
Таңғы ұйқысынан сергек оянған Қайсар тездетіп жуынып, мектеп формасын кие сала ас үйдегі анасы әзірлеп қойған дәмге бас қойды. Жайшылықта анасы келіп, «Балам, ел көшіп кетті, жұртта жалғыз қалдың» деп маңдайынан иіскеп оятпаса, керіліп жата беретін Қайсардың бүгінгі қимылы басқаша. Үйтпегенде ше, оқу жылының аяқталуына бір апта ғана уақыт қалды. Уәдесіне тастай берік әкесі «Оқу жылын үздік аяқтасаң, қалағаныңды әперемін» деген сөзін естіп алған бала ұялы телефонынан «Күнделік» қосымшасын аша сап, бағаларының пайызын ойша өлшеп, әр сабаққа тыңғылықты дайындалушы еді. Сондағы ойы «Әкем не қалайсың десе, күшік алуын сұраймын. Өзім бағып-қағып, асыраймын десем, анам да көнер». Үй ішіндегі тазалыққа тым мұқият, киген киімі мен әзірлейтін асына аса кірпияз анасы қарсыласып бағатыны анық. Бірақ, әкесінен асып қайда барар дейсің?! Бұлардың үйінде әкесінің айтқан сөзі бұлжытпай орындалады. Анасы да үй ішінде бұлданғанымен, сырт көзге «Біздің отағасы» деп мерейін асырып жүреді.
Үшінші сыныпта оқитын Қайсар әкесінің басынан сөз асырмайтын кесек мінезділігін, тірі жаннан тайсалмайтын батылдығын, жары мен баласына шуағын төгіп жүретін мейірімділігін жақын тартып, әкесіне еркелеп тұрғысы келеді. Үйге келген бетте мойнына асылып, қолындағы затын алып, айтқанын бұлжытпай орындау әкесіне деген перзенттік парызы ғана емес, шынайы сүйіспеншіліктен туған дүние.
– Асыңды ішіп болсаң, тездет. Мектептен қалып қоймайық, – деген анасы сыртқы есікті кілттеп, мұның қолынан ұстап дедектете жөнелді. Лифтімен төмен түсіп, аулаға шыққан кезде Қайсар анасының қолынан босап, кіре беріс есіктің алдын сыпырып жүрген сақал-мұрты өсіңкіреген, жасының нешеге келгенін ажырата алмайтын адамға «Ассалаумағалейкум, ата» деп қос қолын бірдей ұсынды. Таныс адамдардың өздері бір-бірінен қашып жүретін қалалықтардың әдетін білетін аула сыпырушы қапелімде сасып қалса да, «Әліксалам, балам» деп сәлемін алды. Қайсардың қолын ұстап тұрып: «Бар бол, балам! Өркенің өссін», – деп күбірледі.
Осы кезде жанына жетіп келген анасы, сөмкесінен ылғал майлық шығарып, Қайсардың қолын сүрте бастады. «Не қылған баласың! Айдаладағы аула сыпырушымен қос қолдап амандасатындай нағашы атаң ба еді?» деп зәрін төге сыбырлап та үлгерді.
– Анашым, әкем маған үнемі жасы үлкен адамдармен амандасып жүр, -деп айтады, – деген Қайсар шешесіне қарап, бұртия бастады.
– Қаладағы адамдардың бәрімен амандаспақсың ба? Танымайтын адамдарға қолыңды ұсынбасаң да болады. Ауланы қоқыстан тазартып жүрген адамның қолы қай бір таза дейсің? Микроб жұқса, ішің ауырып, ойбайлайсың. Бейнетіңді көретін тағы мен. Әкеңнің несі кетеді? Сол-ақ жұрттан бөлек ілтипатшыл, әйтеуір, – деп бұрқ-сарқ еткен шешесі Қайсарды мектеп ауласына кіргізіп жіберіп, жұмысына жөнелді.
Күн сәрсенбі болған соң бірінші сабақтың орнына сынып сағаты болуы керек. Оқу кабинетіне кірген Қайсар сыныптас ұлдармен даурыға амандасып, өздерінің таусылмайтын әңгімелеріне кірісті. Қоңырау соғылған кезде оқушылардың бәрі қолдарындағы телефондарды мұғалімнің үстеліндегі өздерінің аттары жазылған арнайы қалташалары бар жәшікке қоя сап, орындарына жайғасты.
– Сәлеметсіңдер ме, балалар! – деп есіктен кіре амандасқан сынып жетекшілерінің қас-қабағын барлап, апайларының жеңіл жымиысын байқаған оқушылар жамыраса: «Сәлеметсіз бе, апай» деп бір адамдай үн қатты.
Қайсар мектеп табалдырығын аттағаннан бергі үш жыл бойы бауыр басқан апайы өзіне ыстық екенін жаңадан сезгендей болды. Бақытгүл апайлары да әр сабағына ерекше дайындықпен келіп, әр пәнді қызықты өткізіп, әр баланың мінез-құлқын жақсы біліп алған. «Ватсап» тобындағы «Жұлдыздарым» деген арнаға үй тапсырмасын салғанда қоңыр даусымен тәптіштеп түсіндіріп, сабақта үлгермеген нәрселерін айтып, аудиохабарлама жіберіп отырады.
Сыныптағы үздік оқушылардың бірі болған Қайсар түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, қатысып қана қоймай, жүлделер алып, апайы мен сыныбының мақтанышына айналған. Инстаграмдағы мектеп аккаунтында диплом мен кубок ұстаған суреттері де жарияланып, әлеуметтік желіні жалаулатқаны да бар.
«Балалар, бүгінгі сынып сағатында халқымыздың жеті қазынасының бірі – құмай тазы туралы айтатын боламыз. Тазы иттер қазақ халқының ежелгі серігі, аң аулайтын көмекшісі болған. Атақты әнші, сал-серілер тазымен қоян, түлкі, қасқыр аулап, жанына ертіп жүрген. Даланың аңымен жұртын асыраған Қамбар батырдың да тазы иті болған», – деп әрлі-берлі тарихты қазып шыққан апайлары:
– Ал, балалар, енді ит туралы өздерің білетін мақал-мәтелдерді айтып шығыңдаршы, – деп сұрады. – Кәне, Қайсар, сен айта ғой, – дегенде орнынан атып тұрған Қайсардың ойына дәнеңе түспей сасқалақтап күмілжи беріп, – «Ит иттігін жасайды», – деді сөз тапқанына қуанып.
– Оны кім айтып жүр? – деді бет-әлпеті сұрланып қалған апайы.
– Әкем кейде біреуге ренжігенде «Әй, сол бір ит еді, ит мінезін қоймаған екен» деп айтады, – деді Қайсар.
Осы кезде сынып ішіндегі балалар «Апай, мен айтайыншы» деп шулай жөнелді. Олардан жауап алған мұғалімдері «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне», «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды», «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды», «Ит иттігін істемесе, іші ауырады», «Ит құтырса, иесін қабар», «Ит итаяғын жаламай тоймайды» деген мәтелдерді естіп, ойланып қалды. Осы тақырыпты таңдағанына өкінейін десе де, балалардың алдында сыр бермеуге тырысты.
– Ия, балалар, оларың да дұрыс. Бірақ, халқымызда «Ит – ырыс», «Ит – Адамның құлағы», «Ит арың болса – ауылдың намысы», «Ит – адамның досы» деген де сөздер бар. Жалпы, не болса да, туғаннан жаман болмайды, жүре келе, өсе келе нашар мінез-құлықтарды қабылдайды. Сондықтан өздерің де жамандықтан аулақ боп, жақсылық жасауға ұмтылып жүріңдер, – деп сынып сағатын аяқтады.
Соңғы тоқсандық бақылау жұмыстарынан үздік баға алып, көңілі тасыған Қайсар мектептен үйіне қарай жедел адымдап келе жатты. Өз үйінің ауласына жақындай бергенде қарсы алдынан абажадай аузынан сойдақ тістері ақсиған, бұлшық еттері білем-білем еуропа тұқымдас ит бұған ұмтыла кетті. Қайсар жан дәрмен иығындағы сөмкесін алып, өзіне секірген итті тосқауылдап айғай салды. Қорыққаннан жүрегі дүрсілдеп, құлағы шыңылдағандай болды. Анадайдан «Кет, аулақ кет!» деп айқайлаған аула сыпырушы атай қолындағы сыпырғышымен итті жасқап, жан дәрменде жүгірмегенде Қайсардың халі мүшкілге айналар еді. Осы кезде иті қарғыбауын жұлып әкеткен иесі де ентігіп жетіп, «Фу, Барон, фу» деп асырандысын жетектеп жөніне кетті.
– Ботам-ау, бір жеріңді жаралап тастаған жоқ па? Жүрегің жарылып кете жаздады-ау, – деген қария бұны қолынан ұстап есік алдындағы сәкіге отырғызды.
– Жоқ, ата, аздап қана қорықтым, – деді Қайсар сыр бергісі келмей.
– Жарайсың, балам. Өзіңнің есімің кім? Күн сайын көрсек те, бір-бірімізді танымаймыз. Әй, қаланың осы жері жаман-ақ. Әркім өз жөнімен жөңкіліп, бір-біріне бұрылып та қарамайды.
– Атым – Қайсар, ата. Елу алтыншы пәтерде тұрамын.
– Атыңа затың сай екен, батырым!
– Ата, сіз мұнда көптен бері жұмыс істейсіз бе? – деген Қайсардың сұрағына ақсақал ағынан жарылды.
– Бір жылдан асты ғой. Ауылдағы жылы жерімнен алып келген ұлым мен келінім қолдағы пұлды жұмсаған соң, оң қабағын беруді қойған. Құртымдай зейнетақымен қай жыртықты жамайсың? Аз да болса, күн көріс қой, бала-шағаға масыл болмайын деп аула сыпыруға шығып едім.
– Жақсы, ата. Мен барайын, анам күтіп қалды, – деген Қайсар орнынан тұрды.
– Бара ғой, ботам! Өзіңдей баласы бар ата-ана бақытты ғой. Тек ұзағынан сүйіндірсін, – деді қарт соңғы сөздерін іштей күбірлеп.
Есіктен кірген баласының жүзінен бірдеңенің болғанын сезген анасы: «Қайсар, құлыным, не болды?» деп әбігерленгеніне ұлы бәрін жасырмай айтып берді. Ұлының әңгімесін үнсіз тыңдап болған анасы азандағы өзінің сөзін еске алып, ернін тістелеп, өз қылығына өзі ұялды.
– Осы жұма күні үйде жеті нан пісіремін. Атаны шақырып кел. Үлкен
кісі ғой, батасын алайық, – деді шешесі.
– Жақсы, анашым, – деп күлімдеген Қайсар анасын қапсыра құшақтады. Ол әкесінің берген уәдесімен күшік асыраймын деген ойынан айныған жоқ.
Ербол ТЕМІРОВ,
Павлодар қаласы.
