Биыл – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске 110 жыл толды

ХХ ғасырдың бірінші жартысында жалпы қазақ даласында, оның ішінде Арқа жерінде болып өткен аса ірі қоғамдық-саяси оқиға – 1916 жылғы халық көтерілісі. Осы оқиғаға зерттеушілердің біразы «ұлттық көтеріліс», «ұлт-азаттық қозғалыс» деген баға берсе, тарихшы М.Қозыбаев «ұлт-азаттық революция» деп атаған екен. Дегенмен қалай аталса да, бұл ұлан даланың төсіндегі Кенесары көтерілісінен кейінгі ұлы дүбір, ұранды ереуіл болғаны шындық.

Бұған дейін осы оқиғаға отарлаушы патша өкіметінің көшпелі қазақ еліне жасаған кезекті бір қиянаты деп қана қарап келдік. Солайы солай ғой. Бірақ оның арғы жақтағы себебі мен салдарына көз жүгіртсек, қазақ жеріндегі халық көтерілісінің басталуына алғышарт болған Австро-Венгрия тағының мұрагері эрцгерцог Фердинанд Франц Иосифтың өлімі мен соның себебінен басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс екенін байқаймыз.

Осы жөнінде оқырманға түсінікті болу үшін қысқша ғана баяндап өтелік. Атақты Наполен жорығынан кейін 100 жылға жуық соғыссыз өмір сүрген Еуропа елдері бұл кезеңде барынша нығайып, дамып алған болатын. Қарулы күші қуаттанып, қазынасы молайған ел қашанда басқаның үлесіне көз тігетіні белгілі. Осы себептен Еуропа елдерінің арасында қырғиқабақтық орын алып, сол кездегі ірі империялардың бірі болған Австро-Венгрия өзімен көршілес Германия және Италия мемлекетімен бірігіп «Үштік одақ» құрады. Әрине, бұл секілді әлеуетті одақ басқа мемлекеттерге қауіп төндірері белгілі. Сондықтан «Үштік одаққа» қарсы Ресей, Франция, Англия, Сербия, Черногория, Италия, Румыния, АҚШ және Греция мемлекеттері қосылып, «Антанта» деп аталатын әскери-саяси блок құрады.

Дәл осындай саяси шиеленіс кезеңінде, 1914 жылы 28 маусым күні Австро-Венгрия тағының мұрагері эрцгерцог Фердинанд Франц Иосифты серб ұлтшылдары атып өлтіріп, осы оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себеп болған.

Эрцгерцогтың өлімінен кейін Австро-Венгрия Сербияға қарсы әскери әрекеттер бастайды. Бұл жанжалға Ресей империясы да килігеді. Себебі, Сербия да Антантаның бір мүшесі екенін жоғарыда айттық. Сөйтіп сол кездегі 59 мемлекеттің 33-і қатысқан бұл қақтығыс ғаламат қантөгісте ұласады. Осы соғыста Ресей оңбай ұтылады. Миллиондаған адамынан айырылып, экономикасы да күйрей құлдырайды. Ақыры осы құлдыраудың аяғы 1917 жылғы февраль төңкерісіне ұласып, Ресей империясы біржола жойылып, оның орнына КСРО деп аталатын социалистік жаңа мемлекет пайда болғанын тарихтан білеміз.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің майдан даласындағы шығынын есептемегенде, оның ішкі басқару жүйесінің өзі сол кезде әбден азғынданып, іріп-шіріп, парақорлық пен қылмыс жайлап алған болатын. Әскерилер мен азаматтық қызметкерлер арасында сатқындық, қазына мүлкін ұрлау барынша етек алады.

Осы соғыстың барысында экономикасы дағдарысқа түсіп, әбден есеңгіреген Ресей енді өз басына түскен ауыртпалықтың салмағын бұратана халықтарға салмақ болып шешеді. Олардың бірі – көшпелі қазақ жұрты еді.

Бұл кезде қазақ даласының да жай-күйі оңып тұрған жоқ болатын. Үздіксіз салынған салықтан жадап-жүдеген ел соғыс басталғасын тағы да ұшы-қиыры жоқ алым-салықтың астында қалады. Ел ішіне қымбатшылық кіреді. Ресейдің өз ішін жайлаған парақорлық пен зорлық-зомбылық орыс шенеуніктерімен бірге сахара далаға да жетеді. Қара халықтың жай-күйі нашарлап, күн көрісі тіпті қиындай түседі.

1914-15 жылдары басқа малды есептемегенде, соғыстың қажеті үшін деп қазақтардан 260 мың бас жылқы алынған екен. Одан басқа ұшан-теңіз ауыл шаруашылығы өнімдері, мыңдаған бас мал, кигіз үйлер, мал азығы, тері-терсек, ат жабуы үшін деп киіз, текемет, алашалар, басқадай қажетті-қажетсіз дүние-мүліктер зорлықпен жиналады. Әрбір шаңыраққа салынатын соғыс салығы белгіленеді. Бұл секілді есепсіз салыққа шыдай алмаған халық ақыр соңында төлеуден бас тартады. Шынын айтқанда, бас тартқан емес, төлеуге шамалары келмеген соң.

Ресейдегі экономикалық дағдарыс қазақ даласындағы көшпелі ауылдарға ғана емес, өнеркәсіптерге де зиянын тигізгенін байқаймыз. Осының салдарынан 1914-15 жылдары Екібастұз көмір кеншінің, Орынбор-Ташкент темір жолының, Спасск мыс қорыту зауытының жұмысшылары ереуіл ұйымдастырған.

Өстіп жүргенде ақ патшаның атақты «июнь жарлығы» шығады. Бұған себеп болған, соғыстың барлық бағыттарында миллиондаған адамдарынан айырылған Ресейдің әскери министрлігі «әскери қызмет өтеуге осы уақытқа дейін босатылған халықтардың кейбір бөлігін қарастыру» жайлы үкіметке ұсыныс жасайды. Сөйтіп, патша үкіметі «бұратана халықтардан әскер алмаймыз» деген бұрынғы уәдесінен тайып, олардан қара жұмысқа солдат алу туралы заңды бекітеді. Бұл туралы кейбір құжаттарда 19 бен 43 жастың арасы десе, енді бір құжаттарда 19 бен 35 жастың немесе 19 бен 31 жастың арасы деп көрсетеді. Міне, сөйтіп жоғарыда «1916 жылғы қазақ даласындағы көтеріліске Бірінші дүниежүзілік соғыс себеп болды» дегеніміз осыдан.

 

Даланы дүр сілкіндірген дүрбелең

Әрине, айранын ұрттап, қойын құрттап бейбіт жатқан елге бұл хабар көктен жай түскендей әсер еткені белгілі. Ғұмыры топырағын баспаған Ресей жері мен жүзін көрмеген ақ патшаның пәрмені үшін жат жерге барып кім өлгісі келеді? Сөйтіп, солдат болудан бас тартқан қазақ жігіттері қолдарына еріксіз қару алып, атқа мінді. Осылай қазақ даласының әр аймағында бастау алған халықтың наразылығы ақыры келіп жаппай көтерілске ұласады.

Бір өкініштісі, сонау кеңес уақытынан бері жалпы «16-ыншы жыл оқиғасы» жайлы әңгіме қозғалғанда (тарихи деректерде, оқулықтарда) тек Торғай өңіріндегі Амангелді Иманов басқарған көтеріліс пен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшікеев басшылық еткен көтерілістер ғана айтылады. Ал Қазақстанның басқа өңірілерінде болған баскөтерулер жайлы жергілікті халық болмаса, былайғы жұрт көп біле бермейді.

Айталық, сол жылы шілде айында Сырдария облысына қарайтын бүкіл қазақ, өзбек аймақтары көтеріледі. Әулиеата уезінің халық да қозғалысқа түседі. Сол жазда Орал облысындағы қазақтар және Астархань губерниясына қараған Бөкей ордасының жұрты, Темір, Гурьев уездерінің жігіттері де атқа қонған. Семей облысындағы Зайсан, Өскемен, Қарқаралы өңірінің азаматтары да бас көтереді.

Бұл дүбірден сол кездегі Семей облысының құрамында болған Екібастұз, Ақкөл, Баянауыл өңірлері де тыс қалмаған. Бұларға көршілес Ақмола облысындағы ең үлкен аймақтың бірі болған Ақмола уезінің қазақтары да қозғалысқа түседі. Қазіргі Астрахан, Макин (Бұланды) аудандарының қазақтары аттандап атқа мініп, айналаға: «Біз атығай, керей елі патшаға солдат бермеуге бекіндік, Біріміз қалғанша соғысамыз.Соғысқа барып өлгенше, туған жерімізде өлеміз.Сіздер де осылай етіңіздер!», – деген үндеу жазып таратады.

Ақмола уезінің аумағындағы Қарсақбай, Спасск, Атбасар кенішінң жұмысшылары да белсеніп шығады бұл күреске. Қарақойын-Қашырлы елінің көтерілісшілерін Шабатов Мәмбетбай деген адам басқарса, Атбасар елінің жігіттеріне Мырзақожаның Жақыбы деген адам басшы болып атқа қонады. Қорғалжын елінің ереулшілерінің алдында Рақымжан Мадин деген ержүрек азамат жүрген. Міне, сөйтіп сол бір дүрбелеңнің дүбірі қазақ даласының барлығын оятады.

 

Баянауыл, Ақкөл, Екібастұз аймағы да атқа мінген

Жалпы Екібастұз, Майқайың жұмысшыларының ереуілі бұдан ертеректеу, 1914 жылы басталған. Оған себеп әлеуметтік-экономикалық жағдай – жұмыстың адам төзгісіз ауырлығы, еңбекақының мардымсыздығы, шенеуніктердің жөнсіз езіп-жаншуы еді. Екібастұз, Майқайың жұмысшыларының толқуы 2015 жылдың маусым айына дейін созылған екен. Келесі жыл бұл толқудың аяғы дала төсіндегі ұлт-азаттық көтеріліске ұласады.

Сөйтіп 1916 жылы Ақмола уезімен шектес Ақкөл болысында халық көтерілісі бұрқ ете қалады. Ел қазақтары болыстың ауылын шауып, оның іс қағаздары мен қара жұмысқа алынатындардың тізімін тартып алып, өртеп жібереді. Болыстың писарі мен старжнигін тұтқынға алады. Бұған Екібастұз бен Майқайыңның кеншілері, тұз өндіру кәсіпшілігінің жұмысшылары үн қосып, дала төсінде бұрын-соңды болмаған дүбір басталады.

Баяннан әрі, Қызылтау елінде Ағыбай Қақабаев бастаған қыр қазақтары қарап жатпай, 80 адамды атқа мінгізіп, Торғай жағына Амангелді жасақтарына жібермек болады. (Ағыбай – белгілі ғалым, тарихшы-этнограф, Халел Арғынбаевтың әкесі Арғынбайдың ағасы, өз заманында батыр, барымташы атанған кісі екен). Оның сол кездегі пікірлес жолдастары –  Нұрғали Бісмилдин, Қ.Жалмағамбетов, Е.Кәрібаев, Ш.Байбөрин деген адамдар қызу қолдап, халықты атқа қонуға шақырады. Қызылтау көтерісшілері таудың сала-саласынан ұстахана ашып, қылыш, найза соға бастайды. Осы кезде Баяннан жоғары беттегі Ақкелін болысының қазақтары да атқа мінді дегенді естіп, Ағыбай «тізе қосып қимылдайық» деген хабармен ол жаққа кісі аттандырыпты Бірақ ол кезде уезден әскер шығып, Ақкелін болысындағы толқуды басып үлгерген екен.

Дегенмен, бұл дүбір Баянаула елін түгелдей қамтиды. Сол уақытта жергілікті шенеуніктер Омбыдағы басқармаға: «Баянауылдағы Далба болысының қазақтары көтеріліп, уездік әкімшілікке шабуыл жасап, қару-жарақтарын тартып алып жатыр», – деп жазады. Бүгінгі жетке ресми деректер бойынша, Баянаула аймағындағы көтерілісшілердің саны 4 мың адамға дейін барған екен.

Енді тездетіп күш қолданбаса, көтерілістің белең алып кететінін білген патша өкіметі Семей облысындағы көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодкин басқарған 2 атты әскер жүздік, күшейтілген 2 жаяу әскер ротасын жібереді. Сондай-ақ, жергілікті жерлерден жазалаушы отрядтар құра бастайды. Және шығын аз болу үшін, Ресейден солдат алдырмай-ақ, жергілікті казак станицаларынан әскердің құрамын толықтырыпты.

Бұл секілді үлкен дүбір Баянауыл жеріндегі Қаржас елінің Ақкелін болысында орын алған деп айттық. Ел қазақтары Хасен Тәшенов, Әшірбек Шоларбаев, Көкі Кереев, Жақия Жанғожаұлы, Жанәбіл Бақаев, Сасынай Досыбеков, Жұмабек Айнбеков секілді азаматтардың бастуымен атқа мініп, Шорман ұрпақтары – Сәдуақас, Жәмін, Қабыш, Аспандияр, Зындалардың ауылын шауып, 4 мыңға тарта жылқысын айдап әкетеді.

Кейін Ақкелін болысындағы ірі соғыс Алабас тауының төңірегінде (қазіргі Сәтпаев ауылдық округі), Қаражар деген жерлерде өтеді. Бірақ айбалта, сойыл-шоқпармен қаруланған ауыл қазағы мылтығы мен зеңбірегі бар әскерге қарсы тұра ала ма. Сөйтсе де, мың адамнан артық көтерілісшілер Сәдуақас Шормановтың ауылына тұс-тұсынан шабуыл жасайды. Бірақ ауылға бекініп алған қарулы отряд оларды жақындатпайды. Алғашқы шабуылда бірнеше адамға оқ тиіп, көтерілісшілер жараланғандар мен өлгендерін алып, кейн шегінеді. Бұдан соң қалың жылқыны алдарына салып, соның тасасымен тағы да шабуылдайды. Бұл жолы 9 адам мен 5 жылқыға оқ тиіп құлап, тағы да шегінуге тура келіпті.

Бүгінде Күркелі ауылында тұратын Қабдолла Кәлиұлы атты қариямен әңгімелескенімізде ол кісі: «Ақкелін болысындағы көтерілген елдің көздегені сол кезде елді билеп тұрған Шорман әулеті ғой. Мыңнан аса адам атқа қонып, мына Теңдік ауылының тұсындағы Шорманның ағаш үйін аламыз деп шабуылдапты деп ертеде үлкендер айтып отыратын. Көтірілісшілерді бастаған адамдардың бірі – Әкімбек Досанұлы дейтін сол кезде ақсақалдар. Әкімбектің әкесі Досан қажылыққа барып келген адам болса керек. «Әкімбек өзі басын сала құлаш көкшіл шытпен байлап, аттандап шапқанда, шыттың бір ұшы мінген атының жаясын жауып жатушы еді» деп сол көтеріліске қатысып, көзімен көрген адамдар айтып отыратын.

Сол дүбірлі шайқаста оқ тиіп жараланған Иманмәлік деген ақсақал кейінгі заманда біздің ауылда тұрып қайтыс болды. Солардың айтуымен құлағымызда қалған әңгіме ғой: көтерілісшілер қаптап келе жатқанда, ақтың әскерлері атамыз ба, атпаймыз ба деп екі ойлы болыпты-мыс. Атқанымызбен олар көп, тауыса аламыз ба десе керек. Бірақ әскерге де жан керек, қазақтар жақындағанда, қатар-қатар отыра қалып, дүрсілдетіп ата бастайды. Қанша айтқанмен, мылтықтың аты мылтық, біраз адамдарынан айырылғаннан кейін көтерілісшілер мылтық пен пулеметке қарсы келе алмасын түсінсе керек.

Сөйтіп, басқа аймақтағылардай, Баянаула жерінде қыркүйектің 21-інен 3-інші қазанға дейін созылған ұлт-азаттық көтеріліс ақыры Алаш зиялылары ескерткендей, қантөгіспен аяқталады. Оған бірінші себеп, мұздай қаруланған патша әскеріне сойыл, шоқпармен қарсы тұру мүмкін болмады. Екіншіден, көтеріліс стихиялы түрде дамыған. Яғни, алдына қойған нақты мақсат, нысанасы болмаған. Осылай ел ішіндегі толқу басылғасын, Ақкелін, Далба, Баянауыл, Қызылтау болыстарының көтерілісшілері тұтқындалып, уезге, Павлодарға айдалады.

Баянауылдағы Алабас көтерілісі дегенде, біздер Бәшерден Бейсенұлын ауызға алмай кете алмаймыз. Себебі, сол уақытта тарихта қалған оқиғаның негізгі ұйымдастырушысы осы Бәшерден батыр болатын. Көзінің тірісінде аңызға айналған Бәшерден Бейсенұлы жайлы кезінде әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, жазушы Зейтін Ақышев жазған.

Кезінде Мәшһүр Жүсіп бабамыз қағаз бетіне түсірген мына бір деректерді 2004 жылы басылған «Далба еліндегі Бәшерден Бейсенұлы» деген кітапшадан алып ұсынып отырмыз.

«Орайы келген соң, жазып отырмын, – дейді Мәшһүр Жүсіп, –Бұл Бәшерден зекетсіз байларға жақпағаны болмаса, қалың бұқара үшін жел жағындағы панасы болды. Жәбір көрген елдің сөзін сөйлеген ер еді. Алабас көтерілісіне басшы болған Бәшерден батыр: «Елден бір адам солдатқа бермеймін! Шалқардағы казак-орыстың тұқымын тұздай қыламын!», – деп үш мың қол жинап, бозқасқа шалып, елдің ақсақалдарын жинап: «Қолды қанға малып аттанбақшымыз, баталарыңды беріңдер!», – дейді. Сонда Қожа тауында отырған Қарақозы Ақпанбай сопы: «Бәшерден бауырым, бізді әуре қылма, мына Айдостың бұлағында Мәшһүр Жүсіп отыр, соған барыңдар!», – депті.

Ортаншы балам Мұхамбет Әмен көтерілістің бел ортасында жүрген еді: «Бәшен аға, әкеме бармай-ақ қойыңыз. Ол кісі бата бермейді. Мен айтқанда, ол кісі: «Аузынан от шашқан қаруы бар ғаскерге сойылмен қайрат қылмайсыңдар, қойдай қылып қырып тастайды», – деген дейді.

Бірақ Бәшерден батыр өзім жолығам деп келіпті маған. Қасына сайдың тасындай жігіттерін ерткен, есік пен төрдей шұбар атын мініп, үстінде барыс терісінен тігілген жарғақ тоны бар, белінде күміс кісе, аяғына қызыл сапияннан саптама етік киген, екі иығына екі кісі мінгендей палуан денелі, көз жанары қарағанда өңменіңнен өтеді, дәл баяғының батыры дерсің.

Бәшерден атынан түсіп, амандасып: «Жасым елуге келгенде жанымды шүберекке түйіп, ел үшін басымды оққа байлап, қол жиып, қосын аттандырғалы отырмын. Ақсақалдар «әумин» деген батасын қимады. Сіз ақыл қосыңыз!», – деп қолқалаған соң, дұғалық тұмарымды бердім.

–Бәшеке батыр, мен бата беріп, таман боздақтың обалына қала алмаймын, айтқанымды ақылыңа сыйғыз! – деп қайтардым.

Сол жолы Бәшерден Шалқардағы қарашекпенділерді шапты. Үлкен қаруланған ғаскер келіп, сәтсіздік болды. Әменді қара жұмысқа әкетті. Бұл он алтыншы жылдың күзі болатын. Он жетінің аяғында Бәшерденді қапастан босатты. Кереку үйезінің (уезінің – ред.) жандарм бастығы алаяқ Терентип (Терентьев – ред.) деген соңына адам салып қойды. Сол Терентип патша тақтан кеткен соң, жаңа үкіметке тастай батып, судай сіңді. Өңшең тебінгісі шіріген тексіздермен тіл табысып, Бәшердендей батырды жанына солдат алып, із кесіп атқанын Баян қаласындағы тамыр Бутаковтың балдызы Петр Астахов айтқан еді.

Бұрынғы жандарым бастығы Бәшерденді босатайын деп, жаны ашып босатқан жоқ. Он жетінші жылы қазан төңкерісі болып, ақ патша тақтан кетіп, ел-елде халық көтеріліп жатқан соң, заман не болар деп босатқан. Енді жаңа үкімет келгенде, Бәшерденді жау деп айтып, репком (ревком – ред.) дегеннің бастығына айтып, жанына ғаскер алып, опасыз біреулер арқылы айламен ұстаған екен. Қасында үлкен баласы Шайқы, туысы Жүніс үшеуін Баян қаласына апарсақ, босатып жібереді деп алдап, жолшыбай Қарағайлы бұлақтағы Күреңбие сайында атқан. Өздері атқан соң, кеткен болып, жасырынып тұрыпты.

Астахов айтады: «Қойтаста жасырынып біраз тұрған соң байқадық, Бәшерден орнынан тұрып, анадай жерде жатқан баласының басын сүйеп отырды. Сонда Терентип: «Бұның қалтасында оқ қағатын дұғалығы бар, оны оқуы күшті адам ғана ұстайды» – деп қайтадан бардық. Терентип Бәшерденнің қойнынан арапша жазылған кішкене кітапшаны суырып алды да, тапаншамен үш рет бастан атты».

«Үш жерден ту байлап, соңынан қол ертіп, елінің қамын ойлаған есіл ерді осылай қылды. Келер заман адамы Бәшердендей адамды «барымташы», «қарақшы» демесін деп, жұртының қамын ойлаған, басын оққа байлаған батыр екенін білсін деп жазған амал ғой. Бейсен баласы Бәшерденге, соңынан ерген адамдарға Алла рахмет айласын!», – деп жазыпты әулие Мәшһүр.

Бәшерден өлімі жайлы жазушы Зейтін Ақышевтің мына бір дерегі 1991 жылы «Азат» газетінде жарияланған екен: «Сол Бәшерденді, өзінің ержетіп, үй болған баласы Шайхымен, немере туысы Жүніспен, оның баласы Кәрімжанмен төртеуін 1923 жылдың 23-інші ақпаны күні іңір арасында, өздерінің қысқы қонысынан бір жарым шақырым жерде атып өлтіріп кеткен. Ол кезде біздің есіміз кіріп қалған кез. Әңгіме былай болыпты. Күн бата жайдақ шанамен қос ат жеккен төрт орыс (божыгері қазақ) Бәшерден үйіне сау етіп кіріп келеді. Өнебойлары көкпеңбек қару.

– Жүр, сені Баянға шақырып жатыр.

– Мені қайтеді?!

– Барғасын, өздері айтады…

Үйде біраз адам отыр екен, Бәшерден әлгілерге:

– Қап! Қапыда қалдым-ау! Мыналардың түрі жаман. Ең болмаса, біреуін ала жығылмадым-ау! – депті.

Алды-артына қаратпай, екі қолын артына байлап, шанаға жатқызып, төрт солдаттың біреуін жанына қалдырып, үшеуі жүгіре жөнеледі. Әлгіндей болмай, Шайхыны, Жүністі, Кәрімжанды айдап әкеліп, Бәшерденнің жанына жатқызады да, өздері үстіне отырып жүріп кетеді. Ауылдан бір жарым шақырымдай төбенің астына түскесін, төртеуін төрт жерде атып өлтіріп, өздері жүріп кетеді. Бәшердендерді ертеңінде түс ауа сол ауылдың мал қайырған адамдары тауып алады.

Сонда үй толы адамдардың бірі «Неге? Не үшін» дей алмапты. Жандарынан қорқыпты. Ол кезде солай. Тура қараған қазақтарды атып тастап, жүре беру, қызылдың солдаттарына шыбынды саусақпен жаншып өлтірумен бірдей. Мұны маған кейінгі жылдары сол оқиғаның ішінде болған Тұмарбек ақсақал айтқан еді.

– Сонда, іздеген, сұраған ешкім болмады ма?

– Қайдан болады?! Әркімге жан керек. Жұрт Бәшерденді ауызға алуға қорықты, – дейтін еді Тұмекең.

Шынында солай. Бұрын ел жайлауға шыққанда көрші қона қалсақ, сол ауылдарға барып, өзіміз құралыптас балалармен ертеден кешке дейін асық соғатынбыз. Соның ішінде Бәшерденнің Нәжімедені де болатын. Әлгі оқиғадан кейін, ол ауылға аяқ басудан қалдық. Бір пәлесіне қаламыз деп жібермейді.

Сол Нәжімеден 1972 жылы осы Алматыда қайтыс болды. Соғысқа барып, бір қолын беріп келген. Ал Шайхыдан бір жаста қалған Зиятден күні бүгінге дейін бар. Керекуде тұрады. Жасы 70-тер шамасында.

Бейсеннің үш ұлынан тараған ұрпақтарға келетін болсақ: Бәшерденнен – Шайхы. Оның баласы – Зиятден. Зиятден балалары: Мәруза, Мұрат, Лариса – Павлодар қаласында. Нағима, Дарико – Алматыда тұрады. Айтмағамбет дүниеден өткен. Нәжімеден баласы Тұраш Алматыда, қызы Әлия Мәскеу қаласында. Шәмшиден баласы Балташ – Астанада. (Бұл деректер ертеректе жазылған, сондықтан аты аталған адамдардың кейбірі бүгінде арамызда болмауы да мүмкін – ред.).

Бәшерден Мәшекеңе барғанда «Жасым елуге келгенде атқа міндім дейді». Егер солай болса, онда Бәшерденді шамамен 1866 жылдар төңірегінде туған деуге болады. Зейтін Ақышевтың дерегі бойынша 1923 жылы атылған екен, Сонда Бәшерден қара жердің бетінде 57 жылдай ғұмыр кешкен деп айта аламыз.

 

Ереймен көтерілісі

Осындай қозғалыстардың бірі – Ерейментауда болған халық көтерілісі еді. Кезінде бұл оқиға жайлы Ереймен жерінің өз тумалалары, журналистер –Ғалымжан Мұқатов пен Қазыбек Сүлейменов азды-көпті жазып кеткен болатын. Және бұл екі қаламгер де көтеріліске тікелей қатысқан адамдардың әңгімелерінің негізінде ақпарат жинаған көрінеді. Сондықтан ол жазбаларды еш алып-қоспасы жоқ, деректі дүние деп танығанымыз жөн.

Естелік жазушылардың айтуынша, халықтың наразылығы бас кезінде ел ішінен әскерге мініс атын жинаймыз деген жарлықтан соң басталған екен. Кейін қара жұмысқа адам аламыз деген жарлық шыққан соң, бұның соңы қарулы көтерілске ұласады.

Осы жерде атап айтып кететін бір нәрсе: егер қазақтарды солдаттыққа (қара жұмысқа) алу әділдікпен жүріп, белгілі тәртіп және мемлекеттік бақылау болса, ешқандай көтеріліс те болмас еді деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасау жергілікті болыс басшыларына тапсырылады. Және жарлықтың тәртібі бойынша, қара жұмысқа болыстардың өздері, олардың жігіттері (қызметшілері), дін иелері, «құрметті азаматтар» деген лауазымға ие болған қазақтар алынбайтын болады. Оның үстіне, қолында малы бар дәулетті адамдар болыстарға астыртын пара беріп, балалары мен туыстарының жас мөлшерін өзгертіп, әскерден алып қалады. Олардың орнына жастары жетпеген немесе жастары асып кеткен кедей-кепшіктер жазылып кете барады. Ел ішінде ең бірінші үлкен наразылық туғызған осы жағдай. Ал егер бай-болыстардың балалары мен туыстары елмен бірдей тізімге жазылса, жай қазақ қыңқ демей жүре берер еді. Сөйтіп, әділетсіздік пен парақорлық ақыры жай жүрген қара қазақты еріксіз атқа қондырады.

Марқұм Қазыбек Сүлейменов өзінің естелігінде: «… Оның үстіне болыс өз бетімен спеске (тізім – ред.) жасап, Әлдеуін жағының жігіттерін алып қалып, Шағалақ жағының жігіттерін үйезге тапсырған. Байдың балаларын алып қалып, ылғи кедейлердің балаларын тапсырған деген сөз елге тарады. Шағалақ жағының жігіттері спескіні тартып алып, отқа жақпақ болды», – деп жазады.

Бір айта кететін жайт, сол кездегі Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары бұл көтеріліске қарсы болады. «Қару-жарағы сай патша әскері сендерге алдырмайды, текке қырыласыңдар» – деген бұлардың ескертуі ашуға мінген елге бәрібір тосқауыл бола алмапты. Дүбірі қызып, көтеріліп алған қазақты тоқтату би-болыстардың да қолынан келмейді.

Осы көтерілістің алдында ел ішіне мал санағын жүргізуге шығып, жағдайды көзімен көрген Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында былай деп жазады: «… Қанжығалының Ащылыкөл басындағы бірінші болысының ауылына қайта келдік. Әбден еліріп атқа мініп алған ел. Гу-гу сөз. Топ-топ жиналыс. Жұрттың сөзі «солдатқа қазақты алу» әңгімесі, қазақтың оған «бармауға тиісті» екендігі. Көңілдеріне қиғаш сөз айтқанды дұшпан деп біледі. Жұрт әбден көтерілген. … Топ-топ, кеу-кеулеген қазақ. Көзіне орыс көрінсе, жүндей түтпек. Бәрі қолдарына түкіреді».

Осылай ақырып атқан қонған Ереймен елінің қазақтары өлсек те солдатқа бармаймыз деген бір шешімге келеді. Ел ішінде бұрындары елеусіз жүрген, бірақ жүрегінің оты бар азаматтар атқа мініп, халыққа ұйытқы болады. Жаппай көтерілген ел сол кездегі ата дәстүрімен орталарынан хан сайлап, бас сардар тағайындайды. Бөгенбай заманындағы қаһармандардың бірі Атан батырдың шөбересі Сәтбай қажы Абақұлын орталарынан ақ киізге салып хан көтереді. Нияздың Шағыр атасынан шыққан белгілі балуан Бала Сыздық Бейсенұлын бас сардар етіп тағайындайды. Арнайы топтар құрылып, олардың басшылары бекітіледі. Сатай Сәдуақасұлы, Жантай Байғанаұлы деген елге сыйлы кісілер ханның кеңесшілері болып тағайындалады. Ел ішіндегі қолының икемі бар ұста-теміршілер көтерілісшілерге қылыш-найза соғуды қолға алды. Шамалары келгенше әскер ойынын үйрене бастайды.

Көтерілісшілер сол кездегі Ерейментау жеріндегі аса абыройлы, «елдің пірі» саналған діндар Тоқан хазірет Домаұлынан барып кеңес сұрап, батасын алған деседі. Хазірет оларға: «Шамаларың келгенше сөзбұйдаға беріңдер», – деп ақыл айтса керек. Осыған қарап, хазірет келесі жылы Ресейде үлкен саяси төңкеріс болып, қоғам өзгеретінін болжады ма екен деп ойлайсың. Бұдан кейін ел ішінде: «Тоқан хазірет ақбоз атпен көтерілісшілердің алдында өзі жүреді екен», – деген сөз тарайды. Дегенмен, сол 1916 жылдың қазан айында Тоқан хазірет бақилық дүниеге аттанып кетеді.

Сонымен халық көтерілгесін, оған би-болыстардың шамасы келмесі белгілі. Сол себепті, Ақмоладағы дуаннан, тіпті сонау ішкі Ресейден жазалаушы әскер шығады.

Енді бүгінгі күнге жеткен жазба деректерге сүйеніп, Ерейментаудағы халық көтерілісінің жай-жапсары туралы айтсақ, алғашқы шайқасы Кеңасу деген жерде өтіпті. Бұл асу қазіргі Жарық аулынан шығыс бетке қарай орналасқан. Осы жерде біраз атыс болып, винтовка, пулеметпен қаруланған патша солдаттары алдырмайды. Қазақтар жағынан да шығын бола қоймаса керек. Дегенмен, бас көтерушілер патша әскерінің жан-жағынан өрт салып, шегінуге мәжбүр етеді. Осыдан кейін екінші рет жау солдаттарымен тау ішінде тағы да кездесіп, атыс барысында екі жақтан да біраз адамдар шығын болады. Бұдан соң, Жуанадыр туында болған шайқаста қазақтар жағы солдаттарды шегіндіріп, олар Шәкей ауылына барып тығылып, сол жердегі орыс кулактарын қосып алып, келесі күні тағы да шайқасқа шығады. Патша әскерінің бұл жолы да әрекеті іске аспай, Тайбай поселкосына барып тығылыпты.

Ең қиыны, жазалаушы әскер шегінген сайын жолындағы ауалдарды өртеп, тонап, қолына түскендерді жазығы бар-жоғына қарамай өлтіре берген. Осыдан кейін көтерілісшілердің ішінде бей-берекеттік туып, кейбіреулері жазалаушылардың қолында қалған ауылдарын ойлап қайғырып, отбасын, туыс-туғандарын құтқармақ болып кетеді.

Көтерілісшілердің қалғаны қазіргі Арғынбай қыстауының маңындағы Бабаң шаты (Бидің шаты) деген жерге жиналса керек. Мұздай қаруланған патша әскері енді қару-жарақ тиеген арбаларын ертіп, қазіргі аудан орталығы тұрған жермен, Құсмұрын тауын жағалап барып, қазақтармен қайтадан килігеді. Осы жолы көтерілісшілер жағынан шығын көп болады.

Және бұл кезде қыстың түсіп, нағыз қаһарына мінген кезі болса керек. Көтерілген қазақтар енді шегініп, қазіргі Ерейментау қаласынан күншығысқа қарай 30-40 шықырым жерде тұрған Төре жалына барып бекінеді. Осы Төре жалында болған соңғы айқаста қаруы сай патша әскерлері басымдық көрсетіп, төрт айға созылған қантөгіс ақыры көтерілісшілердің берілуімен аяқталады.

Жазалаушы әскер екі болысқа қарайтын ауылдарды өз еркінше талап, тонап, қырғынға ұшыратады. Осы оқиғаны көзімен көрген шежіреші Өмірбек Тұқпиұлы деген адам өзінің жазбаларында бұл оқиға жайлы әңгімелеп: «Төре жалының сыртынды Тұқпи, Әйтей Қарағашы деген екі үлкен ауылда 60-70 үйлі халық тұратын. Осы халықтан бір жан қалмай қашып кеткен. Бұлардың малдары, мүліктері ағашқа, қалың шілікке тығылған болатын. Патша содаттары осы ауылдардың барлық үй-қораларын түк қалдырмай өртеп жіберді. Тығылған мал, мүліктерді тауып алып, артып, айдап алып кетті. … Көп жан қырғынға ұшырады, Әлібек, Бейсекей, Бәймен, Тұрғынбай, Өсіп, Ахмет, Бекіш, Тоққұлы секілді көп адам (17 кісі) оққа ұшты», – деп жазады.

Көтеріліс жайлы бүгінге жеткен кейбір деректерде Қоржынкөл, Ереймен, Сілеті секілді үш болыс елден кей 3 мың, кей жазбаларда 5 мыңға дейін адам атқа мінген дейді. Бұларға қоныстас отырған Павлодар уезінің біраз адамдары қосылғанға ұқсайды. Көтеріліс аяқталған соң, оған басшы болған, қатысқан жүздеген адам қыс ішінде жаяу-жалпы Ақмолаға дуанға айдалады деген естелік айтыпты сол дүрбелеңге қатысқандар.

Сөйтіп, Ерейментауда болған халық көтерілісі осылай үлкен қантөгіспен аяқталса да, Ресей басқыншыларына дала қазағының айтқанға көніп, айдауға жүре беретін құлақкесті құл емес, шамырқанса шалт қимылдайтын, өз намысы үшін жанын қия білетін ел екенін танытқаны шындық.

Бірақ, Алаш зиялылары ескерткендей, бұл дүрбелең осылай таргедиялық жағдайда аяқталады. Оған бірінші себеп, мұздай қаруланған патша әскеріне сойыл, шоқпармен қарсы тұру оңай емес. Екіншіден, көтеріліс стихиялы түрде жүрген. Яғни, алдына қойған нақты мақсат, нысанасы болмаған. Және Ерейменді жайлаған елдің бәрі бірдей жұмылып атқа мінген жоқ. Үш болыс елді басқарып отырғандардың туыс-туған, құда-жекжаттары, пікірлестері бұл қозғалыстан тыс болған. Үшіншіден көтерілістің рухани демеушісі Сәтбай қажы алғашқы айқастарлың бірінде қолға түсіп қалып, Ақмолаға айдалады (Молдажан Жадайұлының дерегі). Төртіншіден, қыстың көзі қырауда далада түнеп, ас-сусыз ат үстінде жүріп соғысу оңай емес екені белгілі. Және тау-тас кезіп, ұрыс салып жүрген адам ауылда қалған бала-шаға, ағайын-туыстың жағдайын ойлайтыны өз алдына. Міне, осы факторлардың барлығы халық қозғалысына кері әсер еткені белгілі.

Көтерісшілер қаруын тастағасын, патша солдаттары Ереймен елінің болысы Усамбайдың Мұқанының ағаш үйіне барып тоқтап, сол жерде Ереймен елінен 500 адам қара жұмысқа алынады деген қағаз жасайды.

 

Өлсе де басқа дүние, өлең өлмес…

Қуанышын да, қайғысын да өлең сөзбен өрнектейтін қазақ үшін «16-ыншы жыл оқиғасы» талай өлең-жырға өзек болған. Әсіресе, осы көтерілістің бел ортасында жүріп, оның барлық трагедиясын көзден өткерген Молдажан Жадайұлы, Сәбит Сәтбайұлы, Төлеш Бейсекейұлы сынды ақындар тебірене толғап, сол заманның қасіретті суреттерін көз алдыңызға қайтадан алып келгендей әсерге бөлейді.

Осылардың ішіндегі бірегей тұлға – Молдажан ақын. Ел ішінде ақын, зергер ұста, мерген атанған адам. Аталмыш көтерілісте мергендер тобын басқарған. Көтеріліс басылғасын қуғынға ұшырап, елден кетіп, Зайсан уезі, Көкпекті болысындағы Тарбағатай тауының Дулатқора деген жеріндегі бұрынғы досы Қадырбек Түйкенұлы деген кісіге барып паналайды. Сол жақта жүргенде февраль төңкерісі келіп, патша тақтан құлап, осыдан соң ғана Молдажан да елге оралған екен.

Молдажанның Тарбағатай жеріне кетерде Ерейменнің биігі – Күншалғанның басына шығып, ел-жермен қоштасып айтқан ұзақ өлеңінен бір үзінді:

«Ақдің мен Жуанадыр іші қорлы,

Кеше күн біздің қолдың жатқан орны.

Шолғыншы солдат шығып Ақмоладан,

Басында Жуанадыр атыс болды.

Тау басын бекініске бұрын алып,

Біздің жақ келсең-кел деп тосып тұрды.

Артымен сасқан үйрек сүңгір деген,

Сасқаннан пулеметін ойға құрды.

Бізде жоқ оған жетер ұзын мылтық,

Сонда жұрт домалатып таспен ұрды.

Қиратып пулеметін жігерлі жас,

Солдаттар сасқанынан қашпақ болды.

Қалың қол таудан түсіп, ат қойғанда,

Тоқта деп басшы адамдар ақыл берді.

Шабауға жарамайды оқ аузына,

Кісі өліп, халық беті қайтар деді.

… Па, шіркін, ұшуын-ай бастан бақтың.

Бар болсаң, қайрат-жігер, қолда мені,

Орны жоқ тыста отырып жыламақтың.

Қош, панам, енді аман бол, Ерейментау,

Алысқа тастап сені, сапар тарттым!», – деп тебіренеді.

Қазір ҚР Ғылым академиясының сирек қолжабалар қорында Молдажан ақынның «Ереймен тауына», «Өмір өзгерістері», «1916 жыл оқиғасы», «Тұрмыс тоқпағы» атты ұзақ өлеңдері мен «Қанжығалы Қарт Бөгенбай батырдың бір жорығы», «Сабалақ» және «Кесік бас» атты дастандары сақтаулы.

Ерейментаудағы халық көтерілісі жайлы осы өңірдің тағы бір жүйрігі, суырыпсалма ақын Сәтбайдың Сәбиті:

«…Елімнің бай дәулеті, батыры қайды,

Көп құрбан мұз боп қатып жатыр сайда.

Қыстаулар қарақұрым күл боп жанып,

Аспанда күн, төбеде тұтылды ай да.

Ұлық пен болыс бүгін жендетіміз,

Тізімдеп бунт басы деп тапты пайда.

Конвоймен әкетті ғой боздақтарды,

Құтылар бұл қорлықтан бар ма қайла?!», – деп сол кездің қасіретті суретін сөзбен салады.

Осы дүрбелеңде жүзбасы болған, Қанжығалының Нияз атасынан шыққан, өзі суырып салма ақын, өзі жыршы Төлеш Бейскейұлы деген адам. Төлеш ақынның тағы бір еңбегі – Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанын Қыпшақ Жаманқұл ақыннан үйреніп, кейінгіге жеткізіп кеткен. Осы Төлештің көтеріліс алдында халықты жігерлендіріп айтқаны:

Мыңбасы – Бала Сыздық палуаным,

Қорлатпай батыр баба әруағын,

Жантайдай найза түйреп, садақ атып,

Дұшпанды жайратады шашып қанын.

Жетіру – зергерге де, ерге де бай,

Не қажет қару-сауыт бәрі де сай,

Қандықол атқан оғы мүлт кетпейтін,

Мергендер – Жанайдар мен Молдажандай.

Ер сынар егер заман туса тағы,

Оқтаулы берен мылтық қолымдағы.

Құралайды көзге атқам жас күнімде,

Құртамын жау шоғырын өзім-дағы.

Шапсам мен «Бөгенбайлап» буырқанып,

Кім кетпес жау қамалын бұзып, жарып,

Қыранды бүргелі тұр өңшең сарбаз,

Түбінде жеңуі хақ біздің халық!», – деп тасқындата төккен екен.

Сөйтіп қара халықты қанға бөктіріп, зар еңіреткен осы бір зобалаңның өткеніне міне, биыл 110 жыл толып отыр. Қазақ жұрты үшін ащысы мен тұщысы бірдей болған ХХ ғасырдағы қасіретті оқиғалардың бірі – осы «16-ыншы жыл оқиғасы». Кезінде ел намысы үшін тұлпар мініп, ту алған сол бір қайсар бабаларымыздың жазықсыз төгілген қанының өтеуіндей Қазақстан бүгін тәуелсіз ел атанып отыр. Алыста қалған аласапыранды күндердің тілсіз куәсі болған Ерейменнің таулары да шері мен шеменін ішке бүгіп, үнсіз мұнартады.

 

Қорғалжын көтерілісі

Біздер Қорғалжын жерінде Рақымжан Мәдіұлы бастаған осындай баскөтерудің ішінде бірге болып, сол аласапыранды оқиғаны көзден өткерген Жақып Жоламанов деген адамның жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл кісі көтерілісшілердің бел ортасында жүріп, соларды ұйымдастырушылардың бірі болған.

Жақып Жоламановтың өмір жолы бір кітап жазуға тұрарлық. Ұлты украин бола тұра, бар саналы ғұмыры қазақ жерінде Жақып Жоламанов деген атпен өткен бұл адам талайлы тағдырдың иесі.

Оның шын аты-жөні – Латута Александр Кондратьевич. Латутаның  ғұмырбаянын оқи отырып, есімізге Мұхтар Мағауинның «Сары қазақ» романындағы тағдырдың жазуымен қазақ арасына келіп сіңіп кеткен орыс армиясының офицері Станислав-Стамбек түсті. Біз айтып отырған Жақып та сонау Украина жерінде туып, тағдыр айдауымен қазақ даласына келіп, өзіне Жақып деген есім, Жоламанов деген фамилия алып, осы жақта біржола қалып қойған.

Жақып қария зейнеткерлікке шыққан соң, өзінің қысқаша ғұмырбаянын, сонымен қатар Қорғалжын көтерілісінің оқиғасын қағаз бетіне түсіріп кеткен екен. Осы естелікке қарап отырып, біздер төңкерістің алдындағы және төңкерістен кейінгі Қорғалжын өңірінің тірлігінен біраз мағлұмат алдық.

«Мен 1890 жылы Киев губерниясының Канев уезіндегі Миронов болысына қарасты Масловка селосында туғам, – деп жазады Жақып Жоламанов. –Бес жасымда шешеден айырылдым. Әкем осыдан соң отырып қалған кәрі қызға үйленген еді. Ол аса қатал адам болып шықты. Өгей шешенің ұрып-соғуына шыдамаған мен ақыры нағашы атам Борисенкоға қашып бардым. Ол мені приход мектебіне орналастырды. Мектепті тауысар кезде, селодан екі жылдық училище ашылды. Оны да бітіріп шықтым. Жазғы каникулда жергілікті помещиктерге жалданып жұмыс істейтін едім. Олар шаруаларды аяусыз қанап, сәл нәрсе үшін ұрып-соғатын. Ақыры осыған шыдай алмаған жастар қарсыласу тобын құрып, помещиктердің шаруашылығына зиян келтіріп, тіпті өрт қойып жіберетін болдық.

1905 жылдың көктемінде нағашы атам мені Киевке әкеліп, өзінің етікші туысына көмекші етіп орналастырды. Сол үшін ол менің гимназиядағы оқуымның ақысын төлейтін болды. Сөйтіп қыркүйек айында гимназияның 6 класына әрең деп түстім. Бірақ 12 желтоқсан күні студенттер арасында көтеріліс бұрқ ете қалып, соған қатысқаным үшін мені оқудан шығарып, алыс бір селоға алты айға жер аударып жіберді. Кейін полиция мен жандармерияның нұсқауы арқылы біздер бірнеше жерге ауыстық. Ақыры не керек,1907 жылы қазақ жеріндегі Ақмоладан бір-ақ шықтым. Ол жерде ешкім мені қатты тексере қоймады. Уақытша құжатымды көрсетіп, полиция басқармасына барып тіркелмей, күн көру үшін кірпіш зауытында жұмыс істеп, жергілікті көпестерге жалданып жүрдім. Олардың бірі Григорий Ерзакович кейін белгілі композитор болған Борис Ерзаковичтің әкесі еді…

Діни мейрамдар күні батрақтар бір жерге жиналып, ішімдік ішіп, тұрмыстың ауырлығын, дұрыс еңбекақы алмайтындарын, өздерін қорғайтын ешкімнің жоқтығын айтып бір-біріне мұң шағатын, тіпті қызып алып, қожайындарын өлтіреміз, өртейміз деп кіжінетін. Мен бұлардың ашуларын басып, Ресейде де тұрмыстың ауырлығын әңгімелеп, оның бәріне патша саясатының кінәлі екені, сол үшін 1905 жылы РСДРП партиясы ұйымдастырған көтеріліс болғанын, оның қазір уақытша басылғанын, бірақ партия еңбеккерлерді біріктіру үшін жұмысын жалғастырып жатқанын айттым. Отырғандар мені таңырқай тыңдап, көптеген сұрақтар қойып, ақыры тыныш қана тарап кетті. Бірақ ертеңінде мені мені полицияға шақыртып жауап алып, Ресейдегі саяси жағдайды, РСДРП туралы қайдан білесің деген сұрақтар қойды. Мен білмеймін деп, жауап беруден бас тарттым. Олар маған екі аптаның ішінде уақытша құжатыңды әкеліп көрсет, тәртіпті бұзғаның үшін 18 айға түрмеге қамаласың деді. Сөйтіп менің алдымда екі жол тұрды: бірі – полицияға барып, түрмеге қамалу, енді бірі – көзімді жоғалтып қашу. Мен екіншісін таңдадым да, біржола Қорғалжын даласына қарай бет түзеп, дала қазақтарының арасына сіңдім де кеттім.

Осылай 1909 жылы Қорғалжын көлінің маңындағы қазақ ауылдарына келдім. Олар мені қонақжайлықпен қарсы алып, Мұрат-Сарат руының қазақтары Нұржан, Айбек, Тазабек деген кісілердің үйінде тұрып жаттым. Күзде қараша айында Аршаты жағындағы Тінәлі ауылдарына бардым. Аршатыда Әбілқайыр ахунның медресесі бар екен. Осы жерде жүріп Ресей думасының депутаты, Көкшетау уезінің қазағы Шаймерден Қосшығұловпен таныстым. Ол менің бұл жақта қайдан жүргенімді сұрады. Барлығын жасырмай айттым. Менің жағдайымды түсінген Қосшығұлов араб тілін оқуыма кеңес берді. Медресенің бас ұстазы Ғабдылғафар деген адаммен мені оқуға алу жөнінде сөйлесті. Сөйтіп Ғабдылғафар мені өкіл бала етіп алып, ертеңінде у-шу болып құран әріптерін жаттап жатқан баллардың қатарына қосылдым да кеттім. Араб әліпбиі қиын екен. Бірақ әріптердің дыбысталуы орыстікіне келеді. Солай болғасын, мен 3-4 сабақтан соң еш қиналыссыз әріптердің бәрін жаттап алып, «зерек бала» атандым. Медреседе екі жыл оқыдым. Осы уақытта мен қазақ тілін жақсылап үйреніп, араб әріптерін де түгел меңгеріп, қазақ арасындағы сауатты адам болып шықтым. Бірақ өкіл әкем Ғабдылғафар екеуміздің арамыз жараспады. Ол өте рақымсыздау, әйелі мен шәкірттерін өте қатал ұстайтын адам болып шықты. Ақыры мені Ғабдылғафардың інісі Әбдірахман деген кісі өз қолына алып, қазақ жастарына орысша білім беретін және арабшаны қоса оқытатын болдым.

Сөйтіп 1912 жылдан бастап, Кеңес үкіметі орнағанға дейін мен мұғалімдікпен шұғылдандым. Осы уақыттың аралығында менің алдымнан 200-ге жуық жастар білім алып шықты. Олардың ішінде кейін Ақмола обкомының бірінші хатшысы, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы болған Тайбеков Елубай Вадимович те бар. Біраз оқушыларым кейін мұғалым, судья, басқадай қызметтер істеп жүрді.

Қорғалжын даласында болған жылдарымда мені патша полициясы соңыма түсіп іздеумен болды. Бірақ қайырым мол қазақ халқы мені қашанда қорғап, патша урядниктерін үнемі теріс жолға сілтеп отырды. Менің тұрақты орным Тінәлі-Құрмантайлардың ішіндегі Қылышбай ауылы еді.

Бірде ауылдың шетіндегі жаман лашыққа көзім түсті. Киімдері аса жұпыны үш адам кіріп-шығып жүр екен. Сосын білмек болып, әдейі барып кірдім. Үйден жасы келген әйел адам мен жердегі тулақтың үстінде жатқан, қолы ғана қимылдайтын мүгедек қарияны және өзімнің Жақып деген оқушымды көрдім. Әлгілер жұпыны тұрса да мені шын көңілдерімен қарсы алып, шай ұсынды. Бұлардың осындай шынайы көңілдері мені таң қалдырды. Осыдан соң бұл үйге жиі келетін болдым. Мүгедек қарияның аты Қарабай екен. Ол өзі кәдімгідей зердесі ояу адам болып шықты. Оған біраз сауалдар қойып едім, ол өзінен үлкен Жоламан деген шалға сілтеді. Жоламан өзі көксау және құлағы шала еститін саңырау екен. Алақандай ауылда қатты айғайлап ештеңе сұрай алмайсың, бәрі естіліп тұрады. Сондықтан одан ештеңе сұрап біле алмадым. Дегенмен күзге қарай тағы да оларға барып, қона жатып, қағазды орап түтік етіп, оны Жоламанның құлағына тақап, сол арқылы сөйлесіп, ақыры біраз жайды сұрап білдім. Оның айтуынша, бұдан 71 жыл бұрын Айбас деген осы елдің адамы жігіт жинап, топ құрып, барымты-сырымтамен айналысқан екен. Тіпті сонау Ташкент, Сыр бойы жағына барып, ауылдарды шауып, үлкен олжамен қайтады екен. Осындай бір сапарында олжамен келе жатқан Айбастың тобына тағы да бір сондай топ жолығады. Екі жақ айқасқа түседі. Күштері тең болып, бірін бірі ала алмайды. Ақыры екі жақ татуласып, мақтаныш үшін бір-біріне алып келе жатқан олжаларын көрсете бастайды. Олжаның ішінде жас балалар мен әйелдер де бар екен. Айбасқа ана топтың олжасының ішіндегі бес жасар кішкентай бала ұнап, бір бие беріп сатып алады. Үйге келгесін жолымыз аман болды деп, баланың атын Жоламан қойыпты. Сол бала осы Жоламан шал екен. Кейін Айбасқа күн түсіп өледі де, Жоламан оның баласы Қылышбайға ауысады. Уақыт өте келе, Жоламанды 18 жастағы Білді деген күңге қосып, екеуінен екі ұл, екі қыз туады. Бұлардың барлығы ғұмыр бойы Қылышбайда жалшылықта болған. Бар өмірінде байдың жылқысын баққан Жоламан ауыр бейнеттің зардабынан қос құлақтан айырылып, мүгедек болып қалған екен. Оның әңгімесін тыңдаған мен қазіргі Ресейдегі халықтың ауыр тұрмысы туралы айтып, 1905 жылы көтеріліс болғанын, түбі күні патша билігі құлайтынын жеткіздім. Бұның Жоламанға қатты әсер еткені соншалық, менің қолымды кеудесіне басып: «Рас па, рас па, құлдықтан құтылатын күніміз бар ма?!», – дей берді. Оның шын көңілімен қуанып отырғанын көрген мен, бұдан былай сенің өкіл балаң болып, фамилиямды Жоламанов деп өзгертуге рұхсат бер дедім. Ол қуана келісті. Бұған дейін мен имам Ғабдылғафардың атында едім, енді Жоламанов болып шыға келдім. Бірақ жергілікті дәулетті адамдарға менің Ғабдылғафардың атын Жоламанға ауыстырғаным ұнай қоймады.

Менің бала оқытатын мектебім Жаман Көңде, Жартас деген жерде еді. Төңіректегі 30-50 шақырым жердегі ауылдың балалары оқуға жиналатын. Бірде менімен бірнеше шәкіртті қосып, Жақсылық Күнжанов деген оқушым қонаққа шақырды. Сол ауылда мен Рақымжан Мәдіұлын алғаш рет кездестірдім. Екеуміз жылы амандасып, елдің тұрмыс жағдайы туралы әңгімелесе бастадық. Рақымжан ортадан жоғары бойы бар, қырықты иектеп қалған, өте жігерлі адам екен. Кеш бойы ол менен Ресейдегі елдің тұрмыс-халы жайлы сұрап, неге патшалық Ресей қазақ даласын отарлады, неге шұрайлы жерлердің бәрін алып қойды, неге орыс пен қазақ бір-бірімен өш деген секілді саяси мәні бар сауалдар қойып отырды. Менің жауабымды тыңдаған Рақымжан «е-е, біздің байлар патша жағында екен ғой» деген. Осы кездесуден кейін ол маған жиі келіп, аталмыш тақырып айналасында жиі әңгіме өрбітетін болды».

 

Бес болыс ел бас көтерді

Патшаның қазақтан солдат алам деген жарлығы шыққан соң, Қорғалжын-Теңіз өңіріндегі бес болыс елдің жігіттері дүрк көтеріледі. Бір ғажабы, осы аттанысқа қатысты деректерді байқап отырсақ, көтеріліске ең көп жиналған Қорғалжын өңірінің қазақтары екен. Сол кездері Омбы әскери округінің штаб бастығы А.А.Таубе деген мынадай анықтама жазыпты: «По сведениям, полученным от гаражданских властей и путем разведки, выяснилось , что наиболее значительные скопища киргизов сосредоточились в Зайсанском уезде (несколько групп свыша тысячи человек каждая), в Семипалатинском – группа в 7 тыс. человек, в Усть-Камнегорском – несколько групп из коих некоторые численностью до 3 тыс. В Акмолинском около оз. Кургальджино сгруппировалось до 30 тыс. киргизов и у Ерменских гор – до 5 тысяч, в Атбасарском, около ур. Улутавского – свыше 7 тысяч и в Кос-Агачском районе – до 2 тысяч киргизов», – дейді.

Көтерілісшілердің бұлай көп жиналу себебі, Ақмола уезіне қараған – Қорғалжын, Көң-Қорғалжын, Соналы, Жақсыкөң, Сарыөзен, Аққұм-Нұра, Құланөтпес секілді жеті болыстың жігіттеріне көршілес Атбасар уезінің бес болысының адамдары қосылады.

«Бұндайда ел азаматтары өздеріне басшы болатын адамды іздейді ғой. Сондықтан әр ауылдың адамдары 10-15-тен топ-топ болып Рақымжанға келе бастады, – деп жалғайды Ж.Жоламанов өз жазбасында. –Бұлардың ішінде белсенділік көрсеткен Бөгембаев Текей, Ысқақов Нақып, Жамаш, Асылтасов Бекмағамбет, Тығашақов Бейсембай (атылған), Мырзабілдаев Мұхамедия, Құсайын деген адамдар. Осылай бас қосқан жүз қаралы жігіт Рақымжанды алдарына салып, Жақсыкөң болысының басшысы Қылышбаев Ахметжанға барып, мобилизацияға іліккен азаматтардың тізімін сұрайды. Бірақ болыс ол тізімнің Иванюшкин деген приставта екенін айтады.

Пристав Иванюшкинді бұл жаққа патша жарлығын орындау үшін уезд бастығы Веретенников жіберген еді. Жанында бес полицайы бар Иванюшкин қазіргі Қорғалжын ауданының жерінен бастап, Құланөтпестен өтіп, елден жинап алған жүз қаралы ат пен үш арба тері-терсек, басқадай дүниелері бар, Қаймақ Исақ ауылында жеке тігілген киіз үйде жатыр екен.

Рақымжан маған не істейміз деді. Бұл кезде Ресейдің майданда жолы болмай, халықтың ашу-ызасы шегіне жетіп, стачкалар жүріп жатқаны жайлы хабар бұл жаққа да жеткен. Қазақ жеріндегі Спасск, Жезқазған зауыттарында жұмысшылар бас көтерген. Мен түбі күні бір төңкерістің болатыны жайлы Рақымжанға айтып, бізге де қимылдау керектігін білдірдім. Және бұл үшін әуелі приставтың көзін жою керек дедім. Менің бұл ойымды Рақымжан мен Текей және Нақып үшеуі қостады. Біз сөйтіп жүз қаралы адам пристав жатқан үйге қарай беттедік. Олар да бұны сезсе керек, апыр-топыр болып, бір кезде гүрс етіп мылтық атылып, Рақымжанның тізесінен жоғары оқ тиді. Мен жылдамдатып жаралы болған жерін байлап бердім. Сөйтіп Рақымжан жігіттерге киіз үйді шабыңдар деген бұйрық берді. Жігіттер үйді айнала қоршап, сойылдап, шаңырағы ортасына түсер болғанда, үйден қолында револьвері бар пристав жүгіре шықты. Бір жігіт оның қолындағы тапаншасын сойылмен ұрып түсіріп, Рақымжан приставты аты үстінен іліп алып, алдына өңгерді де, ішін жарып жіберіп, лақтырып тастай салды. Жүздеген аттың тұяғының астында қалған приставтың денесі әп сәтте мыж-мыж болды. Сосын оның өлі денесінің қалдығын Бормола деген жердегі сусыз құдыққа тастап, үстін таспен толтырып, приставтың елден жинап алған атттар мен дүние-мүлікті иелеріне қайтарып бердік.

Көп ұзамай Текей Бөгенбаев біздің приставты жойған оқиғамыз Атбасар, Көкшетау, Петропавл уездеріндегі қазақтарға да қозау салғанын айтып келді. Бұдан кейін біраз уақыттан соң Ақмолада жазалаушы отряд жасақталып жатыр деген хабар жетті. Шілде айының аяғында Ақмолаға Омбыдан әскери губернатор Кошуро-Масальский келді. Ол бір рота жаяу әскерді Ерейменге, бір ротаны Алекесеев ауданына, ал жүз елуден артық казактарды өзі бастап Қорғалжынға келмек екен деген хабар жетті. Бұған себеп, қорғалжындықтардың көтерілске бастаушы болғаны десті. Және жазалаушыларды тек винтовкамен ғана емес, пулеметпен де қаруландырыпты. Масальский өзінің қасына уезд басығы Веретенников пен шаруалар ісінің бастығы Надежинді алып, автокөлікпен келмек екен.

Бөгембаевтың бұл хабарынан соң, Көкдомбақ деген жерде көтеріліс басшыларының әрі қарай не әрекет жасаймыз деген мәселені шешу үшін кеңесі өтті. Осы басқосуда қару-жарақ жасап, ескі мылтықтарды жөндеу үшін 50 ұста қажет екені анықталды. Және қару жасауға темірдің жетіспеушлігі білінді. Сөйтіп ұсталар жұмысқа кірісіп кетті. Әсіресе Темеш руынан шыққан Қылышбаев Жәкіжан деген ұста ерен еңбек істеді. Ол аз уақыттың ішінде 250 айбалта, 260 найза, 110 қанжар жасап шығарды. Қолға түскен темірдің бәрін қару-жараққа жұмсауға бұйрық берілді. Тіпті байлардың пәуескелерінің доңғалағының темір шендерін де ағытып алып, қару жасауға жұмсадық.

Тамыздың басында Текей Бөгенбаев Кошура-Масальский бастаған жазалаушы отряд Қорғалжынға қарай шықты деген хабар жеткізді. Көтерілісшілерге дереу Қызылсеңгір-Мөнек деген жерге жиналсын деген хабар таратылды. Ұзамай ол жерге 5 мыңдай адам жиналды. Масальский өз отрядымен дөңгелене біткен бір сайдың аржағына, бізден 6-7 верст жерге келіп бекінді. Өстіп жатып еш әрекетсіз бес күнді өткіздік.

Бұл уақытта біздер жай отырмай, өз ішімізде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізе бастадық. Штаб құрылып, жігіттерді жүздіктерге, ондықтарға бөлдік. Әрқайсына лайықты адамдардан басшы сайладық. Құрамына 700 адам кірген, отқарумен қаруланған арнаулы 4 отряд дайындап, түнде жазалаушылардың қосынына төрт жақтан шабуыл жасамақ болып шештік. Бұған және мүмкіншілік бар еді. Сөйтіп жазалаушыларды тізе бүктіргесін, Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, қару-жарақ алып, күресімізді одан әрі жалғамақ болып келістік.

Дегенмен, бір таңқаларлығы, біздің арамызға жергілікті дәулетті бай деген адамдар келіп қосыла бастады. Олар алғашында тып-тыныш жүрген. Сөйтсек олар көтеріліс басшыларының кейбірін ақырындап азғыра бастаған екен. Содан болар, көтерілісшілердің кейбіреулерінің ұнжырғасы түсіп, тәртіптен шыға бастады. Сол себептен байларды отрядтан аластау керек болды. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Басшы болып жүрген біраз азаматтар олардың жағына шығып, тарай бастады. Бұларға қарсы Рақымжан Мәдин, Жәміш Ысқақов, Нақыптардың қарулы жігіттері қарсы шығып, біраз жанжал болды. Байлар дереу қулыққа көшіп, біздерге бағынған секілді түр көрсетті. Бірақ жігіттердің біразы солардың жағына өтіп кеткен еді.

Алтыншы күні жазалаушылар жағынан жанына Омар Майдайбеков деген адамды ертіп, Чунтонов деген елші келді. Байлардың жақтаушылары бұларды жеке киіз үйге орналастырып, Чунтоновтан нұсқау алып, өзара сыбырласып кеңесе бастады. Сосын Рақымжан екеуміз Чунтоновқа барып кірдік. Ол шынтақтап жатқан жастықтан басын көтіріп, бізді татуласқанымыздың құрметіне деп құттықтады. Өзі таза қазақша сөйлейді екен.

Біз оған: «Татуласу үшін делегация мұздай қаруланған екі рота солдатпен келмейді, бұл көнсең де көнесің, көнбесең де көнесің деген сөз. Патша мен оның шенеуніктерінің қанауы халықтың шыдамын шегіне жеткізді, енді біздер бұған көнбейміз. Енді халықты тонап, олардан жылқы мен дүние-мүлік талап еткендер пристав секілді өлім құшады. Қазақтар бұдан былай шамалары келгенше өзін-өзі қорғайды», – дедік.

Чунтонов біздің сөзімізді теріске шығарып: «Әскер сендермен соғысуға келген жоқ, ол генералдың қорғаушылары, біз бұнда бейбітшілік үшін келдік. Бізге приставты өлтірген адамды тауып беріңдер. Адамдарды соғысқа емес, тылдың қара жұмысына алмақпыз. Ал жылқы жинасақ, ол әскерге, соғыста жеңіп шығу үшін патшаға көмек», – деді.

Бұдан кейін байлар мен болыстар жігіттерді ашықтан-ашық үгіттей бастады. Мәдин мен Ысқақов оларды тыңдамауға шақырды. Тағы да жанжал басталды. Чунтонов генералдың қосынына қайтып кетті.

Ертеңінде біздер 40 ақсақал мен 20 жігітті елші етіп генералдың қосынына жібердік. Генерал оларды өте дөрекі қарсы алып, барғандардың үрейін алу үшін казактарды сапқа тұрғызып маршпен жүргізіп, қару-жарағын көрсетіп, бізге приставты өлтірген адамды тауып беріңдер, көтерілісті тоқтатып, тыл жұмысына барыңдар, сендерге ертеңгі сағат 12-ге дейін мұрсат берем, егер айтқанды орындамасаңдар, қару жұмсаймыз депті.

Генералдан оралған соң, ақсақалдар кеңес өткізді. Оған көтеріліс басшыларынан 11 адам, бай-болыстардан 15 қатысты. Бұл кеңеске мені де арнайы қатыстырып, ақыл сұрады.

Мен оларға: «Генералды уақытша тыныштандыратын хат жазып, 2-3 күн мұрсат сұрайық, сосын Рақымжанның жоспары бойынша, жігіттерді ұйымдастырып, казактардың қосынына шабуыл жасайық», – дедім.

Мені бұл сөзіме Әбілдә Берсүгіров деген бай мен Ахметжан Қылышев және Әбдірахман Меңдіғарин деген болыс басқарушылар қарсылық танытып, жоспар жақсы екен, бірақ қантөгіс болады, сондықтан тоқтата тұрайық деді. Осы жерде көтерілісшілерге хан сайланған Қуаныш деген адам: «Мен қан төгу үшін емес, өзімнің келіспеушілігімді білдіруге келгем, сондықтан генералдың айтқанынан мойынсұнайық», – деді. Бұның бұл ұсынысынан кейін Рақымжан ашуға булығып: «Егер көтеріліске кедергі келтірсеңдер, байлар, бәріңді өлтірем!», – деген еді.

Осыдан кейін генералға тағы да хат жазып, екі ақсақалды жібердік (екеуінің де аты Сүлеймен еді). Бірақ сол күні түстен кейін, сағат төрттің шамасында генералдың қосынынан қап-қара қою түтін көтеріліп, 50 шақты казак сайдың қабағына көтеріліп, біздің жақты ата бастады. Оқтары жетпейтін болғасын, олар атқа мініп, жақындап алып, тағы да ата бастады. Осы атыста Тығанақов Бейсембай деген жігітке оқ тиіп қаза болып, 9 адам мен 12 ат жараланды.

Кенет көтерілісшілердің ішінде казактар артымызға тылға өтіп кетіпті, сол жақта халықты қырып жатыр, енді арт жақтан келіп, пулеметтен оқ жаудырады екен деген сөз тарай бастады. Көтерілісшілер дереу артқа бұрылып, 40 версттай жер жүріп, казактарды іздеді. Сөйтсек бұл Чунтонов пен бай, болыстардың көтерілісшілердің арасына іріткі салу үшін ойлап тапқан қулығы екен. Осыдан соң қазақтардың арасында «қаруы мықты орысқа сойыл-шоқпармен қарсы тұра алмаймыз» деген сөз көбейді. Енді не не болса елсіз далаға қарай кетіп, соңымыздан ерген казактарды осылай шаршатайық деген шешімге келдік. Масальский бұл істің ұзаққа созылатынын білгесін, көтерілісшілердің қолына түсіп қалам деп ойлады ма, билікті уезд бастығы Веретенников пен әскери старшина Березовскийге тапсырып, өзі Ақмолаға қайтып кетті.

Бізді өкешелей қуған жазалаушылар Ақмешіт деген жерге дейін жетіп, босып кеткен елден қалған дүние-мүлікті қиратып, өртеп, қолға түске адамдарды бала-шаға, кәрі-құртаң демей қыра бастады. Бұлардан шошыған көп ауылдар үдере көшіп, Қытайға ауып кетті.

Сөйтіп қыркүйектің екінші жартысында болыс басқарушылар Ахметжан Қылышбаев пен Әбдірахман Меңдіғарин өздеріне бағынышты қазақтармен бүлікті тоқтатты, 25 қыркүйек күні солдатқа алынатындар мен көтірілісті ұйымдастырушылырдың және пристав Иванюшкинді өлтіргендердің тізімін уезд басшыларына апарамыз деген хабар жіберіпті дегенді естідік. Бұны басқа да болыс басшылары қолдады. Рақымжан Мәдин бір топ көтерілісшілермен Амангелді Имановқа қосылам деп, Торғай даласына кетті. Осыдан кейін Иванюшкиннің өлімі үшін 72 адам тұтқындалды. Олардың ішінде көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Текей Бөгенбаев та бар еді. Бірақ ол патша тақтан құлағанна кейін босап шықты.

Ақмоладағы Совдептің құлар алдында, 1918 жылғы мамырдың басында Рақымжан Мәдин Ұзынкөл жайлауындағы өз ауылына қайтып оралды. Бірақ маусымның екінші жартысында совдеп құлағаннан кейін, жергілікті би-болыстар Астраханнан пристав Григорий Верченко дегенді шақырып, ол төрт старжникпен келіп, Рақымжанды тұтқындап алып кетіп, түрмеге жапты. Түрмеде Иванюшкиннің адамдары оны барынша қинап, аяқ-қолдарының сүйектерін күл-парша етіп сындырып, тіліне дейін бұрап, кәдімгі тірі өлікке айналдырған. 1919 жылы қызыл армия Ақмолаға кіргенде, Рақымжан түрмеден босап шықты. Бірақ ол тірі өлік болып қалған еді. Айтуға тіл жоқ, тіпті бірдеңені ымдап та көрсете алмайтын. Ақмола жандармериясының жендеттері патшаның езгісіне қарсы тайсалмай шыққан ержүрек батырды осындай халге түсіріпті. Мүгедек болып қалған Рақымжан 1932 жылы қайтыс болды».

Сөйтіп, халық батыры Рақымжан Мәдіұлының тағдыры осылай қайғылы аяқталған екен. Бірақ Қорғалжындағы Рақымжан, Баянауладағы Бәшерден, Торғайдағы Амангелді, Жетісудағы Бекболат, Ерейментаудағы Бала Сыздық секілді адамдардың арқасында қазақ деген халықтың айтқанға көніп, айдауға жүре беретін құлмінез емес, жеме-жемге келгенде, жаға жыртысар мінезі бар ел екенін көрсетті.

Бір өкініштісі, бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске әлі де саяси баға берілмей келеді. Осы қозғалысқа басшы болған ерлердің ішінде тек Амангелді Иманов қана халыққа танымал. Ал, шындығында жоғарыда аттары аталған адамдардың барлығы да халық батыры ретінде құрметтеліп, кейінгі ұрпаққа насихатталып, есімдері ел есінде қалатын шаралар жасалуы керек еді. Бірақ жасалмай келеді!

 

Сайлау БАЙБОСЫН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий