«Қала хикаялары» байқауы және қазіргі қазақ әдебиетінің жаңа кеңістігі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған «Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауы – сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің жаңа кезеңіндегі елеулі мәдени оқиғалардың бірі. Проза жанрына арналған бұл жоба қазіргі қазақ қалаларының тыныс-тіршілігін, ондағы адамдар тағдырын, қоғамдық өзгерістерді, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың өзара сабақтастығын көркем шығармалар арқылы бейнелеуді мақсат етеді.

Әдеби ортада зор қызығушылық тудырған бұл бастама қаламгерлер үшін ғана емес, жалпы оқырман қауымы үшін де үлкен жаңалыққа айналды. Өйткені кез келген ұлттың рухани қуаты ең алдымен оның әдебиетімен өлшенеді. Ал әдебиет өмірден нәр алып, қоғамның өзгерістерін бейнелеген кезде ғана уақытпен бірге жасайтын құндылыққа айналады.

Қазақ әдебиетінің бай тарихында ауыл өмірі, дала философиясы, тарихи оқиғалар мен ұлттық болмыс кеңінен жырланып, көптеген көркем туындылардың өзегіне айналды. Алайда урбанизация үдерісі күшейген қазіргі кезеңде қала тақырыбы қазақ прозасында әлі де толық игерілді деп айту қиын.

Бүгінде Қазақстан халқының басым бөлігі қалаларда өмір сүреді. Миллиондаған адамның күнделікті тіршілігі, арманы, күйзелісі, қуанышы мен қайғысы шаһармен тығыз байланысты. Сондықтан қала өмірі – тек географиялық кеңістік емес, тұтас мәдени құбылыс.

«Қала хикаялары» байқауы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған маңызды жоба ретінде бағалануда. Мұны байқау жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желілерде ой қосып, пікір білдіріп жатқан жұртшылықтың сөздерінен аңғарып отырмыз.

Бұл байқаудың басты ерекшелігі – қазіргі қоғамның тынысын, жаңа заман адамының психологиясын, урбанистік мәдениетті көркем әдебиет тілімен сөйлетуге мүмкіндік беруінде.

Байқау ережесіне сәйкес оған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қатысушылар бұрын еш жерде жарияланбаған, көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ болатын шығарма ұсынуы тиіс. Бір автордан бір ғана шығарма қабылданады.

Бұл талаптардың өзі байқаудың жай ғана әдеби акция емес, үлкен көркемдік жауапкершілік жүктейтін шығармашылық дода екенін аңғартады.

Ең бастысы, жоба жаңа есімдерді анықтауға бағытталған. Әдебиетте кейде таланттың танылуына мүмкіндік жетіспей жатады. Көптеген шығармалар қолжазба күйінде қалып қояды. Осындай жағдайда республикалық деңгейдегі байқаулар жас әрі тәжірибелі қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік тудырып, жол береді.

Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданбақ. Бұл – байқаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды тетік.

«Қала хикаялары» байқауының тағы бір ерекшелігі – жеңімпаздарға қарастырылған ауқымды сыйақылар.

Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;

І орын – 75 мың АҚШ доллары;

ІІ орын – 50 мың АҚШ доллары;

ІІІ орын – 30 мың АҚШ доллары.

Қазақстан әдебиеті тарихында мұндай көлемдегі қаржылай қолдау сирек кездеседі. Бұл мемлекет тарапынан әдебиетке деген көзқарастың өзгергенін, қаламгер еңбегінің қадірі артып келе жатқанын көрсетсе керек.

Әдеби шығарма жазу – ұзақ уақыт пен үлкен ізденісті қажет ететін еңбек. Сондықтан авторлардың шығармашылық жұмысына осындай деңгейде жағдай жасалуы рухани салаға берілген нақты қолдау деп қабылдануда.

Қала берді, осы байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалар 15 мың данамен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына жаппай таратылады. Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы осында.

Қазіргі уақытта көптеген авторлардың шығармалары аз таралыммен басылып, оқырманға толық жете алмай жатады. Ал кітаптың 15 мың данамен жарық көруі – кез келген қаламгер үшін үлкен жетістік, тамаша қолдау.

Мұндай қадам өңірлік кітапханалардың қорын байытып қана қоймай, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.

Өйткені әдебиеттің тағдыры тек жазушымен емес, оқырманмен де байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Президент өз сөздерінде бірнеше мәрте кітап оқитын қоғам қалыптастырудың маңызын атап өтті. Өйткені білімді, ойлы, парасатты ұлт қалыптастырудың басты тетіктерінің бірі – кітап, оқитын қоғам.

Осы тұрғыдан алғанда «Қала хикаялары» байқауы аталған Жарлық аясындағы нақты тапсырмаларды жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі деуге толық негіз бар.

Мемлекет тек кітап оқуға үндеп қана қоймай, жаңа кітаптардың дүниеге келуіне, қаламгерлердің шығармашылық ізденісіне қолдау көрсетіп отыр. Бұл – мәдени саясаттағы жүйелі көзқарастың көрінісі.

Жалпы, қала тақырыбы – адам тағдырының айнасы. Қала туралы шығарма дегеніміз – ғимараттар мен көшелер туралы әңгіме емес, адамдардың тағдыры туралы әңгіме.

Бүгінгі жастардың арманы, үлкен буынның сағынышы, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі, ұлттық дәстүр мен жаһандану ықпалы, жалғыздық, махаббат, еңбек, рухани ізденіс – мұның барлығы қалалық өмірдің бөлшектері.

Сондықтан «Қала хикаялары» жобасы арқылы қазақ әдебиетінде жаңа кейіпкерлер, жаңа мінездер, жаңа көркемдік ізденістер пайда болуы әбден мүмкін.

Бұл байқау қазақ прозасының тақырыптық аясын кеңейтіп, урбанистік әдебиеттің дамуына серпін береді деп ойлаймын.

Көркем әдебиет – қай кезеңде болмасын ұлттың рухани паспорты. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, ұлттың дамуы мен оның әдебиетінің өркендеуі әрқашан қатар жүрген.

Жапонияны – Харуки Мураками, Түркияны – Орхан Памук, Латын Америкасын – Габриэль Гарсиа Маркес, Қырғыз елін – Шыңғыс Айтматов арқылы таныған әлем қазақ әдебиеті арқылы да Қазақстанды тануы тиіс. Ал ол үшін жаңа тақырыптар, жаңа көркемдік ізденістер, жаңа авторлар қажет. «Қала хикаялары» республикалық байқауы дәл осындай мақсаттарға қызмет ететін маңызды бастама болып отыр.

Осынау байқауға әдеттегі шығармашылық жарыс ретінде ғана қарау мүмкін емес. Өйткені бұл – қазіргі Қазақстанның көркем шежіресін жасауға бағытталған рухани жоба. Сайып келгенде, адам туралы хикая – ұлт туралы хикая.

Сондықтан «Қала хикаялары» байқауы қазақ әдебиетінің мазмұнын байытып, жаңа шығармалардың дүниеге келуіне, оқырман қызығушылығының артуына және кітап оқитын зерделі қоғам қалыптастыру ісіне өз үлесін қосатын маңызды мәдени құбылыс ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий