Павлодар облысының Май ауданындағы Ақшиман ауылында елді мекеннің 65 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, туған жердің өткені мен бүгіні тоғысқан тағылымды мереке өтті. Ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, елге танымал азаматтар, аудан қонақтары мен ауыл түлектері бас қосқан думанды той ел бірлігі мен туған жерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.


Ақшиман ауылы – Май өңіріндегі тарихы терең, еңбек дәстүрі қалыптасқан, ұлттық құндылықтарды сақтап келе жатқан елді мекендердің бірі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары іргесі қаланған ауыл бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Ауылдың 65 жылдық мерейтойы осы жетістіктерді саралап, өткенге тағзым жасап, келешекке бағдар беретін маңызды оқиға болды.
Мерекелік шаралар барысында ауыл тарихына арналған көрмелер ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға Ақшиманның қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін тарихи фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар таныстырылды. Сондай-ақ ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Биылғы мерейтой бірнеше тарихи даталармен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, көрнекті ғалым, академик Әбікен Бектұровтың туғанына 125 жыл және халық композиторы Жарылғапберді Жұмабайұлының туғанына 175 жыл толуына орай арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастамалар ауыл тойының мазмұнын байытып, оның рухани маңызын арттыра түсті.
Мерейтой аясында ұлттық өнердің мерейін өсірген облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Павлодар өңірінің түкпір-түкпірінен келген сөз жүйріктері қатысып, туған жер, елдік рух, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі тақырыптарында суырыпсалма өнердің үздік үлгілерін көрсетті.
Айтыс барысында ақындардың тапқырлығы мен шешендігі, тарихи танымы мен заманауи көзқарастары көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Сахна төрінде өрбіген жыр сайысы ауыл мерейтойының шоқтығы биік мәдени оқиғасына айналды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша облыстық айтыстың Бас жүлдесі павлодарлық ақын Ерлан Аманқожаға бұйырды. Жеңімпазға ұлттық дәстүрге сай бағалы сыйлық – жылқы табысталды.
І орынға Баянауыл ауданының намысын қорғаған Нұрқанат Қайрат ие болып, оған 300 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
ІІ орын баянауылдық ақын Мәрес Байронға бұйырып, оған 250 мың теңге табысталды.
ІІІ орынға Ақтоғай ауданынан келген Ибраһим Қайратұлы лайық деп танылып, 200 мың теңгелік сыйақымен марапатталды.
Сонымен қатар, Тереңкөл ауданының ақыны Қуандық Башойға арнайы жүлде тапсырылды.
Айтыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан алғыс айтылып, ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлестері жоғары бағаланды.
Мерейтой бағдарламасы мұнымен шектелген жоқ. Ауылда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, қазақ күресі, арқан тарту, қол күресі және басқа да сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.
Кешкі уақытта өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, көрермендерге ән мен күйден шашу шашылды. Ауданның мәдениет саласы қызметкерлері мен жергілікті өнер ұжымдары туған жерге арналған әндерді орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақшиманның 65 жылдық мерейтойы – ауыл тарихын ұлықтаған, елдік пен бірлікті дәріптеген, ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттаған тағылымды шара болды. Бұл мереке туған жердің өткені мен бүгінін сабақтастырып қана қоймай, келер ұрпаққа ауылдың бай тарихын танытуға бағытталған маңызды рухани оқиға ретінде есте қалды.
Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған облыстық айтыс жеңімпаздарын құттықтай отырып, Ақшиман ауылының мерейтойы құтты болсын дейміз! Тарихы терең ауылдың мерейі үстем болып, өсіп-өркендей беруіне тілектеспіз.

Добавить комментарий