Ұрпақ тәрбиесіне әрбіріміз жауаптымыз. Бұл мәселеде «Уақыт көрсетеді» деген сылтау жарамайды. Уақыт көрсетпей тұрып, ұлға үлгіні әке, қызға өнегені ана танытуы керек. Соңымдағы ізім айқын, ісім анық болсын деген азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Мұрат Иманғазы. Ол – ұл-қызына ғана емес, жалпы өскелең буынға болмысымен жолбасшы болуға талпынған жан. Ол оқушылар айтысына, жастар айтысына жүлде тағайындап, қолдау көрсетіп келеді. Жергілікті өнерпаздардың шығармашылығына жанашырлықпен қарайды. Туған ауылы Есілбай мен тұрған ауылы Жетекшінің мәдени, рухани өміріне белсенді араласады. Биыл Жүсіпбек Аймауытовтың мерейтойына орай «Мәдени кіндікке» белгітас орнатуға демеуші болды… Осындай игі істері арқылы ол жас толқынды тағылымға баулуда. Еңбек адамы ел алдында еленіп жатқана біз де әйгілі Күлік Жанақ Жаңабатырұлының ұрпағы – Мұрат мырзамен аз-кем тілдескен едік.
– Мұрат аға, ұлттық байлығымыз – айтыстың шын жанашыры екеніңізді білеміз. Бірнеше айтысқа өз атыңыздан жүлде тағайындап, жас талап ақындарды қанаттандырып келесіз. Айтыңызшы, өнерге жанашырлық неден туады?
– Менің айтысқа деген қызығушылығым сонау 90-жылдардан бастау алады. Студент болып, Павлодар қаласына келген кезде, қазіргі белгілі ақын Асығат Тұрғанбековпен танысып, достастым. Соның өнеріне сүйсініп, ата-бабадан қалған, бойымызға сіңген, қанымызға дарыған ұлттық өнерді жан-дүниеме шырағдан тұттым. Бертін келе Асығат досым Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы болып тұрғанда, айтысқа арнайы шақыру алатын болдым. Сол кездерде жас ақындарды, оқушы ақындарды көріп, өнерлеріне тәнті болып азды-көпті қолдауымды көрсеттім. Ондай қолдау мақтаныштан жасалмайды. Адам сезімге берілгенде туады. Балалардың сөз саптауы ұнайды, сосын олардың қанатына жел беріп, тынысына дем қосқым келеді.
– Кейінгі кезде сауапты істі сылтау етіп қаржы жинап, мұқтаждың мұңын емес, өз қалтасын қампайтып, жеке басының атағын асқақтатуды ойлайтындар көбейіп барады. Ондайларға тосқауыл болу үшін адамда қандай қасиет болуы керек деп ойласыз?
– Ең бірінші – имандылық керек. Имандылықтан жұрдай болса, адам айуанға айналып, азып кетеді. Асыл дінімізде «Жария садақа» деген бар, «Жасырын садақа» деген бар. Шынымен, қазір адамдар садақаның өзіне сауапты іс деп қарамай, атақ-даңқын шығаруды көздеп тұрады. Ондайдан Құдай сақтасын. Пендешілік қой – ол.
– Сіз азамат ретінде де, әке ретінде де ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретін адамсыз. Бозбала ұлыңызды өнерге баулып, талабын ұштауға ерекше көңіл бөлгеніңізді білеміз. Қоғамда әке тәрбиесінің ақсап тұрған кезінде сіздің бұлай жауапкершілік танытуыңыз қуанарлық жайт. Өз тәжірибеңізбен бөлісіңізші: әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасуы керек? Сіздің ақылыңыз әкелерге, әсіресе мен секілді жастарға таптырмас тәжірибе болар еді.
– Әкенің ұрпақ тәрбиесіне мән беруі жоспарлы түрде жасалатын дүние емес-ау деп ойлаймын. Ол өмірлік тәжірибеден туу керек. Өзіміз де бала болдық, бозбала болдық. Сол кезде ата-анамыздың тәлімін дұрыс қабылдамай, көрсеткен бағытынан ауып кеткен кездеріміз аз емес.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші, өз балаң үлкен өмірге қадам басқанда, оның келешегі туралы ойланады екенсің. Ортам, жан-жағым, достарым сөз қадірін білетін өнерлі жандар болған соң, солардан бір жақсы қасиеттер жұқса екен деп ойлап отырамын. Суырып салып айта алмасам да, кезінде өзімнің де қағаз шимайлайтын сәттерім болатын. Ол сөздер жүрек толқығанда, көңіл тебіренгенде шығатын. Асыл Әбіш досым «Сарыарқа самалында» жұмыс істеген кезінде бірқатар мақала, өлеңдеріміз жарық көрген еді. Үлкен ұлым – Қадырханға өнерге деген, өлеңге деген құштарлық дарыған секілді. Бетбұрысы барын көрдім де, «Осыдан бірдеңе шығады-ау» деп ойлап, Асығат досыма қолқа салдым. «Баламды қанатыңның астына ал. Тәрбиеле!», – дедім. Ұлым биік шыңдарды бағындырып тастамаса да, апыл-тапыл қадамын басып, көшке ілескендей болды. Биыл Ы.Алтынсарин мектеп-интернатының 9-сыныбын бітіріп, Астана қаласындағы «Шабыт» өнер университетінің колледжіне, актерлік оқуға түсті. Бұйыртса, драма театр актері болады. Алған беті – осы.
Өзің білесің, Еламан, саған да ұлымның сөз саптауын, ойын қорытуын шыңдауға қолқабыс ет деп ой тастаған болатынмын. Тәрбие көрмеген ағаштың қисық өсіп, бұтағы көз шығаратыны секілді, жасынан дұрыс тәлім алмаған бала да ер жеткен соң сол тал секілді болатынын білеміз. Саған өтініш айтқаным да, сол баланың болашағына алаңдаушылықтан туған еді.
– Иә, аға, есімде. Сол кезде ұлының келешегіне алаң әкеден өнеге алсақ деп ой түйіп қойғам. Бір-екі жыл бұрын Қадырхан бір айтысқа қатысты. Сол кезде өзіңіз де көрермен болып отырдыңыз. Айтыс біткен соң «Әлі ширату керек мына баланы» деп сын айтқаныңызды ұмытпадым. Одан кейін тағы бір айтыста жүлде алып, республикаға жолдама алды. Онда да «Сүйреп қосқан тазы аң алмайды» деген сөз бар. Балам лайықты болды ма, қалай ойлайсың?» деп сұрағансыз. Біз лайық екенін айтқанбыз. Қадырхан сенімді ақтап, Астанаға барып абыроймен айтысып келді.
– Әке балаға сыншы емес пе?! Жаман болсын демейміз. Қазақта «Баланы аясаң, аяма» деген сөз бар. Қаталдықтан қатты болмаймын ғой.
– Бәрекелді, аға. Елуге еңбектеп емес, еңбекпен жеткен азаматсыз. Адамның өмірінде еңбектің орыны қандай? Жас ұрпақты еңбекке баулуда неге басымдық беру керек?
– Адам баласы әр бағытта еңбектенуі керек. Біреу өнерде, біреу мал шаруашылығында, біреу зауытта дегендей. Алла адамның ыңғайына қарай кәсіп бұйырттады. Еңбектенген адам ғана несібелі болады. Құр қол қусырып, «Бер-бермен» адам көгермейді.
Менің негізгі мамандығым – мұғалім. 35 жасыма дейін мемлекеттік қызметте, Жоғарғы оқу орынында, мектепте жұмыс істедім. 2007 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Қай еңбек болса да адалдық керек. Ерте тұрып, кеш жату керек. Ұйқышылдық пен салғырттықтан аулақ болған жөн. Қандай іс болса да тиянақтылық қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Мысалы мен бір істі бастасам, оны орта жолда қалдырмаймын.
– Биыл 50-ді еңсерген ерлердің – әдебиет, мәдениет, өнер, мемлекеттік қызмет, кәсіп секілді сан салада із қалдырған замандастарыңыздың қатары қалың. Сіздерге қарап, бір буынның бұндай берік болуы неден деп ой түйеміз. Сіздің азамат болып қалыптасуыңызға не әсер етті? Кім әсер етті?
– 3-сыныптан бастап, әдеби кітаптарға ден қойдым. Оған алғашқы ұстазым, Есілбай ауылының тұрғыны Нәсіп Болатханқызы себеп болды. Сол кісінің берген бағыт-бағдарымен кітапқа жақын болдым. Бастауыш сыныпта аға буын оқитын кітаптары оқып, тауыстым. Адам кітап оқуы керек, ізденуі керек. Сонда ғана ол жан-жақты болады. Ашық болуы керек, жарқын жүзді болуы керек. Сонда айналаңда дос-жаран көп болады.
– Достық деген не сіз үшін?
– Көбі айтады, «Дос деген біреу-ақ болады» деп. Онымен келіскім де келеді, келіспейтінім де бар. Мысалы, менің бала күннен құлын-тайдай тебісіп өскен достарым бар. Студенттік достарым бар. Одан кейін өмір жолының әр кезеңінде табысқан достарым бар. Қазіргі кәсібім табыстырған достарым бар. Ниеттес болып кеткен, тілектес болып кеткен азаматтар көп. Ойлап отырсам, егер бір ғана досты таңдау керек болса, олардың бірін ғана қалдыруым керк. Өңгесін сызып тастауым керек. Мен олай ете алмаймын. Достық – өте қасиетті ұғым. Оны сөзбен айтып ұқтыру мүмкін емес. Достықты жан-дүниеңмен, түйсікпен түсіну керек. Амал достан Құдай сақтасын. Осы сөзді достарымның ортасында да үнемі айтып жүремін.
– Мұрат аға, адамдық қасиет, азаматтық болмыс, ұрпақ тәрбиесі турасындағы ойларыңызбен бөліскеніңізге мың алғыс!
P.S: Мұрат мырза достарым көп деп түйіндеді сөзін. Сол көп досының бірі – айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек. Әңгімеміздің тұздығы ретінде, өзі де ердің жасына жеткен азаматтың замандасы жайлы пікірін бөліспекпіз:
Мұрат – менің студенттік шақтан бері жұп жазбай келе жатқан досым. Ұлы Қадырхан – шәкіртім. Біздің арамыздағы достық өнерге қолдау көрсету дәрежесіне өсті. Соның бір дәлелі – ол менің ұлым Шыңғыстың әншілік, айтыскерік талантын шыңдап, талабын ұштауға демеу көрсетті.
Жақында «Бәрін-бәрін» деген әнім шықты. Сол әннің дүниеге келуіне де, өңделіп, орындалуына да Мұрат досым себеп болды. Осы жаздың бір шуақты күнінде хабарласып: «Біз Қатонқарағайға бара жатырмыз, жүр бізбен» деп саяхаттауға шақырды. Өзім де ол өңірге ынтығып, қызығып жүр едім. Бірақ аяқ-астынан болған ұсыныстан бас тартуға тура келді. Ысырып қоюға болмайтын шаруалардан босамадым. Әрі «Бұл да ертерек неге айтпады, қысылтаяң болып тұр» деп досымды іштей жазғырғандай болдым. Содан олар кетті саяхатқа. Мен қалдым үйде. Мұрат барған жерінен тамсанып әңгіме айтып, көрікті жерлерден сурет жіберіп, телефоныма тыным бермейді. Қызықтан құр қалып мен отырмын. Содан тағы бір сурет келді. Жауап ретінде «Бәрін-бәрін армандаумен, өтіп жатыр жалған дәурен» деп жазып жібердім. Содан сол екі жол толық шумақ болып, өмір туралы өлең туды. Артынан сазы келді. Мұраттар қыдырып келгенше әнім дайын болды. Саяхатшыларды қарсы алғаннан кейін, гитарамен орындап бердім. Мұрат әрі риза болып, әрі «Ертерек айтпай, бірге бара алмағанымызды» өз қатесі деп ойлап, «Мына әннің өңдеуіне толық демеуші болайын» деп азаматтық сөзін берді. Солай осы ән шықты. Қазір орындалып жүр.
Бұдан бөлек, Мұрат – туған ауылының адал перзенті. Есілбай ауылының әнұранына айналған «Есілбайым» әнін жарыққа шығаруға сеп болды. Туған жерінде мәдени, рухани іс-шараларға үнемі демеуші болып жүреді.
Әңгімелескен: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.