
Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф әрі фольклоршы Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Сөз-ғұмыр» атты республикалық сайыс өтті. Ұлттық руханиятты насихаттауға бағытталған бұл іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттардың басын қосты.
Байқауға еліміздің 15 жетекші жоғары оқу орындарынан білім алушылар қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
«Сөз-ғұмыр» сайысы жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік берді.
Сайыс қорытындысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері, «Леп» әдеби бірлестігінің мүшесі Рамазан Дәуренбекұлы ІІІ орын иеленді. Оқырман назарына жүлдегер жерлесіміздің өлеңін ұсынамыз:

Толмаған ай
(Зейнолла Сәнікке)
Тауларына сыр төгіп,
Жұлдыздарын тұр теріп,
Зар жылап тұр, маужырап тұр
Барқытбел
Бұйра қара бұлттарды бүркеніп.
Қара бұлттан жылтылдайды бір үміт,
Бұлт астынан тың тыңдайды тығылып,
Дала анау,
астаң-кестең, дүрбелең
Қабанбайы кеп тұрғандай тіріліп.
Есін алып есіп тұрған самалы,
Жер жаһанның тынышын ап барады,
Дүниеге тағы келді Дарабоз,
Найзасы оның – қаламы.
Шыдап шыққан тағдырдың сан тезінен,
Алдағы өмір – жазылмаған шежірең.
Қара бұлттан құлап аққан тамшылар,
Моншақтарды үзіп жатыр көзінен.
Таудай тұлға, Тарбағатай түлеткен,
Жүрегіме жұртым деген мұң еккен.
Жазып алып, қазып алып қазақтың,
Қазынасын алып шыққан түнектен.
