* * *
Алтыншаш!
Әй, Алтыншаш!
Сен ертең ерте оян,
Себебі ертең,
Сарыла көптен күткен келеді еркем.
Еркеммен кездесуге өзің де кел,
Кие кел көйлегіңді және көркем.
Еркеммен қауышуым бұл бір бақыт,
Алайық сол бақытқа бір-бір батып.
Кедергі келтірмейді, алаңдама,
Таға кел шашбауыңды сыңғырлатып.
Оралып мұңайтпасын өткен шағың,
Күл ертең, жадырай күл жеткенше әлің.
Бір-ақ күн, тек бір-ақ күн бізбенен бол,
Үзіліп қалмайды одан бетмоншағың.
Бар бізде таусылмас сыр,
Сарқылмас мұң,
Аптыққан екі жүрек мауқын бассын,
Жатуға асықпа сен ертең мүлде,
Батуға асықпа сен, Алтыншаш – Күн!
Жарай ма?
Романс
Маздап түнгі маздақ құрлы,
Жалын атқан кеудемен,
Тамып кете жаздап тұрды:
Көкте – жұлдыз,
Жерде – мен.
Таусылғанша түннің демі,
Жанарымыз байланып.
Кеудем күй боп күмбірледі,
Күйсандыққа айналып.
Бір әуенді биіктетіп,
Биіктетіп, аңсарым,
Күйсандыққа тиіп кетіп,
Тиіп кетіп саусағың,
Бір ырғақпен,
Бір леппенен,
Әр нотадан аңқып гүл,
Мың-мың Моцарт,
Мың Бетховен,
Кетті-ай дейсің шалқып бір!
Сол әуенмен сырды – сырға
Қостық
(Керең жан да естір.)
Саусағыңның тұрды ұшында,
Ең… Ең Ұлы Оркестр!
Бір алапат сезім кештік,
Сезім кештік, паң күліп.
Айлы түннің көзінде өстіп,
Қалып қойдық мәңгілік!
Осыншалық алып күшті,
Көтере алмай… ал, содан:
Жұлдыз маған тамып түсті,
Тамып кеттім мен саған.
Қос жапырақ
Таптың, бәлкім, басқа тұрақ,
Кеттің, бәлкім, тіпті, алшақ?
Бәрі үзілді… қос жапырақ,
Сені ғана күтті аңсап.
Ойран салып мына басқа,
Небір долы түн өтті.
Бірі – менде, бірі – ағашта,
Қос жапырақ дір етті.
Қос жапырақ… жалғыз үміт…
Кешті тағдыр ойранын.
Ағаштағы қалды үзіліп,
Мендегі ше?..
Беймәлім.
* * *
Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Райыңнан ерте қайт, көкем.
Саған кеп мендей дәруішке кім,
Тағдырлас бол деп айтты екен?
Үздігіп менен, сормаңдай құсым,
Күтесің бекер таудай бақ.
Сенің жаныңның арман-қайғысын,
Түсіне алам ба мен бейбақ?
Сайрай бер, тотым, армансыз күн-түн,
Әніңді еркін айт әсем,
Торыма түсіп аңдаусыз бір күн,
Сорлап қалмашы байқа сен.
Ішқұса болып, құлдығым, онда,
Көзіңе тұнар уайым – көл.
Алтын тор емес, тым құрығанда,
Біздікі қарабайыр тор…
Назды әніңді айтып жүректі аймалар,
Сайрай алмайсың мұнда еркін.
Айналаң тастай түнекке айналар,
Ал, кімге керек бұл дертің?..
Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Бағың ашылсын… не дейін?
Ал, мен осынау дәруіш, жетім
Күйімде қала берейін…