Италияның ұлы ақындары Данте де (1265-1321), Петрарка да (1304-1374) Флоренцияда дүниеге келеді. Данте Беатриче Портинари деген жасөспірім сұлу қызға ғашық болады. Қара сөзбен және өлеңмен жазылған «Жаңа өмір» («Новая жизнь») кітабында Беатричеге деген махаббатын асқақ сезіммен жырлайды. Бірақ, Беатриче тым жас кезінде қайтыс болады. Данте уақыт өте келе үйленіп, төрт бала сүйеді. Данте өмір бойы алғашқы махаббатына адалдық білдіреді. Ұлы ақын тек қана шығармашылықпен айналыспайды, орта ғасырлық Флоренция қаласында болып жатқан әртүрлі саяси ағымдарға да араласады. Сөйтіп, ақ пен қараның шайқасында қаралар, яғни, шіркеу жеңіп, ұлы ақынға жер аударылу немесе отқа өртелу қаупі төнеді. Енді Данте өмір бойы туған жерінен айырылып, қуғын-сүргінде өмір кешеді. Сол кезде өзінің атақты «Комедиясын» жазады. Ақынның осы шығармасын кейін оның ортасы тәңірлік комедия деп танып, ең соңында «Құдіретті комедияға» айналдырады. Бұл туындыда орта ғасырға тән жұмақ, тозақ, тазару алаңдарының мистикалық бейнелері суреттеледі. Мұнда да басты кейіпкер Беатриче болады.
Ал Петрарка болса, 1327 жылы 6 сәуірде жұма күні Лаураны бірінші рет көреді. Осы бір ғажайып сұлу қызға бір көргеннен ғашық болады. Арада тура 21 жыл өткенде, 1348 жылы тағы да сол 6 сәуірде Лаура дүниеден озады. Петрарка Лаура дүниеден өткеннен кейін де оған сонеттерін арнайды. Лаураны жырлап, жасы отызға келгенде, бүкіл Италияға атағы жайылады. Лаура өмірден өткен соң, Петрарка дүниеден баз кешеді. Бүкіл Италияны аралайды. Жалғыздықты қалайды. Лаура туралы жазуды тоқтатқан соң, оған өмірдің бір тиын да құны қалмайды. Ол енді өзінің жолсапарлары туралы әңгіме жаза бастайды. Қалам тербемеген тақырыбы қалмайды. Тіпті ең соңында ас мәзірін қалай әзірлеу туралы да кеңес береді. Бірақ Петрарка жасырын үйленіп, Джованни деген ұл сүйеді. Сол ұлынан туған немересі Элетта ұлы ақынды дала гүлдерінен тоқылған тәж (венок) кигізіп, бақилық сапарына шығарып салады. Бүкіл Рим ақсүйектерінің құрметіне бөленген ұлы ақын Петрарка 1374 жылы 19 шілдеде өзінің отбасында, ұрпақтарының арасында, достарының қолын ұстап жатып дүниеден өтеді. Бір қызығы Данте де, Петрарка да туған Флоренциясына жете алмайды. Екеуіне де туған жердің топырағы бұйырмайды. Жат жерде жерленеді.
1630 жылдың мамырында Томмазо Мартиннели деген бір монах Петрарканың табытының бір жағын бұзып, оң қолын ұрлап кетеді. Қолға түсіп, сот алдында жауап бергенде былай дейді: «Мен ұлы ақынның оң қолын Флоренцияға сыйлағым келіп еді. Өйткені Италияның екі ұлы ақыны Петрарка мен Дантенің жат жерде жерленгенінен бүкіл Флоренция қан жұтуда». Алайда, монах ұрлап кеткен Петрарканың оң қолы белгісіз бір себептермен Мадрид қаласындағы мұражайда әлі күнге сақтаулы тұр. Монах Томмазодан кейін үш ғасыр өткен соң, зерттеуші ғалымдар Петрарканың табытын ашып, оның қаңқасын зерттейді. Сөйтсе, Петрарканың оң аяғы сол аяғынан бір-екі сантиметрге қысқа болып шығады. Ұлы ақын өмірінің соңында өзінің ең жақын досы Бокаччоға Лаура бейнесінің ойдан шығарылған арман-қиялы екенін мойындайды.
Арада ғасырлар өткенде оны зерттеуші ғалымдар Петрарканың Лаураны кездестірген 1327 жылғы 6 сәуірдің жұма емес, дүйсенбі болғанын дәлелдейді. Ақын өз қиялына өзі сеніп, кейіпкерін ойша жерлеп, өмірінің соңында диуаналық, кезбелік ғұмыр кешеді. Ең жақын қаламдас достары Беатриче мен Лаураның арасындағы ұқсастықты байқап: «Сен Дантені оқыдың ба?» – деп сұрайды одан. Дантені оқығанын Петрарка ешқашан мойындамайды. Ал Лаура есімді әйелдің туыстары мен күйеуі Лаура қайтыс болған соң, Петрарканың сонеттерін арнаған Лаурасы сол деп халықты мойындатқысы келеді.
Лаура бейнесі ақынның ой-қиялының жемісі ме, әлде ол тірі адам ба еді? Мәселе онда емес. Петрарканың Лаура бейнесін сомдай алғандығында.
Петрарка замандасы, атақты суретші Симоне Мартиниға Лаураның портретін салдырады. Мүмкін сол кезде Симоне Мартини Лаурамен кездескен де шығар. Мүмкін кездеспеген шығар. Ақынның замандастарының айтуына қарағанда, суретші Лаура бейнесін Петрарканың сонеттеріндегі ақ періштелердің ортасында отырған Мадонна бейнесінде салған.
Ал енді осы жерден тоқтайық. Бағанадан бері орта ғасырда өмір сүрген Данте мен Петрарканың рухын неге тербетіп отырмыз? Ендеше қазақтың талатты ақыны Жұматай Жақыпбаевты тыңдайық.
Сен артықсың!
Оған мына таң куә.
Бірақ басқа амал сенде қалды ма?!
Сенің ұлы Суретшің жоқ,
Сондықтан
барарсың бір фотогроф алдына.
Сен артықсың!
Болдым бірақ мен сорлы.
Сол сорлылық көтертпейді еңсемді.
Суретші боп жаралмадым,
Бейнеңді
Жазар едім дәрменіммен ең соңғы!…
Жұматай да поэзияға үлкен дайындықпен келді. Батыс, Шығыс поэзиясындағы ұлы ақындар жырлаған ару бейнесін ол тегін сомдаған жоқ. Петрарка Лаурамен көктем айында үш рет кездессе, Жұматай да Ләйләмен көктем айында үш рет кездеседі. Өз қиялынан тудырған сұлулыққа өзі ғашық болып, ондаған жыл Ләйләға арнап жыр жазады. Жер баспайды. Ғажайып күй кешеді. Арманмен өмір сүреді. Ләйлә бейнесі Жұматайдың табынар жалғыз тәңірісі еді. Ұлы көктен жерге түспеген ару Ләйлә ақынға бітпейтін азап шектіреді. Жұбанбайтын көңіл-күй сыйлайды. Ақыры ғарыш төріне жетелеп кетеді…
Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,
Диуаналық жолдарға түскенім көп.
Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,
Тағы да бір қиғылық істегім кеп.
Іздегенім сен болсаң, таптым қайғы,
Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.
Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,
Бақыт үшін күреске таптырмайды.
Ол да Петрарка сияқты өзінің музасы Ләйләға арнаған жыры таусылған кезде аңқайып отырып қалады. Көкірегінде қара жердің қара құрдымындай (черная дыра) түпсіз терең ойық пайда болады. Оны толтыру мүмкін емес еді. Ақын жаны аласұрады. Шарықтап көкке ұшады. Бірақ, ұзақ тұрақтамайды. Омақаса құлайды. Енді ол мұңды ғазалдар төгеді.
Жуғам жоқ ащы жаңбырмен,
Жасыған мұңды жанарды.
Шашым да шәркез тағдырмен,
Шатыраш ойнап ағарды.
Қай гүлін сөздің төкпедім,
Жолыңа сенің шын ұлы!
Алқара шашты көктемім,
Арманның жалғыз құлыны
Секілді ең, кеттің ұстатпай…
Сол бір өзіне ұстатпаған арманының соңынан Жұматай да мәңгілік сапарына өзі білмей, өзі сезбей, ғажайып бір күй кешіп аттанып та кетеді… Петрарка бүкіл Италиясын аралап, құлазыған көңіліне медеу іздесе, Жұматай Есентай өзенін жағалап, Марков көшесіндегі өз үйінен, әл-Фараби көшесіндегі сыйлас інісі Әуезханның үйіне барады. Әуезханның үйін ол Флоренция деп атайды. Сол Флоренцияға барып, бір күн қонып, ертеңіне сағат 11-де үйіне келіп, шалқып, тасып, Ләйлә деп шалықтаған күйінде дүниеден өтеді…
Талантты ақындардың мұндай сәттерін Польшаның ұлы жазушысы әрі әдебиет зерттеушісі Ян Парандовский «состояние транса» деп суреттейді. Яғни транстық көңіл-күймен жыр жазған ақындардың көбісі қайталанбас образдар тудырумен қатар, сол шығармаларының тұтқынына һәм құрбанына айналады.
Жұматай маған бір кездері өзінің оң аяғының сол аяғынан бір екі сантиметр кем екендігін айтқан. Аттан жығылып, аяғымды сындырдым деп. Мен күлгем де қойғам. Себебі оның Петраркаға еліктеп отырғанын сездім де, түсіністікпен қарадым. Тағы бірде ол ағылшынның атақты ақыны Байронның да бір аяғы бір аяғынан бір-екі сантиметр қысқа екенін айтты. Мен тағы да күлдім. Түсіндім. Оның өте атақты болғысы келетінін.
Иә, ол бар өмірін өзі тудырған сұлулық аңыздарына арнады. Сөйтіп өзі де туған халқының есінде әрі сұлу, әрі асқақ Прометей жүректі, ерте дүниенің ұлы Гомері жырлаған Аполлонның тоғыз музасын жетелеген, кифарасын сұңқылдатқан кербез де сері, мәңгілік ғашық Мәжнүн-Жұматай бейнесінде қалды.
Қайтқамын жоқ қайда жүрсем бір беттен,
Жоқ мені өмір дөкей де еткен, дүр де еткен.
Дәме етпеймін мен ешқандай жоқтаудан,
Дәметпеймін мен ешқандай құрметтен.
Кетер күнім… Келер, келер ол-дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай,
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны, – деп өзінің қысқа да нұрлы өміріне өзі нүкте қояды. Шынында да, Ерке Мәжнүн бейнесіндегі Жұматай ақынның басында бір бәйтерек жайқалып тұр. Кеш батса болды, тоғыз музасын жетелеген Аполлон оның басында кифарасын құйқылжытып саз төгеді. Өнердің тоғыз музасы тұңғиық ойға батады. Ғарыш төрінен шайырдың өмір бойы асқақтығымен өзін тәнті еткен ару Ләйләсына деп жинаған ақ раушан гүлдері төгіледі. Оның рухы тіршілігіндегі ғажайып түстен әлі де арылған жоқ. Ақын рухының өлмейтінін тәңірім бізге тағы да тәбәрік етті.
Асқақ шайыр Жұматай! Рухы биік Жұматай! Сен тіршілігің де пенделіктен, майдалықтан биік тұрдың! Ләйлә бейнесі арқылы қазақтың қаракөз аруларына ұстынын өлең-жырдан өріп, Тәж Махалл салдың! Сол Тәж-Махаллың күннен-күнге, жылдан-жылға, ғасырлардан-ғасырларға биіктей берсін! Сенің мәңгі ғашық бейнең халқыңның жүрегінен мәңгілік орын алсын!
Болашақ ғасырлардың ару Ләйләлары сені сағынышпен еске алатынына мен сенемін!
Қаламдас серігің, ақын Зайда ЕЛҒОНДИНОВА.
«Жұматай жақыпбаев. Шығармалары» кітабының 2-томынан (Алматы, «Ан Арыс» баспасы, 2013 жыл) алынды