ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл-ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай белгілі ғалым, абайтанушы Зарқын Тайшыбайдың «Абайтанудың кейбір мәселелері», сондай-ақ Абылайхан Құлбаевтың құрастыруымен жарық көрген «Қара сөздер. Поэмалар» кітаптарының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Әли Рустам, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, еңбек сіңірген қайраткер, ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі ғалым Қансейіт Әбдезұлы, Руда Зәйкенова, Жүсіпбек Қорғасбек, әдебиет зерттеушілері, кітапхана қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Мерекелік бағдарлама аясында Абайдың сирек кездесетін басылымдары мен музыкалық мұрасын қамтитын көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеде «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорынан Абайдың ерте жарық көрген басылымдары, қолжазбалары, сондай-ақ әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының жазбалары қойылды. Экспозицияның ең құнды жәдігері – 1909 жылы Санкт-Петербургте Ильяс Бораганский баспаханасынан шыққан алғашқы жинақ. Бұл еңбекті Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағұл құрастырып, баспаға дайындаған.

Ұлттық кітапханада Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған кезекті әдеби шара өтті. Шараның шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева жүрекжарды тілектермен ашты. Абай өлеңдері мен әндері орындалып, шағын қойылым көрсетілді.

Зарқын Тайшыбайдың «Абайтанудың кейбір мәселелері» және Абылайхан Құлбаевтың құрастыруымен мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Қара сөздер. Поэмалар» кітаптары ғылыми тұрғыдан құнды деректерге негізделген.

Онда Абайдың көзі тірісінде мерзімді басылымдарда жарияланған пікірлер, өмірбаяны, өскен ортасы, замандастарының естеліктері, сондай-ақ XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ баспасөзіндегі («Дала уалаяты» газеті) материалдар ғылыми тұрғыдан сараланған.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов іс-шара барысында:

«Биыл Абайдың 180 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше атап өтіліп жатыр. Бұл – тек бір ақынның мерейтойы ғана емес, ұлттық руханиятымызды жаңғыртудың, Абай мұрасын келер ұрпаққа аманаттаудың үлкен мүмкіндігі», – деп атап өтті.

Мәдени бағдарлама аясында «Абай әлем тілдерінде» әдеби-сазды кеші, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жыр кеші, «Абай 14» кітап клубының ашылуы, «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмінің көрсетілімі, жас абайтанушылармен «Абайтануға жаңаша көзқарас» атты кездесу және «Абай бол LIKE» интеллектуалды викторинасы өтті.

Барлық іс-шаралар ұлы ақынның шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның даналық ойлары мен адамзаттық құндылықтарын кеңінен насихаттауға арналды.

 

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі.

Добавить комментарий