Павел Васильев – әдебиет әлеміне жарқ етіп келіп, өмірден де солай тез өткен аса дарынды ақын. Ол Зайсанда туған, балалық шағы Павлодар қаласында өткен. Қысқа өмірінде үш рет: 1932, 1935 және 1937 жылы тұтқындалды. Небары 27 жасында, 1937 жылғы 16 шілдеде сталиндік қудалау ақыры оның өмірін қиды. Ақынның есімі жиырма жыл бойы ауызға алынбай тек 1957 жылы ғана ақталады. Оның жауһар жырлары әлемнің көптеген тіліне аударылған. Бүгінгі таңда жерлесіміздің есімімен аталатын бір көше, бір кітапхана және мұражай үйі бар. Ақынның артында 200-ден аса өлеңі, 14 поэмасы, прозалық шығармасы қалды.

Назарларыңызға П. Васильевтің «Аңшы Тубо» атты әңгімесінің қазақ тіліндегі аудармасын ұсынып отырмыз. Е.Туманскийдің сендіруіне қарай, бұл очерк Павел Васильевтің қаламынан туған. Онда Ресей патшасы Николай Романов пен оның отбасы мүшелері өмірінің ақырғы күні мен қазасы баяндалған. Аударма 2009 жылы Алматыда шыққан екі томдық шығармалар жинағындағы (2-том) нұсқасынан жасалған, әр жылдары «Жұлдыз», «Naizatas» журналдарында жарияланған.  

 

1

Ала томардай қырғауыл пыр етіп аспанға оқыс көтерілді. Тарс еткен мылтық даусы естілді. Құс ауада шыр айналып, сылқ етіп қарға құлап түсті. Тубоның оғы дәл тиді. Ауылдағының бәрі оны осы күнге дейін бала санайды. Жоқ! Тубо бала емес, ол нағыз аңшы. Иә, солай. Жалғыз-ақ оның ірі аңмен бір де кездесе алмауы өкінішті…

…Тубо өлген құстың жанына келді. Қырғауыл ала томардай қимылсыз жатыр. Маңайындағы тегіс қабыршақ мұздың үстіне алқызыл қан шашырапты. Бала олжасын қолына алып, салмақтап:

– Ауыр, семіз… Шешем бұдан дәмді тағам дайындайды… – деді.

Кешкірді. Маңайдың бәрі қою көк түске енгендей болды. Тайганың үстінде алып қызыл күн батып барады: бейне жердің шетіндегі орманды өрт шалғандай. Ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен Тубо төбешіктің үстіне шықты. Бұдан әрі қылқан жапырақты орман аяқталып, әр жерінде бұта өскен ақ жазық дала басталады. Тубо тайганың мұз құрсаулаған өзенінің арнасымен жүрді. Басына неше түрлі ой келді.

– Иә, құпиясы көп бұл тайга үлкен… Оның бітетін жері қайда?… Бұл – шешуі қиын нәрсе…

Үлкендер, әрине, оны біледі. Тубо олардың үлкен таулы-тасты жердегі бұрынғы жұрт туралы, жұқа киіммен жүретін және қашан да өздерінің аштықтан құтылуы үшін мүмкіндігі бар адамдар туралы айтқандарын талай рет білдірмей естіген болатын.

Шіркін, үлкендер бақытты ғой! Тубо ержетісімен оларға нағыз аңшы болудың не екенін көрсетеді әлі! Кейін деймін-ау, әлбетте, мен қазір де қандай аңмен болса да – кездесуге дайынмын… Селемжі тайгасының шоқыларында түрлі нәрселер болып жатады… Ал, күтпеген жерден жолбарысқа тап болсаң… Осы ойдан Тубо еріксіз дір етті. Ол Уссури өлкесінің осы жолақты қорқынышты жыртқышы туралы талай естіген. Жолбарыс бұланды аяғымен бір соққанда құлатып, лезде тамағын орып жібереді дейді. Бұл осал нәрсе ме?! Балаға тіпті мықты тістердің шықырлаған дыбысы естілді. Ол қолындағы мылтығын қыса түсті.

…Күн батқалы біраз уақыт болып, қарайған алып тайганың үстінен үкінің көзіндей, дөңгелек, сары ай көрінді. Қардың жарқырағаны сондай, оған аяқ басудың өзі қорқынышты болды. Жел саяқ жортқан қасқырдың зарлы ұлыған үнін жеткізді. Алдыңғы жақтан иттер үрді. Міне, ескі жұрт. Бірнеше қараша қос, тізбектелген бұғы шаналары мен жер бауырлай созылған мұнар…

Қостың ішінен қызарған от көрінеді. Осы от қандай керемет! Ол тамағыңды да пісіреді, жанға жайлы жылу да береді. Кішкентай якут Тубо жарқылдай билеп жарық беретін осы қызыл тілдерді бағалай біледі.

Әкесі кішкентай аңшыға мәз бола қарап:

– Қалай, Тубо, бүгін көп қырғауыл өлтірдің бе?… – деп сұрады.

– Үшеу.

– Ehe!… Жарайсың! – деп әкесі мақтады. – Сенен түбі нағыз аңшы шығады. Қуаныштан Тубоның жүзі жайнады. Бұл үлкен мақтау еді. Бірақ Тубоның ағасы Зора оның бәрін бұзды.

– Әке, жас баланы босқа еркелетесің, – деді ол күңкілдеп. – Бұл бозөкпе көп ақымақтық жасай алады. Ұйықтап жатып та жолбарыс туралы сандырақтайды… Қырғауыл қуып жүгірудің еш керегі жоқ – босқа оқ-дәрі шығындайды…

Ал, мұнысы мүлде артық! Реніштен Тубоның жұдырықтары қатты жұмылып, көзінен жас еріксіз шығып кетті… Айғайлап жіберуге шақ қалды.

– Eh, солай ма!… Тұра тұрыңдар!… – Тубо қараңғы бұрышқа қарай жылыстап кетті…

Ал, бұл кезде үлкендердің маңызды әңгімесі басталды. Әкесі тілдей жалақтаған от жалынының үстіне қолын созып:

– Демек, ертең кешке қарай… Мен апанын мұқият қарадым… Иттерсіз баруға тура келеді. Лайка соңғы аң аулаудан кейін оңала алмай тұр. Анада аю оны аямай илектеп тастапты… – деді.

Тубоның екі ағасы – Зора мен Тусклап мұқият тыңдап, бастарын изеді. Тубо да естіді. Әрине, солай. Олар тағы да аю аулауға шықпақшы, апанын тапқан. Ал, бұл Тубо сырт қалмақшы. Бәрібір өздерімен бірге алмайды – сондықтан сұрамағаным жақсы.

– Бұл осы қыстағы бесінші аю болады… «Нор қоймасында» біз оның терісі үшін мол ақша аламыз. Ол қазір бағалы. Оқ пен дәрі болса – нан, қант, шай болады…

-Нан, қант, шай болады, – алдына ойлана қарап тұрып, қайталап айтқан шешесінің сөзі жаңғырықтай естілді…

Оны Зора мен Тусклап естіді… Тубо естіді… Күрке сыртынан желдің күшейгені білінді… Ол жұқа мұздың сынғанындай күтірледі, көктемде тасыған өзендей гүрілдеді, бір үйір аш қасқырдың ұлығанындай уілдеді…

Таныс дыбысты естіп жатып, Тубо ұйықтап кетті.

2

Тубо өзі жақсы көретін жүндкес иттің тұмсығын тізесімен қысып:

– Немене сен мөлиіп қарайсың, бүгін көңілді болуың керек, – деді даусын әндете созып. – Сенің қожайының Тубо аңға шығады… Тағы да қырғауылға деп ойлайсың ба? Жоқ, бұл жолы қателесесің, ой, қалай сен қателесесің, аю аулауға шығамын…

Ит мамық жүнді құйрығын бұлғаңдатып, Тубоның қолын жалады. Ойға берілген бала күні бойы тыныш отыра алмады: мылтығын тазартып, тексерді, ескі шаңғысының табанына май жақты…

Күн батуға айналған кезде әкесі, Зора мен Тусклап аяқтарына шаңғы байлап, винтовкаларын алып, тез аттанып кетті. Ықшам киінген олар ширақ қимылдап, жүйткіп келеді. Суықты елер емес.Жарты сағат уақыттан кейін олардың ізімен сабалақ жүнді киім киген, кішкентай Тубо жүгіріп келеді, өзінің алғашқы әнін шырқап келеді:

«Аңға шықтым сайланып, аңға шықтым…».

***

Ой, орман ішінде Тубо қандай кішкентай болып көрінеді. Тіпті ұят сияқты.

Аңшылардың ізі түзу, ұзын лентадай созылып жатты. Кешікпей Тубо ну қарағайдың ішіне кірді. Уілдеген дыбыс естілді. Бұтақтан төмен қарай сорғалай ұшқан құр бірнеше сажын қалықтап барып, қайтадан жыныстың ішіне жұтылып кетті. Бұрын Тубо оны еш жібермес еді. Бірақ қазір оған керегі құр емес. Тубо жүгіріп келеді…

Уақыт та өтпей қойды. Тезірек, тезірек! Тоқта!

Айнала: шоғырлана созылып жатқан қылқан жапырақты орман, құлаған ағаштың омбы қардан шошайып шығып тұрған қарақошқыл тамырлары және осылардың ортасындағы аңшылардың үнсіз сұлбалары.

Аһ, жүрегі кеудесінен шығып кетердей қатты соғуын-ай, бүкіл орман оның соғуынан дірілдеп тұрғандай. Байқамаса екен, шіркін, байқамаса екен!

Әрине, аю апанынан атып шығып, жүгіріп кетеді…

Міне, сонда Тубо оны өзінің қалт кетпейтін оғымен атып түсіреді. Қарды аяқтарымен таптады, мылтығын тексере бастады.

Аңшылар бұл кезде дайындық жасап үлгерді: биік қар жотасын сақтықпен айналып шықты.

– Жоқ, бұл жерден аңды ату мүмкін емес. Жақынырақ келу керек.

Тубо шаңғысын шешті, омбы қарға жасырынып алға өтті, ағаштың артына тығылды. Жақындай берді, жақындай берді…

– Ал, енді міне дұрыс болды – он қадам, одан артық емес…

Тубо зер сала қарап, атуға дайындалды. Мынау не?…Әкесі қандай өжет!

Ол омбы қарға лып етіп жетіп келіп, қолындағы жуан сырықты үсті-үстіне сұққылады… Үңірейе қарауытқан ойықтан ұзақ та ызалы ыр-ыр еткен дауыс естілді… Ал, бұдан әрі бәрі тез, көз ілеспес жылдамдықпен өте шықты. Күртік қар тұтастай дірілдеп, ағаштың тамырлары бытырлап үзілгендей болды, қар ойықтың ішіне қарай сусып, қардың астынан қызыл аранын барынша ашқан үлкен қоңыр тұмсық шыға келді. Біреу оқыс лақтырып жібергендей Зора жетіп келді.

Мылтық тарс етті… Тайга жаңғырықты.

– Тимеді ме? Олай болуы мүмкін емес. Зора керемет мерген емес пе!

Қара қылтанды домаланған аю қардың ішінен атып шықты. Иығында итбүлдірген түсті таңбасы бар, ит тістері ақсиған аранын ашып, қатты ырылдайды. Осының бәрі кірпік қаққанша өте шықты. Жыртқыш жанталаса алға ұмтылды. Тағы мылтық атылды. Тубо қопсыған қарға бірге құлаған әкесі мен аюды көрді. Көз алдындағының бәрі бұлдырап кетті.

– А-а -а-а!

Айғай сап әкесіне қарай ұмтылды. Мылтық ойына келмеді… Алакөлеңкеде тағы да аюдың тұмсығы жылт ете қалды, гүрс етіп мылтық атылды… Сосын айнала қап-қараңғы болып кетті.

3

… Тубо көзін ашқанда, әкесінің қолында жатыр екен.

– Демек, мен тірімін… Аюдан аман қалған екенмін, – болды оның алғашқы ойы. Әкесі Тубоның басынан мейірлене сипалады.

– Рақмет…

Аңшылар асықпай үйге қайтып келеді. Далада жел жоқ. Айнала мүлгіген тыныштық. Ал, не болғанын Тубо кейін, қос ішіндегі әңгімеден білді. Бұл жолы, қандай да бір жағдаймен, Зораның оғы аюдың басына емес, иығына тиіпті. Қаһарланған жыртқыш жанында тұрған әкесіне атылып, оны қарға алып соғып, тонының дал-дұлын шығарыпты. Дәл осы кезде Тубо келіп жетеді. Аю өз құрбанынан бір сәтке ғана назарын аударады. Міне, сонысы оның түбіне жетеді. Тусклаптың дәл тиген оғы онымен есеп айырысады. Әкесі жеңіл жарақат алады.

…Өлген аюды бұғы шанаға салып алып келді. Оның жанына иттер жиналып, ырылдасты. Олардыңжондарының жүні дүрдиді.

Аюдың денесі өте үлкен екен: тісі ақсиған, үстіне күрең қан шашыраған ол бұғы шананың бүкіл бойына созылып жатты! Ауылдағының бәрі оны көруге жүгіріп келді.

Әкесі күлімсіреп, Тубоны көрсетіп:

– Міне, менің қорғаушым. Ол болмаса, аюмен бірге бұғы шанаға салып әкелуші едіңдер, – деді. Жиналғандар құптап бастарын изесті. Тубоның төбесі көкке жеткендей болды. Оның аяғын жерге тигізбеді, ол өзін батыр сезінді.

Иә, қуанатындай жағдай! Ақыры ол нағыз аю аулауға қатысты. Оған ешкім ұрысқан жоқ. Керісінше, әкесі оған жаңа мылтық сыйлауға уәде берді. Және де қайдағы бір бытыра емес, нағыз винтовка. Сонда елік аулауға да болады – нағыз винтовка! Ой, мұның көп мәні бар ғой!

1929 жыл.

 Орыс тілінен аударған: Серік САТЫБАЛДИН.

Добавить комментарий