«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген екен Мұхтар Әуезов. Зор өнердің бірін өмірінің өзегіне айналдырған талантты да талғамды өнерпаз, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актрисасы Гүлжанат Омарованың 60 жас мерейтойы аталып өтті.

Актриса 1965 жылы 18 желтоқсанда Қарағанды облысында дүниеге келген. 1989 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтын ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Хадиша Бөкееваның және актер, режиссер, театр педагогы, профессор Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасынан тәмамдады.
1990 жылы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры, қайта ашылғанда осы өнер шаңырағына келді. Актриса өнер жолында талай белесті бағындырды. 2007 жылы Астана қаласында өткен республикалық театрлар фестиваліне «Ақбөпе» моноспектаклімен қатысып, «Ең үздік әйел образы» сыйлығын жеңіп алды. Ал, 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» моноспектаклін Астана қаласында сахналап, жоғары бағаға ие болды. Өзге де халықаралық, республикалық фестиваль-байқаулардан жүлдемен оралды.
Ұзақ жылғы актерлік еңбегі үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісімен, «Павлодар облысына – 75 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Театрға жиналған көрермен, әуелі, өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрмені тамашалады. Одан кейін мерейтойға орай Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы сахналанды. Онда сахнаға сән берген актриса Сот рөлін сомдады.


Іс-шараға Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысып, аймақ басшысы Асайын Байхановтың құттықтауын табыстады.

– Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы – Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз, сахна төрінде сомдаған сан қырлы бейнелеріңіз – қазақ мәдениетінің жарық жұлдызына айналған тұлға екеніңізді айғақтайды.
Сахнада сыр шертетін нәзік лиризм, образға жан бітіретін терең психологиялық иірімдер, адам жанының астарына үңілетін шеберлік – Сіздің актерлік болмысыңыздың басты белгісі. Бұл – жылдар бойы үзілмеген еңбектің, өнерге деген адалжүректің жемісі, – делінген құттықтау хатта.
Сонымен бірге Торайғыров университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Сәуле Камалиденқызы; Орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Тілеуберді Азаматұлы; Профессор, Е.Бекмаханов атындағы ҒПО-ның директоры, «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша төрағасы Амантай Жетпісұлы сөз сөйлеп, актрисаны мерейтойымен құттықтады.

Гүлжанат Мұқабылқызы – театр сахнасында көптеген рольдерді шебер сомдап, көрерменнің жүрегінен жол тапқан өнер иесі. Ол сомдаған Теңге (М.Әуезов – «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы), Регана (У.Шекспир – «Король Лир»), Ангильда (И.Кальман – «Сильва»), Кабато (А.Цагарели – «Ханума»), Айна (О.Тауасаров – «Махаббат аралы»), Бопай ханым (М.Байсеркенов – «Кене хан» тарихи драмасы), Полина (А.Чехов – «Шағала»), Әйел Сызғанова (Д.Исабеков – «Мұрагерлер» драмасы), Жер-Ана (Ш.Айтматов – «Ана – Жер – Ана» трагедиясы), Биғайша (Т.Ахтанов – «Күшік күйеу» комедиясы), Файруза (Т.Нұрмағанбетов – «Табалдырығына табын» драмасы) және өзге де ондаған образы көрермен тарапынан да, сыншылар тарапынан да жоғары бағаға ие болды.
Тәжірибелі актриса 2021 жылдан бері өмірлік серігі, Ж.аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының негізін қалаушы аға буын өкілдерінің бірі Жұмахан Доспаевпен бірге Торайғыров Университетінде «Орындаушылық өнер» кафедрасының «Актер шеберлігі» бөлімінінде ұстаздық етеді. Ұстаз-актрисаның шәкірттері желкенді жетістіктерімен қуантуда. Оның алғашқы түлектері қазір Ж.Аймауытов атындағы театрында жұмыс істейді. Ал, 2025 жылы Есжан Мұратбек жоғары оқу орындары арасында өткен ХVII Республикалық пәндік олимпиадада «Сахна тілі» пәнінен «Поэма» номинациясы бойынша 1-орын иеленді.

Мерейтойлық кеште студенттер ұстаздарының құрметіне шағын қойылым ұсынды.
Жазушы Шыңғыс Айтматов айтқандай, театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын. Гүлжанат Омарованың мерейтойында жиналған жұрт актрисаның ғана емес, өзінің де болмыс-бітімін анық көре алды.
