерде Еуропа, орыс романс­­тарын орын­даушы еді. Ал қазақ романстары мен әндеріне классика ретінде көңіл бөлінбейтін, ден қоймайтын. Қазақта романс жоқтай, романс мектебі, клас­сикалық өредегі ән мектебі қалып­таспағандай көретін, әлемге мәшһүр ариялармен пара-пар, олардан бір мысқал кем емес, теңдессіз, інжу-маржан халық әндеріміз бен Біржан сал, Ақан сері бастатқан халық композиторларының терең сезімді керемет туындыларын, талай-талай тамаша төл романс­тарымызды классика ретінде ұсынуға ұялшақтап, тіл қазаққа қорланып, қара басып, масқара болатынбыз. Баяғы намыссыздық! Әрі, неге десеңіз, империя заманы, орысшылдықтың дәурені жүріп тұрған еді. Әрбір ретте орындалатын бес-алты ән болса, соның төртеуі орысша, тек біреуі ғана қазақша болып белгіленетін. Сөйтіп, қайран қазақ әні төрден орын тимек түгіл, сүйкімді көп қарғаның ішіндегі сүйкімсіз «ақ қарғадай» именіп төменшіктей беретін. Әнші де сол жазылмаған заңға икемделіп бейімделетін. Сондай бір жиренішті жағым­паздық, жарамсақ ғадеттер тұтас құбылысқа айналып, өнердегі, жалпы мәдениеттегі ұлттық рухты тұншықтырып келген-ді.

Бұл жағдаятты Шахимардан сезінбей қалған жоқ. Жаңағы ойлануының да себебі сол еді. Сол үшін де өзінің еңбек етіп жүр­ген салуалы ордасы – Құрман­ғазы консерваториясында берген алғашқы классикалық, ұстаздық, профессионалдық жеке концертіне дайындық барысында көп ізден­ді, тың да батыл қадамдар жасады. Ермек, Бибігүл, Роза Жамано­ва­лардың шетелге барғанда рәсім үшін айтатын қазақ әндерінің клас­сика деп емес, фольклор деп қабылданып жүргенін де бір сәт күйіне еске алып, жүрегі ауырып, мұңайды. Солардың бәрін ескере келгенде, өзінің осы ілкі концертін Қазақстан композиторларының романстары мен қазақтың халық әндерінен моншақтап тізіп, ән­сүйер қауымға қазақтың ән классикасы ретінде ұсынды. Концерттік бағдарламасының тәжіне Біржан, Ақан сері, Мұхит, Абай, Естай әндерін бір-бір гауһар тастай жарқырата қадап, әсемдей айшық­тады. Мұндағы ойы – біздің қазақта да керемет ән классикасы бар екендігін көрсету, соны бір жүйеге салып, өзіндік төлтума мектеп жасау еді. Неткен ізгілікті мақсат десеңізші!

Шахимарданның пайымдау­ынша, қазақтың ән мектебінің атасы – ең бірінші, Біржан, яғни ән өнеріндегі Абайымыз – Біржан. Осы ән мектебінен ең бірінші үлгі алған, тағылымын таныған – Абай. Абай – ғұлама, даналық хакімі, ал ән тарабына келгенде, Біржанның шәкірті. Біржан дәстүрінен үйре­ніп, оны өзіндік сыршыл да ой­лы сазбен ілгері дамытқан Абай келе-келе өзінің өзгеше ән мек­тебін жасады. Абайдың ән мек­тебінің мәдениеті биік, даналық шалқарынан нәрленген, ой мен сезімді ұштастырған ғажайып үйле­сімділікке жеткен, әлемдік рухани қазыналармен үндестік, жарасым тапқан. Ақыл-парасаты телегей-теңіз Абай қазақта бірінші болып романс жанрының негізін қалады. Қазақтың ең тамаша романстарын Абай шығарған. Гете, Пушкин, Лермонтовтардың рухани өрісіне шыққан Абай қазақтың ән мәдениетін жаңа үнмен, жаңа сәулелі сазбен, «сылдыраған келі­сіммен» байытты.

«Абайдың ән мектебі» демек­ші, әлемде талай-талай тамаша ән мектептері бар. Итальян ән мектебі, орыстардың, немістердің ән мектебі… Он тоғызыншы ға­сырдың өзінде-ақ кемел профессионализмге жеткен қазақ ән мектебі осылардан кем бе екен? Қазақ әнінің тамылжытып айтар тарихының өзі қандай?! Тек айдай әлемге әлі таныта алмай, көрсете алмай жүргеніміз болмаса?! Шахимардан ылғи осындай бір түйткілді ойларға қалып, беймаза күй кешетін. Ойпырмай дейміз-ау, кейде, қай жерде жүрсе де, Мәскеуде, әйтпесе, басқа бір шетелде ән айтқанда, «Сұрша қызды» немесе «Сырымбетті» үзілдіріп шырқағанда, үлкен профессорлар келіп: «Мынау не деген ғаламат ария! Мұны шығарған композитор кім? Мынау керемет классика ғой!» деп қайран қалысатын. Жүректе бір сәуле болды ма, жүрек, шіркін, империяның құлайтынын сезді ме, әйтеуір, бірінші концертін табыс­ты өткізгеннен кейін бір ерекше толғанысқа бөленді, бойында бір жігер, серпіліс, сенім пайда болып, жаңадан соны ізденістерге жетелейтіндей. Ойының түйіні – қазақтың классикалық ән мектебін қалай, қай сипатта көрсету керек? Шахимардан сонда, осы сұрақтың жауабын іздеп сарсылғанда, ұлы Абайға келіп тіреліп еді.

Иә, Абай ұлы ақын, философ қана емес, ол сонымен қатар ұлы композитор. Жиырма шақты ән, романстар шығарған. Шахимардан соларды түгендеп іздеп, жиып-теруге кірісті. Сондай-ақ, сонау Сыдық Мұхамеджановтан бастап Қазақстанның күллі композиторлары Абайдың өлеңдеріне әндер мен романстар жазған. Атап айтсақ, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілен­диев, Мансұр Сағатов, Темір­жан Базарбаев, Базарбай Жұма­ниязов, Нағым Меңдіғалиев, Төлеген Мұхамеджанов сынды аймаңдай атақты сазгерлер. Абай сөзіне ән жазу да оңай емес. Ол үшін үлкен талант, білімділік керек, Абай әлеміне үңіліп, бойламақ керек. Бүкіл әлемде солай. Ұлы ақындардың мұраларына ұлы композиторлар музыка шығарады. Пушкин өлеңдеріне Глинка, Чай­ковский, Мусоргскийлер әуен-саз жазған. Қазақ композиторлары да Абай тақырыбына, Абай өлеңдеріне ноталы музыканың сиқырлы соқпағын тартқанда осы биік мұрат, үлкен жауапкершілік тұрғысынан қарады, өз музыкалары арқылы өздері де Абайдың деңгейіне, өресіне жетуге талпынды. Міне, осындай шығармаларды тірнектеп, ыждаһаттап іздестіріп қараса, Абай өлеңдеріне арналып жазылған жүзден аса әндер мен романстар бар екен.

Демек, бұдан шығатын қоры­тынды, Қазақстанда, қазақтың ұлттық топырағында романс және классикалық ән мектебі құры­лып, қалыптасып болған. Шахи­марданның ендігі алдына қойған мақсаты – осы ғажайыпты, асыл қазынаны Қазақстанға ғана емес, дүйім дүниеге, күллі әлемге паш етіп көрсету еді. Қазақтың ән мектебі, оның мәдениеті ешкім­нен кем емес, деңгейі бір, мақтан етуге тұрарлық, тіптен, артық­шылықтары да көп.

Осылайша, ұлттық ән классикасымен катар, Абайдың ән әле­міне бойлау басталды. Абай­дың өлеңдегі арманы мен Шахи­марданның өнердегі мақсаты осылайша жарасып тоғысты. Әуелден-ақ арманы ұлы ақынға деген махаббатпен бүр жарып, Абайды өнердегі пірі санаған Шахимарданның консерватория бітіргендегі диплом жұмысының өзі Абай партиясы болуы тегін емес-ау. Бүгіндері Шәкең: «Алла-ау, өзім сол кезде қандай наг­лый болғанмын?!» деп таңдана, миығынан күліп қояды. Ал сол 1977 жылы Абайды аңыратып ерен жүрекпен шырқаған сырбаз студентке мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшесі Латиф аға: «Бұл бала бик матур, обсуждению не подлежит» деп бес қойғызып еді-ау. Сонда «бесті» бекер емес, біліп-ақ қойған екен! Қазіргі шақта Бибігүл – бұлбұл Төлегенова болса, Шахимарданның Абай партиясындағы жан дүниесінен, бітім-болмысынан, байсалды қал­пынан, тіпті, гримделген кездегі келбет-ажарынан да Абаймен мол-мол ұқсастықтар тауып, сүйсіне қайран қалып отырады. Шын мәнінде, Мәскеуде қойылған Абай ескерткішін сомдаған мүсінші Марат Әйнеков түптұлға үлгі ретінде әнші Әбіловке жүгінгені де тегін емес-ау.

1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасы әр қазақ азаматына ой сал­ғаны белгілі. Шахимардан сол уақыттарда Абай өлеңдеріне жа­зылған романстардан концерт дайындап жүрген. Түртінектеп, қарап жүріп, композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» романсына ұшырасты. Сүйінішті олжаға жолыққандай кенеліп, көңілі біртүрлі демделіп қалды. Бірқыдыру уақыттан кейін Қазақстан композиторлары Ода­ғының пленумы болды. Сонда Шахимардан әдейі осы романсты таңдап, сахнаға шығып шырқады, көпшіліктің ішіндегі қатпарлы буырқаныс, қалың шерді қозғады. Романсты орындап болғаннан кейін қараса, екі-үш апайының көз­деріне жас шыланғанын байқады.

Бір қызығы, бұл романсты Рахмадиев ертеректе, отыз жастар шамасында жазған екен. Содан әу баста ешкім қызығушылық та­нытып, ынта білдіріп орындай қоймағасын, елеусіз қалып, ұмытылып кеткен шығарма көрі­неді. Әуелі, сондай бір шығарма жазғаны композитордың өзінің де есінен шығып кеткен. Бұл жәйт оған да оқыс жаңалық, тосын сыйлық болды. Енді, сахнада шырқалғаннан кейін бүкіл композиторлар Ерекеңді жаңа шығармасымен кұттықтап жатыр. Романс ұлттық қасіретті, қазақ мұратын күңірентіп түр. Компартия сұржыландай ысқырған Желтоқсан оқиғасынан кейін мұндай шығарманы орындауға да ерлік керек еді. Әу дегенде композитор ағаның да жүрегі «Осы қалай болар екен?» дегендей, лүпілдегенімен, пафосы керемет, әлемдік деңгейдегі күшті романсының жария болып, жарыққа шыққанына кеудесін қуаныш кернеді. Сол қуанышпен тынысы ашылып, осының байғазысына деп, Шахимардандай ізетті інісіне арнап Абай сөздеріне тағы да алты романс жазып берді. Ең ғажабы сол, 1991 жы­лы КСРО құлағаннан кейін республикалардың Композиторлар одақтары Мәскеуде біріккен жиын өткізіп, жүйенің құлауы мәдениеттің ыдырауы еместігін мәлімдеді. Сонда Ш.Әбілов Мәскеу консерваториясының Кіші залында қазақ романстарынан концерт беріп, бағдарламаға Рахмадиевтің Абай өлеңдеріне жазылған, негізінен сиясы кеппеген жеті шығармасын да енгіз­ген болатын. Зал толы қауым керемет қошеметпен қабыл­дады. «Музыкальное обозрение» газеті: «Абай өлеңдеріне жазылған Еркеғали Рахмадиевтің топтамасы аса көрнекті әнші Шахимардан Әбіловтің орындауында пленумның көркін келтірген жарқын жаңалығы болды» деп жазды. Бұл бағаға біз сөз қоспай-ақ қояйық. Бұдан соң Төлеген Мұхамеджанов та ізін суытпай төрт романс шығарып, сыйлады. Сөйтіп, репертуар молыға берді. Абай концерттерінің төрт құбыласы теңеліп, маңдайы жар­қырап, жолы ашылып, Абайдың ән дариясының тиегі осылай ағытылды.

Абайдың өз әндері мен өлең­деріне жазылған романстардан құралған алғашқы Абай концерттерін көппен бірге ақиық әнші, елдің сүйіктісі, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Жәнібек Кәрменов те тыңдаған болатын. Өзі де Шыңғыстаудың бел баласы, Абай әулетінен дерлік Жәнібек Абай әлемін терең сезініп түсінетін, әсіресе ұлы атасының ән-музыка мұрасының білгірі, қамқор жанашыры, насихаттаушысы еді. Шахимарданның Абай әндерін классикалық мәнерде айтуы Жәнібекке ұнады. Жарқылдай күліп келіп қолын алып, «Шәке, құтты болсын, Абайдың келесі концерттерін екеуміз бірге өткізіп, мен жүргізушісі болайын» деп ұсыныс жасады. Қара тілдің сұңғыла шешені еді ғой аяу­лы Жәнібек, әрі Абай әнін, философиясын ұғып, біліп тұрған соң несін аянсын, екі дос алғашқысын Жамбыл филармониясында «Әнді сүйсең, менше сүй» және екіншісін «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деп атап, көпшіліктің көңілінен шыға бір серпілтіп, екі лекция-концертті беріп те тастады. Жұрт сілтідей тынып тыңдап отырды. Жәнібектің әңгімесі, Шахимардан әні домбыраның қос ішегіндей үйлесіп, тыңдаған жұртты тәнті етті. Абайдың ұлы жүрегінің махаббатын, күрсініс-күңіренісін, мұң-шерін, ой-толғанысын, Абай армандарын төгілдіре жырлап, шырқап түсіндіріп бақты. Абай даналығы халыққа осылайша алғаш рет саналы түрде ән арқылы жеткізіле бастады. Шахимардан трактовкасындағы Абай әндері мүлдем басқаша түрленіп сала берген. Байсалды да мұңды, сұлу да сымбатты, күйлі де ойлы. Хас шебер зерлеген гауһар тастай мінсіз… Екі достың Абайға байланысты арман-жоспарлары көп еді. Жәнібектен қапыда көз жазып қалғаннан кейін Шахимардан бір жылдай ән айта алмай жүрді. Содан соң Абай атасы мен Жәнібек досының рухына арнап «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты концертін іштей мұңая жүріп, тереңнен тебірене жүріп жалғыз беріп еді.

Ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында Шахимардан әнші байтақ Қазақстанды аралап, елуден астам концерт қойды. Осы тұста көрнекті жазушы, қайраткер азамат Роллан Сейсенбаев Лондонда халықаралық «Абай» клубын ашып айды аспанға шығарғаны бар-ды. Сонда өткен мерейтойлық салтанаттар мен музыкалық кештерде ғажайып скрипкашы Марат Бейсенғалиевпен, ән пырақтары Бибігүл Төлегенова, Ермек Сер­кебаевпен бірге өнер көрсеткен Шахимардан Чайковский романсы мен Абай ариясын айтқан еді. Қазақтың өнер жампоздарының концертін атақты Лондон ка­ме­ралық оркестрі сүйемелдеді. «Бұл керемет оқиға болды» деп бағалады Би-Би-Си. Осындай концерттер ай аралатып, жыл жағалатып жиілеп жалғаса берген. Қай кон­цертін болсын Абаймен бас­тап, Абаймен тұздықтап, Абаймен аяқтап отырды Шахимардан. Қазақстанның барлық облыс­тарында, сондай-ақ Алматы, Астана, Мәскеу, Киевтегі Әбілов әнімен сусындауға мыңдаған адамдар жиналады. Токио, Хиросима, Нагасаки, Түркия, Финляндия, Швеция, Португалия, Германиядағы табысты өткен гас­трольдер не сан. Санап тауысу қиын. Соның бәрінде Абай әндерін әлем жұртшылығына тыңдатып, мойындатты. Бар жан-жүрегін салып, ғұмырын сарп еткен өнерінің ең биік шыңы Абай концерттері, Абайдың әндері мен романстары болған Шахимардан Әбілов көп қырлы, ерекше мәнерлі, диапазоны кең дарын иесі. Абай әндері оның өнернамасының үлкен бір арнасы ғана.

Музыка мәдениетіміздегі орнын ойып тұрып алған Шахимардан шебер орындаушылығы арқылы дүниежүзілік классиканы жетік меңгерген, әрбір концерті тың­дарман жүрегіне жол тауып жатады. Оның репертуарынан Чайковский, Рахманинов, Шуберт, Брамс, Моцарт сияқты композиторлардың әндері мен романстары кең орын алған.

Консерватория ұстазы, профессор Ш.Әбілов отыздан астам әнші тәрбиеледі. Олардың арасында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары А.Ибраев, Д.Уашев, М.Тойкенов, Т.Мұсабаев сияқты дарындар бар. Жуырда ғана тағы бір талантты шәкірті Еміл Сақауов Прагада өткен Халықаралық опералық әншілер конкурсында Абай ариясын айтып бірінші сыйлық олжалап оралды. Мамандар Жұбанов пен Хамиди музыкасының күштілігіне, операның құдіреттілігіне қайран қалып, мұны біз де айтуымыз керек деп, оның ұстазы Ш.Әбіловке Абай ариясының нотасын сұрап хат жазып жіберіпті. Шын мәнінде де, Алаштың Абайы күллі адамзатқа ортақ.

Әнші сонымен қатар, қоғамдық қызметке және Қазақстан мен шетелдегі түрлі конкурстардың жюри мүшесі ретіндегі парызды жұмысқа да көп көңіл бөледі. Шетелдің әнсүйер қауымы Шахи­марданды соңғы жиырма жыл көлемінде бек танып, қатты қадірлейді. Ол Лондонның әйгілі Барбикан орталығында, Париждің ең мықты Плейель залында, Мәскеудегі Композиторлар одағы­ның залында, Чайковский атындағы консерваторияның Кіші залында ән шырқады. Бауырлас мемлекет – Түркия Президенті С.Демирелдің қамқорлығымен қойылған «Арарат туралы аңыз» операсындағы Ахмет рөлін түрік тілінде орындаған тұңғыш қазақ. Түркияда «Көроғлы» операсында арнайы шақыртумен бас партияны орындады. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бейбітшілік күрескері» сыйлығының лауреаты, атақты ақын Осман Тур­кай­дың Шахимардан өне­рін: «Бұл – Қазақстанның ұлт­тық және интернационалдық құндылықтарын шексіз сүйе, рия­сыз уағыздау» деп бағалауында осындай-осындай мағыналы мәндер жатыр.

Шахимарданның бірде Абай сөздеріне ертеде жазылған әндерді өңдеуші композитор Бақтияр Аманжол екеуі Шымбұлаққа барып, одан әрі көңілдері желпініп, Абай шыңына көтерілгені еске түседі. Төрт мың метр биіктік. Бұлардың құралсыз, дайындықсыз шыңға қалай шыққанына сол арада кездейсоқ ұшырасқан кәнігі альпинистер аң-таң. Не де болса бір құдіреттің көмектескені анық. Қол созымдағы ақша бұлттарға, аяқ астындағы жазира жасыл әлемге, жан-жағындағы сұлулыққа адамды сүйер іңкәр жүрекпен қарап тебіренген Шахимардан сол арада аңыратып Абай ариясы мен «Айттым сәлем, Қаламқасқа» басқан. Сол жолы бұлар төменге альпинистер көмегімен түсіп еді. Сол шыныққан шымырлар кездеспегенде не боларын бір құдай білсін. Ал біздің көңілімізден Абай шыңында тұрып асқақтап, Алатаудың аспани желіне кеу­десін аша аңыратып Абай әнін шырқаған Шахимардан кетер емес.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Добавить комментарий