Жас талапкерлердің әдебиет әлеміндегі алғашқы шығармашылық қадамдары әрқашан ерекше қызығушылық тудырады. Себебі әдебиет әлеміне келген әрбір жас қаламгер өзімен бірге жаңа көзқарас, жаңа сезім, жаңа леп ала келеді деп күтіледі. Осындай жас таланттардың бірі – Павлодар қаласындағы №47 жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Абылайқызы Ғибадатова. Оның Алматы қаласында жарық көрген алғашқы жыр жинағы – «Шабыттың тылсым тынысы» шәкірттің шығармашылық ізденісінің алғашқы жемісі ғана емес, рухани дүниесінің айнасы деуге болады.

Кітапты парақтай отырып, ең алдымен автордың поэзияға кездейсоқ келмегенін аңғардым. Көркемдік һәм мазмұндық сипаты жағынан әлі де толыспай яки жетіспей жатқан тұстары аз болмаса да, өлеңдердегі шынайылық, жүректен шыққан сезім, туған елге, отбасыға, ұстазға деген құрмет пен сүйіспеншілік беталысының дұрыстығын көрсетті. Қоғамдық еркін тақырыптар оның шығармашылық әлемінің басты өзегіне айналғанын байқадық.

 Аружан өлеңдерінің ең басты артықшылығы – әзірге жасандылықтан ада. Иә, әзірге. Алдағы уақытта оның шығармашылық әлеуеті қандай бағытқа бұрылатыны әуелі өзіне аян ғой. Десек те, жас буынға жол көрсетіп, жөн сілтеу  – аға буынның жауапкершілігінде.

Әлбетте, мектептің 8 сыныбын енді аяқтап жатқан Аружан өзінің поэтикалық сқпағында күрделі философиялық ой айтуға немесе поэзияның ауыр формаларына ұмтылмайды. Ол – уақыттың еншісінде. Бірақ, сол бағытқа бастар алғышарттар мен элементтер аз кездеспейді. Дәл қазір Аружан өзін толғандырған дүниелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуде.

«Жан байлығым», «Анашыма алғыс», «Сенімді серік», «Аялаған сіңілім – Аяжан», «Нағашым – асқар тауым, мақтанышым» секілді өлеңдерден отбасы құндылығына ерекше мән беретін жасөспірім қыздың жүрек лүпілін анық сезінеміз. Мұндай құндылықтардың осы күні мәртебесі құлдырап тұрғанын ескерсек, тақырыптың қоғам үшін маңыздылығын пайымдаймыз. Бүгінгі ақпараттық дәуірде жастардың көпшілігі виртуалды әлемге бой алдырып бара жатқан кезеңде Аружан шығармаларында отбасы мүшелеріне деген құрметтің, үлкенді сыйлаудың, туыстық байланыстың ерекше орын алуы қуантады.

 Аружанның, Аружан секілді шығармашылық жолға қызығушылық танытқан шәкірттердің күнделікті өмірі мектеппен өріледі. Сондықтан да оның жинағындағы маңызды бағыттардың бірі – білім мен тәрбие тақырыбы. «Сүйікті менің мектебім», «Ұстазым менің – асыл жаным», «Ұстазға құрмет», «Шәкірттік алғыс», «Жол көрсеткен ұстазым» секілді туындыларында мектепті тек білім ордасы ретінде ғана емес, тұлға қалыптастыратын қасиетті мекен ретінде бейнелейді. Көркемдік әлеуеті алда тереңдей түсер деген үмітпен қарай отырып, Аружанның ой-пайымы мен түйініне риза болғаным рас. Қазіргі қоғамда ұстаз мәртебесі туралы жиі айтылғанымен, оны оқушы жүрегімен сезініп, өлеңге айналдыру – сүйсінтерлік жағдай. Сегізіншіні енді тәмамдаған Аружан бұл тақырыпты одан әрі өрбіте түсер болса, оның шығармалары болашақта мектеп өмірінің рухани шежіресіне айналуы әбден мүмкін.

 Жинақтың тағы бір маңызды ерекшелігі – отансүйгіштік рухтың басымдығы. «Туған жерім – Қазақстан», «Туған қалам – Павлодар», «Отан туралы» шығармаларында автор туған елге деген сүйіспеншілігінперзенттік һәм шәкірттік жүрегімен шынайы жеткізеді.

Әсіресе Павлодар қаласына арналған жырлардан туған өлкенің көркіне сүйсінген жас жүректің мақтанышын көреміз. Бұл өлеңдерде Аружан туған жерді жалаң мадақтамайды, оны өзінің өмірімен, балалық шағымен, арманымен байланыстырады. Біз үшін ұтымды тұсы да осы еді. Сайып келгенде, жас буын арасында туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда мұндай шығармалардың тәрбиелік маңызы зор.

 «Шабыттың тылсым тынысы» жинағының ең көлемді бөлігі тарихи тұлғалар мен қазақ әдебиеті алыптарына арналған.

Автор қазақ руханиятының көптеген өкілдеріне жыр арнаған. Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Фариза Оңғарсынова, Жұмкен Нәжімиденов, Мұхтар Шахвнов және тағы да басқа қазақ әдебиеті алыптарының өмірі мен шығармашылығын өлеңге қосқан Аружан өзі де олардың сөзінен нәр алатынын мақтанышпен алға тартады.  Әрине, тұлғалар туралы жазу үшін сол тұлғалардың болмысын тереңнен танып-білу қажет. Бұл ретте жас шәкірттің тарихи танымының кеңдігін аңдадық. Ол тұлғалардың өмір жолын жаттап қана қоймай, олардың ел үшін атқарған қызметін өлең тілімен жеткізуге тырысқан. Әсіресе Алаш қайраткерлеріне арналған шығармалардың көп болуы Аружанның ұлттық тарихқа деген қызығушылығын көрсетеді.

Мені ерекше елең еткізген дүние – жинақтағы ең әсерлі туындылардың бірі – «Атамның соңғы түні» өлеңі.

Бұл шығармада бала жүрегінің алғаш рет өліммен бетпе-бет келуі, атасына деген сағынышы мен қимастық сезімі шынайы берілген. Артық пафос жоқ. Бар болғаны баланың көзқарасымен баяндалған өмірлік оқиға өрілген. Көңіл мен күй, сезім, ішкі күйзеліс пен арпалыс, ой кешу секілді сан қырлы эмоцияның элементтері осы өлеңге кірігіп кеткен. Міне, осындай өлеңдер арқылы Аружанның лирикалық мүмкіндігі мен әлеуеті анық байқалады.

 Оқушы Аружан поэзиясының тілі қарапайым әрі түсінікті. Ол күрделі метафоралар мен символдарға емес, ойдың анық жеткізілуіне көбірек мән беретіндей. Жинақтағы өлеңдердің басым бөлігі дәстүрлі ұйқасқа құрылған. Бұл жас ақынның қазақ поэзиясының классикалық үлгісін меңгеруге ұмтылғанын көрсетеді.

Сонымен қатар кейбір шығармаларда буын санының әркелкілігі, ұйқас жүйесіндегі кейбір техникалық кемшіліктер байқалады. Алайда біз мұны шығармашылық жолдың басындағы жас қаламгер үшін заңды құбылыс деп қабылдаймыз. Ең бастысы – өлеңдерде табиғи сезім мен шынайы ой бар.

«Шабыттың тылсым тынысы» әбден жетілген, машықтанған кәсіби ақынның кемел жинағы емес, әрине. Біздіңше, оның құндылығы да дәл осында жатыр. Бұл кітап жасөспірім қыздың дүниетанымын, рухани әлемін, арманы мен мақсатын танытатын шынайы әдеби күнделік іспеттес.

8-сынып оқушысының өз жыр жинағын жарыққа шығаруының өзі үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі десек болады. Жинақтан білімге құштар, әдебиетке ынтық, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін жас буынның жарқын бейнесін көреміз. Бұл – өзгелерге үлгі, өнеге, бағыт-бағдар, ынталандыру.

Аружан Ғибадатова шығармашылық әлемінің бастауы болған осы жинақтан соң  ізденісін тоқтатпай, поэзия әлеміндегі білімін тереңдете түссе, болашақта Павлодар өңірінен шыққан талантты ақындардың қатарынан көрінері сөзсіз. Өйткені нағыз поэзия ең алдымен жүректен басталады. Ал «Шабыттың тылсым тынысы» жинағын оқығанда жас ақынның жүрек үні анық естіледі. Жасөспірім шағында-ақ жеке кітап шығару – кез келген оқушының қолынан келе бермейтін үлкен еңбек. Бұл – алдымен әдебиетке деген сүйіспеншіліктің, ізденістің және шығармашылыққа деген адалдықтың нәтижесі. Ал шәкірттің өлеңдері – өзі көрген, өзі сезген, өзі сүйген дүниелердің поэтикалық көрінісі.

Аружан  әзірге тәжірибе жинақтау кезеңінде жүрген талант қана. Оның әлі де дамуы, жетілуі керек. Ал ол – жетекшілерінің, жол көрсетушілерінің міндеті.

Рас, кейбір өлеңдерде ой мен образдан гөрі оқиғаны баяндау басымдау келеді. Қайбір тұстарда Аружан белгілі бір тұлғаның өмір жолын немесе қасиеттерін тізбектеп суреттеуге көбірек ден қойған. Ал поэзияның басты ерекшелігі – оқырманға ақпарат беру ғана емес, көркем бейне арқылы әсер ету. Сондықтан болашақта тарихи тұлғаларға арналған шығармаларда олардың тағдырын тереңірек сезініп, поэтикалық образ жасауға көбірек көңіл бөлсе, өлеңдердің көркемдік қуаты арта түсер еді.

Сонымен қатар кейбір туындыларда ұқсас ойлар мен қайталанатын тіркестер жиі кездеседі. Мәселен, «асыл жан», «ардақты жан», «мәңгі сақталар», «асқақ тұлға», «қайсар рух» секілді сөз оралымдары бірнеше өлеңде қайталанып отырады. Бұл – жас ақындарға тән құбылыс. Уақыт өте келе сөздік қорды байыту, жаңа теңеулер мен тың образдарды іздеу арқылы автордың өзіндік стилі айқындала түсетіні сөзсіз.

Жинақтағы бірқатар өлеңдер дәстүрлі ұйқас үлгісімен жазылғанымен, кей тұстарда буын саны мен ырғақтың тұрақсыздығы байқалады. Кейбір жолдардың ұзындығы әркелкі болып келетіндіктен, өлеңнің ішкі музыкалығы әлсіреп қалады. Сондықтан болашақта қазақ өлеңінің өлшемдік жүйесін тереңірек меңгеру, классикалық поэзия үлгілерін көбірек оқу жас ақынның шеберлігін шыңдай түсері анық.

Тағы бір назар аударарлық мәселе – жинақтағы өлеңдердің басым бөлігі алғыс айту, мадақтау, құрмет көрсету сипатында жазылған. Бұл – автордың тәрбиесі мен дүниетанымының көрінісі. Дегенмен уақыт өте келе өмірдің түрлі құбылыстарын, қоғамдағы өзгерістерді, адамның ішкі психологиясын, табиғат пен уақыт тақырыбын тереңірек жырлау ақынның тақырыптық аясын кеңейте түседі.

Соған қарамастан, бұл кемшіліктер жинақтың жалпы көркемдік құнын төмендетпейді. Керісінше, олар жас ақынның алдағы уақытта бағындыратын белестері мен шығармашылық өсу нүктелерін көрсетеді.

Жалпылай алғанда, поэзиядағы шынайылық пен жүрек тазалығы – үйретуге келмейтін, табиғаттың сирек сыйлайтын қасиеті. Техникалық шеберлік уақыт өте келе қалыптасады, ал ақындық сезім мен шабыттың бастауы табиғи дарыннан туындайды.

«Шабыттың тылсым тынысы» жинағы жас ақынның бүгінгі деңгейін ғана емес, болашақта бағындырар шығармашылық биіктерінің де алғашқы баспалдағы ретінде бағалануға лайық.

Асыл ӘБІШЕВ.

Аружан ҒИБДАТОВА

Абайдың даңа сөздері

Абай ата, қара сөздің қайнарысың,

Сен деген өлеңдердің жайлауысын.

Сөздеріңмен өмірдің мәнін ашып,

Өлеңдерің – ұрпаққа сай дарысын.

Қара сөз, өлеңдерің – алып бұлақ,

Өлең жаздым, тұрғаң соң халық сұрап.

Ұлттың рухы – сен жазған қара сөзде,

Өшпейді ол — мәңгілік жарық шырақ.

Көңілдің көгін кезіп тілегіммен

Дара жолдың болайын тірегі мен.

Сен қалдырған өнеге мәңгі өшпейді ,

Халықтың орын алған жүрегінен.

Ұстазым менің — асыл жаным

Ұстазым менің — асыл жаным,

Жасап аркез оңды амалын.

Білім беріп, жөн көрсетіп,

Болашаққа жол қаладың.

Сабақ бердің алып келіп,

Үйреттіңіз қолдап ізгі.

Ақыл айтып, бағыт беріп,

Жетелейсіз алға бізді.

Ұстаз деген — жарық шамы,

Жол көрсеткен өмір мәні.

Сіздің берген біліміңіз,

Болашағымның асыл дәні.

Қиын сәтте күнде болдың,

Жақсылыққа бірге қондың.

Жылы сөзбен демеп бізді,

Армандарға іргелендің.

Қоңырау соқса таң атқанда,

Көңіл толар шаттықтарға.

Сабақтарың қызық өтіп,

Білім қонды бақыт таңда.

Ұстазым менің — тірегімсіз,

Сізсіз өмір сүре алмаспыз.

Білім берген алтын адам,

Алғыс айтпай жүре алмаспыз.

Еңбегіңіз еш кетпейді,

Жүректерден орын алды.

Сіз үйреткен әрбір сабақ,

Өмір бойы алды.

Алғыс айтам барша жанмен,

Сіздей ұстаз болғанына.

Мақтан етем менде әрдайым,

Сізге шәкірт болғаныма.

Ұстазым деп мақтанамын,

Артсын өссін бақ талабым.

Сіздің нұрлы жолыңызбен,

Болашаққа аттанамын.

Туған жерім — Қазақстан

Туған жерім — Қазақстан,

Кең даласы ғажапстан.

Көк туы көкте желбірер,

Мақтанышым — азатстан.

Астанасы парасаттың,

Алға озып дара шаптың.

Жарқын қалам айналады,

Символына болашақтың.

Артымызда үн қалғанда,

 Жеткізеді тілегімді.

Әнұраным шырқалғанда,

Тербейді ол жүрегімді.

Туған жерім — атырабым,

Шырқалыпта жатыр әнім

Қайда жүрсем сағындырар,

 Қасиетті топырағым.

Саған шығар жыр кемелер,

Өсіп өніп түрлене бер.

Болашағы жарқын болып,

Жайқала бер гүлдене бер.

Асыл аймақ жақұтымсың,

Жүректен ән ағытылсын.

Қазақстан — ұям менің ,

Өшпес,өлмес бақытымсың.

Добавить комментарий