(ертегі)

Ертеде, тура қазіргі замандағыдай, Екібастұз қаласының аспанында ақ бұлтпен жарыса ұшқан бір ақ көгершін өмір сүріпті. Оның аты – Арман еді.

Ол жылудың мұржаларынан көтерілген түтіннің ара-сымен де жол тауып, биік аспанға самғағанды ұнататын. Өйткені Арман үшін көк аспан – еркіндіктің мекені, ал жел – ең сенімді досы болатын.

Әр таң сайын Арман Екібастұздың үстінен ұшып өтіп, қаланың тіршілігіне тамсана қарайтын. Бір жерде кеншілер шахтаға түсіп барады, екінші жақта балалар мектепке асығады, ал алыстан электр станциясының алып мұржалары түтінін бұрқыратып тұр.

– Неткен еңбекқор халық! – деп ойлайтын ол. – Бірақ табиғатты да ұмытпай, аспанды таза сақтаса ғой…

Бірақ бір күні Арманның өмірі күрт өзгерді. Қала маңындағы саябақта үлкен той өтіп жатты. Музыка ойнап, адамдар мәз-мейрам. Бір бала аспанды көрсетіп:

– Әке, анау ақ көгершінді ұстайықшы! Оны бейбітшіліктің белгісі ретінде суретке түсірейік! – деді.

Әкесі күліп, тор алып келді. Олар жерге бидай шашып, көгершінді алдап ұстады. Арман торға түсті.

– Міне, әдемі құс! – деді адамдар қуанып.

Бірақ Арманның жүрегі шым етті. Ол алғаш рет аспанды емес, темір тордың ішін көрді.

– Мен аспан үшін жаратылдым, сән үшін емес… – деп іштей сыңсыды.

Көп ұзамай той басталды. Арманды әдемі қорапқа салып, гүлмен безендіріп қойды. Ән шырқалып, күлкі естілді. Қалыңдық пен күйеу жігіт шыққанда, біреу:

– Ал енді ақ көгершінді ұшырайық! Бұл – бақыт пен бейбітшіліктің белгісі! – деді.

Тор ашылды. Арманды жоғары лақтырды. Бірақ ол ұша алмады… Қанаты әлсіреп, торда ұзақ отырғандықтан, қайтадан жерге құлап түсті.

Адамдар күлді. Біреулер телефонына түсіріп:

– Қараңдаршы, қызық қой! – деп шулады.

Ал Арманның көзінен жас шықты. Ол адамдардың мейірімін емес, немқұрайлылығын сезді.

Сол кезде топ ішінен кішкентай қыз шығып келді.

Оның аты – Айзада еді. Ол көгершіннің дірілдеген қанатын көріп, жүрегі ауырды.

– Әке, бұл құсқа обал ғой. Ол аспанда жүруі керек, – деді.

Бірақ ересектер жай ғана күліп қойды:

– Бұл дәстүр ғой, қызым. Бәрі осылай жасайды.

Айзада үндемеді. Бірақ оның жүрегі тыныштық таппады. Түнде адамдар тарқап кеткен соң, ол саябаққа қайта келді. Сол жерде әлсіреп жатқан ақ көгершінді тапты.

– Кішкентай досым, кешірші… Мен сені босатамын, – деді ол сыбырлап.

Айзада ақ көгершінді қолына алып, қала шетіндегі Жерұйық саябағының төбесіне шықты. Төменде Екібастұздың шамдары жыпылықтап тұр, алыста ГРЭС мұржаларының түтіні баяу көтеріліп жатыр.

– Ұш, Арман! Сенің орның – аспанда! – деді қыз.

Көгершін алғашында әлсіз қанат қақты, бірақ сосын желдің жылуын сезіп, биікке самғап кетті. Аспан оны қайта құшағына алды. Ол айнала ұшып, төменге қарап, сыңсыған үнмен айтты:

– Рақмет, мейірімді бала. Сен мені ғана емес, еркіндікті де құтқардың.

Айзада жымиып, қолын бұлғады:

– Ұш, Арман! Сен менің достарымның да жүрегіне мейірім ұялатасың!

Содан бері Айзада мектепте экологиялық үйірме ашып, достарымен бірге «Табиғатты аялайық» атты жоба бастаған. Олар саябақтарға құс ұяларын орнатып, көгершіндерге жем шашатын болған.

Қала тұрғындары да ойланып, тойларда тірі құс ұшыру дәстүрінен бас тартқан. Оның орнына балалар аспанға ақ қағаздан жасалған көгершіндер ұшырып, бейбітшілік пен еркіндік тілейді екен.

Ал Арман атты ақ көгершін әлі күнге дейін сол аспанда ұшып жүреді. Ол әр түтін шыққан мұржаның үстінен қалықтап өтеді де, адамдарға тіл қатады:

– Табиғатты сүйсеңдер, мен де мәңгі самғаймын…

Осылайша, Екібастұздың аспанында еркіндік пен мейірімнің нышаны – ақ көгершіннің арманы мәңгіге қалықтап қалды.

 

Ақниет ТІЛЕУБАЕВА,

оқушы,

Екібастұз қаласы.

«Ертiс-Баян ертегiлерi» кітабынан.

Добавить комментарий