
23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасының Парламенті – Құрылтай депутаттарының сайлауы көптеген жас үшін ерекше тарихи кезең болмақ. Солардың бірі – Павлодар облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының биылғы түлегі Мұртаза Закерия.
Жуырда ғана 18 жасқа толған Мұртаза енді Қазақстан Республикасының толыққанды сайлаушысы ретінде өзінің конституциялық құқығын алғаш рет пайдаланады. Ол алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауда алғаш рет дауыс беріп, ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқанға қатысады.
Жас сайлаушының өзі мұны азаматтық жауапкершіліктің айрықша сәті деп біледі. Белсенді қоғамның толыққанды өкілі ретінде ұстанымын білдіретін, өз мемлекетінің болашағына деген жауапкершілігін нақты іспен көрсететін осынау маңызды қадам оның есінде мәңгілік сақталары анық. .
Мұртаза өзінің азаматтық борышын терең түсінетінін айтады. Оның пайымынша, әрбір адамның таңдауы елдің ертеңіне ықпал етеді, ал жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы мемлекет дамуының маңызды кепілі саналады.
– Он сегіз жасқа толып, алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болу – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Мұны өз елімнің болашағына қосқан алғашқы нақты үлесім деп қабылдаймын.
Елдің ертеңі мен әділетті қоғамның қалыптасуы әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты екенін мен жақсы түсінемін. Өзгерістер мен даму – дәл осындай азаматтық жауапкершіліктен басталады.
Барша қатарластарымды бұл тарихи сәтке бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға шақырамын. Себебі ертеңгі Қазақстанның қандай болатыны – бүгінгі біздің қолымызда! – дейді Мұртаза Закерия.
Жас түлектің бұл сөздері оның ел болашағына бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасқанын аңғартады. Өйткені демократиялық қоғамда әрбір азаматтың дауысы маңызды. Мемлекеттің даму бағыты, қоғамдағы өзгерістер мен жаңғырулар халықтың белсенділігі арқылы жүзеге асады.
Биылғы Құрылтай депутаттарын сайлау – жаңа Конституция негізінде қалыптасқан саяси жүйені одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды саяси науқан. Сондықтан бұл сайлауда алғаш рет дауыс беретін жастардың белсенділігі ерекше мәнге ие. Олар өз таңдауы арқылы еліміздің келешек даму бағытын айқындауға қатысады.
Мұртаза Закерия секілді алғаш рет дауыс беретін жастардың азаматтық көзқарасы – қоғамның кемелденіп, жауапкершілік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс. Себебі әрбір үлкен өзгеріс әр азаматтың саналы таңдауынан басталады.
Алғашқы дауыс – жай ғана таңдау емес. Ол – туған елге деген сенімнің, азаматтық жауапкершіліктің және Қазақстанның жарқын болашағына деген ортақ үміттің нақты көрінісі.
Жалынды жастарға сәттілік тілейміз!
Асыл ӘБІШЕВ.
