Мұхтар Мағауиннің туғанына – 85 жыл
…Тоқсаба жүрегі қобалжығанмен, әке сөзіне сенді. Жазғытұры ұрын барып келгеннен бері қалыңдығын да қатты сағынып жүрген. Уәделі мезгіл өтіп барады. Артына қарайлай, қарайлай аттанды.
Бұлар ара қонып жеткен, Ақшатау сыртындағы сауықшыл Арғын көптен күткен құдаларды айырықша құрметпен қарсы алды. Жөн-жоралғы, рәсім, салт атаулы тегіс өткеріліп, қалыңдығымен қараңғы шымылдық ішінде табысқанға дейінгі үш күн Тоқсабаға үш жылдай көрінген. Жігіт – күйеу, қыз – келіншек атанып, ақ некелері қиылған соң, көңілдері алаң үлкендер жағы бөгелмеді. Тоқсаба қасындағы күйеу жолдас, жігіт-желеңмен бірге қайын жұртында қалған. Думан-сауық әрі қарай созылды. Тек бұрынғыдай емес, екі жақ та еркін. Аяспаған. Барын салысқан. Қыза келе бар түйіткіл қай топтың өнері асады деген бәсекеге ұласты. Ат бәйгесі ғана емес, адам бәйгесі – белдесіп күресер балуандар күші, білекпен тартысар сайысшылар серпіні, әр түрлі ойын шеберлерінің ебі той үстінде тамашаланған. Үзілмей жалғасқан – ән мен күй сайысы еді. Күйеулер жағы өңшең өнерпаздарын іріктеп апарған. Қыз ұзатар ауыл – өз орнында, бары – басында. Күш салмағы тепе-теңге жуық. Екі жақ жеңісе алмады. Ақыры қыза келе ауыл иелері топ алдында домбырашы Бекжанды шығарған. Жасы қырықтарды орталаған, жүзі ызбарлы Бекжанның бірде сағақты бойлай жорғалатып, бірде шанақты жын буғандай дүбірлете, сілтей ұрғыштап, бірде оң, бірде теріс шалып, кейде үш-төрт саусақпен салалап шертіп, кейде бес саусақпен қатар тасырлатып, жүз құбылта ойнаған жойқын тартысына жан шақ келмеді. Ол жасаған өрнектерді қайталап шығуға ешкімнің шеберлігі жетпеді, ол туғызған сырлы әуенге, асқақ толғанысқа, алапат дүрілге парапар, тіпті, соған нобайлас дыбыстар туғызуға ешкімнің құдіреті жетпеді. Ақыры, өз тобын мүлде жерге қаратпас үшін, тау сыртында тұрған аулының абырой-атағын түсірмес үшін, Тоқсабаның өзінің қолына домбыра алуына тура келді. Күйеу жігіттің талап білдіруін ешкім де оғаш көрген жоқ. Домбырашылық атағын естіген. Тегіс тыңдауға құмартып жүрген. Ал Бекжан өзінің ризашылығын жасырмады. Тіпті, қатты қуанғандай. Шынында, күні бойы тек осы Тоқсаба үшін ғана тартып отырған.
– Әп, бәрекелді!.. – деді көзі ұшқындана. – Әуелі қолыңды біраз жүргізіп ал.
– Маған бәрібір, – деді Тоқсаба.
Бекжан болмашы жымиды.
– Қайсысын алға саламыз: ойынды ма, әуенді ме?
Көп алдында домбыра шертудің қалыптасқан екі түрлі жолы бар еді. Бірінде бар салмақ күй әуеніне түседі, оның әсерлілігіне, саздылығына, сырлы, әрі терең шығуына назар аударылады. Екіншісінде ойнақылығына, жеңілдігіне баса көңіл бөлінеді, оның үстіне домбырашының перне басу, ішек қағу тәсіліне, қимылының әсемділігіне, тосын өзгешелігіне мән беріледі. Мұндайда домбырашы қолындағы аспапты тігінен тіреп қойып, немесе төңкеріп тастап ойнайды, төбесіне көтеріп, арқасына қайырып тартады, ішекті қақпай тек перне басып қана дыбыс шығарады, саусақтың қырымен, сыртымен, алақанмен тартады; бұғақтан тиекке дейін жүйткітіп, қолды оңды-солды, жоғары-төмен, қиғаштай сілтеп, неше түрлі қимыл көрсетеді. Көз ала алмай қараған, демін жұта таңырқаған жұртшылық әрі қисынсыз жерден шыққан өзгеше сарынға, әрі домбырашының қызық қимылына елітіп, қоғадай жапырылатын. Домбырашыны қас шебер деп танитын. Тек осылай ғана тарту керек сияқты көретін. Сырттай қанша әсерлі болғанмен, мұның бәрі – алдамшы елес. Көзіңізді жұмып немесе теріс қарап отырап көңілмен ғана тыңдаңыз… жапырағынан айрылған қу ағаштың өзін көргендей боласыз. Күйді толықтырған, әшекейлеген қимыл киім сияқты сыпырылып түсіп қалған соң домбыра үні тым жадау шығады. Тоқсаба домбыраға алғаш құмартқан шағында, ұстазымен кездескенге дейін бұл өнерді де біраз қызықтаған. Қазір арзан көретін.
– Мен сайқымазақ емеспін, – деді шамданып.
– Бір өнердің өзінің сегіз қыры бар, әрқайсысы өз орнында көрікті, – деді Бекжан. Домбыраны алдына бос тастап, ұзын, қою қара мұртын ширатты. – Әйткенмен сенікі жөн. Сүре тартамыз ба, түре тартамыз ба? – Мұртының қос шалғысын қос қолдай бүктеп, екі ұртына тықты. Езуін қиғаштай, қарш-құрш шайнады. Қыршып алып тастағысы келгендей.
– Қалауыңыз білсін, – деді ширыға бастаған Тоқсаба.
– Онда… – Бекжан мұртын қайзап, сәл бөгелді. Сол қолымен кезекпе-кезек қайта ширатып, сұқ саусағының сыртымен бипаздай сылады. – Онда тегін бала болмадың. Біз де қапыда кетпейік, халықтың да құлақ құрышы қансын, екеуін де көрейік. – Бекжан батуға айналған күннің қызыл жалқын сәулесі түскен шаңыраққа қарады. – Бүгінге сүре тартыс та жетіп қалар…
Тоқсаба домбырасын ыңғайлаған. Шәйт десе атылуға әзір. Бірақ Бекжан саспады. Алдында кесе-көлденең жатқан үкісіз шолақ домбыраның әшекейсіз, сартап болған, кішкентай үш ойықты, теп-тегіс бетіне үңіліп, сәл бөгелді. Аққудың қауырсынын ұстағандай, еппен қолына алып, құлақ күйіне келтірді. Иығын қомдап, жинақыланып отырды. Домбыраны шерте бергендей қимыл жасады да, кілт бөгеліп, қоңыр даусымен әңгіме бастап кетті.
– Баяғы өткен заманда алты алашты билеген, шүлдірлеген шүршітті, басы шоқты қалмақты тегіс бір өзіне қаратқан, қияндағы Қырым мен шалғайдағы Ұрымға әмір жүргізген қаһарлы хан болған екен. Шыңғыс дер еді оның намын. Шыңғыстың жалғыз ұлы Жошы ерлігімен де, серілігімен де әкесінен асып туыпты. Алмаған жау қоймаған, бітірмеген дау қоймаған Жошының ең құмар ісі аңшылық болса керек. Жүздеген нөкермен жүреді екен, салбурындап кетеді екен. Бірде Сарыарқаның беліне, Ұлытаудың шегіне құлан аулауға шығады. Жошы ханның сырнай-керней тарттырып, даңғыра, дабыл қақтырып, алаштан сәнін арттырып, арыс садақ, арғымақ атты мың сан нөкермен аттанған сәті.
Бекжан домбырасын шұғыл көтеріп, ешқандай дайындықсыз, бірден-ақ салтанатты дүбірге толы, Тоқсаба бұрын мүлде естімеген күйге басты. Желе жортқан хан шеруін бейнелейтін сарын иініне жете бере кері қайтып, әлденеше толқып барып, бірте-бірте баяулай келе, сыбырға көшті.
– Аңшылар жайылып жатқан құланды көрді, – деді Бекжан тартысын тоқтатып. – Көп құлан. Кеңгір өзенінің кең суатынан мөлдір суға қанып, жаңа ғана шыққан екен. Жайылымдағы құлан үйірінің бейнесі.
Тағы да күй басталды. Шөбі шүйгін кең дала. Құландардың шолақ құйрығын, келте жалын сипай соққан самал жел. Кенет Тоқсабаның құлағына қанық күйлерде мүлде ұшыраспайтын, суыра сыпырған дыбыстар – жат әуен естілді.
– Құландардың жайылғаны, – деді Бекжан ойынын үзбеген қалпы. – Оттап, оқыранғаны. – Дүрсіл, арпалыс сарыны естілді. – Ал мынау – айғырлардың үйірге таласқаны. – Қайтадан майда ырғақтарға көшті. – Құлын, тайлардың ойнап, жарысқаны… Міне, құландар жусауға жатты…
Күй бітті.
– Баспадан бәрін көрген аңшылар құлан тегіс жусаған соң, аттарын жетектей, бұқпантайлап келіп, үйірді қоршауға айналады. Бірақ шоқ бұтаны тасалап, қарауылда тұрған құлан айғыры сақ екен. Қатерді сезісімен, жер тарпып белгі береді. Жаңа ғана тыныстап жатқан үйір топырлай түрегеліп, қоршаудан сына тауып, жөңкіле қашады. Аңшылар дүркірете соңынан қуады.
Тағы да күй.
– Құлан – жүйрік жануар болса керек. Күні кешеге дейін осы өңірдің өзінде көп ұшырасушы еді, бәйге атқа карасын да шалдырмайтын дейді ақсақал қариялар. Хан тобы өңшең сәйгүлік мінген, бірақ құланға қайдан жетсін. Құлан жүйрік-ақ. Әйткенмен құланнан жүйрік жебе бар. Ат үстінен шірене садақ тартқан нөкерлер құланды тай, кұлын демей, бие демей топырлатып жыға берсе керек. Аздан соң, үйірін жаудан құтқару үшін көлденеңдей, оқшау тартып, жалғыз салған құлан айғыры ғана қалыпты. Оның соңында да кісі бар – Жошы ханның өзі. Құлан айғыры ханның қазмойын тұлпарына қара шалдырмай кетер еді, мана, үйірден бөлінген кезде артына қарайлаған, сол мезетте соңынан зулаған садақ оғы қуып жетіп, артқы санға қадалған. Құлан ақсаңдай қашқан қалпының өзінде ханнан шым-шымдап ұзай берсін. Бірақ амал не, басын бәйгеге тіккен әрекеті еш екен, бүкіл үйірі харап болды. Үйірі тегіс оққа ұшқанын көзі шалысымен қашуын тоқтатты. Кері бұрылып, өзінің үрім-бұтағын, серік-сыңарын құртқан ханға қарсы шапты. Әлде аңшы оқыс шабуылдан абдырады ма, әлде ыза, кек буған құлан соншама қайратты ма, ат үстіндегі ханды алып түсті. Біз көзін көрген баяғының күйшілері Жошының ақсақ құланды қуған және одан мерт болған кебін былай толғар еді.
Тоқсаба қалыңдық ойнай келген жат ауылда бейтаныс домбырашымен тартысқа шыққанын бағана ұмытқан. Көп тыңдаушының біріне айналды. Бекжанның таза ойыны, күйдің асау серпімі жадылап алғандай. Әсіресе, Бекжанның әуелде епетейсіз тәрізді көрінген добал, ұзын саусақтарының перне басысына айрықша назар аударған. Екі ішекке бірдей екен. Ал үстіңгі ішекті жартылай, пернеге тигізбей басатын, «сақау көбе» аталатын тәсіл мен астыңғы, үстіңгі ішекті алма-кезек ілетін, бес саусақ қатарынан тынымсыз жүйткіген, негізгі күш бас бармақ пен шынашаққа түсетін шалыс басысқа айрықша шебер болып шықты. Әрбір күй аяқталған сайын, тәттісін аузынан айырған баладай қоңылтақсып отыр. Әңгіме, әрине, қызғылықты, бірақ күйге қайдан жетсін. Әңгімеде күй жоқ. Ал күй арнасына қаншама терең хикая сыйып тұр. Зорлық, зомбылықтан, тәуелсіздігін тапаған езгіден, тынымсыз кудалаудан ширыққан халықтың әбден ашынып, ажалға қарсы ұмтылған серпімді қимылы, өзінің түбіне жеткен дұшпанды ала жығылған жанкешті ерлігі. Өмірдің мәнін әйгілейтін, ізгі сезімге толы қатерлі күреске – тек жеңіспен ғана тынуға тиіс қасиетті күреске үндейтін асқақ жыр. Тоқсаба осының бәрінің парқын танып, жеткере ұқты ма, әлде сырлы дыбыстарды тамашалап, бәсекелесінің шеберлігін ғана байыптады ма – есінде жоқ. Жошыны шайнап өлтірген ақсақ құлан өзі де қансырап, құла дүзге қарай лағып бара жатқан мезет бейнеленетін сарын күй тәмамдалған соң да ызыңдап құлағында тұрып алғанын ғана біледі.
Бекжан әңгімесін ары қарай жалғастырды.
– Жошының ұзақ уақыт бойы аңнан оралмауынан секем алған көңілі күпті хан: «Қаралы хабар айтушының құлағына қорғасын ерітіп құям», – деді. Батырға да жан керек, азапты ажалға кім сұранбақ. Бірақ хан ұлының өлімін қашанғы жасырып отыру мүмкін. Уәзірлер сасып нөкерлерге айтады, өсіріп айтады, нөкерлер шошынып, қалған жұртқа жеткізеді, көпіртіп жеткізеді. «Ұлым жаманатқа ұшыраса, ақ-қараңды сараламаймын, көзіме көрінгеннің бәрін қырып-жоям», – деген хабарды естіген, тегіс жығынды болған ел малын баға алмады, отын жаға алмады. Халықтың абдырап, дағдарған кебі. – Дірілге толы, белгісіз қатер алдындағы қорқыныш елесі айқын танылатын, домбырашының қолы талығып сүрінгендей өксік бар шағын күй тартылды. – Сонда Кет-Бұқа деген күйші елді, ер-азаматты апаттан құтқармақ ниетпен өзі тіленіп шықты, – деді Бекжан бөгелместен ары қарай жылжып. – Жошының өлімін, өлімге араша жоғын күймен жеткізді…
Манадан бергіден мүлде бөтен сарын. Әуені де, қағысы да бөлек. Қоңыр күмбірге толы, тыңдаушыны терең шыңырауға, қайғы тұңғиығына сүйреген зарлы үн. Қайда отырғаны жаңа ғана есіне түскендей, жан-жағына бажайлай қараған Тоқсаба түн болғанын, кең отауды қақ ортаға жағылған тезек оты ғана жарық етіп тұрғанын аңдады. Шарт жүгіне күй тыңдап отырған жұрттың жүзі көлеңкелі. Тегіс тұнжырап, тұқырып қалған. Тек домбырашының ғана кеудесі көтеріңкі. Тұғырға қонған бүркіттей. Ұзын қара мұрты анда-санда жыбыр ете түседі. Қалың, биік қабақ астындағы өткір көздері от жарығымен шағылыса алаулайды. Шыңғыс ханға сүйікті ұлының қазасын хабарлап отырған Кет-Бұқа – өзі сияқты. Бүкіл бітісінен тағдырдың жазғанын көтеріп алуға әзір бекемдік танылады. Естірту күйі тәмамдалып, ханның ұлын жоқтаған зары басталғанда Тоқсаба таяу жерде отырған әлдекімнің қыстығып, сыңси жылағанын аңдады. Бұрылып қарамаса да нық таныған. Өзінің жас келіншегі Зәуреш. Көзіне жас үйірілген, тіпті, өкси еңіреуге шақ отырған адам бірталай екенін, олардың ішінде жастар да, кәрілер де барын келер сәтте-ақ байқағанымен, іштей тіксініп қалды. Өзінің де тамағына түйіртпек тығылғанын ойламаған. Кет-Бұқаның жұбату күйі кезінде ғана бойын әрең игерді.
– Шыңғыс өзінің уәдесін орындапты. Қаралы хабар айтушы – қатал жазаға лайық деген сөзінен танбай, корғасын ерітіп… домбыраның ойығына құйыпты, – деп, Бекжан ауыр күрсініп барып тоқтағанда ғана күйдің біткенін білді. Кезек өзіне келгенін көрді.
Тоқсаба тартатын желілі күйлер көп еді. Сол көптің ішінен қайғысынан сүйініші мол, жанға қуат, қөңілге медет берер сырлы сазды, дарқан әуенді, ойналуы өте күрделі болғанмен, жеңіл естіліп, терең қабылданатын «Боз інгенді» таңдады. Жеті тармақ күй. Шудасы жібек, жүні мамық боз інгеннің төлсіз тұл тірлігі, зарығып бота көруі, ерекше туған, алтын басты, күміс құйрықты ақ ботаны қарақшылардың ұрлап әкетуі, көп қиындықтардан соң аруананың ботасымен қайта табысуы хикаяланатын әсем дүние еді. Талай тартқан, қапысыз меңгерген нәрсесі. Қолым тосырқар деп ешқашан ойламаған. Бекжанның манағы ақылы жөн екен. Бұрын ажырап көрмеген домбыраны қалыңдық ойнаған бес күн ішінде соншама жатырқап қалыпты. Нақышын жеткізе алмай қатты қиналды. Саусағы шалыныса берді. Домбыра да шешендігінен жаңылғандай. Кейде, тіпті, қақалып-шашалып қала жаздайды. Тыңдаушының райына айрықша мән беретін Тоқсаба төңірегіне қорқақтай көз тастап еді, жұрттың жүзі сәулелі, бәрі де ұйып тыңдауда. Тек Бекжан ғана дыбыс мүкістенген сәттерде болмашы түйілген қабағының арасы қосыла дірілдеп, тұнжырап отыр. Тоқсаба өмірінде тұңғыш рет көп алдында қатал сынға түскенін жанымен сезінді. Бар аруағын шақырып, Ліштей ата-бабаларына сыйынды. Күйдің рухына ғана емес, өрнек, иірімдеріне де айрықша ықылас қойған. Сәлден соң төңірегінде кім бар, кім жоғына, олардың қайсысы күйді қалай қабылдайтынына назар аудармағаны өз алдына, қайда, қандай жағдайда отырғанын да ұмытты. Манағы, жан жүйесінен, сезім, түйсігінен мүлде байланысын үзіп кеткендей көрінген саусақтар енді нендей күрделі қимыл болмасын, жеңіл жасап жатыр. Жаңа кекештене қарлыққан домбыраның көмейі ашылған, ішектері күміс буына суарылғандай сыңғырап тұр, сиқырлы саз өзінен-өзі туындайтын тәрізді. Әлгіндегі түйте көңіл енді кемерінен аса лықси төгілуде. Бұрыннан белгілі әуенді емес, табан аузында шығарылған тың күйді құйылта сорғалатқандай. Боз інгеннің қолды болған ботасының соңынан қуа шыққан жүрісін бейнелейтін «Бүлкілге» көшкенде Тоқсаба орнында отыра алмады. Ешқашан бұлай ойнап көрмегенін, жаңа биікке жеткенін өзі де аңдаған.
Жетінші күйді тартып, әңгімені аяқтаған кезде ғана бәсекелесіне көзі түскен. Қимылсыз отырғаннан ұйыса керек, бір аяғын көсе тастап, қонышынан күміс шақшасын алды. Бір қалыпты баппен сілкіп алақанға қақты. Тақыр басты дөңес маңдайын жаза шалқайтып, жасыл насыбайды аузына атты. Тілімен қармап, астыңғы ерніне орналастырды.
– Уа, пәлі! – деді содан соң ғана ризашылықпен. – Күй тартсаң, күйеудей тарт. – Қайтадан малдасын құрып, домбырасын алды. Көп тыңқылдатпай, бірер бұрап, бірер шертіп, қолайына келтірді. – Баяғыда, – деді, жаңа әңгіменің шетін шығарып, – тіпті ертеде болса керек. Қалмақпен қырқыс басталмаған, Есім ханның ескі жолы заңға көшпеген, Қасым ханның қасқа жолы тасқа түспеген заман екен. Қазақ қызылбас дейтін жұртпен жау болыпты…
Бекжан тереңнен суырып, ұзаққа сілтеді. Жұрт алдына табақ тартылды. Домбырашы қызықты хикая аралас күйін үзгенмен, ет жеген жоқ, бір кесе сорпа ғана ішті. Әңгіме арбап, күй тербеген жұрт не жеп, не қойғанын өздері де білмеді. Әңгіме әсерлі ме, күй тартымды ма – ол жағын ешқайсысы да айта алмас еді. Көне заманның ерлік шежіресін шерткен эпос-күй біріне-бірі ұқсамайтын он алты тармақтан тұратын, туысы бір, бітімі тұтас «Бозайғыр» еді.
Кезек күйеуге көшті. Тоқсаба осыншама тамыр, желілі, ұзақ күй болады деп ойламаған. Санымен ғана емес, сарынымен де еңселі тұр. Тоғыз тармақ, жеті тармақ күйлер мұнда да бар еді. Қанды жорық… Кескілескен ұрыс… Ұран, жігер… Бірақ жортуыл сарындарына жетік Бекжанды алар амал – басқа тарапта екені күмәнсіз. Әуелгі бағыты дұрыс. Сырлы саздардан ауытқымау керек. Бес-ақ тармақты «Бозторғай» күйін хош көрді. Кең сақара төсінде еркін шырқап ұшқан, таң сәулесіне, күн нұрына, селеу суылына, бұта ызыңына үн қосқан бейбіт құс. Бауыры жерден ажырамаған, араны ештеңеге толмаған, сумаң жүріс, суық жүзді сұр жылан, күші уында, қарымы көзінде, төңіректі тегіс жалмап келе жатқан сұм жылан бозторғайдың ұясына жетеді. Балапандарын тірідей, жұмыртқаларын бітеудей жұтады. Бірақ кең далаға жалғыз өзі, біржола иелік кұру үшін бозторғайды мәңгі аластау керек. Бозторғай бас сауғалап, бөтен тарапқа кетсе керек еді. Кетпейді. Қайтадан ұя салып, қайтадан балапан ұшырам деп сенеді. Көкте жүрген маған жердегі жылан не істер деп ойлайды. Әлде туған өңірін қимады ма. Қайткенде де ақырын күтуге бекінді ме. Солай болар. Жөн-ақ шығар. Бірақ жыланның табиғатын білмегені. Жердегі жыланның көктегі құсты алдында түсірер қуатты қаруы бар. Сиқырлы күші бар. Көрсе бітті. Құрбандығын құтқармайды. Міне, азалы бозторғай таң жарығымен аспан төсіне қайта шықты. Жыланға керегі де – осы. Көрісімен арбай бастады.
Күйдің ең қиын да, ең күрделі де тұсы – арбауға ілінген бозторғайдың ешқайда кете алмай, талықсыған қанатын тынымсыз қағып, көкте, бір орында шырылдаған соңғы сәттегі ышқынысы еді. Қанаты еркіне бағынбаған, денесі ауырлап, әлі құрыған торғай зымырай құлап, жыланның аузына келіп түсті. Бітті. Күй де сарқылды. Отау ішіндегі, домбыраның арбауына түскен жұрт та әлденеден қорыққандай, тілсіз тынып қалған.
Тыныштықты ауыр дем алған Бекжанның даусы бұзды. Қайғылы күйге иілген көңіл лебі ме, тартысты ары қарай жалғастыруға мәжбүр болғанына реніш пе. Жүзі сынық, үні жарықшақ. Қайткенде де әзір екен.
– Келесі күй… Жұрт назары тегіс өзіме аусын дегендей, қалт бөгелді. «Келесі күй…» Тоқсаба бұдан соң не тартарын сонда ғана ойлады. «Аққу». Бірақ көңілдегі «Аққуға» кезек жетпеді. Бекжанның атаусыз қалған күйі де тартылмаған.
– Беке! – деді манадан бері көп тыңдаушының қатарында, үнсіз отырған ауыл ақсақалы, сәл үзілісті пайдаланып, – Күйеужан! Екеуіңнің де өнерің асып тұр. Қапысыз. Талайды басымнан өткерген кәрі жасымда мен мұндай тартысты көргем жок. Бірақ алда да күн бар. Ертең жалғастырсақ. – Бекжанға қарады. – Балалар демалсын.
– Ләббай, тақсыр, – деді Бекжан дүр сілкініп. – Күйеу хош көрсе, менде қарсылық жоқ.
– Жол әуелден сіздікі, – деді Тоқсаба.
Ертеңіне сәскеде сайыс қайта басталды. Кешегі ойын жалғаспаған беті қалды. Бекжан сүре тартыс тепе-тең аяқталды деп пайымдаса керек. Тоқсаба жеңдім деп айта алмас еді. Қайта, бастағы жыға қисайып барып әрең оңалған жоқ па. Түре тартысты қабылдаған. Мұнда, әдетте айбармен, аумақпен емес, өрнекпен, нақышпен алады. Тіпті, сүре тартысты кім көп біледіге салып, мылжың созбалауға айналдырып әкететін парықсыз домбырашылардың өзі түре айтыста оңай ұтылатын. Бірақ егде бақталасының қағыс машығын бажайлап таныған Тоқсаба бүгінгі тартыс кешегіден ауырырық түсер, бәлки, ұзағыраққа созылар деп пайымдады. Өзінің жеңетініне де күмән молайған. Алайда, тартыс бұл күткеннен мүлде басқа кейіпте өтті.
Әуелде екеуі де ұзақ шабысқа түсер сыңайда болған. Кезектесе алмасқан тартыс үстінде Бекжан бірде тым арыдағы Саймақ, Айдос сарындарын шалса, бірде күні кешегі Тәттімбет пен Тоқаны шерткен. Жас бәсекелесінің аңысын аңдаған, әр тұстан бір ойқастап, әлсіз жерлерін барлаған тәрізді. Басқа тарапқа жетелегісі келетіндей. Алайда, Тоқсаба Байжігіттен аумады. Түнде, жас келіншегінің құшағында жатқан кездің өзінде құлағында ызыңдап тұрып алып еді. Екі-үш рет, тіпті, төсектен тұрып кетіп, сипалап домбырасын тауып алып, тастай караңғыда өзі көптен ойнамаған, қөңілде көмескі тартып, қолы жатырқай бастаған өрнектерді пысықтап еді. Шын шеберлік тынымсыз машықпен ғана жолдас екенін нық түсінген. Өзіне соншама сенім артқан қарт ұстазының алдындағы кінәсін ұққан. Мүмкін, қазір иірімде еркін жүзіп, қалтарыс, бұқпаларда сүрінбей, белес, шыңдардан еркін асып, жеңіл ойнауы да соның арқасы шығар.
Бірақ Бекжанға ештеңе әсер етпегендей. Тіпті, тартысып отырғанын ұмытқан тәрізді. Тоқсабаның перне басысына, ішек қағысына әлде сынай, әлде тамашалай қарайды. Өз кезегі келгенде жер бетіне меруерт шашқандай төгілте сілтейді. Әр жолы әр түрлі, кейде тіпті, алдыңғыға мүлде кереғар күй шертеді. Тәмамдай сала, ауыр, қалың мұрттарының астынан ашық, сойдақ тістерін ақшитып, рабайсыз жымияды, кезек сенде деген ишаратпен болмашы ғана бас изейді. Қайтер екен деп отырғандай. Мазақтағандай. Тышқанмен ойнаған мысықтың мінезі.
Осы қалыпта ет пісірімге жуық ырғасқан соң, күн түске тармасқан шақта, Бекжан үнсіз, алқа-қотан отырған жұрттың ортасына қойылған дағарадай сырлы тегенеден анда-санда ғана бір құйғызып алып, мұртын сорғандай сыздықтай тартып отырған үлкен шара аяқ қымызын оқыс қаталап кеткендей, басына төңкере ішті. Кезегі күтіп тұр еді, асықпады. Шараға қайтара құйғызды. Бұл жолы дәмдеп, баптап, ортан беліне дейін ішті. Жан қалтасынан көлдей ақ шыт орамалын алып, аузын сүртті, маңдай терін құрғатты. Мұртын қылшықтан арылтқандай тарамыштап, сәл бөгелді. Домбырасын қолына алып, саған ризамын дегендей шанағының қырынан жайлап, сылай сипады. Содан соң төңірегін бір шолып шығып, Тоқсабаға тік қарады.
– Сен жеңдің, шырағым… Өнерің өрісті болсын!
Тоқсаба Бекжан сияқты дәулескер домбырашы мұншама тез тізе бүгеді деп күтпеген. Өз құлағына өзі сенбеді. Келекелеп отыр ма деп, бақталасының жүзіне шүбәлана қараған. Қалжың, мазақ ізі жоқ. Реніш, өкініш табы да аңғарылмады. Жеңілдім-ау деп қорланған, төменшіктеген сыңайы және көрінбейді. Таңырқағаны сонша, тіпті, қуануды ұмытты. Аузына сөз түспеді. Отау толы үлкен-кішінің өзін қошаметтеп көтермелеген, Бекжанды құрметтеп, мадақтаған сөздерінің бірін естіп, бірін естімеді. Кешегі Айтанның мінезін салдықпен жын қуған аңғалдыққа балап еді, бүгінгі Бекжандікі не?
Тоқсаба кейін ғана ұқты. Шын кемелге күншілдік жат екен. Дара өнер иесі өзіне сыңар екінші біреуді ұшыратқанда жүз жыл көрмеген, арманда айрылысқан туысымен табысқандай қуанбақ. Өйткені пендешілік «Меннен» өнер мұраты қашанда жоғары.
«Жетпіс күй» есімді жүйрік Бекжанның алдын кескен, Тоқсабаның мерейін көтеріп, аласапыран шақтың өзінде даңқын бүкіл Арқаға жайған күйдің аты – «Көкбалақ» еді. Байжігіттің «Көкбалағы»…
Мұхтар Мағауиннің «Екі томдық шығармалар» жинағының 2-томынан алынды (Алматы, «Жазушы», 1990 жыл).