Оқырман назарына филология ғылымдарының докторы Валентина Семенованың жақында жарық көрген «Шабыттың сансыз сарқырамасы» жинағына жазған алғысөзін ұсынамыз. Мақаланы қазақ тіліне тәржімалаған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан.

Қазақ пен Саха – тамыры бір, тағдыры егіз халықтар. Барша түркі жұртына ортақ бұл туыстық, бейне бір көзбен көргісіз нәзік жіптей есіліп, біздің тіліміз бен ділімізді, салт-санамыз бен дәстүрімізді тұтастырып жатыр. Осынау ішкі үндестік пен рухани сабақтастық әдебиет айдынында барынша асқақ та ажарлы кейіпте көрініс табады.
Біз саха халқының біртуар перзенті Максим Кирович Аммосовтың есімін ілтипатпен еске аламыз. Ол 1932-1936 жылдар бедерінде ұлан-ғайыр Қазақстанның екі бірдей аймағын парасаттылықпен басқарып, көрегендік танытқан еді. Ал қазақ топырағына қаламгерлер арасынан тұңғыш табан тіреген – халық ақыны Серафим Романович Кулачиков-Эллэй болатын. Сонау 1927 жылы қазақ даласынан алған әсеріне арқаланып, ол әлемге «Алатау» мен «Домбыра» сынды жыр туындыларын тарту етті. Сонымен қатар, 1934-1935 жылдары белгілі прозаик Семён Степанович Яковлев-Эрилик Эристиннің де жолы Қазақстанмен түйісті. Оның «Революция ұлдары» атты хикаяты қазақ өмірінің тыныс-тіршілігін терең де шынайы суреттеп, якут оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді. Әрине, халық жазушысы Николай Егорович Мординов-Амма Аччыгыйа мен Сәкен Сейфуллиннің арасындағы рухани сыйластықты да айтпай кетуге болмас.
Өкінішке қарай, сталиндік зобалаң жылдары бұл жемісті достықтың тамырына балта шауып, үнін өшіргендей еді. Тек «жылымық» дәуірі келіп, ел еңсесін тіктей бастаған шақта ғана қаламгерлер арасындағы шығармашылық байланыстар қайта жаңғырды. 1960-шы жылдары Якутияның халық жазушылары мен ақындары – Николай Егорович Мординов-Амма Аччыгыйа, Владимир Михайлович Новиков-Күннүк Урастыров, Дмитрий Кононович Сивцев-Суорун Омоллон, Семен Петрович Данилов бастаған бір топ зиялы қауым Қазақ елінде қонақта болып, бауырластық қарым-қатынасты түлетуге өлшеусіз үлес қосты. Сол кезеңде Қазақстанда якут жазушыларының әңгімелер жинағы жарық көрсе, якут оқырмандары ұлы Абайдың, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың туындыларын өз ана тілдерінде жамырай оқып, рухани бұлақтан сусындады.
1970-ші жылдардың бедерінде, байтақ елдің аспанында «Әдебиеттер достығы – халықтар достығы» деген айбынды ұран қалықтаған шақта, Саха жерінде де соны серпін байқалды. Якутия Жазушылар одағының тізгіншісі Семен Петрович Даниловтың бастамасымен ерен шығармашылық жұмыстар арнасынан асты. Семен Петрович қазақтың қабырғалы қаламгері Жұбан Молдағалиевпен айнымас дос еді. Жұбан жырларымен қатар, Жамбыл Жабаев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Олжас Сүлейменов туындылары да якут оқырманының көңіл пернесін дөп басты. Сонау 70-жылдардың басында Жамбыл Жабаевтың жыр жинағы саха тілінде сөйлесе, соңыра Сәкен Сейфуллин, Қалаубек Тұрсынқұлов пен Олжас Сүлейменовтің кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді. Осы бір берекелі кезеңнің басында Қалаубек Тұрсынқұлов бастаған қазақ қаламгерлерінің Якутияға жасаған тағылымды сапары тұр еді.
1972 жылдың шілдесіндегі «Хотугу сулус» («Темірқазық») журналының арнайы саны тұтастай қазақ әдебиетіне арналды. Онда Халижан Бекхожин, Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Саттар Сейтхазин, Аманжол Шамкенов, Әбу Сәрсенбаев сынды ақын-жыраулардың жырларымен бірге, Тәкен Әлімқұловтың қалам қуаты да танытылды. Бұл туындыларды Моисей Ефимов, Николай Босиков, Николай Дьяконов, Степан Тимофеев, Феоктист Софронов секілді саханың сақа ақындары шеберлікпен тәржімаласа, Сәбит Мұқанов хикаятынан үзіндіні Семен Никифоров мүлтіксіз аударып, бауырлас жұртқа паш етті.
«1979 жылдың жазында Якутия топырағына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов ат басын бұрды. Сапар барысында ол: «Келер жылы Қазақ елінде якут әдебиетінің күндерін өткіземіз», – деп ағынан жарылды. Сол бір ізгі ниеттің жаңғырығы басылмай жатып-ақ, Қазақстаннан сүйінші хабар жетті: қазақ бауырларымыз саха қаламгерлерінің екі томдық таңдамалысын – «Толору томтоһуйар Лена» («Толқынды Лена» Алматы: Жазушы, 1980) мен «Тайҕа суугуна» («Тайга сыбдыры» Алматы: Жазушы, 1980) атты поэзия мен проза антологиясын қазақ тілінде жарқыратып шығарып үлгеріпті. Тіпті, Қазақстанда небәрі үш күннің ішінде „Биһиги ыалдьыттарбыт“ («Біздің қонақтар») атауымен буклет те басылып шығып, якут әдебиетінің күндері мәңгі ұмытылмастай салтанатпен өтіп еді…», – дейді Иван Федосеев-Доосон. Жазушының осы естелігі бауырлас халыққа деген шынайы сүйіспеншілікке, қазақтың сертке беріктігіне, көңілінің кеңдігі мен іске келгендегі ерен шапшаңдығына деген шексіз ризашылыққа толы.
Дмитрий Кириллин өзінің «Әдебиеттер достығы және олардың өзара рухани байысуы» («Дружба и взаимное обогащение литератур») атты мақаласында мынадай әділ байлам жасайды: «Якутия мен Қазақстан әдебиетінің достық көпірін салып, іргетасын қалаушылардың бірі, якут қаламгерлерінің айнымас досы, еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Қалаубек Тұрсынқұловтың туындылары жергілікті баспалардан бірнеше мәрте жарық көріп, оқырмандардың зор ықыласына бөленді. Оның саха тіліндегі «Үтүө да күн этэ» атты хикаяттар жинағы, орыс тіліндегі «Здравствуй, Якутия», 1981 ж. («Эҕэрдэ,Саха сирэ!» – «Сәлем, Саха елі!» – Саха сиринээҕи кинигэ издательствота, 1991). және «Сардана и подснежник» роман-эсселері рухани қазынамызға айналды 1994 жылы Саха Республикасы (Якутия) Президентінің Жарлығымен Қалаубек Тұрсынқұловқа Алексей Елисеевич Кулаковский атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді».
1980-ші жылдары әдебиет айдынындағы ағайындық арна Николай Егорович Винокуров-Урсун, Николай Алексеевич Лугинов и Наталья Ивановна Харлампьева сынды біртуар қаламгерлердің қарымды қуатымен тіптен тереңдей түсті. 1983 жылы саха топырағында елу екі қазақ ақынының жыр-маржанын тізген салиқалы антологияның жарық көруі – рухани мәдениетіміздің ірі белесі еді.
1991 жылдың бедерінде, Якутияда өткен қазақ әдебиеті күндерінің салтанатымен Төлеу Көбдіков, Мархабат Байғұт, Мәсімжан Зұлпықаров, Ұлықбек Есдәулет, Иранбек Оразбаев, Дулат Исабеков секілді сөз зергерлерінің жыр-толғаулары мен хикаяттары топтастырылған жинақ оқырманға жол тартты. Саханың сақа ақындары Моисей Ефимов, Савва Тарасов, Алексей Михайлов, Иван Федосеев-Доосо, Николай Винокуров-Урсун бастаған бір топ дүлдүлдер еңбекқор да қонақжай қазақ халқының асыл қасиеттерін арқау еткен жүрекжарды жырларын арнады. Дәл осы кезеңде бірқатар саха жазушылары қазақтың қабырғалы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен ұлықталды.
Тұрсынай Оразбаева – саха жұрты «якут сөз өнерінің ақсақалы Суорун Омоллонның қызы» деп айдар таққан аяулы жан. Ол Якутияға қайта-қайта ат басын бұрып, жатсынбай бауыр басып, оны екінші Отанына балап, ақыры осы өңірді жүрегінің төріне ұялатты.
Рухани сабақтастықтың асқар биігі ретінде 1995 жылы Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясының қос томы «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Дмитрий Кириллиннің тәржімасымен саха тілінде сөйледі. Ал 2012 жылы қазақ әдебиетінің пірі – хәкім Абай Құнанбайұлының, грузин шайыры Шота Руставелидің және чуваш қаламгері Константин Ивановтың классикалық мұраларын біріктірген бірегей жинақ жарық көрді. Бұл жауһар дүниелерді саханың халық ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Семен Руфов зергерлік дәлдікпен әрі сырлы сезіммен қайта өрнектеді.
2022 жылдың бедері де бауырлас халықтардың рухани қазынасына олжа салды. Саханың халық жазушысы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Николай Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» («По велению Чингис Хана») атты кесек туындысы қазақ тілінде сөйлеп, оқырманға жол тартты. Осымен қатар жарық көрген саха поэзиясының антологиясы – сөз өнерінің нағыз салтанатына айналды. Бұл жыр керуені саха әдебиетінің сардарлары – Ексекюлях Елексей, Алампа, Күннүк Урастыров, Семен Данилов, Леонид Попов және Моисей Ефимов сынды классиктерден бастау алып, бүгінгі күннің талантты шайырлары Наталья Харлампьева, Анатолий Старостин-Сиэн Кыната, Саргылана Гольдерова-Саргы Куо, Ольга Корякина-Умсураның сырлы жырларымен жалғасын тапқан.
2024 жылдың көктемінде Астана төрінде Саха елінің халық ақыны Наталья Харлампьеваның қазақ тіліндегі «Саханың сандал садағы» («Якутская стела») атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Биыл да Қазақстан топырағында саханың үш бірдей ақын қызы — Саргылана Гольдерова-Саргы Куо, Наталья Михалева-Сайа және Мария Решетникова-Арылы Дуйдаахтың шығармашылығынан құралған жыр жинағы жарық көрді. «Саха поэзиясының үш сарқырамасы» атты бұл кітап әдебиеттер достығы мен сабақтастығының алтын көпірін нығайта түсері хақ.
Қазақ аудармашыларының осынау ізгі қадамына жауап ретінде «Ситим-Медиа» корпорациясы қазіргі қазақ поэзиясының 21 өкілінің туындыларын саха тіліне аударып, «Шабыттың сансыз сарқырамасы» («Водопад мириады вдохновений») атты жыр жинағын әзірледі. Бұл рухани істің басы-қасында қазақтың ақыны, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер жүрді. Ол 2021 жылы Якутск қаласында өткен «Благодать Большого снега» («Алып қардың ақ батасы») поэзия фестивалінің ажарын ашқан қаламгерлеріміздің бірі.
Түбі бір туысқан халықтардың осынау шығармашылық өрісі – қашанда берекелі, әрқашан қызықты әрі екі жақтың да рухани болмысын байыта түсетін ұласпалы үдеріс.
«Шабыттың сансыз сарқырамасы» жыр жинағында бүгінгі қазақ поэзиясының сан қырлы үні естіледі. Мұнда кеңестік дәуірде-ақ Жазушылар одағына қабылданып, қаламы төселген сақа шеберлер де, сондай-ақ якут оқырманы үшін есімі тұңғыш рет ашылып отырған жас таланттар да бар. Тәржіма жұмысына Саха елінің әдеби ортасына кеңінен танымал 22 аудармашы атсалысты – олардың арасында сөз өнерінің майталмандары да, үміт күттірер жас авторлар да бар.
Бүгінгі қазақ ақындарын не толғандырады? Бұл сауалдың жауабын жаңа жинаққа енген жыр жолдарынан табамыз.
Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары дүние есігін ашқан аға буын өкілдері – есімдері тарихқа хатталған тұлғалар. Олардың басым көпшілігі «Алаш» сыйлығының лауреаттары. Балалық шағы, бозбала дәуірі мен белсенді еңбек жолдары кеңестік кезеңмен астасып жатса да, олардың әрқайсысы жаңа Қазақстанның іргетасын қалауға өлшеусіз үлес қосты.
Ақын Ақылбек Шаяхмет өзінің «Тіл» («Слово») атты тағылымды туындысында көне түркі баһадүрі Күлтегін ескерткішіндегі тасқа қашалған жазудың өлмес рухын еске салып, сөздің адамнан ұзақ жасар, замандардан озар киелі күш екенін аңғартады. Бұл ой якут ақыны Алампаның: «Адам ғұмыры – қас-қағым, / Тас та мүжіліп, тән де тозады, / Тек сөз ғана ғасырдан ғасырға озады…» деген толғамымен таңғажайып үндестік тауып тұр.
Ал «Балықта» атты өлеңінде автор тіршіліктің қиындығы мен күтпеген бұрылыстары туралы даналықпен сақтандырады: «Өмірде жақсылыққа ұмтыласың, / Әділетсіздікке төзе алмайсың, / Алайда тасталған жемге / Кімнің түсерін білмейсің…».
Ал ақын Қасымхан Бегманов «Еске түсті…» атты өлеңінде жүрек түбіндегі ең мөлдір сағынышын – ана бейнесін алға тартады. Ақын жер жүзін шарлап, талай пендені кезіктірсе де, туған ауылда қалған анадан артық жанды таппайды. Ана – ақ тілекпен жолға шығарып, перзентіне еркіндік сыйлаған, бірақ тағдыр тізгінін өз қолыңнан шығарма деп аманат айтқан киелі бейне. Сол себепті ақын-ұл өз сүрлеуін өзі салып, өзгенің жетегіне ермей, тағдыр тізгінін өз қолында ұстап келеді.
Бұл керуенде айрықша ат басын бұрып, аялдайтын тұс – Дүкен Мәсімханұлының «Қызыл өлең немесе балалық шағым» атты толғауы. Ақынның лирикалық кейіпкері «қызыл империяның» жалыны шарпыған балалық шағы мен бозбала дәуренін көз алдыңнан өткереді: «Қызыл атыз, толқыған қызыл бидай, / Қызыл орақ жарқылдар қолда солай. / Қызыл әндер шырқалып, қызыл қарттар, / Қызыл бата беретін жамырап-ай…» Қызыл күлкіге қарық болып, қызыл ойынға алданған қызыл сирақ балалар сол бір «қызылдар» құлағанда ғана еңсесін тіктеп, аспанның ашық ақықтығын көріпті. Ендігі жерде азат елдің азаматы ретінде ол өткенге өкінішсіз қарайды: «Ұяттың соңғы тамшысы таусылғанда, / Қызарудың да қажеті болмай қалған…»
Аға буын ақындардың жастық шақ пен артта қалған жылдар туралы ностальгиялық сарынмен тебіренуі – заңды құбылыс. Назым Байоралова жастық шақтың жақұт сәті – махаббатты жырлайды. Оның өлеңіндегі Қыз Жібек образы мен Сүмбіле жұлдызының бейнелері бүгінгі заман әйелінің шынайы сезімімен астасып, жаңаша реңк алады. Ал Төкен Әлжантегінің жырларынан уақыттың өтпелілігіне деген өзекті өртейтін өкініш еседі: кезінде жанның көзі кемпірқосақтай қызылды-жасылды үмітке толы еді, бірақ «өмір кешу – гүлдесте даланы кесу емес» екенін ұғындырады.
Дәулетбек Байтұрсынұлы ақылды әкенің алкөңіл ұрпаққа асқан парасатпен өмірден көрген-білгенін аманат еткені секілді насихат жырын арнайды: «…Уақыт өтер ешқашан, тоқтамайды,/ Сәтін тауып асауды ноқталайды. / Биіксінген біреуді тұншықтырса, / Өршітеді құйдырып отқа майды» («Жылдар жылжып өтеді, жылыстайды» өлеңінен).
Қайрат Бестібаев болса, «Ғасырмен сырласуында» барша ақынның көкейіндегі мәңгілік сауалды қояды: «Жетер ме екен ғасырға менің жырым?..»
Жетпісінші-сексенінші жылдардың толқыны – мүлде бөлек жұлдызды шоғыр. Олардың оң-солын тануы түбегейлі өзгерістер заманына тұспа-тұс келді. Бұл жинақта дәл осы буынның көп болуы – Қазақстанның Тәуелсіздік алуы мен ұлттық сананың оянуының айғағы. Олар көне түркілік тамырларын зерттеуге зор құштарлық танытты. Мәселен, Бағдат Дүйсенов «Түрік нәсілінде» Тәңірі көктің тоғыз қабатын, Қыпшақ пен Оғыз жұртын жалғаған тылсым жіпті іздеп, ғасырлар қойнауына үңіледі.
Қайырбек Шағыр «Бәрібір көшпендіміз» атты өміршең философиялық толғауымен қазақ рухының айбынын асырады. Ол сақ пен ғұнның, көк бөрілердің ұрпағы – қазаққа батырлық жат емес екенін нақышты тілмен жеткізеді. Қой бағып, әкесіне жәрдемдескен қарапайым баланың қолына кітап алып, асау тұлпарды ауыздықтайтын азулы ақынға айналғанын мақтаныш етеді.
Нұржан Байтөс те өткенді қастерлеу – болашақтың кепілі екеніне бек сенімді. Ол ұлы Абайдың аруағына тағзым етіп, оның мөлдір поэзиясынан сусындауға, хәкімнің даңқы мен туған елдің абыройына лайық болуға, рухани байлықты фәнидің жалған жылтырағынан биік қоюға шақырады.
Қазақ ақындары ата-баба аруағын ардақ тұтып, ұлы далаға даңқ дарытқан Абай Құнанбайұлы сынды кемеңгер тұлғаларға тағзым етеді; бірақ сол құрметтің салмағы ананың ақ сүті мен әке өсиетіне келгенде тіпті де кемімейді – қайта жүректің ең бір нәзік, ең бір қастерлі пернесін шерткендей асқақтай түседі. Саят Қамшыгердің «Әке» атты туындысы осы перзенттік махаббатқа суарылған. Әкесі оны бала күнінен суықтан қорғап, аялап өсірді, енді есейген ұлы әкесіне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, күндіз-түні Жаратқанға жалбарынады.
Қуаныш Оспан да («Такси», «Сайлау») анасына арналған нәзік те терең өлеңін ұсынады: «…Сен — менің бақытымсың, байлығымсың, / Жүрегімнің жылуы — «ана» деген аяулы сөз…». Осылайша, қазақ жұртының жан-дүниесінде ата-текті қастерлеу дәстүрі тамырын тереңге жайғаны, ал әке-шешеге деген перзенттік алғыс сезімі жүректің ең бір киелі қатпарында мәңгілік шырақтай маздап тұрғаны айқын аңғарылады.
Ілкі жылдары Якутия топырағында жарық көрген жыр жинақтарында, негізінен, ер-азаматтардың үні басым түсіп жататын болса, бұл жолғы басылымда адамзаттың аяулы бөлігі – ақын қыз-келіншектердің қайталанбас бояуға толы дауыстары бізді сүйсіндіріп, тәнті етіп отыр. Көрініп тұрғандай, жасампаз заман олардың шығармашылық қиялына қанат бітіріп, шырқау көкке самғатқандай. Солардың бірі – Жанайым Ауғанбайқызы. Ол ұшқыр теңеу, сұңғыла бейнелер арқылы ақынның болмысы мен тағдырын тереңнен толғайды: «…Қыран биік шыңда — дейміз, / Мұңға жақын деп оны айыптама. / Жыласын мейлі, құласын мейлі — / Олардың бақыты — ақын боп туғанында».
Жаңылхан Асылбекованың жырларынан ер мінезді логика мен заман қайшылықтарына деген терең көзқарас байқалады: «Болашақты оққа байлап, / Адам тағдырын қорлаудың қажеті жоқ. / Тәуекел, серт пен сөз — / Парасаттың шыңы, биігі».
Осыған орай, бүгінгі қазақ қыздарының поэзиясы тек махаббат атты сезім шарбағының ішінде қалып қоймай, исі адамзат баласын толғандырған ғаламдық мәселелерді де қаузайтынын кәміл сеніммен айта аламыз.
Сағыныш Мұхитқызы туған жерге деген шексіз махаббатын: «Армысың, арда ақ бұлты ерек аспаным?! / Қарасам түсер тәй-тәйлап қадам басқаным. / Мен бүгінде қара бас ойлар жан емен… / Ойымда хәлі халқымның һәм басқаның…» – деп жеткізеді.
Қазақтың ақын қыздарының кең айдынды жырында тек жүректілер ғана жүзе алады. Мен оларды желмен жарысқан жүйрік мінген, иығында тоқ бұрымдары тулаған, тағдырдың көзіне тура қарап, өзіне тайсалмай шапқан жауынгер аруларға ұқсатам.
Бақытгүл Бабаштың лирикалық кейіпкері жүрегін мұң мен шер тербесе де, сүйікті жанның алдында иіліп, иба танытады: «Мен — нәзік гүлмін. Мені бақытты ету немесе тағдырдың табалдырығынан лақтырып тастау — сенің еркіңде…» Бұл жолдардан қазақ халқының қанына сіңген ішкі тектілік пен ар-ұяттың мөлдір дірілі сезіледі.
Сонымен қатар, Әсем Ережеқызының жырларында адамзаттың әділетсіздігі мен опасыздығына деген өзекті тілер өкініш пен нала лебі есіледі: «Пәстік те, биіктік те — бәрі бар, өмірімнің өткелінен өткен еді. Жұрт мені сыртымнан сөз қылғанда, өз тағдырым өзіме бөтен бір хикаядай көрінеді».
Ал Серік Әкірамұлының поэтикалық тұлғасы («Уақыт – арғымақтай шапқан дара») өзінің бұл фәнидегі нысанасы мен оқшау жолын, фәни жалғанның баянсыздығын айқын түйсінеді: Уақыт – арғымақтай шапқан дара,/ Жігіт болды бесікте жатқан бала. / Жалаңдап қызыл оты іңір келді, / Япыр-ай, таң еді ғой атқан жаңа. // Тоймайды тіршілікке көз құмарың, /Өлеңге айналдырдым сөз құнарын.
Есей Жеңісұлы болса, төтесінен сауал тастайды: «…Ойсыз болсаң — бағаң тұл. Көкжиекке көз тіктің бе, балам? Кеңістікке үңілдің бе, қарағым?» Оның берер кесімді жауабы да дайын: жай ғана тіршілік кешу – бақыт емес, егер ол бір орында тапталу болса. Кімде-кім кеңістіктің рухын сезінбесе, оның іші – бос, ол – өресі тар, болмысы пәс пенде.
Ендігі кезекте шайырлардың үшінші шоғыры – тоқсаныншы жылдардың толқыны, жас буын ақындардың шығармашылығына зер салайық.
Еламан Қабділәшім өз жасына тән емес терең пайым мен кемелдікпен фәни жалғанның жолы, ақындық тағдыр, қаламгерлік кәсіптің қуанышы мен мұңы туралы жиі толғанады. Жаны нәзік суреткер өзіне дарыған ақындық нысананы ұлы бақыт деп қабылдай отырып, сонымен бірге оны иыққа түсер ауыр міндет ретінде де сезінеді: «…Қатар жүрер соры менен бағы ұдай, / Түсер екем енді жолға тағы қай?!/ Өр басыма тарту болған Тәңірден, /Болмашыға жараланғыш, жаным-ай».
Ал Бауыржан Әлқожа – талай қиырды шарлаған, білім-білігі кемел бүгінгі заманның азаматы ретінде өзінің шабыт көкжиегін әлдеқайда кеңейте түскен. Оның шығармашылық қоржынында Түркия мен Польша сапарларынан туған ғажайып жырлар бар. Десе де, ақынның «Сыр жағалауы» атты өлеңінен туған жерге оралудың шексіз қуанышы, Сырдың шипалы суының құдіреті, мамыражай шағалалары бар кешкі күн батқандағы көрініс пен уақыттың зымырандығы туралы мөлдір мұң еседі.
Қазақ ақындарының жыр-кестесінде көздің жауын алған қырмызы гүлдер мен ұшы-қиыры жоқ кең даланың ғажайып суреттері шебер өріледі. Әр халықтың сөз өнері – өзгеге ұқсамайтын оқшау болмысымен, ешкім қайталай алмас өзіндік таңбасымен дараланбақ.
Десе де, армян поэзиясының терең тамырлы зерттеушісі Бурастан Сергеевна Зулумянның: «Тілдік туыстық – рухани жақындықтың да алтын қазығы. Тіл дегеніміз – ойлау жүйесін, қабылдау мәнерін, түптеп келгенде, әдебиеттің бітім-болмысын қалыптастыратын басты арқау», – деген тұжырымы ақиқаттан алыс емес. Қазақ ақындарының жауһар жырларын аударуға білек түріп кіріскен қаламгерлердің салтымыз бен санамыздағы, дүниетаным мен діліміздегі сабақтастықты сезініп, екі жұрт арасындағы рухани туыстықтың үзілмес жібін ұстай білгеніне бек сенімдімін.
Хақас елінің әдебиеттанушысы, филология ғылымдарының кандидаты Нина Семеновна Машнагашевамен тізе қоса отырып жазған «Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбаев, Алексей Кулаковский шығармаларындағы ұлттық идея» атты зерттеуімізде мынадай бір пайым бар: «…осынау үш тұлға – өз халықтарының тарихында айрықша орны бар рухани кемеңгерлер, ерен ойдың иелері, отаншылдық рухтың туын ұстаған әмбебап тұлғалар. Олар дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтардың жаршысы бола отырып, өз шығармаларында қай дәуірде де өзектілігін жоймайтын ұлтты сақтап қалу мен дамыту мәселесін қаузады. Мақалада аталған туындылардағы типологиялық ұқсастықтар халықтардың мәдени-тарихи тамырластығы мен бір тілдік тармаққа жататындығының жемісі деген болжам ұсынылады. Көне түркі ескерткіштерінде негізделген халықтың бірлігі мен тұтастығы идеясы түркі тілдес жұрттардың генетикалық жадында өшпестей хатталып қалған».
Осынау тамырластық тін, ішкі байланыс бүгінгі қазақ поэзиясының жаңа жыр жинағынан ап-айқын көрініс тауып отыр.
Бұл кітап – қалың оқырманға арналған рухани базарлық. Қазақ жырымен танысу – екі туысқан халықтың көп қырлы байланысын бекіте түсері сөзсіз. Бүгінгі алмағайып заманда бауырлас жұрттарға өзара түсіністік пен жанашырлық ауадай қажет. Тіліміз де, тілегіміз де, мұң-мұқтажымыз да егіз.
Ақиқатына келгенде, адам баласы мен оның пенделік ғұмыры қай қиырда да ұқсас. Адам туады, тіршілік кешеді және фәниден озады. Қаһарлы қыстың соңынан маужыраған жаздың таңы атады – тіршілік тегершігі тоқтамайды, жүрісінен жаңылмайды да. Бәлкім, әр ұлттың әр алуан шайыры өмір туралы бірдей толғанып, рухани тепе-теңдік пен шынайы бақытты бірдей аңсайтыны да содан болар.
Валентина СЕМЕНОВА,
филология ғылымдарының докторы
Якут тілінен орыс тіліне аударған: Мария Решетникова-Арылы Дуйдаах,
қазақ тіліне тәржімалаған: Айбек Оралхан
