
Әйгілі Естай ақын туралы бала күнімізде үзік-үзік әңгіме естіп өстік. Өмірден ерте өткен әкем Жәлелдің қалақ домбырасын қолға алып:
«Ертістің арғы жағы – Арғанаты,
Әншінің домбырасы – қолқанаты,
Жағалап Қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жайқоңыр» деп әннің аты» деп баяулата айтатын әні де құлағымда еміс-еміс қалыпты. Балалық шақ та, студенттік шақ та зыр етіп өте шығып, 1984 жылы Ақкөл орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолымды бастадым. Шамамен, арада екі-үш жыл өткенде мектеп директоры Қанат Жандарбековтің ұйытқы болуымен музей ашу қолға алынды. Мұғалімдер оқушыларға үй-үйден сирек көне заттар, фотосуреттер жинауға тапсырма берді. Сол уақытта қолымызға он екі парақты көк дәптер ілікті. Ақкөл мектебінде физика пәнін оқытқан, бақилық болған Зейін мұғалімнің қолжазбасы екен. Алғашқы беттен-ақ қызыға оқыдым, оқыған сайын Естай ақын өмірінің біршама сәттері көз алдымда көлбеңдеп өтіп жатты. Кейін білдім, Бәрмен шалдың баласы Зейін мұғалімнің руы – Алмашы екен, Естай ақынмен аталас, бәлкім жегжат. Ел аузынан әнші жайлы дерек жинауы да содан болар. 1990 жылы журналистік жолға түскенде музейдегі әлгі дәптер ойыма оралып, мектепке іздеп барып едім, таппадым. «Қап» деп өкініп жүргенімде сол қолжазба негізінде жазылған «Ақын өмірінің кейбір кезеңдері» деген естелікке тап болдым. Павлодар қаласына барған сапарымда журналист Айтжан Бәделхан құрастырған «Естай» кітабын сатып алған едім. 2002 жылы баспадан жарық көрген кітапта Естай ақын туралы естеліктер топтастырылып, соңында түсініктеме беріліпті. «Ақын өмірінің кейбір кезеңдері» туралы деректі жазбаны «Ақкөл» совхозындағы мектепте ашылған Естай музейіне тапсырған екен. Мақалаға сол материал негіз болды» деген түсініктеме көзіме оттай басылып, жоғалған дүние табылғанына қуандым.
Арада тағы 6-7 жыл өткенде Естай ақын тақырыбын қаузауыма тура келді. Бұл жолы оған қазақтың қайраткер азаматы Қуат Есімханов себепші болды. Қуат ағаның Естай ақынның туған жеріне белгітас орнату ойы болып, соны нақтылауды Әбілқақ аға арқылы менен өтінді. Екі аяулы ағамның тапсырмасын орындау мақсатында 2009 жылдың күзінде Төртүй ауылын бетке алып жолға шықтым. Төртүйде досым Теміржан Молдахметовті қасыма ертіп, Қаражар ауылына аттандық. Іздеген қариямыз Кәкен Тәшімов үйінде екен. Сәлем беріп, сапарымыздың мән-жайын түсіндірген соң, ескі әңгімеге жүйрік Кәкен қария Естай ақын туралы ақтарыла сөйледі. Әңгімесін тыңдап болған соң, сыртқа шығып, ауыл ішінде төмпешік болып қалған ескі үйдің жұртын көрсетті. Төмпешіктің әр тұсынан үйдің іргетасы көрініп жатыр.
– Міне, Естай ақын осы үйде тұрған. 1946 жылдың қысында Павлодар қаласына жол жүріп, содан оралмады ғой. Ол жағын білесіңдер. Енді ауылдан қашық емес жердегі Беркімбай қорасын көрсетейін. Естай сонда туған, – деп Кәкен қария бізге көлікке отырайық дегендей ишара жасады. Беркімбай қорасы Қаражар мен Талдықамыс ауылы арасында, Өлеңті өзенінің жағасында екен. Шілік, бүрген басқан ескі жұртта төмпешік көп, соның бірін «Мынау Беркімбай қорасының орны» деп Кәкен қария жазбай таныды. Содан соң ескі жұрттан онша алыс емес Өлеңті өзеніне қарай жүріп, «Көктемде өзен суы тасып өткел бермейді. Мына бір саяз тұсынан Естай ақын салт атпен әрі-бері өтеді екен. Жұрт бұл тұсты «Естай өткелі» деп атайды», – деген қария аз-кем ойға шомып, үнсіз тұрды.
Осы арада мынадай түсінік бере кету ләзім: Қазіргі уақытта Естай ақын біресе Қаражарда, біресе Талдықамыста туған деп айтылып жүр. Ақын Қаражарда өмір сүрген, бірақ тумаған. Ал Талдықамыстың жөні бөлек. Естай ақын қазіргі жаңа Талдықамыс ауылында емес, ескі Талдықамыста туған. Ақын, өлкетанушы Қимадиден Нығманов өз естелігінде ескі Талдықамысты Бұрымтал деп атайды. Ескі Талдықамыс дейміз бе, Бұрымтал дейміз бе, әйтеуір Беркімбай қорасы сол жұртта жатыр. Олай болса, Естай ақынның осында туғаны анық.
Негізі, Естай ақынның туған жері туралы жаңсақ дерек әуелгіде Кеңес заманында шыққан энциклопедияда жіберіліп, Ақкөл ауылында туған деп көрсетілген. Содан болар, 1970 жылы 22 ақпанда «Ақкөл» совхозының Мәдениет үйінде Естай ақынның туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтеді. Бұл оқиға жайлы Айтжан Бәделханның «Естай» кітабында «Ақкөлдегі салтанат» атты шағын ақпарат келтірілген. Осы ақпаратты оқи отыра, Естай ақынның туған жерінің қате аталғанына қоса, туған жылы да қате есептелген екен деген ой туады. Рас, Естай ақын өз өмірбаянында Ақкөл ауылында тудым деп айтқан. Алайда, әншінің айтып отырғаны «Ақкөл» совхозы емес, Әулиекөлдің (ертедегі атауы – Ақкөл) жағасындағы Қаражарда Кеңес өкіметі жүргізген елді ұжымдастыру саясаты кезінде құрылған Ақкөл колхозы. Естай ақын сол колхозға мүше болып кірген. Сонда тұрып жатқандықтан, туған жерін Ақкөл ауылы деп көрсетіп жіберген сияқты. Ол колхоз көп ұзамай тарап кеткен. Мұны да Кәкен қарияның аузынан естідік. Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылар Ақкөл колхозы мен «Ақкөл» кеңшарының мүлде бөлек елдімекендер екенін білмей, шатастырып жіберген. Сонымен қатар, 1970 жылы Естай ақынның 100 жылдығы тойлануымен де келісу қиын. Ақынның туған жылына қатысты пайымымызды сәл кейінірек жазамыз.
Сонымен, Естай ақынның туған жері анықталып, 2009 жылдың 24 қазанында Қаражар ауылында оған белгітас орнатылды. Белгітасты орнатқан азаматтар: Қуат Есімханов пен Совет Келдібаев. «Отарқа» газетінің сол жылғы 29 қазанында шыққан нөмірінде осы оқиға жайлы «Естай ақынға белгітас орнатылды» атты мақала жазылды. Қаражар маңындағы Беркімбай қорасын көрген сәттегі әсерім түрткі болып төмендегі өлең жазылып, жұрт алдында оқылды.
– Жадырап Қаражардың жарқабағы,
Түйілген іште мұңы тарқағаны.
Қадірлеп тас қойған соң баласына,
Жайылма кербезденді Арқадағы!
Толқиды Әулиекөл тартқан қайраң,
Суылдап нар қоғасы қағып жайраң.
Оралғандай дәурені жағасына,
Кешегі Естай ақын салған сайран.
Мүлгіген керім дала, тал мен шілік,
Тыңдайды Естай әнін құлақ түріп.
Беркімбай қорасы да күтіп жатыр,
Кетер деп ескі жұртқа тізе бүгіп.
Естайды көзі көрген ескі таныс,
Көш жерден қарауытып Талдықамыс.
Жөңкілген ақша бұлттан сәлем айтты,
Қыз Қорлан ауылына қалған алыс.
Дариға, бір белгі еді өткен күннен,
Сал-сері сауық құрып, ойнап-күлген.
Топ салт атты жасанған қылаң берді,
Өлеңті өрлеп, Естайдың өткелінен.
Қуанышты бөлісіп жер мен аспан,
Алтын күн төбемізден шашу шашқан.
Жаралған Естай ақын топырағында,
Орныққан айналайын белгітастан!
2010 жылдың жазында ғажайып «Қорлан» әнін тудырған Естай ақынның өміріне қанығу, ғашықтық тарихына үңілу мүмкіндігі туды. Сол жылы Қуат аға бастап 10 шілдеде сапарға шықтық. Ол сапар жайы «Отарқа» газетінің 15 шілдедегі № 29 санында «Қаранайда Қорланға белгітас қойылды» деген мақалада жазылды. Содан үзінді келтірейін:
«… Павлодардан қозғалған автокеруен жолай Шарбақты кентін басып өтіп, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қос кеден бекетінде бір мезет ат шалдырды. Осыдан соң, заманында ата-бабаларымыздың табаны тиген, қазақтың құлағы қанық Құлынды даласын бөктерлей, Табанды ауданын кесіп, қазақтар Шот деп атаған Славгород қаласын қақ жарып, Бүрлі ауданының аумағына да жеттік. Таспадай тартылған асфальт жол ақыры автокеруенді кезіндегі Топольский кеңшарының Притики бөлімшесіне алып келді. Притики ормандай орыстың ортасын жайлаған бір шоғыр қазақтың қонысы екен».
Сапар мақсаты – әйгілі Қорлан сұлу қабірі басына белгітас орнату еді. Қорлан сұлу Притики ауылынан қозы көш жердегі Қаранай қорымында жерленген екен. Қорым басына белгітас қойылды, тастың жоғары жағына: «Бұл қорымда қазақ халқының хас сұлуы Қорлан (Қорлығайың) жерленген (1878-1937). Қыпшақ қызы» деген жазу, төменгі жағына: «Дариға, өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан» деген өлең жолдары қашалған. Біз құлпытастағы жазуды жай әншейін келтіріп отырған жоқпыз. Қорлан сұлудың туған жылының белгілі болуы – Естай ақынның туған жылын анықтауға жарық түсіреді.
2018 жылы өнертанушы Қайрат Айтбаевтың «Бір мысқал» кітабы баспадан шықты. «Қорланға қойылған құлпытаста 1878 жылы туған деп жазылған. Қорлан 1893 жылы он бес жаста, Естай жиырма жаста болады…», – дейді өнертанушы. Қайрат Айтбаев мегзеп отырған 1893 жыл – Естай ғашық болып, «Қорлан» әнін шығарған жыл. Біраз зерттеушілер айтып жүргендей, егер Естай 1868 жылы туды деп есептесек, сонда 10 жасар Қорланға ғашық болғаны ма? Қисынға келмейді.
Өз басым, өнертанушы Қайрат Айтбаев тәрізді, Естай ақын 1873 жылы туған деп санаймын. Бұл сөзіме келтіретін дерек пен дәйек те таптым. Ақынды 1868 жылы туды деушілер Естай Беркімбаевтың 1940 жылы Қазақстан Композиторлар одағына мүше болардағы өмірбаяны мен «Личный листок» прақшасына сүйенеді. Екі құжатты да Естай өз қолымен толтырмаған, сырттан біреу толтырып, соңына араб әріпімен «Естай Беркімбаев» деп қол қойған. Естайдың өмірі мен шығармашылығын көп зерттеген журналист Айтжан Бәделханов бұл құжаттардың шынайылығына күмән келтіріп, ақын не 1872 жылы, не 1873 жылы туды деген байлам жасайды. Сөйтіп, «Естай 1946 жылы 15 наурызда өмірден өтерде шығарған «Қоштасу әнінде»: «Мінекей, биыл келдім жетпіс үшке» дейді, сонда 1873 жылы туған болып шығады», – деп тұжырымдайды. Өкінішке қарай бұлтартпайтын осындай деректер мойындалмай отыр.
2018 жылы Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөлдің (Ақкөл) жағасында Естай ақынның 150 жылдығы тойланды. Той қарсаңында Естайдың туған жылы туралы пікірталас тағы өршіп, Айтжан Бәделханның «Естай» кітабын сүзіп, мұқият оқып шығып, бұған дейін ешкім мән бермеген деректерге кезіктім.
Академик Ахмет Жұбанов «Естай» атты естелігінде: «Ол Қазақстанның шұғылалы астанасы Алматыға жасы алпыстың бесеуіне келгенде келеді.
– Жастықпен араладым талай жерді,
Табиғат композитор өнер берді.
Алпыс бесте сайрайын енді біраз,
Мінекей, шаттық-шарық күнім туды, – деп жырлайды. Ал композитор өзінің «Туды күнім» деп шығарған әнінде:
– Бесеуіне алпыстың келді жасым,
Күн өткізген қорлықпен менің басым.
Баға берер өнерге жан таба алмай,
Мен бір жан босқа өткізген есіл жасын, – деп жырлайды», – дейді. Ары қарай: «Естай 1939 жылдың апрель айында Алматыға келіп, көптеген әндерін нотаға берген…», – деп жазады.
Ахмет Жұбановтың бұл сөзі, өкінішке қарай, назарға алынбай отыр. Егер Естай 1868 жылы туған десек, Алматыға 1933 жылы – ел аштықтан есін жия алмай жатқан тұста барған болады. Бұл – мүмкін емес. Аштық жылдары Естай елден кетіп, Омбыда жансауғалаған, туған жерімен қоштасып, өз өлеңінде: «Туған жер Талдықамыс, Жаудыркөлім, Шау тартып жас алпысқа келген кезім…» деп айтады. Осы өлеңде «Отыз бір өміріме болдың қауіп» дейтін жол да бар. Ақын 1868 жылы туды десек, 1931 жылы 63 жаста, ал 1873 жылы туды десек, 58 жаста болар еді, яғни 60 жасқа қараған шағы. Ал «Туды күнім» қашан жазылғанын анықтау қиын емес. Естай ақынның 1939 жылғы Алматыға алғашқы сапары туралы баспасөзде жазылуы ықтимал. Яғни, іздеген адам дәлел таба алады.
Айтпақшы, 1936 жылы ғана Кеңес өкіметі өнерге мән беріп, Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өткізілгені тарихтан белгілі. Естай ақын Алматыға 1933 жылы барған болса, мәдениет министрі Темірбек Жүргеновтің көзіне ілігіп, 1936 жылы «Қорлан» әні авторы онкүндікке барған өнер делегациясы сапынан табылар еді.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде ақын-жазушылардың өмірі шығармашылығын зерделеу арқылы зерттеледі. Осы орайда, осы уақытқа дейін еш зерттеушінің Естайдың туған жылын анықтау үшін ақынның шығармашылығына үңілмегені қайран қалдырады. Солай етер болсақ, тағы біраз дерек табылары хақ.
Айтпақшы, өз пікіріме тиянақ болатын жайт – Естай үш өлеңінде үш мәрте өз жасын қате жырлауы мүмкін емес. Әрі жанама дерек те ақынның 1873 жылы туғанына нұсқайды. Қайым Мұхамедхановтың естелігінде Естай ақын: «Ақан серімен жиырма жастағы кезімде кездесіп, бір жыл қасына ердім. Ақан ол кезде елуде еді», – дейді. Ақан сері 1843 жылы туған, 1893 жылы 50 жаста болған. Сол жылы Естай жиырма жаста болса, демек 1873 жылы туған.
Қысқасы, Естай ақынның туған жылы – 1873 жыл деген ұйғарым жасау абзал. Ертеректе түгілі, бертін де адамдардың салғырттығынан жаңсақтықтар кетіп, оны түзеу жеңіл болмай жатады. 1993 жылы Екібастұз қаласындағы Калинин көшесін Естай Беркімбаев көшесі деп атау туралы қала әкімдігінің шешімі шығарылған еді. Сол уақытта мұны жұрт жылы қабылдады. Алайда қала әкімшілігінің 1993 жылдың 15 тамызындағы № 1094 шешімін жүзеге асыру соған жауапты адамның жауапсыздығы салдарынан жартыкеш орындалып, көшеге «Беркімбаев к-сі» деп жазылған тақтайшалар орнатылды. Әйгілі ақын, әнші-сазгер жұртқа Естай атымен танылғандықтан, көпшілік «Беркімбаев көшесі» неғылған көше?» деп жылдар бойы түсінбей жүрді.
Сол себепті де 2018 жылдың шілдесінде қалалық архивтен Сансызбай Төлеубаев арқылы сөз болып отырған шешімнің көшірмесін алғызып, «Отарқа» газетінің сол жылғы № 29 санында шағын мақала жариялап, жіберілген қатені түзетуді өтініп атқарушы билікке хат жазған едік. Ол екі арада билікте бірнеше рет ауыс-түйіс болды, бірақ мәселе оң шешімін таппады. Сөйтіп, күдер үзе бастағанда, мақсатымызға жетіп, көше атауы тақтайшалары ауыстырылды. Жаңа тақтайшаларда: «Естай Беркімбаев көшесі» деп ақынның аты-жөні толық жазылды. Осылайша, кештеу болса да, әділдік салтанат құрды. Енді Естай ақынның нақты туған жылы 1873 жыл екені мойындалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жассерік СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
