Мәдениет қайраткерлері ой бөлісті

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа Конституция негізінде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа саяси институттың қалыптасуы азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық диалог пен халықтық өкілдіктің жаңа тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Осы тарихи саяси науқан қарсаңында Павлодар облысының мәдениет және өнер саласының көрнекті өкілдері Құрылтай сайлауының тарихи маңызы, жаңа Конституцияның мәні және әрбір азаматтың сайлауға қатысуының жауапкершілігі жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олардың пайымынша, Құрылтай сайлауы – ұлттық тарихи дәстүр мен заманауи демократиялық қағидаттарды сабақтастыратын маңызды қадам. Ал ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауын жасау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы әрі мемлекетіміздің болашағына қосқан нақты үлесі.

Назарларыңызға мәдениет және өнер қайраткерлерінің осы маңызды тақырыптағы пікірлерін ұсынамыз.

  1. Жаңа Конституция негізінде өтетін алғашқы Құрылтай сайлауының тарихи ерекшелігін қалай бағалайсыз?
  2. Неліктен әрбір азамат Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасауы маңызды деп санайсыз?

Серік Қасымханұлы СЫЗДЫҚОВ,  «Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені» ММ басшысы:

1.Жаңа Конституция негізінде өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы еліміздің саяси жаңғыру жолындағы аса маңызды тарихи белес болып табылады. Бұл – жай ғана кезекті саяси науқан емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа сенімнің, жауапкершіліктің және ашық диалогтың қалыптасуын білдіретін маңызды қадам.

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, халықтың еркін, құқығы мен болашаққа деген ортақ ұмтылысын айқындайтын құндылықтар жиынтығы. Сондықтан жаңа Конституция негізінде қалыптасатын Құрылтай елдің қоғамдық пікірін, азаматтардың ұсынысы мен талабын мемлекеттік шешімдерге жақындататын жаңа саяси институт ретінде ерекше маңызға ие.

Құрылтайдың басты ерекшелігі – қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының, өңірлердің, кәсіп иелерінің, жастар мен аға буынның үнін бір алаңда тоғыстыруында. Бұл халықтың пікірін тыңдайтын, елдің дамуына қатысты маңызды бастамаларды талқылайтын жауапты алаңға айналуы тиіс.

Мен бұл сайлауды Қазақстанның демократиялық мәдениетінің жаңа кезеңі, әділетті, жауапты әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолындағы маңызды тарихи мүмкіндік ретінде бағалаймын. Әрбір осындай қадам елдің тұрақтылығын нығайтып, тәуелсіз Қазақстанның болашағын баянды етуге қызмет етеді деп сенемін.

2.Мемлекеттің тағдыры ең алдымен оның азаматтарының белсенділігіне байланысты. Егер біз еліміздің қандай бағытта дамитынына бейжай қарамасақ, онда әрбіріміз өз таңдауымызды жасап, азаматтық жауапкершілігімізді көрсетуіміз қажет.

Құрылтай сайлауына қатысу – тек дауыс беру ғана емес. Бұл – ел тағдырына ортақ екеніңді сезіну, мемлекет дамуына өз үлесіңді қосу, болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігіңді орындау. Өйткені әрбір дауыс – Қазақстанның ертеңіне қосылған үлес.

Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан еліміздің саяси жаңаруына, қоғамдық келісімнің нығаюына және әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау – әрбір саналы азаматтың парызы деп білемін. Белсенді қоғам ғана мықты мемлекет қалыптастырады.

Мен әр азаматты Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасауға шақырар едім. Өйткені елдің болашағын сырттан біреу келіп жасап бермейді. Оны өзіміз құрамыз. Бірлігіміз, жауапкершілігіміз және азаматтық белсенділігіміз арқылы ғана Қазақстанды қуатты, тұрақты әрі өркендеген мемлекетке айналдыра аламыз.

Құрылтай сайлауына қатысу – бұл Отанға деген құр сөз емес, нақты іс арқылы көрсетілетін сүйіспеншілік. Мен жаңа саяси институттардың қалыптасуы қоғамның дамуына жаңа серпін беріп, әділетті, жауапты және болашағына сеніммен қарайтын Қазақстанды құруға қызмет етеді деп сенемін.

Арман ТЕМІРБЕКҰЛЫ, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ мызыкалы драма театрының директоры:

1.Құрылтай – қазақ халқының ежелден келе жатқан маңызды қоғамдық институттарының бірі. Ел тағдырына қатысты шешуші мәселелерде хан-сұлтандар, билер мен батырлар бас қосып, ортақ мәмілеге келген. Бүгінгі Құрылтай сайлауы сол тарихи дәстүрдің заманауи жалғасы деп білемін. Жаңа Конституция негізінде өтетін алғашқы сайлау азаматтардың пікірін ескеруге, қоғамдық диалогты нығайтуға және елдің дамуына халықтың белсенді қатысуына жол ашатын маңызды тарихи кезең.

2.Қазақ халқы қашанда ел тағдырына қатысты мәселелерді ақылдасып, кеңесе отырып шешкен. Бұл – біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бүгінде әр азаматтың дауысы сол дәстүрдің жалғасы іспетті. Сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық емес, ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын жасап, мемлекетіміздің дамуына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды деп білемін.

Самал Кадетқызы ЖАКУПОВА, дәстүрлі әнші, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Баянауыл аудандық мәдениет үйі басшысының орынбасары:

1.Жаңа Конституция негізінде өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы – еліміздің саяси жаңғыруының маңызды белесі әрі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше оқиға. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, халықтың заң шығарушы биліктегі өкілдігін күшейтуге бағытталған конституциялық реформалардың нақты көрінісі. Құрылтай институтының ұлттық тарихи атаумен қайта жаңғырып, қазіргі заманғы демократиялық қағидаттармен ұштасуының өзіндік символдық мәні бар деп есептеймін. Бұл сайлау азаматтардың пікірін кеңінен ескеруге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан оны Қазақстанның демократиялық дамуындағы тарихи қадам әрі елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды саяси науқан ретінде бағалаймын.

2.Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – оның ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі мен белсенді ұстанымының айқын көрінісі. Дауыс беру арқылы әр адам мемлекет дамуына қатысты өз көзқарасын білдіріп, болашаққа деген сенімін нақты іспен көрсетеді. Қоғамның өркендеуі мен заң үстемдігі, әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқару ең алдымен халықтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан әрбір дауыс маңызды. Өз таңдауын жасау арқылы азаматтар еліміздің тұрақтылығының, бірлігі мен өсіп-өркендеуінің берік негізін қалыптастыруға үлес қосады. Мен әрбір қазақстандықтың осы тарихи сайлауға белсенді қатысып, өзінің азаматтық парызын абыроймен орындайтынына сенемін.

 Талғат Қайратұлы САҒЫНТАЕВ, Екібастұз қалалық «Өнер» мәдениет сарайының директоры:

 1.Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи маңызы ерекше кезең. Жаңа Конституция негізінде алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауы – Қазақстандағы саяси жаңғырудың нақты көрінісі. Бұл өзгеріс заң шығарушы биліктің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, халықтың мүддесін барынша тиімді қорғауға бағытталған маңызды қадам. Жалпы алғанда, Құрылтай сөзі халқымыздың тарихи жадында терең орны бар ұғым. Сондықтан оның заманауи мемлекеттік басқару жүйесінде жаңаша мазмұнмен қайта жаңғыруы ұлттық құндылықтар мен қазіргі демократиялық қағидалардың сабақтастығын айқындайды. Бұл – елдің болашағына бағытталған жауапты әрі тарихи таңдау.

2.Әрбір азаматтың дауысы – елдің ертеңіне қосқан үлесі. Сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, Отан алдындағы азаматтық жауапкершілік. Қоғамның болашағына бейжай қарамайтын әр адам өз таңдауын жасап, мемлекет дамуына үлес қосуы тиіс. Өйткені халықтың сеніміне ие болған депутаттар ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдайды. Сондықтан 23 тамызда әрбір азаматтың сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы – Қазақстанның тұрақты дамуына, бірлігі мен өркендеуіне қосылған нақты үлес.

Пікірлескен – Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий