
Ерте заманда, Екібастұз қаласының тұрғыны – Асан деген бала болыпты. Оның анасы «Атамұра» мәдениет үйінде басшы қызметін атқарды. Асан өте зерек бала болған. Ол домбыра тартып, күй шерткенді ұнатқан. Асан бір күні анасынан «Атамұраға» ертіп баруын сұрады. Анасы еш қарсылығын білдірмей, оны алып барады. Асанның мәдениет үйінің табалдырығын аттағаннан бастап-ақ, таңғажайып әлемінде жүргендей сезінді. Ол анасынан қалай ажырап кеткенін байқамай қалды. Келе жатып бір жылтыраған есікті көрді. Ол есікті ашып қалып еді, сол бөлмеге кіріп кетті. Бұл сиқырлы бөлмеде, неше түрлі ұлттық нақыштағы киімдер, әшекей-бұйымдар, киіз үйлер бар екен. Сол заттар Асанның алдына қарай жылжи бастады. Асанның қызыққаны сонша, қорықпай киімдерді киіп көре бастады. Өте керемет көрініс болды. Ол киімдерді киіп алып, келесі есікке жақындай бергенде, оның ішінен күмбірлеген атаның дауысы шықты. Қарап қалса, Жамбыл Жабаев атамыз бен Дина Нүрпейісованың портреттері жан кіріп сөйлеп жатыр екен. Тыңдап, таңырқап қалған Асан, қолындағы әшекей бұйымын түсіріп алды. Сол кезде портреттер:
– Асан, балам, қорықпа, сен біз сияқты атақты болғың келеді ме? – деп сұрайды. Асан басын изеп таңқалып тұра беріпті. Сөйтіп уақыттың өтіп кет- кенін байқамай қалған Асан, анасының жұмыстан шығып, шақырғанын естиді де, бөлмеден шығып кетеді. Асан анасына барып, сиқырлы «Атамұрадағы» болған жайтты айтып береді.
Содан бері Асан көбірек уақытын домбыра үйірмесінде өткізіп, әртүрлі күйлер шертіп үйреніпті. Одан әрі шабыттанып Жамбыл атасы, Дина апасы сияқты күйші боламын, мені ел тану керек деп алдына мақсат қойған екен.
Арнұр ҚАЛДАН,
оқушы, Екібастұз қаласы.
«Ертiс-Баян ертегiлерi» кітабынан.
