Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы

Тілеубек Батыс – 1999 наурыздың жетінші жұлдызы ҚХР Тарбағатай, Майлы тауында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Өлеңдері «Құдай туралы ойланатын қала» атты жас ақындардың антологиясына енген.

Сырғақты
(Қоңыр әуен тағдыры)
«Әкесі асқақ әннің – әнші Біржан»
Ілияс Жансүгіров
1. САЛДЫҢ ЖҰРТЫНА САПАР
Аспан қоңыр, дала қоңыр, жол қоңыр,
Адам қоңыр, ғалам қоңыр, мол қоңыр.
Қоңырайып ғұмыр кешкен жандардың
Маңдайына бақ боп қашан қонды өмір.
Қонған, қонған қоңыр-қоңыр тауларға,
Қоңыр кештің буаз бұлтын сауғанда.
Қоңыр қаздай сүңқылдаған пенденің
Маңдайынан ерке дәуір ауғанда.
Қоңыр дала өзегіне жыр құйған,
Қоңыр оба аноооу тұстан қылтиған.
Самсап жатқан бұлақтардың сыңғыры
Ару қыздың өкпесіндей бұртиған.
Жортқан кезде жаратқанды жар ету,
Жолға шыққан,
Көкейде жоқ дәмету.
Мұратымыз балбал тасқа бас иіп,
Бабамыздың сүйегіне тәу ету.
Медет таппай мынау байтақ аймақтан.
Құланиек құба таңда ай жатқан,
Іздеп шықтық төкпелер деп, төгер деп
Құйқылжыған қоңыр әуен қай жақтан.
Соқпақ жолдар, күдір жолдар, сан жолдар,
Тау-өзендер, бел, кезеңдер, аңғарлар.
Бұл даланың тау мен тасы ғажайып
Тәңір ие өзі соққан мәрмәрлар.
Жолдар жолдар қиыры жоқ ұшының,
Шет шегі жоқ, қиын оны түсіну.
Жүре жүре темір таяқ тебендей,
Көре көре көзі талатын кісінің.
Айыра алмай қылаңы мен баранын,
Шеше де алмай сұрағы мен жауабын.
Иесі жоқ?
Кім жайлайды?
Белгісіз,
Қиссабы жоқ мынау бетпақ даланың.
Жазық дала көргеніміз, жазғанда,
Сәлем айтып тырналарға, қаздарға.
«Сексен көл» деп баяғыда айтқандай
Сан жетпейді шалшық, көлшік, саздарға.
Елес болып, қайбір мекен, қай маңай,
Сұлу жерден көз сүрініп тайғанай!
Шағалалар қалқып жүрген көл беті
Әрбір жерден шағылысқан айнадай.
Табиғаттың тылсымындай мынау маң,
Шырша, қайың, қарағайлар, ну орман.
Құдай өзі сүйген мекен секілді
Бүкіл байлық осы жерде құралған.
Мыңғырған мал үйірілген шымдарға,
Қаз үйректер жүзген тұнық суларда.
Құдай берген шекті өмірде не жетсін
Осы өлкенің өркені боп туғанға.
Жеңіл көлікті желіменен жасқап дүр,
Жан жануар жаңа тірлік бастап тұр.
Ғасырлардың сырын ұққан пақырдай
Самырсындар тасқа біткен асқақ тұр.
Қоғалы көл, құмбыл белдер жол қалып,
Қазынасы қойынында мол халық.
Бір кездері дүбірімен жылқының
Күллі әлемнің көшін бастап озған ұлт.
Бұл күндері қарапайым күн кешкен,
Таудың халқы табиғатпен тілдескен.
Өз өмірі ұнайтұғын өзіне,
Сайын дала, сахарамен үндескен.
Туысы боп ұшқан құс пен бейуаз аң,
Бір сыдырғы өткен еді кей заман.
Қысын қыстап, жазын жайлап, түтіні
Түзу ұшқан адамдар сол беймаза.
Жолдар, жолдар,
Таусылама ақыры?
Кештік талай, жүрдік талай шақырым.
Таяп келіп сағымдайын бұлдырап,
Алыс болып көрнеудегі жақының.
Төбемізден шаттық күні күлімде,
Аудан болған “Біржан салдай” бүгінде.
Жадап, шаршап жеттік ау біз әйтеуір
Сам жамырап, күн қызарған іңірде.
Әнмен аптап, жырмен сүйген қазағын,
Нысанамыз –
Біржан салдың мазары.
Осы жер деп мөлшерлеген маңайдан
Жатқан жерін таба алмадық ғажабы.
Елден сұрап, жерден сұрап сабылдым,
«Шеттен едік» деп ағымнан жарылдым.
Бір бейсауат қойшы бала ескертті
Қабірде деп шетіндегі ауылдың.
Жалғыз аяқ жолға қарай түсірді,
Тоқтатқанбыз күліп, жайнап, ісуді.
Зират жаққа жүрген сайын жақындап
Алай дүлей сезім билеп ішімді.
Аласұрдым, бір ғаламат болардай,
Ішімдегі есер желік жоғалмай.
Бір ұлыстың, бір дәуірдің еркесі
Әруақ боп таяу маңға қонардай.
Бөтен болып кездесердей, келердей,
Алуан-алуан ойға шомдым тереңдей.
Ән мен жырдың падишасы тәу еткен
Ұрпақтарын қорғап, қолдап, жебердей.
Сондай оймен қыңыр қисық жол кешіп,
Келген едік,
Қабір – түйе өркеші.
«Сен де мендей боларсың» деп қырағы
Көзбен қарап жатқан бір-бір төмпешік.
Арғы жағы сулы қамыс, қоғалар,
Әруақтар арзу оймен оралар.
Белгісіз бір дүние айтар балбал тас
Белгісіз бір күй шертеді молалар.
Батырдай боп қорамсаққа қол салған,
Мүсін көрдік,
Болған бізге сонша арман.
Әдеттегі қабірлерден ауаша,
Шеткі жақта бөлектеліп қоршалған.
Нар тұлғалы, сом денелі бітісі,
Толғап-толғап сыр айтардай бұ кісі.
Домбырасы бебеу қағып сорғалар
Құлағында бұлғақтаған үкісі.
Ауыр ойға шомған бейне,
Тереңдер,
Бізде жоқ-ты өзге іске елеңдер.
Айналасы балбал тастар және де
Бітік тасқа қашап жазған өлеңдер.
Аралап өмір сырын бойым сергек,
Саралап алды артымды ақыл терген.
Арман мен адалдықты өлең қылып,
Ән салу домбырамен болды енді ермек.
Жігітке кедейшілік ол сергелдең,
Жоқ болса жалғыз атың өлгенмен тең.
Үйіңе құрбыңкеліп құр аттанса,
Не керек дүниеде үміттенген.
Өткен күн ойлап тұрсаң белгісіз ғой,
Қол бұлғап шақырғанмен келгісіз ғой.
Жолдас болсаң ігіттер жақсымен бол
Бір сөзі мың ділдәға бергісіз ғой.
Мен өзім Жетісуға барып қайттым,
Манабын жақсылардың көріп қайттым.
Қыздары жетісудың сұлу екен
Жиғаным-тергенімді беріп қайттым.
Мынау жазған шумақтардан, жолдардан,
Өзге ақынның өлеңдері жол қалған.
Салдың салған сара жолы іспетті,
Мың ойланып, толғап жазған, толғанған.
Қайран Біржан бұлбұл көмей, қаз дауыс,
Осы болса маңдайыңа жазған іс.
Сенің жырың біздің басқа жұбаныш
Сенің әнің біздің басқа алданыш.
Аңғармадық ақша бұлттың көшкенін,
Қос жанардың мәңгілікке өшкенін.
Бүгінгі күн әуелеген әнің бар
Бүлкілдеген жүрегіндей Көкшенің.
Көрсек деген үмітке үкі тағардай,
Бір тылсымға жолығысып қалардай.
Салдың орнын, сүйегін кеп іздедік
Жатқан жерін анық біліп таба алмай.
Ары іздедік, бері іздедік сабылып,
Сырттан іздеп, қоршалған жер тарылып.
Алты алашқа аты мәлім серінің
Бүгінгісі тым белгісіз,
Бәрі ұмыт.
Ұлы адамын ұмытама бұлай ұлт,
Кімге енді тағылады бұл айып.
Сан алуан ойға шомған келгендер
Бірі өкініп,
Ал біреуі мұңайып.
Таудың, салдың рухына осыдан,
Сәлем бердік манар таудан, шоқыдан.
Бабалардың жолыменен әруаққа
Үлкеніміз “хұлқуалла” оқыған.
Жатқан жері белгілі емес пе ертеден,
Жоғыңды ойлап шемен мұңды шерт өлең.
Құран оқып жатқанда да ішімді
Жегідей жеп осы сауал өртеген.
Көзің көрмей, адам айтса сенгісіз,
Сүйегі жоқ, топырағы белгісіз.
Алып тұлға, оғыланын ұмытса
Қалай ғана қабылдар ең елді сіз?!
Албырт оймен алып ұшқан күй өлген,
Қандай дауа табамыз бұл иеннен?
Деген шақта сонадайдан алшаңдап
Бір қарт келді таяғына сүйенген.
– Балаларым!
Армысыңдар!
Елеулі,
Сендерді енді көріп көңлім кенелді.
Аталарың басына кеп оқыған
Дұғаларың қабыл болсын деген-ді.
– Көп жасаңыз! Ақсақал ау!
Бірақ біз,
Әлі жауап таба алмаған сұрақпыз.
Алты алашқа аты мәшқұр Біржанның
Жатқан жері неге әлі тұрақсыз?
– Соған бола келген едік кішіре,
Жаратқанның қарасаңыз ісіне.
Түүүу алыстан зиярат қып жол алдық,
Мынау ұлдың кірген екен түсіне.
– Ееее, жөн екен, шырақтарым!
Қарағым!
Көп адамдар қоятын бұл сауалың.
Өте орынды, қиындығы жоқ аса
Мен айтайын білмек болсаң жауабын.
Сері Біржан ән мен жырдың төресі,
Әкесінің мұнда болған кеңесі.
Қожағұлдың бұлағы бар бұл маңда
Жазда жайлап жататұғын жер осы.
Тыныш мекен, тау тасы жоқ ормансыз,
Сал Біржан ба қалатұғын қорғансыз?!
Анау жатқан балбалдардың біреуі
Біржандікі екені хақ!
Ол даусыз.
Өйткені бұл сол әулеттің мекені,
Сонда туған серісі мен сетері.
Содан ғана белгілі ғой Біржанның
Топырағы осы жерде екені.
Ал ендеше қарақтарым, ала ұшқан,
Дидар ғайып адам болдық танысқан.
Түнемелге құжырама жүріңдер
Келіпсіңдер сонау жерден, алыстан.
Бізді қайда бастаса да жол енді,
Жылы сөзге, мейірімге бөлендік.
Ақсақалдың айтқан сөзін жыға алмай
Жүрген ізбен біз де ере жөнелдік.
2. ҚОЖАҒҰЛ БҰЛАҒЫНДАҒЫ АБЫЗ АМАНАТЫ
Кешкі шапақ шырайы көз тартарлық,
Көз ұшына қара түнді қаңтардық.
Маң даланың барлық сырын жаярдай
Көкжиекке қонақтаған арқар бұлт.
Көкжиекке құлай кетсе аршын күн,
Тымық түннің құшағында таусылдың.
Бейғайып сәт мынау екі тумайтын
Мұрынында май иісі маусымның.
Құжағұлдың бұлағында, бастауда,
Бір жолаушы темірқазық жастанған.
Ол қария – ақ самалдай сақалы
Айтар сөзін жеткізетін астарлап.
Әлі күнге атылмаған от шыңы,
Әлі күнге айтылмаған көп сыры.
Езуінде тарих бар,
Көзінде –
Жапан түздің өсиеті, өксігі.
Қызыл тілі тауды жарып, тас тіліп,
Топ ортада үйренбеген бас біліп.
Және де бар ат суарған суатта
Көкірегі әнге толы жас жігіт.
Абыз сонда арқасы кең жайылды,
“Атың кім” деп қысқа ғана қайырды.
Күңіренген көне дауыс аңдасаң
Шежіренің күмбіріндей байырғы.
– Қожағұлдың баласымын,
Біржанмын,
Әнім қоңыр, түбім желден туғанмын.
Желдің тілін білгім келед содан да
Әр тасымен сырласамын бұл маңның.
– Бәрекелді!
Желдің тілін желге бер!
Сыңғырлаған судың тілін көлге бер.
Ал әніңді халыққа бер,
Ол – өзен,
Білсең жарар өзен дәйім өр келер.
– Әнімді кім тыңдайды енді төкпеген?
– Дала деді жанды дауыс өкпеден.
– Даланы кім тыңдайды екен дегенде
– Адам деген жауап тағы шектеген.
– Адамды кім тыңдайды енді дегенде
Тағы сол үн күңіреніп “Көк” деген.
Сонау көктен жарық түсер, алауың,
Содан білгін өмірдің бар ғажабын.
Жарық түссе шырақ жанар қасыңнан
Шырақ жанса, жыр туады қарағым!
Бірақ балам, сақта есіңе, бұл шыным,
Ән тұмары –
Мейірімге құлшыну.
Махаббат пен ғадауат та сол жерде
Ал әуеннің мұң қайғысы –
Тылсымы.
Қуаныш ол көкке ұшырып, самғайды,
Ал қасірет жарға жығар, сол қайғы.
Екеуі де кезек келмей қарағым
Сенің әнің дүниеде қалмайды.
Тыңдарманың – сенің иең!
Жүйелі,
Ал сөз сенің қасиетің киелі.
Балбыратып бебеу қаққан санаңда
Тамылжыған әуен сенің сүйегің.
Ән тағдыры, пешенесі жел сынды,
Айдалаға ұшыратын бөркіңді.
Қалай соқса солай ұшып кетпегін
Тастай қатты берік ұста еркіңді.
Әуеннің де өз өрісі, өз елі,
Болады дүр қайнар көзі, өзегі.
Бабын сақта, қиянатқа жолатпа
Кері кетер келген кезде кезегі.
Ән халықтың аманаты шырағым,
Домбыра сол аманаттың қынабы.
Көз алартпай, тіл тигізбей сақтасаң
Осы болар сенің тағдыр тұмарың.
Өлең үшін, әуен үшін туылдың,
Қынабыңды аяп ұста бүгін күн.
Ішіндегі өткір сөзді қылыштай
Жай жерге емес, ұлы іске суырғын.
Мақтау, даттау, бәрін бәрін көрерсің,
Тасадан кеп тас атса да көнерсің.
Қолпаштаған көрсеқызар сөздерді
Әділ ойға таразылап жеңерсің.
Кебежеңе толып бір күн ырысың,
Кеудең кеңіп, сергіп көңіл құрышың.
Атақ, даңық емес сонда жаныңды
Жылытады ғапыл жырдың тынысы.
Ал ендеше өнеріңе бақ берсін!
Бақ берсе де құдай өзі нақ берсін!
Әсем әнің шырқау көкке шығарып
Қызыл сөзің қара тасты қақ бөлсін!
Бала екенсің сәулесі бар көзінің,
Шоққа қарып, отқа жағар сезімің.
Азамат бол ел жұртыңа қайрымды
Ғаламат бол әуені түн, сөзі күн.
Сөз болама шекпендіден жасқанған,
Жырың тассын, құз асқардан, аспаннан.
Әсем әнің күллі әлемге тарасын
Қожағұлдың бастауынан басталған.
Туған жердің жебеп алтын бесігі,
Бекем болсын саған жасар кесімі.
Еркелетер ауылыңның, еліңнің
Ашық болсын қай қашанда есігі.
Елің емес, жыр тәңірі елесін,
Сөз киесі бесігінде бөлесін.
Ән иесі салып саған көз қырын
Әуен пірі дәйім қолдап жебесін.
Әумин!
3. ОРМАН ҚАРТ ЖӘНЕ «ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ» АҢЫЗЫ
Сол жастық шақ мәңгі есте жазғы күн,
Аян беру қасиетті бағзы ұғым.
Сол баянды аңыз қылған көкше елі
Киесі бар, дуасы бар аузының.
Қыдырлы елдің ауызында бар кие,
Ілкі сәттен қалған тәлім тәрбие.
Сол абызды айтатұғын осы жұрт
Баба түкті шашты әзіз әулие.
Көздің сұғы, тілден, суық қолдардан,
Соқпақтардан, қиын қыстау жолдардан.
Аттың жалы, нар түйенің қомында
Қолдап, қорғап, сері жолын оңғарған.
Баба түкті шашты әзіз сол әлгі,
Сері жолын ашқан екен жоғарғы.
Солай шырақ,
Қаперлеріңе алыңдар,
Деп Орман қарт әңгімесін доғарды.
Қарт сөзіне емірене тамсанып,
Аңдамаппыз уақыт өткен қаншалық.
Шаңырақтан үңілген сан жұлдыздар
Тұрғандай ақ жымың-жымың ән салып.
Бұл киіз үй қарт Орманның лашығы,
Өңі кеткен, күйген, тозған асылы.
Ел ауса да құжырасын қимайтын
Көңіл күйі байқалады жасырын.
Ен далаға, көлге құлақ түретін,
Тозса дағы қимайтынын білетін.
Күзде, қыста тастан соққан тамда боп,
Жазда осы киіз үйін тігетін.
Бұл үйдің де байлығы бар, құны бар,
Өз әлінше көтеретін жүгі бар.
Кемпір қайтқан, үш немере және де
Келіні мен жылқы баққан ұлы бар.
Жәутең көзін келгендердің жайнатпай,
Зыр жүгіріп ақ келіні оймақтай.
Жер ошаққа қазан асып, балқытып,
Қонақтарға құйған жаңа қаймақ шай.
Орман ата сөзін жұптап жүйелі,
Жөткірініп, сипап қойып иегін.
Ішке толған, айтылмаған көп сырдың,
Әңгіменің ағытқан ды тиегін.
– Осы дала – әуен деген,
Күй деген,
Бүгінгі күн дертім осы түйреген.
Сендер құсап тағызым қып бабаға,
Есіне алып, келетіндер сиреген.
Көкіректі жасын сынды жанитын,
Жүрегіңді қызыл шоқтай қаритын.
Сал Біржанның жастық шақта өткерген
Баяндайын ел білмейтін тарихын.
Ғасыр бойы ашылмаған әлемі,
Бір-бір гауһар әуені мен өлеңі.
Сері Біржан келген мынау өмірге
Жолаушы емес,
Өзі соқпақ жол еді.
Ерте жастан атасы оны оқытқан,
Оқығанын көңіліне тоқытқан.
Қожағұл да әжептәуір кемеңгер
Кенде емес Құдай берген бақыттан.
Би де болған,
Ел басқарған іргелі,
Баласына үйреткен бар білгенін.
Медіресе оқып Біржан игерген
Араб, парсы, көне түрік тілдерін.
Білім болып, өнер болып талабы,
Бірте бірте орындалып қалауы.
Жәрмеңкеге, жиын тойға барғасын
Әуесі де ән мен күйге ауады.
Қолтығынан демеп оны паңдана,
Кіл өнердің иелері сал дара.
Ұстаздары Сегіз сері, Орынбай
Арыстан, Нүркей,
Шөже, Толыбай, Салғара.
Дәл осылай Біржан Біржан болған ды,
Өнер қуып толысқан ды, толған ды.
Білмеді ол шен шекпенді қууды,
Шекпендіге жағатсып, ән арнауды.
Еркіндікті сүймесе де бұл ғасыр,
Атасынан асып Біржан туды асыл.
Саз әуені сырлы, мұңлы, асқарлы
Өлеңдері әділетшіл, турашыл.
Жиһан кезді өлең тулап қанында,
Әнмен аптап іңірін де таңын да.
Естен кетпес бір іс өткен жігіт боп,
Қарауылда салдық құрған шағында.
Ендей өтіп, Есіл, Нұра, Ертістен,
Думан қылып, сейілдеуге серт ішкен.
Қызығына мас боп жүріп қымыздың,
Көлбай, Жанбай ауылына жол түскен.
«Құт келді деп» кәрі, жасы, бала да,
Қуанған жұрт болайық деп садағаң.
Жарқыраған өнерлі топ келгенін
Еру ел де жақсылыққа балаған.
Қыз бозбала қуанышын атқа артып,
Қазан асқан, табақ-табақ ет тартып.
Сабау сабау сары қымыз құйылды,
Жер ошақтан көкжиекке от қалқып.
Өнер деген не тәйірі сері үшін,
Барын салған кеңге жайып өрісін.
Балуандары қара күшін көрсетіп,
Қызық қуып думандатқан ел ішін.
Нұрға бөлеп сол маңайды жарық күн,
Шөліркеген айызы қанып халықтың.
Қыз келіншек жырғап қалды күлісіп,
Қылығына қарық болып бәдіктің.
Өңкей сылқым,
Өңкей сері,
Өнерлі,
Көрген елдің көсегесі көгерді.
Ән айтылды, күй шертілді сандаған,
Балуан салды, күш сынасты елеулі.
Таңдай қағып таңдантпаса ерге сын,
Күте алмаса мынау байтақ елге сын.
Сал Біржанға қолқа салған соңынан
Жігіттердің бар өнерін көргесін.
Тоқтап сонда думан, қызық, базары,
Тыныштықта күй кешкендей азалы.
Көз бен құлақ бір нүктеге ойысқан,
Тәмәм елдің ауып салға назары.
Жақпар қабақ бір ашылып, түнеріп,
Қас кірпігі түнгі аспанға тіреліп.
«Жонып алды» әнге салды серіміз,
Домбырасын қағып қағып жіберіп.
Аспанға ытқып азаны мен озаны,
Тыңдаған жұрт одан сайын қозады.
Балбырайды, елжірейді, емініп,
Біржан даусын қоңыр қаздай созады.
Дүйім елге мәлім аты жасынан,
Ән саулатып көңілінің хошынан.
Елге жетер он шақырым алысқа
Бүркіттінің айтылған ән басынан.
Қатпар қолдың қия басқан қағысы,
Таңдандырып шебер саусақ алысы.
Мүлгіген үй, Біржан үні және де
Домбыраның қоңыр салқын дауысы.
Үзілдірген, үздіктірген, сызылтқан,
Әнмен сыйлап бар сезімді біз ұққан.
Кейбіреуі кемсең-кемсең жылаған
Кейбіреуі одан сайын қызыққан.
Шалқыған ән, алқаған топ жарасқан,
Бір сәт мүлдем кеңейгендей тар аспан.
Көзін жұмып, жұтынған жұрт қиялы
Жеті белден, алты қырдан ары асқан.
Ен қиырды, тым алысты шарлаған,
Қырандай боп шырқау көкке самғаған.
Жай желіспен баяу ғана тоқтады,
Шиырлаумен қалқып жеткен, талған ән.
Бұдан кейін кімнің жаны кірлемек?
Есесіне бүрлеп, жайнап, гүлдемеек.
Сусаған жұрт басылғандай сарығы
Қолпаштауы, қошаметі бір бөлек.
Пай пайлаған, айқайлаған, әр тұстан,
Саз ба, сөз бе?
Қайсы оқшау деп тартысқан.
Баласы да жұмбақ күйге балқыған
Кәрісі де жасы асқан алпыстан.
Биік дауыс қылса дағы әнді ермек,
Тыныштықты енді қандай жан бөлмек?
Ықыласын шал кемпірлер білдірген
«Дауысыңнан айналайын! Бар бол!» деп.
Салған әні құлақ құрышын қандырған,
Құр кеуденің білте шамын жандырған.
Қолдауынан, лепесінен халықтың
Жаңадан бір әнге басқан Сал Біржан.
Жарау аттай жалғыз шапқан бәйге өзі,
Елестетер қай мезгілін, қай кезін.
Алты қабат шырқау көкке жаңғырған
«Айхай бозым, даңғыл бозым, айбозым».
Суырылып қыран құстай сорғалап,
Желдей есіп, су жорғадай жорғалап.
Қызған сайын делебесі қозған-ды
Сал Біржан ба?
Қалатұғын қорғалап.
Ақша бұлттай шыңға асылған Айбозым,
Ақ тұманды қырға асырған Айбозым.
Қырда қызыл менмін деген сұлудың
Кірпігіне мұң жасырған Айбозым.
Сен деп атар бүгінгі ақ таң Айбозым,
Дуылдатқан, шуылдатқан Айбозым.
Ғұмыр сөнді,
Таусылды өмір дегенге
Көздің жасын сығымдатқан Айбозым.
Елжіреткен, балбыратқан Айбозым,
Бүгінгі күн мәңгі мақтан Айбозым.
Сұлу Көкше, сүмбіл Көкше елінің
Ерке таңы қалғып атқан Айбозым…
Көзбен сүйіп,
Қолмен аптап жағадан,
Серілерді «Құт келдіге» санаған.
Өмірдің бір қызық сәтін өткеріп
Айбозыммен айлы кеште тараған.
Ел тараған.
Шу басылған.
Түнгі ауыл.
Желдеп шыққан Сал-серілер мұңғауыр.
Қыз бозбала ну орманның ішінде
Бірер кәдік бар сияқты мұнда бір.
«Ақсүйек» деп іздеген жұрт таба алман,
Жердің бәрін шарлап кеткен ағарған.
Нысаналы бір нүктеге Біржанның
Шегір көзі бағанадан қадалған.
Естігендей бала күнгі ертектен,
Жаралы елік қос жанары мөлт еткен.
Көзін төмен салған кезде серінің
Көз алдында бір ақ бейне жарқ еткен.
Сал ғой мынау,
Бұлбұлдайын айтар ән,
Сонда дағы өткір көзі,
Жайпаған.
Үкілеген тақиясы бар қызды
Киіз үйге кірген сәтте байқаған.
Сал серілер мәз мейрам боп құтырып,
Тұрған шақта сыйлы болып,
Күтініп.
Сал назары қызға ауған еріксіз,
Үнсіз ғана қарай берген жұтынып.
Көлбай, Жанбай қарындасы бүл деген,
Тал шыбықтай шешек атқан,
Бүрлеген.
Үміттенген көп жігіттің арманы
Кенде емес үлде менен бүлдеден.
Сері Біржан шығарып қап таңсық үн,
Ырзабекке айтып салды бар шынын.
Ақсүйекке бұл да бармақ,
Қызға ашпақ,
Ел алдында аша алмаған жан сырын.
Ырзабек те мынау сөзді құп алып,
Ыржаңдаған тосын жайға қуанып.
Секем алып, күдікпенен жүрмесе
Қыздың көп ақ аңдушысы
– Бұл анық.
Ну орманның ашылмаған қыртысы,
Қараңғыда байқалмайтын түр түсі.
Жігіттердің тиіп қашқан қарқылы,
Қыз-келіншек ерке сылқым күлкісі.
Таяп барып сіңіп кетті бұлар да,
Жүрек құрғыр дүрсілі бір тынар ма?!
Жолығардай іздегенге,
Сұлуға,
Бататындай махаббатқа,
Мұнарға.
Сұлу Көкше тас қараңғы түнінен,
Сұлу қыздың сыздап шыққан үнінен.
Іздеп әлек самырсыннан,
Шыршадан,
Топ қайыңның, ақ қайыңның түбінен.
Бүгін жоқ-ты айлы аспан арайлы,
Қараңғылық бүркеп алған маңайды.
Біреу-міреу кездескенде тіксініп,
Айналаға жалтақ-жалтақ қарайды.
Бір мезетте «Сері» деген түтігіп,
Дауыс шықты,
Жалт қараған..
Жұтынып.
Ләйлі шырақ сезгендей ақ бұларды,
Қалың топтан шыққан екен сытылып.
– Шырағым ау!
Аманбысың?!
Қарағым!
Ай дидарың, жарқыраған жамалың.
Бағанадан өзіңді іздеп жүр едім,
Сен деп бүгін айтылардай бар әнім.
Нұр, сәуле боп,
Шұғыла боп жанардай,
Қос көзіңнен мәрмар моншақ тамардай.
Айдан, күннен жаралғандай мүсінің,
Жүрегімді сергелдеңге салардай.
Көңілімнің қалауы да, еркі сен,
Көнер болсаң бір болмаққа серт ішем.
Бұл жараға дауа таппай, ем таппай
Сөзіңді алмай шерлі болам,
Дерт ішем.
Деген еді қасіретім, сол қайғым,
Жауап бермек болған сонда жөн Ләйлім.
Жақын маңнан
«Шырайлым» деп, «Ләйлім» деп,
Дауыстады бәйбішесі Көлбайдың.
Ырзабек те, Сал Біржан да соншалық,
Дәрменсіз боп, үнсіздікке жол салып,
Гүл Ләйліні шығарып сап көзбенен
Тіл байланып қала берген томсарып.
Ел демалды.
Таң да атты маздаған,
Көкіректе түнде жаурап, тоңған ән.
Серілер де үндемеді білместен,
Қонған елде ешқандай сөз болмаған.
Ештеңе де болмағандай барлығы,
Мәз мейрам жүр,
Шуақ шашып таң нұры.
Сал кеудеге әуен болып өсті гүл –
Айтылмаған өткен түннің қалдығы.
Күлім көзбен, жылы сөзбен құнарлы,
Алқалаған бір қауым ел бұларды.
Ел шетіне дейін ілесіп,
Даурығып,
Ат мінгізіп, шапан жауып шығарды.
Жалғызаяқ жолға шығып күз күнгі,
Саябырлап сөз бен күлкі қызғынды.
Алғыс айтып, хош деді де серілер
Ірікпестен қоя берді тізгінді.
Жол басында сағал мінген Сал Біржан,
Егей ерді топтап алып сән құрған.
Бағзыдағы Асан баба секілді
Жерұйықты іздегендей қаңғырған.
Талай өзен, талай кезең жол қалды,
Біржан салым тыңдатам деп олжамды.
Біраз жолды еңсергенде тоқтай қап
Қос ішекті домбырасын қолға алды.
– Ғажап көрдім, сұлу көрдім, күн көрдім,
Еш қызыққа алмаспайтын түн көрдім.
Кеше күні Ләйлі көрдім,
Бірақ та,
Тап осыған келген кезде күрмелдім.
Ал ендеше алдарыңда бәріңнің,
Ашайын мен бар қалауын жанымның.
Ең алғашқы тыңдарманы өздерің,
Таңнан бері толғатқан бұл әнімнің.
Қуқыл тартып, күрең жүзі түнерді,
Сәл ыңылдап, күйін тауып түнеугі.
Естімеген өзгешелеу ырғақпен
Домбырасын көсіп көсіп жіберді.
Ләйлім шырақ, дегенге, Ләйлім шырақ,
Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ.
Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек?
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.
Өзіме бер, шідерді тауып алсаң,
Елу теңге берер ем, сүйінші алсаң.
Жерде шіріп қалса да, өзіме бер,
Қыршын жасым қиылсын, бітім алсам…
4. БУРЫЛТАЙ
Бір адамға мынау емес оңай дерт,
Сал серіде болсадағы орай көп.
Әңгімесін түйіндеді Орман қарт
“Ләйлім шырақ” шыққан екен солай деп.
Тарихқа көңіл құршың қанарма ай!
Ішіңдегі алау отты жағардай.
Масаң тартып, өзгеше бір күй кештік,
Сол дәуірге барып келген адамдай.
Бұл өмірге айтпайтұғын базына,
Қарамайтын қысына да, жазына,
Толғап-толғап айтатұғын абыздың,
Көкірегі таусылмайтын қазына.
Бар білгенін аямайтын халықпыз,
Ақсақалды сүйіп кеттік анық біз.
Сұлу Көкше шежіресін шертетін
Әңгімесін ұйып тыңдап қалыппыз.
Шоқтай жайнап төнбесе де көкте күн,
Ымырт жаңа болған еді көп көрім.
Аңғармаппыз әңгімеге кірісіп
Уақыттың қалайша тез өткенін.
Ас ішілді, дастархан да жиналды,
Үлкеніміз демалуға ұйғарды.
Тағы біраз тыңдасақ деп ойлап ек,
Ақсақалды жөн көрмедік қинауды.
Бірақ оған қиналатын абыз ба?
Ұйқы сергек,
Таңы ұзақ тамызда.
Әңгіменің жалғасы бар деді де
Тағы ұйытып кетті жаңа аңызға.
– Баяғыда,
Баяғыда,
Баяғы,
Шашты Әзіздің тура келіп аяны.
Күлім Көкше,
Бүткіл Арқа төрінде,
Біржан салдың айтылмаған қай әні?!
Ел аралап, күйді баптап, әнді аптай,
Өмір өзен ағып жатты аңдатпай.
Біржан жүрген жердің бәрі той-думан
Салдық құрған, сері жүріс қаңбақтай.
Сері жинап үлгерместен айылды,
Жақсы әуеннің әдеті ғой байырғы.
Көкіректі кеулеп шыққан сол күнгі
«Ләйлім шырақ» дүйім елге жайылды.
Дүйім елдің құдағында жаны құт,
Көркем әуен көркем аңыз жамылып.
Кәрі жастың бәрі айтатын ән болды
Махаббатқа шер аралас қамырық.
Біржан кезбе,
Ләйлі сұлу ол – адал,
«Қосылмайды ау» деген түрлі жорамал.
«Біржан оны тоқалдыққа алама?»
«Алып қашпақ» деген аңыз және бар.
Қаңқу сөздер ел ішіне тез жетті,
Өсек аяң түбі нені көздепті.
Сол күндерде “Азынабай болысқа
Айттырылып қойған” деген сөз жетті.
Мынау сөзге сене де алмай тартынып,
Біржан сері қара терге малшынып.
Төбесінен жай түскендей болған-ды
Бір қызарып, бір сұрланып,
Алқынып.
Оқыс істен құтқармақ боп Біржанды,
Қапелімде жаңа бір іс бүр жарды.
Көрмей, сезбей, сенбейін ақ десе де
Айтып келген өз ағасы Нұржан-ды.
– Қой, Қарағым!
Жан бауырым!
Қарғам ай!
Ләйлі қыздың соңғысы боп қалмағай.
Алысам деп Азынабай, Жанбаймен,
Бір бәлеге ұрынасың аңдамай.
Қасіретке әкеледі құмарың,
Ел бүлігі атанасың,
Құладың.
Тұқымыңа тиеді оның залалы.
Не істесең де, артын ойла!
Шырағым!
Қандай? Қалай?
Қабылдайды ел мұны?
Ол сен үшін бәлелі ауыл ендігі.
Қас сұлуды таңдап өзім әперем,
Осы болып тұрса өмірдің кемдігі.
– Жооо, жоооқ аға,
Қайғы кешпей, мұң кешпей,
Ғашықтықтың ақиқатын білместей.
Қауесетке сене алмаймын мен сірә,
Тым құрмаса Ләйліммен бір тілдеспей.
Адамдай боп мезгілінен кешіккен,
Айрылғандай табақтағы несіптен.
Тыңдамастан ағасының басуын,
Екі ақ аттап шыға берген есіктен…
Көктем кезі.
Жасыл желек.
Жас тұнба.
Өңі кірген тау, даланың, тастың да.
Сонадайдан көрінеді Сал Біржан
Елеңдеген Құндызқара астында.
Сұлу тұлпар азаматтың көрігі,
Қаншырдайын басылмаған желігі.
Тіл білмекке жолға шыққан таң ата
Байкенже бар сеніп ертер серігі.
Күйкі тірлік үйден шығып ауаша,
Іштен-сырттан хабар біліп жаңаша.
Шын жалғанын айырмаққа жел сөздің,
Ләйліменен кездеспекші оңаша.
Құндызқара қалмайтұғын шет қалып,
Байкенженің тұлпары да текті анық.
Миы шығып жатқан жердің бетімен,
Ұзақ жүрген терістікті бетке алып.
Талай кезең,
Қырдан асты, бел асты,
Бірі қара, ал біреуі кер атты.
Түске қарай құлағының түбінен,
Сауырынан, қолтығынан тер ақты.
Осы аттардың көзіндегі жарқылмен,
Көп ештеңе айтылмаған жалқы үнмен.
Буырқанып тасып жатқан өзеннің
Жағасына жетті осы қарқынмен.
Талай жүрген, өткен жастық шағында,
Бұлдыр күндер айналыпты сағымға.
Қайран қалып қарап қалды Сал Біржан
Аттан түсіп өткел бермес ағынға.
Таяз көлге ұқсамайтын кей тұлдыр,
Көргеннен соң тасқын судың кейпін бұл.
Сай саладан төгілген су,
Әр тұстан –
Дәрияға айналыпты жойқын бір.
Сал Біржанға мынау болды және сын,
Тасқын судың кімдер білген бәлесін.
Екі жаққа кезек шапшып топан су
Жолаушының ұшырған-ды зәресін.
– Қап, әттеген!
Осылай да болама?
Мына өзеннен өткел барма?
– Жоқ, аға!
Секем алған кезімімді сөндіріп
Жол ортада жол қалдырған обал ә..
Ләйлі қайда?
Ауылы қайда?
Қай маңда?
Тіл жетпейді енді кесіп байлауға.
Мынау тасқын басылғанша Көлбайдың
Елі көшіп кетер мүмкін жайлауға.
Шара жоққа көңіл қалды жаралы,
Дұрыс болмай ойлап шыққан бағамы.
Жаз шыққанша басылмайтын тасқынның,
Ағынына үнсіз ұзааақ қарады.
Күдер үзіп амал таппай сенделді,
Қуаныш пен қайғыны да тең көрді.
Сумен жүзген қаққа және қайраңға,
Үлкен-үлкен сеңге қарап шерленді.
Арзу тыңдар бейуаз аң да, құс та жоқ,
Кері қайту қалды соңғы нұсқа боп.
Өз өзіне күбірледі жай ғана
«Адам қолы қалай ғана қысқа» деп.
Тілсіз жау боп көлденеңнен кез келді,
Ендігі арман өлең болып өзгерді.
Қалқатайға айтар жыры төгіліп,
Санасына бірер шумақ сөз келді.
Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың,
Сағасы өткел бермейді терең сайдың.
Құба жонға шоқытып шыға келсем,
Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың.
Қамшы бастым асығып Бурылтайға,
Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма?
Жұрт жаңғыртып орнынан бір күн түнде,
Қалқатайдың ауылы кетті қайда?…
5. ҚАРШЫҒА САЛҒАН ҚОҢЫР ӘН
Айтылды сөз күйге бөлеп аспанын,
Шер шежіре уақытта қас қағым.
Солған, семген, майда, қоңыр дауыспен,
Аңдамады өзі де әнге басқанын.
«Ләйлім шырақ», «Бурылтайды» ағызды.
Тарихына қанық болып аңыздың,
Сарқылмайтын байлығына тамсандық
Көкірегі көл дәрия абыздың.
Тамсандық біз біліміне,
Жадына,
Тамырында ән тулаған қанына.
Қалай ғана келген екен ораты
Жолаушының жолыққандай бағына.
Ырза болдық, алғыс айттық, таңдандық.
Талай талай сөз ұшығын арман қып.
Ұйқы сергек болса дағы ертеңгі,
Жолды ойлап демалуға қамдандық.
Ғашық болып маң далаға, өлкеге,
Тәнті болып сал серіге, еркеге.
Бір ғажайып қуаттанған күйменен
Сүңгіп кеттік жатын орын, көрпеге.
Ән қалықтап, аласарып жақпар құз
Сал Көкшенің бал күйінен татқанбыз.
Шаңырақтан жымыңдаған жұлдызға
Мейірлене күлім қағып жатқанбыз.
Жанып, сөніп көңілдегі жай кірбің,
Тәтті аңызға алаулаған қайғы ілдік.
Сәт мезеттік құс ұйқыға шомдық біз
Кеткен еді жұлдыз қалғып, ай мүлгіп.
Сұлу, сүмбіл түн бүркеген қанатты,
Тыныштықпен әлдилеген алапты.
Майда қоңыр самалымен аймалап,
Сал Көкшенің ерке сылқым таңы атты.
Ерте оянған Орман қартым әуелі,
Кезеңде жүр,
Өзіндік бар әлемі.
Ұлын сырттай бақылап тұр, қырағы,
Сол емес пе жылқышының әлегі.
Танымайтын, көз көрмеген түр түсі,
Көмек қылған және де бар бір кісі.
Ту сыртынан қарағанда жұпыны,
Түрі мосқал, можантопай жылқышы.
Мама бие тұрса дағы тебіне,
Бастырмаған жақындатып төріне.
Құлындарды құлағынан баса ұстап,
Байлап жатыр шұрқыратып желіге.
Айқайы да мысын басар айбатты,
Шайқап, найқап,
Шықпыртып жүр қай жақты.
Зор тұлғалы, жауырынды, иықты,
Денеге сай қарулы да қайратты.
Жылқы бақса осы жігіт оңар деп,
Қарсы келген қасқырды да соғар деп.
Жеңіл, епті, тұлғасына сүйіндік,
Нағыз жылқышы осындай-ақ болар деп.
Құлындарды желі жаққа байлап боп,
Қисық сайға айғыр үйірді айдап боп.
Орман қартым қайта үйге шақырды,
Таңғы шайдың несібесін жаймақ боп.
– Ал, балалар, мынау жігіт қарсыда,
Айналмақ ау сендер күткен жаршыға.
Көрші ауылдың бағып жүрген жылқысын,
Есіл жігіт,
Есім сойы – Қаршыға.
Өнері бар бүкіл ауыл сүйетін,
Жас балуан.
Балуан шолақ – киесі.
Ең бастысы құйқылжытып шырқайтын,
Шер тарқатар асқақ дауыс иесі.
Көрсетем деп жай жапсарын батырдың,
Сырын айтар сал-серінің, ақынның.
Ту алыстан құдай қонақ келді деп,
Мана ұлға әдейі айтып шақырдым.
Көкше әуезін қаттап, жұптап ойыңа,
Қырпу әнді қыртысынан қайыра.
Қыза бөртіп тарағанда шырқарсың
Сал Көкшенің сары қымызы бойыңа.
Деді дағы келін берген тоңы әппақ,
Сары қымызды жұтына ішіп, сораптап.
Ақан сері, Ыбырайдан үкілі,
Әңгіме айтты ел білмейтін адақтап.
Ал біздің де көзіміз тек қадалған,
Жылқышыға өнері бар сан алуан.
Қарт айтпаса білмес едік тәпсірлеп,
Жыға танып шоқтай жанған жанардан.
Қатпа қара, тымақ киген и тері,
Осыған да қонарма деп күй тегі.
Қайыс ұстап білеуленген дойыр қол,
Домбыраға келерме екен икемі?!
Әр түрлі оймен іштей мүжіп сөгеміз,
Мақтау менен даттау шіркін!
Неге егіз?
Қуаныш па, жұбаныш па, шаттық па?
Не болса да бұл жігіттен көреміз.
Қымыз ішіп,
Мұрны тершіп, бүрлеген,
Жан тиегін ағытпаққа күрмеген.
Алып шықты аяп ұстап, әдіптеп,
Қапқа салған домбырасын іргеден.
Құлақ күйін теңшеп, екшеп сүйіне,
Қос ішекті жөнелген-ді иіре.
Ән де емес, толғау да емес басқан-ды,
Нұрақайдың баяу мұңлы күйіне.
Жаз етегін жел тербеген айдауыл,
Қымыз исі көтере алмас қайғы ауыр.
Тыңдаған жұрт мүлгіп кеткен әлетте,
Әсем әуез іліп кетті майда бір.
Құлағында қоңыр әуен сәлдесі,
Саусағында иірімі әуресі.
Жан бітірді маңдайынан сырғып кеп,
Текеметке сіңген күннің сәулесі.
Жас кеудеге солмайтұғын гүл екті,
Кәрі дене шымыр етті, дір етті.
Қызыл ағаш домбыраның ішегі
Баяу қақты дауылпаздай жүректі.
Әннің аты – Майдақоңыр.
Буалдыр,
Ойды шырмап, күрмеп алған тұман дүр.
Сері Ақанның сергіп айтар мұңлығы,
Сергімеске дауа барма бұған бір.
Дала желі – тілсіз, бірақ,
Ән – тілді.
Асқақ дауыс үдеп шыққан қарқынды.
Биіктетіп алты қанат аспанға,
Төмендетіп қара жерге шарқ ұрды.
Көзін жұмып тыңдаған қарт сұсты еді,
Жазылғандай қамырығы іш толы.
Әсем әнге еміреніп, үздігіп,
Кірпігінен құлап түсті құс жолы.
Қайран Ақан!
Алаш сүйіп тыңдаған,
Таудан, көлден,
Қылаң беріп жылғадан.
Ұйып тыңдап, түсінгенге үн тілін
Үкілі әннің толқынына шырмаған.
Тебірентіп, төкпелетіп, төгілтіп,
Қапталына келмейтіндей өмір түк.
Майда қоңыр әнмен ғана Қаршыға
Елеңдетіп қойды жұртты емінтіп.
Домбыраның қағысымен бізді атып,
Жаймашуақ жылу шашып,
Мұздатып.
Желдірмелеп көшті өзгеше бір әнге
Тағы да бір сазды бастап,
Сыздатып.
Қоңыр күйдің қалың бұлты алдағы,
Көшіп жүрген,
Көшудің де бар мәні.
Сөз бен әуен қалай ғана көтерген
Жүрекке де сыймайтұғын салмағын.
Тіршіліктің баянсызы бұл өзі,
Мағынасыз, мәнсіздігі бір өзі.
Бүгін күлкі, ертеңгі күн қайғының,
Жел күндердің құрғақ, сырғақ мінезі.
Бүгін өмір қыз күлкісі ажардың,
Ол ертеңгі үнсіздігі ажалдың.
Жастық деген жарық, сәуле,
Ал қарттық –
Көлеңкесі, тарқағаны базардың.
Сырғақты өмір Сал Біржанның ей, досы!
Тағдыр деген тайғанақ жол кейде осы.
Кеңірдектен желдей ескен үкілі ән,
Мәңгі тұрмас жас дәуреннің бейнесі.
Сүйекті сөз, шымыр мәтін, сұңғақты,
Ғар кеуденің ақ қанатын шын қақты.
Есіл әннің гауһарындай – Сырғақты,
Асыл сөздің жауһарындай – Сырғақты.
Сұлу өлең, сүмбіл дастан Сырғақты,
Күңренген ән, күмбірлі аспан Сырғақты.
Қолаңшашын жел тарған арудың
Күлкісіне сыңғыр қосқан Сырғақты.
Арғымақтай қақшаң қаққан Сырғақты,
Алты қат көк аспандатқан Сырғақты.
Шекті өмірде мән таппаған кәрінің,
Жанарынан жас парлатқан Сырғақты.
Жаратқанның әміріндей Сырғақты,
Жеткен бізге тәні үгілмей Сырғақты.
Сағым ойнап құйқылжыған қоңыр саз –
Көркем әннің тәңіріндей Сырғақты.
Керім сөздер, кербез әуен – әнұран,
Жолаушыға бақ боп келген жолынан.
Қорғасын бұлт бұлаулаған көз жасын
Қоңыр қаздай қоздағанда қоңыр ән.
Көне жолдан қалған тұяқ,
Із сарна,
Басу бермес сұрғанмен сіз сауға.
Сағым қуған әнмен бірге жөңкіліп,
Сар далада қала бердік біз сонда.
Біз тыңдаған, жеткен биік –
Бұл ұшпақ,
Жүрек түгіл желке терің құрыспақ,
Асқақ әннің саясында жел тербеп,
Қаршыға да қалды бір сәт тыныстап.
Түйсінеің құлақ тыңдап,
Көз көрмей,
Ақыл, сана өлшейтұғын безбендей.
Үнсіз ғана бас изеді күрсініп,
Орман қарт та ән дауылын сезгендей.
Жаңа ашылған құмыраны тығындап,
Көңіл сергіп, ән алқымы буынды ап.
Бір алапат нөсер құйып өткінші,
Кемпірқосақ ашылғандай жымыңдап.
Көп адамдар біліп білмес түйсіне,
Кеткендей ақ көкірекке күй сіңе.
Бір мезетте масаң тартып,
Мастандық,
Жаңбырдан соң жалғыздықтың исіне.
Таудан асып,
Бұлттарды еміп аралап,
Теңіз тербеп, қанат қағып шағала.
Бұрын соңды болмаған бір күй кештік,
Өң мен түстің арасындай өлара.
Жетекке ермей жүректің де, ақылдың,
Иі қанған түсі сынды пақырдың.
Бір әлетте есім жисам астымда –
Темір тұлпар,
Қайтып бара жатырмын.
Құлай кетіп құз жартасқа, шағылға,
Дауысы әлде күміс көмей, лағыл ма?!
Қырғи қабақ Қаршығаның сорғалап,
«Сырғақтымен» сызылтқаны жадымда.
Ащы ішектей бұл өмірдің баянын,
Күймен емдеп, жазып көңіл қаяуын.
Ән бұлбұлы Біржан салдың соңғы әні
«Теміртаспен» тәмәмдаған аяғын.
Ол «Теміртас» Біржан үшін мәңгі іңір,
Көз алдымда сағым ойнап сал дүбір.
Бар қазақтың аясына сыймаған,
Аңдаусызда сөнген, семген ән ғұмыр.
Қазақ үшін сөз құдірет, ән маржан,
Орындалған күн ғой бүгін мәңгі арман.
Мынау сапар ән мен аңыз көмген жол
Жолаушының жолын сәтті оңғарған.
Өшпес, кетпес бұл есіл күн қалды есте,
Көрген, жиған қазынамыз ән десте.
Терезеде –
Ақан сері, Сал Біржан,
Терезеде –
Cері Көкше, Cал Көкше.
Көбе сөгіп күн түскенде қақырап,
Күлім қаққан айнадайын атырап.
Сал серінің падишасын тудырған
Қасиетіңнен айналайын топырақ.
«Сал Көкше» кітабынан.
