Павлодардағы жаңа ипподромда «ERTIS-BAYAN CUP» республикалық турнирі ұйымдастырылады

Алдағы сенбі, яғни 20 маусым күні Павлодар қаласында ұлттық спортты ұлықтайтын, салт-дәстүр мен заманауи инфрақұрылымды тоғыстырған ірі мәдени-спорттық шара өтеді. Бұл күні Ертіс-Баян өңірінде жаңадан бой көтерген заманауи ипподромның салтанатты ашылуы ұйымдастырылып, оның аясында классикалық және ұлттық ат жарыстарынан «ERTIS-BAYAN CUP» ашық республикалық турнирі бастау алады.

Айта кетелік, жаңа нысан Шарбақты көпірінің арғы бетінде орналасқан. Салтанатты шара таңғы сағат 10:00-де басталады. Қала тұрғындары мен өңірімізге арнайы келген қонақтарды ерекше қызықтар күтіп тұр.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға және спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісінің бірі – Ертіс өңіріндегі жаңа ипподромның пайдалануға берілуі.

Жаңа спорт нысаны тек бәйге өткізетін алаң ғана емес, ұлттық ат спорты мен жылқы мәдениетін дамытуға арналған маңызды орталыққа айналмақ. Қазақ халқы үшін жылқы – ұлттық болмыстың, еркіндіктің, тектіліктің символы. Сондықтан жаңа ипподромның ашылуы өңірдің мәдени және рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағалануда.

Ипподромның ашылуына орай өтетін «ERTIS-BAYAN CUP» республикалық турнирі халықаралық сипатқа ие болмақ. Қазірдің өзінде бұл шараға әлемнің әр түкпірінен қызығушылық танытылып отыр. Додаға Қазақстанның әр өңірінен келген сәйгүліктермен қатар Қырғызстан мен Ресейдің де үздік шабандоздары мен жүйрік тұлпарлары қатысады.

Жарыс классикалық және ұлттық бәйге түрлері бойынша өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир жеңімпаздарына қомақты сыйлықтар қарастырылған. Ал чемпион атанғандарға бас жүлде ретінде алты автокөлік табысталмақ. Бұл – соңғы жылдары елімізде ұйымдастырылып отырған аса ауқымды ат спорты бәсекелерінің бірі.

Қызық тек ат жарысымен ғана шектелмейді. Ұлттық спорт жанкүйерлері еліміздің белді балуандары қатысатын қазақ күресінен тартысты белдесулерді тамашалай алады. Күш атасы атанған палуандар арасындағы сайыстың жеңімпазына да автокөлік беріледі.

Сонымен қатар, қонақтарға қазақтың байырғы саятшылық дәстүрін насихаттайтын бүркітшілердің шеберлік көрсетілімдері де ұсынылады. Ал ұлттық қазынаның ажырамас бөлігі саналатын тазы иттерінің арнайы көрмесі ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.

Түптеп айтсақ, мұның барлығы қазақ халқының көшпелі өркениетінен бастау алатын дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған.

Осынау дүбірлі шараны үйлестірушілер мерекеге келушілердің барлық санатын қамтуға тырысқан екен. Ипподром аумағында балаларға арналған үлкен ойын-сауық аймағы жасақталып, түрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қонақтарға арналған тегін дастарқан жайылып, бір мезетте 50 қазан палау дайындалады деп күтілуде. Мыңдаған адам ұлттық тағамнан дәм татып, мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісе алады.

Бұдан бөлек, бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотерея өткізіліп, көрермендерге түрлі тосынсыйлар ұсынылады.

Мерекенің шарықтау сәттерінің бірі халықаралық деңгейде танылған «Nomad» кәсіби каскадерлер тобының қойылымы болмақ.

Бұл ұжым әлемдік киноиндустрияда жоғары бағаланып, Голливудтың көптеген ірі жобасына қатысқан. Олардың орындауындағы ерекше трюктер мен әсерлі шоу көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны даусыз.

Мерекелік концерттің арнайы қонақтары ретінде белгілі әнші Төреғали Төреәлі, сондай-ақ «Абырой» және «Жошы» топтары өнер көрсетеді. Сүйікті әншілердің қатысуымен өтетін концерт ұлттық спорт мерекесінің сәнін келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.

Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері үшін «ERTIS-BAYAN CUP» турнирі «Sport+» республикалық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілетін болады.

Бұл күні павлодарлықтардың ыңғайлылығы үшін жаңа ипподромға қатынайтын арнайы тегін автобустар ұйымдастырылмақшы.

Осылайша, 20 маусым күні Ертіс өңірінде ұлттық рух пен заманауи мүмкіндіктер тоғысқан үлкен мереке өтпек. «ERTIS-BAYAN CUP» турнирі тек спорттық жарыс қана емес, халқымыздың бай мәдени мұрасын, атқа міну дәстүрін, саятшылық өнерін және ұлттық құндылықтарын насихаттайтын ауқымды шара ретінде қарастырылып отыр.

Ұлттық спорттың мерейін асырып, жылқы мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бұл бастама Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, күллі қазақ даласының рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналары сөзсіз.

Асыл ӘБІШЕВ.

 

 

Добавить комментарий