
Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов – әдебиеттанушы, ғалым, ағартушы, педагогика ғылымының докторы, профессор, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының тұңғыш редакторы, Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Төлеутай Ақшолақов 1915 жылы Павлодар облысы Баянауыл дүниеге келген. Алматы қаласындағы Екi жылдық мұғалiмдер институтын бiтiрдi. 1951 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) қазақ тiлi мен әдебиетi факультетiн бiтiрдi. Өзiнiң ұстаздық жолын Павлодар қаласының педагогикалық училищесiнен бастады. Павлодар қаласының Абай атындағы мектебiнде мұғалiм әрi оқу iсi меңгерушiсi, Павлодар Оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқарды.
1958 жылдан 1965 жылға дейiн тұңғыш жарық көрген «Қазақ тiлi мен әдебиетi» журналының редакторы, «Қазақстан мұғалiмi» газетiнiң редакторы, оқу педагогикалық баспаның директоры болып iстедi.
1965 жылдан Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу педагогикалық институтының (қазiргi Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық бiлiм беру академиясы) ғылыми жұмыс жөнiндегi орынбасары, кейiннен бөлiм меңгерушiсi, жетекшi ғылыми қызметкер болып iстедi.
Т.Ақшолақов халық ағарту iсiнiң, педагогикалық ғылымның дамуына айтулы үлес қосқан. Көптеген оқулықтардың авторы. 1939 жылы белгiлi ғалым Есмағамбет Ысмайыловпен бiрлесе қазақ әдебиетiнiң 9 сыныбына арналған оқулық-хрестоматиясын жазды. Содан берi оның қаламынан көптеген оқулықтар және қазақ бастауыш сыныптарына арналған орыс қазақ сөздiгi жарық көрдi.
Төлеутай Қазиұлы зейнет жасында да қазақ әдебиетiнiң бағдарламасы мен оқулығын, методикалық құралдарын жазуға ат салысып келдi.
Т.Қ.Ақшолақов Ұлы Отан соғысының ардагерi, сұрапыл соғысты басынан кешiрiп, Сталинградтан (қазiргi Волгоград қаласы) Берлинге дейiнгi жолдан өткен. Ол «І дәрежелi Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерiмен, көптеген жауынгерлiк медальдармен, сол сияқты «Тың игеру», «Еңбектегi ерлiгi», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен, «ҚазКСР халық ағарту озаты», «КСРО халық ағарту озаты» белгiлерiмен, Оқу министрлiгi құрмет грамоталарымен марапатталып, педагогика саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Тарлан» сыйлығының иегері атанды.
