Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Сара АВДОЛ,

Павлодар қаласы.

 Ол сәуленің аты – арман

(әңгіме)

 Көк шыққан. Көктемнің лебі мұндай жылы болар ма? Ауыл іші азан да, қазан. Бір тұста түлігін іздеген енесі, енді бір жерде ала допты қуалаған қара домалақтар. Осы әуенге табиғат өзінше үн қосуда. Сол бір балалардың арасында Дәкібайдың жалғызы Төреғұл да жүр. Жасы он үштер шамасында.  Әкесі ауылдағы әлдінің бірі де бірегейі. Мыңғырған малын бағу – ауылдастарына нәпақа. Дәкібайдың өзі де ақ таңнан қара кешке дейін малдың соңында жүреді.  Адал еңбегімен тірнектеп жиған малы мен жаны. Дәкібай жасында ақкөңіл, момындау болатын. Кісі алдында ағат қылы жоқ, нағыз қой аузынан шөп алмастың өзі. Көп сөйлегенді де жаны жақтырмайтын еді. Қайта күш-жігерін еңбекке салатын. Міне, бүгінде соның жемісі елдің алды болып отырған жайы бар. Қазірде ол байлыққұмар болмаса да, бұрыңғы Дәкең емес. Сөзі де, ісі де өзгеше жігіт ағасы жасына сай. Дүниеге құмартқандығы сол оның жолында түлігінен басқасын құрбан етуге даяр.  Ендігі оның бар мақсаты байлығын жалғызына мұра етіп, әке кәсібін жаңғырту.

Кейде мал-жанға бас-көз болып өзі де бақташылардың ортасында жүреді. Жасынан жиған малы көзіне ыстық болмай қайтсін. Әрі ауылда қалса оның ермегі қалмайды. Ен даланың елігі қапасқа қамалғандай болмай ма? Үй бетін көрмей кеткенде Мағыш та алаң болады. Оның шын есімі –  Мағрипа. Шапыраштыдан Дулат еліне келін болғаны биыл он алты жылдан асты. Осы уақытта құшағына алған төресі, Төреғұл.  Дәкібай дәулет жиып жүріп кеш үйленген. Мағрипа одан бақадай он бес жас кіші. Тегінде Дулат еліне айттырып қойған арудың жесір қалмасы бар ма? Бүкіл жұрт болып оны Дәкібайды қолына қондырды.

Міне тағы да Дәкібай мал қамымен жайлауға кетті. Бұл кетісі де ерекше болды.

Уақыт таңға тақап қалған еді. Дәкібай тұрып алып, қақшақтап, ары жүрді бері жүрді. Сыбдырға сабырсып жата алмай Мағыш тұрып, шәй қамына кірісті. Жер дүние ала көлеңкеден енді шығып келе жатқан сәт еді. Дәкібай қоржыны мен қару-жарағын асынып, Алакөзге келіп, ерттей бастады. Соңынан ере шыққан Мағышқа:

– Ал, құдайға аманат болыңдар. Келесі келгенімде Төреғұлды даярла! – деді де, атына қамшыны басып қалып жөнелді. Ол не айтты, не үшін деп Мағыш сұрауға ұмтылмады да. Себебі, одан пайда жоғын жақсы біледі.

Ауыл тәтті ұйқының құшағынан тұманмен оянды.  Алыстан қараған адамға аспандағы ақ бұлт осы ауылды ғана қоршап құшағына алған сияқты көрінеді.

Төреғұл бүгін әкесінің кеткенін сезді ме, ұйқыдан ерте тұрды. Бірақ бұл бір еркіндіктің немесе жаз жайлаудағы қозы-лақтың секірісіндей көңілді тұрыс емес, жаны қаламайтын жайттың орын алуына аздаған уақыт қалғанын сезген ояныс еді.

Бұл күні мектепке де, әдеттегіден ерте барып, тереземен сырласып біраз отырды. Төренің зеректігі де сонда, ойын балаларымен ойнаса да, өзінің өмірін ой елегінен өткізе жүре өмір сүреді. Оның көз алдында күзгі жапырақтардың ағаштан қалай үзіле құлағаны немесе ат арбашының ауылға қай жолмен шөп әкеле жатқаны емес, әке деген әлемнің өзгеше сұсы. Бұл сұс бір таяқпен, қамшымен сипатталмайды. Тәнге емес, жанға бататын сұс. Атадан жалғыз туған тұяқ ретінде әке жолын жалғауды ойлайды. Таяқтың екі ұшы бар демекші. Бірінші ұшта әке тұрса, енді бір ұшында жас жүрегінен жаңадан гүлдеп келе жатқан, өркен жаюуға қорқатын, нәзік, таңғажайып бір сәуле тұр. Ол сәуленің аты – арман.

Зеректігімен оқытушылардың да алдында талай рет танылған. Математика сабағында жұрттың бәрі Төреғұлмен қатар отыруға таласатын. Ал, Төре оларды бөліп-жаруды білмейтін қарапайымдылығына салып, кезекпен отырыңдар деп жымиятын. Жасы кіші болса да, үлкендерше ойлап көру Төренің қолынан келетін еді.

Алманың жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан демекші, Мағыштың арғы атасы оқыған адам еді. Әйтпесе мал соңынан жүрген Дәкібайға бұл нәсіп болып па? Құдай мейірімі түскенге ырызық-несібені дәл осылай терезеден лақтырып жібермей ме? Өйтпегенде жұрттың бәрінің өмірінен мән мағына таппаушы едік.

Сәйкесінше, білімнің бал шырынынан ауыз тиген бала енді өзге кәсіпке мейірленбесі хақ.

Күндер өтіп жатты, Төре әкесін бағып жүрді. Тұп-тура үш айдан соң әкесі күзеуден оралып, Төрені жанына жекеге шақырды.

– Балам, қарының тоқ па? – деп әңгімені алыстан өрбітті.

– Иә, тоқпын, – деді бала.

– Сабағыңа барып, бірдеңеңді үйреніп қалған шығарсың?

– Иа, үйрендім, – деді Төре қанағатсыз үнмен.

– Балам, ондай болса осы оқығаның жетеді, енді оқуды таста. Оқу-тоқу ешкімге нан болған емес. Алыс туыстан хат-хабар келгенде, соны оқуға жараған боларсың, сол да жетеді. Сен менімен күзеуге жүр. Асау жылқыны қалай үйретіп, қалай баптау керегін үйретемін. Малдың бес түлігінің ыңғайын ұқ. Сенен басқа сенерім де жоқ. Әке аманатын арқаларсың деген үмітім бар, – деп аяқтады сөзін.

«Әке аманатын» деген сөз Төреғұлдың төбе құйқасын шымырлатты кеп. Иә әке десе, жүрегіндегі арман оны тұншықтырып әкетердей. Жоқ десе ата-ана алдында өз қызметінен ада қалған езше сезінді. Не істемек керек? Батылсыз екпінмен басын изеді. Баласының таңдау арасында қалғанын осы жолы әке жүрегі сезбеді де.

Күзеуде жүрген Төреғұл біраз тірліктің басын қайырды. Дәкібай өңге байларға қонаққа барса да, мал іздеп барса да қасынан ұлын тастамауды әдет қылды. Бұл қай жағынан қарасаң да құр мақтан еді. Қайран қазақты да құртатын осы бос мақтан болатындай. Дәкібайдың бұл әрекеті Төре мен нәзік өркеннің арасына алынбас қамал салғанмен тең болды. Себебі, Төре ендігі жерде тек осы мүддені қорғау керекпін деген асығыс шешімді ойлап қалды. Осылайша, бала қатарластарынан біршама уақыт қалып, мал соңына түсті. Дегенмен, бос жүрмей мал бағып жүрген сәтінде қаншама есептер шығарып, өткен сабақтарын ұмытпауға әрекет жасап жүрді. Бір күні малдың соңында жүріп әдетінше шыбықпен жер сызып отырған баланың жанына бір пәруар келеді. Төре өмірінде мұндай пендені көргені осы еді. Абдырап қалып;

– Ассалаумағалейкум, ата, – деп қысқа қайырды.

– Уағалейкум, бар бол, қарағым, – деді жылы шырай танытып.

– Иә, ныспың кім, кімнің баласысың? Мына жазуларды қайдан үйрендің, – деп сұрақты төтесінен жаудырды.

– Мен Төреғұл болам, Дәкібайдың жалғызы. Бұл менің мектепте үйренген есептерім еді. Соны қайталап отырмын.

– Әәәә, Дәкібайдың жалғызы емес, жалпысы екенсің онда. Білім алу біраз адамның қолынан келуі мүмкін, алайда оны қайталап, көңілге тоқу екінің бірінің қолынан келмес. Ал мына қазіргі халің не? Әлде, Дәкең жалғызын оқытуға дәрменсіз болып қалды ма?, – деп күле сөйлеп.

– Бұл қаражаттың емес, қара шаңырақтың әлегі. Әкем өзінің жолын жалғағанымды құп көрді. Әрі оның айтуынша, білім ешкімге нан болмапты. Мен әкемнен асып қайда бармақпын. Ал, қазір ішім пысқандықтан уақыт өткізудің қамы деп білсеңіз болады.

– Сен білімге санаңмен емес, жүрегіңмен байланған бала екенсің. Осыны ұқтым. Егер сен осы өмірде әкеңнің ғана жолымен жүру керек десең, қатты қателескенің. Себебі, оның жалғызы болдым екен деп өзіңе берілген жалғыз өмірді бүлдіруіңе құқығың жоқ. Егер мына өмірде, барлығы әке жолымен жүріп, өз арманыны аяқ асты қыла берсе, онда өмірдің мәні жоғалады. Сен әкенің емес, еліңнің баласы болуың керек. Ал, Дәкібайдың білімнен нан іздегені бекершілік болған. Себебі, білім ең бірінші саған рухани азығын молынан береді. Одан соң сені өзімен бикке шығарып барып, шынайы нанын береді. Әкен осы алғашқы уақытты айтып тұр. Сен оны дұрыс түсін, – деп кетіп қалады.

Төренің санасында жаңа бір жарық сәуле белгі береді. Береді де, ой түбіне алып ұрып кетеді.

Күні-түні бала ой арпалысында жүреді. Әкесінің жолын, әлде өзінің өмір жолын. Не істемек керек?

Осы түнде бала май шамды жанына алып, анасына хат жазды:

«Амансыз ба,шеше? Мен сізді сағындым. Қазір түн іші барлығы ұйқыда жатыр. Мен болсам сізді сағынып, уайымдап отырмын. Білесіз бе, маған атқа мінген қатты ұнайды. Айтпақшы, менің өзімнің атым бар. Ол өте ақылды жануар. Маған ұқсаған. Бірақ, ол ешкімнің көлеңкесіне тығылғанды білмейді. Өз бетінше өмір сүреді. Кейде менің сол жануардың орнында болып, мына сайын далада еркін шапқым келеді…» деп тоқтап қалады. Осы кезде аяқ астынан сүттей ақ парақтың  үстіне торсықтың ішінен шыққан соңғы тамшыдай ыстық жас тамып кетті.

Ертесінде Дәкібай әдетінше бәрінен ерте тұрып керіліп, созылып сыртқа шықса, далада тұрған боз аттың жоқ екенін көреді. Жүгіре басып қосқа кірсе, Төре орнында жоқ. Әкесі абдырап қалады. Баласының бұндай әдетін алғаш көрген ол, оның қайда кеткенін сұрастырса, ешкім көрмеген. Ертесінде ауылға адам жібертіп оның сол жаққа тайып тұрғанын естіп әке қатты ашуланды.   Араға екі ай салып Дәкібай ауылға оралады. Баласының сазайын тарттырмақшы болып, бар ашуын жиып үйге кіреді. Үйдің іші тым тырыс. Сол сәтте сырттан Мағыш жүгіріп келіп қалды. Балаң қайда? – деп дүрсе қоя берді.

– Ашуланба, Төре Алматыға оқуға кеткен. Сенің малыңа салынып жүреді деп пе едің? Бағатын мал жаныңды өзің бақ. Баланың басын қатырмай, – деп Мағыш алғаш рет Дәкібайға сөз қайтарды. Жуас адамның ішінен шыққан сол бір зілді сөз кімнің болсын назарын тез аудартып, көндіре жөнелтетіні заңдылық қой. Дәкең сілейіп тұрды да қалды.

Арада жеті жыл өтті. Осы уақыт ішінде біршама дүние өзгерді. Дәкібайды ерте кәрілік басты. Ол кеше соңынан қалмай еріп жүретін түліктің енді біреуіне зар болып қалды. Мағыш қанша еңбектеніп жүрсе де екеуіне көп жете қоймайтын еді. Ал олардың ұлынан соңғы екі жылда хабар жоқ. Мағыш өзін осы үшін күнде жазғырады. Жалғызынан айырылып қалған жандай қатты күйзеліп кетті. Ал, Дәкібай малы үшін қайғырып әлек. Төрт жыл бұрынғы жұттан аман шықпағанына қапалы. Баласын солай уайымдамаған да екен.

Таза ауамен тыныстап отырған Дәкібайға пошташы келіп газет ұсынады. Оны не істеймін, – дейді. Пошташы:

– Артылған газет, не істесең, оны істе, – деп кетіп қалады.

Дәкібай басында мән бермейді де, жерге тастап жіберіп жәй қарап отырады. Осы уақытта самал желдің лебімен газет беттерінің бірнешеуі парақталып қайта жабылып қалады. Дәкібай бір ескі танысын кезіктіріп қалғандай күй кешеді. Әлгі бетті апыл-ғұпыл ашса, өзінің жүгірмек Төреғұлы танымал арнаға сұхбат беріп тұр екен. Әкесі баласына қарап қайран қалды. Сөйтіп Мағышқа бұл хабарды жеткізуге асықты. Кенет үйінің алдына бір машина келіп тоқтады. Ішінен өзінің жар дегенде жалғызы шығып, күлімдеп тұр екен.

Өткен жеті жылда алғырлығымен көзге түскен Төреғұл мықты геолог болып шығыпты. Ендігі кезекте ол ата-анасын өзімен алып кетуге келген екен. Әкесі баласын көріп не істерін білмеді.

– Амансыз ба, әке? Әке, сіз мені кешіріңіз. Сіздің атағыңызға лайық перзент бола алмадым. Жолыңызды жалғай алмадым. Білесіз бе? Мына әлемде дүние жию, оны көзге шұқып мақтану, оны өз балаңа қалдыру үшін тырманудан бөлек әлем бар. Ол әлем әр пенденің кеудесіндегі еттен бастау алады. Ол әлем сізге өмір жайлы кеңінен толғануға жол ашады. Мен жанымның рахатын білімнен таптым. Алайда, менің жүрегімдегі арман сіздің көлеңкеңізде қалып қоя жаздады. Өмірімде сіз көрсетпеген қолдауды мен даладағы диуанадан естідім. Сол кісінің сөзі менің өзге үшін емес, өз арманым үшін өмір сүруім керектігін ұқтырды. Менің арманымның орындалғаны сіздің басты мұратыңыз емес пе? Менің таңдауымды құрметтемесіңіз де сізді жақсы көремін.

Осы сәтте ғана Дәкібай өмірінің құр босқа өткенін түсініп, өкініш білдірді. Бірақ, ол күндер оралар ма?

Добавить комментарий