(әңгіме)

Жыл бітіп, қаңтар адам біткенді қарш-қарш шайнап, қақаған аязымен қалшылдатып, жолбарыс жыл қылтамақтан алып, қылқындырып тұр. Үскірік түкіргеніңді тастай қылады. Сығылап келген суық жел соғып тұр, сұғып тұр… Бұл недеген қатулық?

Кәрім тоңып оянды. Төрт күн тойлаған жаңа жылдың буымен суықты сезбей жүрген еді. Таңғы аяз бүктеп жіберді. Намысқа тырысып, атып тұрды да, «система сызған сызыққа» түсіп жұмысқа кетті…

Мәдениет үйінде күзетші боп істеп жүргеніне жиырма жылдың ар жақ, бер жағы. Әйелі мектепте – тазалықшы. Біреуі шүберек ұстап, шылқа су еденмен алысса, біреуі сегіз сағат орындықта қасқайып отырады. Бастық біткен камераға емес, Кәрімге сенеді. Ол болса, Шыңғысханның шатырын күзеткендей өз ісіне ұқыпты, адал жан!…

Жалғыз қыздарын екі жақтап, әйелі арбаны сындырмай, Кәрім өгізді өлтірмей, жеткізіп келеді. Өмір-өзен ағысында қатардағы қарапайым отбасы тұншығып болса да, тырмысып жүзіп келеді…

Кәрім үшін бүгінгі жұмыс күні тез бітті. Сағызша созылған сағат сарт етті. «Кәрім, далада дүрбелең деп жатыр… Мәдениет үйі жабылады. Сен есіктерді жауып, ауланы бір шолып шық та, үйіңе қайта бер», – деді мәдениет үйінің мәдени бастығы.

Дүрбелең дегеніне дүр сілкінбеді. Ауланы шала шолды да, үйге қарай адымдай кетті.

Кәрім арманшыл еді, тәуелсіз ойды жан-жаққа жіберетін. «Жолда келе жатып бір қап ақша тауып алсаман» бастап, «Қалтаға қолды салғанда қалаған ақша алып шығатын болса ғойға» дейін тірейтін. Арманы – ақшаның айналасы…

Кәрімге ренжімеңдер! Ол да жегісі келеді, жүргісі келеді… «Ел қатарлы» деген есек ойдан арылу оңай емес!

Телефоны шыр етті.

– Алло?

– Әке, мен ғой. Жұмыстан шыққанда алма ала келші?

– Жаным сол. Әрине. Бүгін ерте шықтым. Көрші дүкенге кіріп барам. Сен әкеңнің алдынан шыға бер. Анаңа да сыйлық аламыз.

Кәрімнен таптаурын ойды тарататын қызы еді. Алладан сұрап алған, тілеп алған жалғызы. Биыл 5-сыныпқа барады. Тәп-тәуір оқып жүр. Жалғызы – жаны, өмірінің мәні.

Шат көңілді шадыман Кәрім дүкенге келіп, бір дорба қызыл алма сатып алды. Магазин жабылғалы жатыр екен. Бәтима сатушы «Орталықта бірдеңе болады. Дүкендер жабылсын!» дегенді айтып, Кәрімге алмасын беріп, есікті жауып тастады…

Алматыны тығылған тұман басып, ауа ауырланды. Кәрім алма құшақтап, жан-жағына жалтақтап жүріп келеді. Орталыққа бет алып бара жатқандар көбейіп кетті. Іштей қызын уайымдады. «Бекер шақырдым-ау!»…

Қалтасына телефонын сала беріп еді, мылтықтың дауысы шаңқ ете қалды. Шаңқай түсте шімірікпей шүріппе басқан қай жынды?

Кәрім басында есерсоқтардың еріккен ойыны ма деп еді, мылтық даусы бір-екі рет қайталанды.

Денесін діріл басты. Жалма-жан жүгіре кетті. Үйінің кіреберісіне бұрылған сәтте… Жүрегі қарс айырылды! Жалғызы… Жалғызына оқ тиген… Қаңғыған оқ… Қақ маңдайға…

Ақ қардың үстінде ақ періште қызыл қанға бөгіп жатыр. Айналада ешкім жоқ. Қанішер мылтық дауысы ғана жаңғырып тұр.

Еңіреп жатыр әкесі. Лала гүлі жұлынған лағынет күн! Қызын кеудесіне басып, өкіре жылайды өмірге кектенген өлімге сенбей тұрған сергелдең әке.

Ауланы ақырған дауыс алды. Кәрімнің «Неге? Кім? Не үшін?» деген жауабы жоқ сұрақтарын тұман жұтып жоқ қылды…

Бір кезде, арт жақтан ақырып, қосауыз ұстаған біреу жетіп келді. Жалғыздың жанын алған «Жұмбақ жынды» осы еді.

– Мынау? Мүмкін емес….

– Бауырым, айналайын, қызымды құтқаршы. Көлігің бар ма? Ауруханаға барайық! – деді алжыған Кәрім.

Қаныпезер:

– Сен әкесі… Көріп қойдың!

Қосауыз көз жасқа қарай ма? Қызын құшақтаған әкені көздеп тұрып, кезеп тұрып келмеске жіберді… Кіреберісте әке мен қыз ажал құшты… Қызыл алма шашылып жатыр!

Қаңғыған оқ қызды алды, кезелген оқ ерді алды.

Қызыл алма тістелмей, өткен-кеткеннің табан астында тапталды…

Тасжүректерге кім түрткі болды? Ай күмбезге табынғандар талқан қылды ма, адасқандар арбап кетті ме? Қосауызбен қырып жүрген қандыауыз қас жауың ба, мастық жалын ба? Белгісіз! Бәрі белгісіз! Қасірет күннің қылшық сырын қызыл алма алып кетті…

Добавить комментарий