Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Сыйлық мәдениет, ғылым, медиа және спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен 20 жас дарынға табысталды.

Олардың қатарында «Әдебиет» номинациясы бойынша сыйлықты иеленген жас ақындар да бар.

Биыл бұл сыйлықты Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің № 4 кітапхана жетекшісі Іңкәрбек Әлия Ерболатқызы және «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ғилымханов Мәрлен Мәлікұлы иеленді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет басшысы әрдайым өз сөздерінде жастарға қолдау білдіріп, үлкен сенім артатынын атап өтті.

«Президенттің әр Жолдауы, қолға алған реформалары мен бастамалары – жастардың болашағы мен игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл реформалардың өзегі – Әділдік, Заң мен тәртіп, ашықтық пен жауапкершілік секілді құндылықтарға негізделген. Әсіресе, «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамалары мен жаппай волонтерлік акцияларды жастардың зор жауапкершілікпен және үлкен ынтамен қолдап келе жатқаны қуантады. Бұл ауқымды бастамалардың барлығы – жаңа идеологияның маңызды бөлігі. Ал осы идеологияны жүзеге асыратын да, оны алға жетелейтін де – өздеріңіз», – деді министр.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын талантты жастарды мемлекеттік деңгейде қолдау мақсатында табысталады. Сыйлық ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметтегі жетістіктер мен жоғары спорттық нәтижелер үшін беріледі.

Еске салайық, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын «Журналистика» аталымы бойынша «Pavlodarnews.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Ольга Бугаева алған болатын.

Добавить комментарий