Асыл ӘБІШ

Шүкір, қайсыбір той-томалақты «ащы сусыз» өткеру дәстүрге айналып келеді. Сонсоң, той-думанды спирттік сусынсыз өткізуді тек дінмен ғана байланыстырып, соған апарып тірей беру де дұрыс емес.

Жан тазалығы, Тән тазалығы, Ой-Сана тазалығы – өзіне жауаптылықпен қарайтын әр адамның мызғымас ұстанымы, өмірлік қамал-қорғаны. Азаматтық қоғамның айтарлықтай бөлігі  Саулықтың қадір-қасиетіне соңғы бір-екі жылда ғана жете түскендей боп тұрғаны әмбеге аян. Дәл қазір «КОВИД секілді індеттің шабуылына бірден-бір тойтарыс ИММУНИТЕТ» деп шуласып кеттік, оны жөндем етудің жолын іздеп, сайт біткенді сағалап, желі біткенді жағалап, әйтеуір ақпарат ақтаруға көштік.

Дұрыс әрі ауқатты, яғни дәруменге бай өнімдермен тамақтану, қимыл-қозғалыс дегеніңіз күн тәртібінің басына шықты. Қозғалыс – еңбекте, спортта. КОВИД-19 індеті қоғамды көп дүниеге қайта жүгіндіргенін мойындамасқа болмайды. Мысалы, қарапайым спорттық гимнастика-жаттығуларды балалық шақта, мектептегі дене тәрбиесі сабағында жасап, кейін әбден ұмыт қылған кей ағайын осы күні өкпе қабынып, демігуге тап келгенде сол жаттығулармен жылап көріскендей боп отыр.

Рас, біз қазақ өте жақсы һәм құнарлы тамақтанамыз. Оның үстіне той-томалақ та көп дегендей. Құдай тойдан айырмасын бізді! Бірақ сол ішкен-жегенді бойға сіңісті етуге, тарқатуға келгенде мойын жар бермей жатады. Қимыл-қозғалыс жоқ, ол болмаса тән саулығы, иммунитет қайтіп әлденбек?! Соңғы кездері ауру-сырқаудың көбі тыныс алу жолдары арқылы шабуылдап, өкпемен әбден «өштес» болып жүр. Оған мысал-дәйекті өздеріңіз де білесіздер. Рас, балабақша, мектепте гимнастика дегенге зор маңыз берілді біз оқып жүргенде. Осы күні қалай екенін біле бермейміз. Оқушыларға допты беріп, залға немесе алаңға жібере салып, бақылап қана қарап отыратын мұғалім жоқ шығар, әлбетте.

Үйдің маңында керемет саябақ бар. Күнде серуендеп, жаттығу жасауға тырысамыз. Жаттығу жасап жүрген жеткіншек-жастарды көріп сүйсінемін, тіпті, олармен араласып, сөзге тартып, ұстанымдарын тануға тырысамын. Бірақ… Сол саябақта жүріп тағы көретініміз  – өкінішке қарай, электронды сигарет сорып, түтінге көмілген жеткіншектердің аз еместігі! Ұлдар да, қыздар да топтасып түтіндетіп отырады, «міне, көрдің бе» дегендей ойқастап, масатқа беріліп-ақ жүреді. Қымсыну деген аты-затымен жоқ. Өзіміз де бала өсіріп отырмыз ғой, терең ойға беріліп кете барамыз. Ескерту жасаудың жолы мен жөні қайсы деп бас сипап, ретін таппайсың. Бір рет жайлап айтып көріп, бет қайтқан. Осы күні «Әрі жүр, не ақың бар!» деп дүрсе қоя беру кімге де болсын түк емес. Қоғам боп осыған мән-маңыз берсек екен. Дүкендердегі темекі сатылымын қалай қиындатса да, одан ештеңе шықпасын бала да біледі. Сонда жол қайсы?

Жоғарыда той деп қалдым ғой. Тойлы ортада бесіктегісінен бастап, бақшадағысы бар, мектептегісі бар, әйтеуір балалар топырлап жүретіні мәлім. Кейде шыны керек көпшiлiкпен, ағайын-туыспен бiрге қызықтар той-мерекенiң қашқан күйiн, кеткен берекесін көріп күйініп кетесің-ау. «Той – тәрбие мектебi» деп келетін қағиданың талқаны шығып жатады. Қайсыбір думан-тойдың ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, үлгi-өнеге көрсету үрдiстерiнен жұрдайлығына өзегің өртенеді.

Әрине той иелерi шараның қонақтар үшiн қызықты әрi есте қаларлықтай болуын, көңiлдi өрбуiн қалайды. Ал тойдың дәл осындай тұрғыда өтуi тек асабаға ғана байланысты деп, тiзгiндi толығымен соған ұстатамыз. Арақ-шарап жүрген жерді білесіздер.Тілек сайын «Ал, сол үшін алып қою» басталады да кетеді. «Алғызудың» да амал-шарасы аз емес. Қайбір той өткізуші тарап  қонақтар «сайтанның суын» көптеп iшсе, отырыс та көңiлдi өрбидi деп есептейтіні рас қой? Рас! Не керек, ұйымдастырушылардан пәрмен түскеннен кейiн, тойды қызықты әрi көңiлдi, есте қаларлықтай етiп өткiзу жауапкершiлiгi жүктелген соң, кейбір асаба өзiнiң басты мiндетi – қонақтарды «iшкiзу» деп санайды. Осы мiндеттi ойдағыдай орындау жолында қолдан келгеннiң бәрiн жасап бағады. Бұл ретте ол «жүз грамның» жақсылығын асырып, жамандығын жасыра отырып жарнамалап, iшпесiңе қоймайтын «керемет даналықтардың» тиегiн ағытады-ай келiп.

Сонда не дейдi? Әрбiр тiлектен соң, асабаның аузынан шыққан мына тектес сөздерді талай естідік, естіп те жүрміз: «Iшпегеннiң iшi кепсiң», «Алып қоймаған албасты», «Iшпегеннiң қолына қотыр шықсын», «Жұтып жүрген жұтамас», «Жаманнан жүз грамм арақ қалады», «Торы ала шыны коньяк, iшпесең оны тағы ұят», «Түбiне дейiн iшiлмесе, тiлек қабыл болмайды», «Жүз грамм арақ қалғанша, жаман қарын жарылсын», «Iшпегеннiң iшi пысады»… Ол – ол ма, осылардың әрқайсысын айтар алдында «Қазақ атамыз былай деген екен….» дегендi де қосақтап жiбередi. Осыдан соң тойда топырлап жүрген жас балалар «арақ-шарап ата-бабаларымыздан қалған ас екен ғой» деп ойламағанда қайтедi. Қазiр көптеген жас балалар жоғарыда айтылған «нахал нақылдарды» жатқа соғатын боп жүр. Бұған таң қалуға болмайды, әрине, оның бәрi – тойдан алған, тойда жүрiп терген «тәлiм». Өкiнiштiсi сол, осыған мән берiп қарап, ескерту жасауды ұмытып кететініміз.

Ойымыз осал, тойымыз талқан, ұрпағымыз әлжуаз болмасын, Ағайын!

Добавить комментарий