«Aiqara.kz» порталының оқырмандарына неміс қаламгері Эдит Шмитцтің детектив әңгімелерінің топтамасын ұсынамыз. Неміс тілінен аударған – екібастұздық жазушы, аудармашы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Рауза Мұсабаева.

 

Мәйітпен «тілдесті»

Херберт Инграм үшін сеспей қатыруға тапанша мен анашаның бірнеше грамы ғана қажет. Оның одан өзге таңдауы да жоқ. Херберттің көзі бірнеше жыл бұрын әкесінен мұраға қалған екі миллион маркаға ие Генриетте Костерге түсті.

Үріп ауызға салғандай Генриетте – өз еркі өзінде жүрген сұлу бойжеткен. Өзі теннис клубына мүше. Клубтағы жігіттер Генриетте теннис ойнағанда одан көз алмайды. Әйелдерді құрығына түсірудің әккісі Херберт Инграм біраздан соң қыздың табиғаты өзгеше екенін де қалт жібермеді. Қайткен күнде де Генриеттемен жақынырақ танысу қажет.

Қызды Бальдене көлінде моторлы қайықпен түстеніп қайтуға шақырғанда ол келісе кетті. Айы оңынан туды деген осы. Қайықты жалға бір күнге ғана алды. Бағасы удай моторлы қайыққа біраз шығынданды. Қарызы басынан асқан ол үшін енді бәрібір. Егер тез арада Генриетте Костерді өзіне қаратып, оған үйленетін болса, шыр бітіп, қарызданып-қауғалануын қояр еді.

Бәрі алдын ала ойластырылды. Шарап пен гүл де естен шыққан жоқ. Ымырт үйіріле қызбен кездескен Херберт Инграмның қолы көктегі айға жеткендей еді. Бір-бірін сөзсіз ұғынысқан олар тағдыр қоспақ болды.

Екеуінің шуақты сәттері алдағы аптада Вольфганг Хенкель теннис клубының мүшелігіне өткенге дейін жалғасты. Спортшы Вольфганг алдына жан салмайтын теннисші екен. Тіпті Херберт Инграмның өзін жолда қалдыратын шебер ойыншы боп шықты. Вольфганг Хенкель «бәсекелесім» болар-ау деген ой миына кіріп-шыққан емес. Енді бұл Генриеттенің күн өткен сайын тенниске қызығушылық танытатынына сақтықпен қарады. Қыз Хенкельмен теннис турасында ұзын-сонар әңгіме-дүкен құруды, тіпті теннис газетін бас алмай оқитынды шығарды.

Түске таман Херберт Инграм сыра ішуге теннис алаңына беттеген еді. Қараса, көлік тұрағында Генриеттенің ақ шаңқандай спорт көлігі Вольфганг Хенкельдің BMW-сінің жанында тұр. Сырасын сіміріп отырып, терезеден қарағанда көзіне Генриетте түсе кетті. Ол ең соңғы орында тағы да әлгі Вольфганг Хенкельмен ойнап жүр екен. Екі езуі екі құлағында. Херберт ол екеуінен көз алмады. Енді не істесе екен? Болашағы бұлыңғыр тартып, тығырыққа тірелгені бір бұл емес. Егер мына қызға тез арада құрық салса, ақшадан тарықпасы анық. Жолын Вольфганг Хенкельдің кес-кестеп тұрғанын қарашы. Жедел әрекет етпесе болмас.

Енді ол жеке меншік бір фирмамен келісімшарт жасасты. Фирма Вольфганг Хенкельдің бұрын немен айналысқанын анықтап береді. Арада біраз уақыт өткенде фирма оның бір жыл бұрын анашаның кесірінен полициямен арадағы кикілжіңнен кейін Мюнхеннен кеткенін мәлімдеді. Олардың білуінше, Вольфганг сот алдында сүттен ақ, судан таза боп шыққан. Нақты айғақ та жоқ. Эссенге табан тіреген ол іскер адам боп есін жиыпты.

Инграм енді ойға шомды. Вольфгангтың жанын жәһаннамға жіберу керек. Жоспары да керемет. Дәл қазір теннистен халықаралық турнир басталғанша күтуге тура келеді. Хенкель жыл сайын осы қалада өткізіліп тұратын теннис турнирінде ең мықты деген бес ойыншының қатарында. Әдетте жарыстан кейін саябақтағы қонақ үйде үлкен мереке өтетін. Инграм биылғы жарысты ұйымдастырушылардың бел ортасында. Салтанатты кеш кешкісін саған сегіз жарымда басталады.

Соның алдында ғана қонақ үйден жылыстап шығып кеткен ол сағат тілі сегізден он бес минут кеткенде Хенкельдің үйіне жете бере кілт тоқтады. Есіктің қоңырауын басарда қолғабын киіп алды. Есікті Хенкель ашты. Мерекеге лайықтанып киінген ол аузын ашқанша болған жоқ, оны артқа итерген Инграм көз ілеспес жылдамдықпен тапаншасын алып шығып, шүріппесін басып қалды. Қапияда мерт болған өліктің жанынан зу етіп өте шыққан ол Хенкельдің жазу үстеліне барып, қағазға оралған анашаны қалдырып кетті.

Содан кейін пәтерден шығып, есікті жайлап жапты. Көлігіне отырмас бұрын тапаншасын көлге лақтырып жіберді де, қонақ үйдің астындағы көлік тұрағына көлігін қойып, дымын білдірместен мәжіліс залына бет алды. Барда Генриетте кезіге кетті.

– Сәлем, Херберт. Мен сені ойдан-қырдан іздеп жүрмін, –  деді қыз мазасыздана. Десе де, қыздың  мұны емес, Хенкельді іздеп тұрғаны анық.

– О, жұмысым бастан асады, –  деді Инграм. –  Мерекені өткізуге алашапқын боп жүрмін.

Осы сәт теннис клубының ақ шашты төрағасы Мюллер бұған жақындап: «Вольфганг қайда жүр? Жүлдені бөлу үшін жарысты онсыз бастай алмаймыз», – деп жатты. «Кешігіп жатқан болар. Қазір үйіне қоңырау шалайын», – деген Инграм қонақ үйдің шыға берісіндегі телефон кабинасына беттеді. Оған Мюллер ілесті. Телефон кабинасына енген ол Хенкельдің телефон нөмірін терген сыңай танытты. Сыртта тұрған Мюллерге Инграмның дауысы алыстан талып жеткендей ғана құмығып естілді. Кенет жалт бұрылған Инграм Хенкельдің атын жан дауысы шыға айғайлап айтып, тысқа атып шықты. «Жайсыз жағдай болған ғой. Хенкельдің пәтерінен мылтықтың атылған дауысы естілді. Ол тіл қатпай қалды. Полиция шақыруымыз керек», – деді ол абдырап.

Біраздан соң қонақ үйге кеп жеткен инспектор Тэлен мәжіліс залының жанындағы бөлмеде Инграм және Мюллерді әңгімеге тартты.

–Сіз марқұмның мерт болғанына телефон арқылы куә болдыңыз ғой. Хенкель жан-тәсілім етпес бұрын не болып еді?, – деп сұрады ол.

– Біз бір-бірімізбен қысқа ғана тіл қатыстық. Сосын есіктен қоңырау шалынды. Күте тұруымды өтінген Хенкель есікті ашуға кетті. Осы сәт тапаншаның атылған дауысы естілді. Кенет әлдебіреудің жүгіріп өткенін құлағым шалды. Содан кейін байланыс үзіліп кетті, – деді Инграм.

– Хенкель келген кісінің атын атады ма?, – деп Тэлен білгісі келді.

– Жоқ, ондай ештеңені естімедім», – деп келте қайырды Инграм.

– Бірақ Хенкельдің атылуына не себеп болды екен? Жауыққан жаулары бар ма еді?, – деп таңдана сұрады Мюллер.

– Бір жыл бұрын Хенкель Мюнхенде тығырыққа тірелген-ді. Сірә, анашаға қатысты болуы керек. Бірақ кінәсі сот алдында айғақталмаған», – деп түсіндірді Тэлен. «Жақсы қорғаушының көмегімен… Енді нені меңзеп тұрғанымды түсінерсіздер. Содан кейін ол Эссенге келді. Бірақ біз оның анаша сататын жерінің болғанына жеткілікті дәлеліміз бар. Анашаға жақын жүргендер солай деп жорамалдайды. Астыртын ықпал жасайтын оның үйіне жендет жіберілген».

Мәжіліс залына қайта оралған Инграм істің дымын білдірмей тындырғанына көзі жеткендей болды. Енді аса сақ болғаны жөн! Ешкім ештеңені байқамауы тиіс. Өзін түк болмағандай ұстаған ол инспектор Тэленді марқұм Хенкельдің анаша таратқанына байланысты маңдайы тасқа тигеніне көзін жеткізіп бақты. Хенкельдің анаша сатқанынан хабардар болған Генриетте де оны тез ұмытқысы келді. Қыздың қаржысына бір табан жақындаудың сәті қайтадан түскендей ме, қалай?!

– Инграм мырза!»

Аңтарылған Херберт артына бұрылды. Тэлен бұған беттеп келеді.

– Кешіріңіз, сізге тағы бірер сауалым бар. Менің жұмыс орныма барғанымыз жөн болар?!

Инграм бірден құп алды. Олар қонақ үйден шыққанда екі полиция қызметкері жандарына екі аттап жетті.

– Сіз тұтқындалдыңыз. Вольфганг Хенкельді өлтірген сізсіз. Телефонмен сөйлескен сыңай танытқаныңызбен ойыңыз жүзеге аспады. Менің өтінішіммен Хенкельдің пәтеріне барған әріптестерім бір нәрсені анықтады. Хенкель осыдан бір апта бұрын тапсырыс бюросына телефонын тыңдауға өтініш беріпті. Турнирде ол бірқыдыру теннис ойнауға тиіс болған. Хенкельдің телефон нөмірін шынымен-ақ терген болсаңыз, тапсырыс бюросында сіздердің сөйлескен дауыстарыңыз жазылған болар еді. Бірақ ондай дауыс жоқ!, – деп түсін суытты Тэлен.

– Мұнымен сіз ештеңені дәлелдей алмайсыз, – деп азар да безер болды Инграм.

– Қателесесіз. Пәтерде не болып, не қойғанын тек кісі қанын ішкен ғана біледі. Ал онда не болып, не қойғанын сіздің өзіңіз маған бүге-шүгесіне дейін айтып бердіңіз, – деп бұлтартпады Тэлен.

 

Әкеме алма әкелем

Полиция қызметкері Карл Шустер жұма күні кешкісін сағат 19:00 шамасында Кельн бағытындағы пойызға отырды. Купесінде екі еркек отыр. Салмағы 200 фунт тартатын түйенің жарты етіндей семіз еркек мынадай аптапта әрең отырған сыңайлы. Ал оның қасындағы екі езуі екі құлағына жетердей болып отырған жас жігіттің екі көзі далада. Семіз еркекке қамқор боп отырған сияқты. Бірқалыпты терең тыныстап отырған семіздің көзі ұйқыда. «Мазалағаныма ғафу етіңіз? Әкеме қамқор боп отырғаным рас. Купеде ол міне тағы да ұйқыға кірісті», – деп жас жігіт Карл Шустерге ақырын ғана үн қатты.

– Иә, сонда әкеңізге төнер қауіп не? – деп күлді Карл Шустер.

– Қауіп не деймісіз? Мәселен, ол қалтасындағыдан қағылып, тақырға отырып қалуы әбден мүмкін ғой! Алыс жолда кіммен бірге келе жатқаныңды біліп болушы ма еді! «Адам аласы ішінде» деген. Жаныңа жайғасқан жан бір қарағанда сүттен ақ, судан таза көрінгенімен суық қолды сұғанақ боп шығады. Мысалы, ол әкемнің қалтасындағы алтын сағатын қағып кетуі ғажап емес қой. Қараңызшы, сағатты қалтасына сала салған. Егер оны жымқырып кетсе, сезетін емес, – деп күйінді ұлы.

– Сонда да, меніңше, әкеңіз қалтасына суық қолдың сүңгігенін сезген болар еді, – дейді Шустер мырза жайбарақат.

– Сезе ме, жоқ па, анықтап көрейік. Мен әкемнің сағатын дымын білдірмей алайын, кейін оған қандай аңғал екенін айтамыз. Келістік пе? – деген ұлдың пікірі басқа.

Шындығында Шустер мырза мұнымен келісіп отырған жоқ. Оның ойынша, баласы әкесімен бұлай ойнамаса керек. Бірақ бұл аузын ашқанша болған жоқ әкесінің сағатын жайлап қана алған ұл көзді ашып-жұмғанша тығып үлгерді. Семіз еркек сезер емес, жайбарақат ұйықтап отыр.

Осы сәт пойыз Пфорцхайм вокзалына келіп жетті. Лып етіп орнынан тұрған баласы: «Әкеме екі алма алып келе қояйын, ол сүйсініп жейді», – деді жымия.

Сәлден кейін терезе жақтағы семіз еркек ұйқысынан оянып, купе ішіне айнала көз тастады. Шустер мырза: «Ұлыңыз әлгінде ғана Сізге екі алма алып келуге кетті», – деуі мұң екен семіз еркек бір сәт тілсіз қалды да, сосын: «Не деп тұрсыз? Түсінсем, бұйырмасын».

– Ұлыңыздың Сізге екі алма алуға кеткенін, қазір қайтып келетінін айтып тұрмын!, – деп түсіндірді Шустер мырза.

– Мен Сізді әлі де түсінбедім. Менде ұл жоқ! – деп кеңкілдей күлді ол.

Осы сәт полиция қызметкерінің санасына бір ой сарт етті.

Пфорцхаймды жақынырақ білу үшін саяхатын осы қалада аяқтаса қайтеді. Әрине мұнда тамашалайтын жер де шамалы ғой. Әйтсе де экскурсоводтар қаланы өнеркәсіп қаласы деп жатады…

Полиция қызметкері К.Шустер өзінің көзін бақырайтып қойып, сағатты жымқырып, өзін мына семіздің ұлымын деген «ұлдың» ізіне түсті.

 

Хериберттің хоббиі

Далада соққан самал желден көктемнің лебі сезіледі. Екі қолын қалтасына салған Хериберт Патцель жұқа пальтосымен жалаңбас қыдырыстап келе жатты.

Хериберт хоббиінің осымен біткенін сезеді. Өйткені бүкіл қала оның соңына шам алып түскен. Апта сайын жергілікті баспасөз беттерінде Хериберт жайлы «Басқаның көлігімен ойнаушы тағы да қалада» немесе «Автомобильге қатты қызығатын адам» десе, енді бірі «Бейтаныс жан автомобиль иелерінің көлігіне қауіп төндіруде» деп жарыса жазып жатты. Ол өзін тауып полицияға тапсырған адамға жақсы сыйақы берілетінен де, өзіне айыппұл төленетінен де хабардар.

Бұл әдетке осыдан екі жыл бұрын қалада өзінің автомобиліне кенеттен көзі түскен сәтте кіріскен-ді. Сол күні автокөлікті сатып алуға әйелі ықпал етті. Басында бәрі де ойдағыдай болып көрінген. Бірақ автокөлігінің есіктері дұрыстап жабылмайтынына, кілтінің салынбайтынына Хериберттің жыны келетін. Рөлге отырған ол қаланы қақ жарып өтіп, көлігін сайын далаға алып келді. Жолай Герлингеннің далабын сатып алып, машинасына салып қойды.

Осы қылығымен әйелін ыңғайсыз жағдайға душар етті. Машинасы табылды деген хабар келіп жеткенше үш күн бойы зәресі зәр түбіне кетті.

Осы оқиға Хериберттің әдеттен тыс әдетінің «бісмілләсі» болатын. Міне, содан бастап апта сайын ол кілтімен ашылған көліктерді қағып кететін болды. Көлікті ешқашан шын ұрлаған емес. Көлікті біраз ғана айдап, кейін табылатындай, еш жеріне сызат түсірместен аман-сау бір алаңқайға апарып қойып кететін. Хериберт үнемі көліктің қобдишасына шағын сәлемдеме тастауды да естен шығармайтын. Енді міне, жеткен жері осы болды. Соңғы аптада «қағып» кеткен көлігі тастап кеткен жерінен ізім-ғайым жоғалған. Енді ол бармағын тістеп қалды.

Аспанды бұлт торлап, қатты нөсерлеткенде Хериберт Патцель үйге қайтуға ыңғайланды. Саябақтың жанында кетіп бара жатқан ол кілт тоқтады. Қараса, су жаңа қанқызыл спорт машинасы тұр. Құдды бір Хериберт Патцельді күтіп тұрғандай. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Жайлап басып машинаға таяды. Есігі дұрыс жабылмапты. «Мына көліктің иесі салдыр-салақ біреу екен», – деп ойлады Хериберт. Жан-жағына қарап, «Кім бар мұнда?» деп дауыстап еді, тіл қатқан жан болмады. Айналада көзге түскен тірі пенде жоқ.

Қайтадан көлікке қайтып келді. Мұның иесі әйел адам болуы ықтимал. Кәдімгі әйелдер көлігі екен деп ойлады ол. Көліктің қобдишасын ашқанда далаптың жанында жатқан көлік құжаттары мен жүргізуші куәлігін көрді. Жеңіл көлік Аннелизе Ример деген біреудікі. Жүргізуші куәлігіндегі суретте жап-жас сұлу әйел. Көлігін мына жерге неге қалдырды екен?

Оның жіті жанары саябақта тұрған спорттық көліктің жанындағы басқа бір көлік доңғалақтарының ізін қалт жібермеді. Е, бұл жерде біреумен кездескен ғой деген ой келді басына. Аннелизе Ример әрі қарай отырып кеткен машинаның іздеріне қарағанда салмағы ауыр сияқты көрінеді. Өйткені оң жақ доңғалағы жерге тереңірек ендепті. Әрине, басқа көліктің доңғалағы бүлінген соң ауыстырған.

Мына көлікті тағы бір рет айдап әкетсем! Соңғы рет! Машинаға от алдырған ол сырғи жөнелді. Екі шақырымдай жол жүріп өткен кезде доңғалақтың қызыл қақпағын байқады. Басқа көліктің доңғалағы. Ол көз ілеспес жылдамдықпен доңғалақты ауыстырып, қызыл қақпағын қалдырды. Бұл Alfa Romeo машинасы болатын. Көліктің радиосын қосқан Хериберт енді бойжеткенннің қобдишасына қандай сыйлық тастасам дегенді ойға алды. Машинаның еденіндегі қызыл түсті шаңға қарағанда иесі теннис ойнайды-ау шамасы. Жарты сағаттың ішінде қала шетіне жеткен ол бір спорт дүкеніне кіріп, теннис шариктерін сатып алды. Сосын көлік иесінің далабымен теннис добына қызыл жүрекше суретін салып, оны машинаның қобдишасына сүңгітіп, жүріп кетті. Ағып келе жатқан ол радиодан берілген әуенге қосыла әнге басты.

Кенет әуен кілт үзіліп, полиция хабарламасына кезек берілді. Банкке жасалған шабуыл жайлы хабарлап жатыр. Дрезден банкінің бөлімшесіне шабуыл жасаған екі еркек кассирді атып, қызыл түсті спорттық көлікке отырып, іздерін жасырған. Онымен қоймай, көлік иесі Аннелизе Римерді кепілдікке бірге ала кетіпті.

Есі шыға құлақ түрген Хериберт көлікті кілт тоқтатты. Құлақ қойды: «Машинаның нөмірі – М-CL 32144. Полиция осы аталған нөмірлі қызыл спорттық машинаны көрген-білген жанды абай болуға шақырады. Ондағылар қауіпті. Машинаның жанына жақын бармаңыздар. Қылмыскерлер қаруланған».

Жаны мұрнының ұшына келген Хериберт шағын көліктің рөлінде қатты да қалды. Түсіп, тұра қашсам деп бір ойлады. Жоқ, ақылға салып, сабыр сақтау керек.

Әлгі әйелге қолұшын бергісі келген біреу болса, ол Хериберт Патцель болатын. Бірақ олай етейін десе, арты ашылып қалайын деп тұр.

Ағып отырып, жолдағы телефон аппаратына жетіп, қылмыстық істер комиссары Хильдебрантқа хабарласты: «Мен Сізбен аса маңызды шаруамен бөліскім келеді. Сіздер іздеу салып жатқан ганстер қызыл түсті спорттық автомобильде емес. Олар саябақтың жанында алдыңғы оң жақ доңғалағы айырбасталған Alfa Romeo көлігіне ауысты. Доңғалақтың сыртқы қақпағы жоқ», – деді тағатсыздана.

– Рахмет. Біз үшін өте маңызды дерек. Аты-жөніңіз бен мекен-жайыңызды білуге бола ма?, – деп сұрады комиссар.

– Бұл аса қажет бола қоймас. Одан гөрі  Alfa Romeo-ны іздегендеріңіз жөн болар!

Бар білгенін айтып, ішін орта түсіріп, жаны енді жай тапқандай болды. Енді бұл жерден табанды жалтырату керек.

Қап әттеген-ай! Кеш қалды. Телефон трубкасын орнына қойып, бұрылып қараса, қарсы алдында тапаншаларымен екі бірдей полиция қызметкері тұр.

– Жайшылық па?, – деп абайлап сұрап еді, – Қызыл спорттық автокөлік жүргізушісі Сіз боласыз ғой, солай емес пе?» дейді.

– А, солай ма, мұны бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Мен Сіздердің комиссарларыңыз Хильдебрантпен телефон арқылы хабарластым, – деп зорлана күлген болды бұл.

– Онда бізбен бірге полиция басқармасына баруға да қарсы болмассыз.

Енді Хериберт Патцельдің оқиғаны бастан аяқ баяндауына тура келді.

– Сізге алғысымыз шексіз, Патцель мырза. Alfa Romeo-ны Австрия бағытындағы тас жолда байқап қалыпты. Әрине, оның шекарадан өте алмасы белгілі, – деді комиссар Хильдебрант.

– Енді бәрі сәтті аяқталатын болар!, – деді Хериберт те.

– Иә, біз де үміт артып отырмыз. Дәл қазір біз мына қызыл түсті автокөлікке қалай тап болғаныңызды білгіміз келеді.

Хериберттің бұл сауалға да жауабы әзір. «Тіпті жай ғана, комиссар мырза. Осы көлікті көзім шалып қалған сәтте, радиодан полиция оның қолды болғаны жайлы хабарлады. Не істеуім керек? Көлікке отырып алып, қаланы бетке ұстап, жақын деген телефон будкасын іздедім».

– Жақсы. Көлікті ұрлаған жоқсыз. Мен сізге автомобильге қызығатын адам жайында айттым ғой.

– Иә, бірақ сіз айтып отырған, өзгелердің көлігімен ойнайтын жан тіптен ұры да емес…?

– Жоқ. Ол мініп кеткен көліктер әрдайым табылып отырды.

– Соңғысы да табылды ма?, – деп жайлап қана үн қатты Хериберт.

– Иә, соңғысы да табылды.

Осы сәтте Хильдебранттың әріптесі абдырай кіріп келді. «Қолға түсті! Шекарадағы полиция қызметкері ганстерді жазбай таныпты. Бірден тұтқындалыпты».

– Ал Фрау Ример ше?, – деп білгісі келді Хериберт.

–…Дін аман. Оның күйеуі көрші бөлмеде. Патцель мырза, ол сізге алғысын білдіргісі келеді.

Комиссар артық ештеңе дей қоймаған соң «солай, солай» деген ол енді қош айтысып, тысқа шықты.

– Қызық кісі екен, – деп жатты Хильдебрант ол кеткен соң.

– Қалайша?, – деп сұрады әріптесі.

– Ол көлікті Хикштедтер саябағында көреді, полицияның хабарлап жатқанын да құлағы шалады. Қалаға барып, полицияны құлағдар етеді. Басқа адам болса, аз дегенде оған жарты сағат жұмсаушы еді. Ол болса оған бес-ақ минутын жұмсапты. Банкке шабуыл жасалғаны туралы радиодан сағат 15:30-да хабарланды. Ол болса, сағат 15:34-те хабарласты.

– Мұның анық-қанығына жету керек,-деп пайымдады әріптесі.

– Осы Патцель мырзаның қандай көлікпен жүретінін анықтаңызшы!»

Арада екі күн өткенде Хериберт Патцель көлігінің ізім-ғайым жоқ екенін білді. Әйелінен де сұрап көрді. Көлігінің рас қолды болғанына көзі анық жетті.

Екі күннен кейін біреу телефон қоңырауын шалып, көлігінің Хикштедтер саябағында тұрғанын айтты. Такси алып барып еді, расында тұр екен.

Көлігінің қобдишасынан қызыл далаппен қызыл жүрекшенің суреті салынған теннис добын тауып алды.

Хериберт Патцель енді жаңа хобби ойластыра бастады. Ол ұмыт қалған қолшатырларды жинайтын болады.

 

Ащы кофе

Альфред Мартинге: «Кофенің дәмі біртүрлі екен», – деп еді, кофені татып көрген соңғысы: «Шынымен, тым ащы», – деп құптады.

Кофесін түбіне дейін тауысып ішіп, бет-жүзі ақ қағаздай бозарған Альфред даяшы Мартинаны есеп айырысуға шақырды.

Олар әр апта сайын Альпі бағытындағы жол бойында орын тепкен осы бір шағын үйге ат басын тірейді. Мартиннен 10 жас үлкендігі бар орда бұзар отыздағы Альфред автокөлік жүргізеді. Ол астындағы көлігімен Неміс банкінің ақшасын тасымалдайды. Олар Альпі тауларының баурайындағы банк бөлімшелеріне ақша апарып, ондағы туристер айырбастаған шетел валютасын алып кері қайтады. Дәл қазір түс әлетінде олардың көлігінде шамамен 900 000 марка, оған қоса екі мың доллар және басқа да валюта жатыр.

Орталық көшеден әрірек тұста Renault көлігі тұр. Көлік жүргізушісі газетті айқара ашып отырғандықтан рөлдегінің кім екенін аңғару қиын.

Көлігіне отырмас бұрын Альфред жан-жағына бір қарап алды. Жақын маңда бөгде жанның жоқ екеніне көзі жеткен соң ғана есігін кілтімен ашты. Renaultқа тағы бір зер салып еді, газеттің ар жағындағының кім екенін біле алмады. Шамасы жүргізушісі түс мезгілі болған соң да көз шырымын алған болар.

Екі шақырым жолды артқа тастаған кезде кенеттен Альфред: «Меніңше, тамағы дұрыс болмады», – деп еді, «Ішің біртүрлі болып тұр ма? Мен де өзімді жайсыз сезініп келем. Шамасы, балық жайсыз тиді, білем», – деп қойды Мартин де. «Тіпті білсем, бұйырмасын, Renaultты байқадың ба, артымыздан ілесіп келеді».

Артына бұрылып қараған Мартин: «Онда бір қыз ғана отыр ғой», – деді жайбарақат.

Қыз жүрісін бәсеңдетті. Алдындағыларға тым жақындамаса болғаны. Жүргізуші ештеңені сезбеуі тиіс. Қыз жымиып қояды. Енді бір он, әрі кеткенде он бес шақырым жүрсе болғаны, сосын аялдағысы келсін-келмесін аялдайды ғой. Бұлар тауларды бөктерлей жоғарылай бергенде: «Альфред, сенің өңің бозарып кетті ғой», – деді шошынған Мартин.

Артына қараған Альфред: «Мына Renault бізді әлі өкшелеп келеді, тіпті қалар емес. Мартин, шылым берші», – деп зығырданы қайнады.

Мартин де өзін нашар сезіне бастады. «Альфред, сәл аялдайық, мен де жаман сезініп отырмын өзімді. Таза ауамен тыныстасақ, сергиміз». «Жоқ, тоқтамаймын. Жүрегім бір жамандықты сезіп келеді. Мына Renault ізімізбен тегін келе жатқан жоқ».

«Қайдағыны айтпа, артымыздағы қыздың бізді басып озуға жігері жетпей келеді», – деген Мартин өзінше болжам жасаған болды.

Ашу қысқан Мартиннің енді жыны келді. Хельгарт мұндай ақымақ болар ма?! Мұның жоспары бойынша ол бұлардан мүмкіндігінше алыста қалуы керек. Сонда Альфред те секем алмайды. Осының бәрін қызға тәптіштеп түсіндірмеп пе еді? Ең кемі бір миллионмен қыз Парижге жол тартады. Мартин артынан барады. Бұл екеуінің бір-бірімен таныс екенін тірі пенде білмейді.

Мартин мен Хельгарт соңғы еңбек демалыстарында танысып, табысып дегендей, осы жоспарды құрған еді: Альфред тоқтауға мәжбүр болды. Кофесіне Мартин тамызған тамшы әсерінен ұйықтап кетуі тиіс. Сосын Мартин де ұйықтататын дәріні сараптама үшін қабылдайды. Екі еркекті ақшасы тоналған көлік жанында ұйықтап жатқан жерлерінен табады. Жоспар тамаша еді.

– Тоқтай алмаймыз. Сенің де жағдайың мен сияқты мүшкіл. Renault… Мына ганстер бүгін сенің түбіңе жетпек. Біз… жетуіміз керек, сонда… қауіпсіз боламыз.

Соңғы бұрылыстың алдында автокөлік жолдан шығып, жол жиегіндегі қоршауға соғыла аударылып түсті.

– Директор мырзамысыз? Сізге полиция қызметкерлері хабарласып тұр.  Ауруханада жүргізушіңізбен тілдестік. Жағдайы жаман емес. Жолда келе жатқанда арттағы Renault соңдарынан қалмаған. Кіресілі-шығасылы есі болса да, көлікті тоқтатпаған. Renault-ты да таптық. Ұрланған екен. Жүргізушінің тамағына бірдеңе қосып берген. Ұйықтататын дәрі ме, сондай бірдеңе. Ал жанындағысы дәріні қабылдамаған. Ақша қайда деймісіз? Бар. Дін аман.

Полиция енді қаттырақ дауыстап: «Тыңдап тұрмысыз? Мартин деймісіз? Жоқ. Мартиннен жауап ала алмадық. Көлік жол жиегіндегі қоршауға соғылғанда, ұшып кеткен. Мерт болыпты».

Иә, «біреуге ор қазба» деген осындайда айтылса керек.

 

(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды).

Добавить комментарий