
Астанада – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы қорытындыланды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер мен кітапхана басшылары қатысты.
Жалпыұлттық акция қазақ әдебиетін жүйелі түрде насихаттауды, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық әдеби мұраны зерттеуге мүмкіндік жасауды, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуын қамтамасыз етіп, ана тіліне деген құрметін арттыруды мақсат тұтады.
Комиссия отырысында 2025 жылғы акция қорытындыланды. Өткен жылы жоба аясында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің және көрнекті прозаик Тәкен Әлімқұловтың шығармалары оқылды.
Сонымен бірге, басқосуда 2026 жылы ел бойынша оқылатын кітап анықталды. Жабық дауыс беру нәтижесінде көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты тарихи романы таңдалды.
Бірі шығысқа, екіншісі батысқа қарай өлермендене ұмтылған Ресей мен Қытайдың Маншың империясы әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін бөлісуге XIX-ғасырдың 80-жылдарында ғана мүмкіндік алды. Екі ел арасында тартылған шекара сызығы кең жайылған дала мен асқар тауларды ғана көктей өтіп қойған жоқ, осы өлкені мекендеген қазақ қоныстарын да қақ жарып өтті. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында, міне, осы оқиғалар егжей-тегжейлі баяндалады. Романның бас қаһарманы – Демежан тарихта болған адам. Жазушы өз кейіпкерлерінің басындағы трагедиялық халды суреттей отырып, шекара сыртында қалған қазақтардың оқшау тағдырын көз алдыңыздан өткізеді.
Сонымен қатар, қатысушыларға кітапхана әзірлеген мета-көрме ұсынылды. Ол интерактивті түрде жасалған, яғни көрермен қызығып қарап, белсенді қатыса алады. Мұнда тіпті бірнеше оқырман арнайы пікір алмаса алатын хабарламалық алаң да бар және ерекшелігі әлемнің кез келген жерінен оқырманға қолжетімді. Мұнда 2007 жылдан басталған авторлар мен олардың шығармалары бар. Арнайы QR код арқылы бірден казнэб.кз кітапханасына өтіп оқи алады! на таңдап бірін бекітетіні жөніндегі түзету қарастырылды.
Айта кетейік, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылы ұлы Абайдың қара сөздерін оқудан басталды. Осы уақытқа дейін 53 классик ақын-жазушының туындылары кеңінен таныстырылып, елімізде 100 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара өтті.
«Aiqara-ақпарат»
