Жанасыл СЕРІКБОЛ

БАҚ-тың бағы неде?

Журналистика – табиғатын әр адам әртүрлі түсініп, күнделікті өмірде көп тұтынылатын саланың бірі. Қоғамдағы ең танымал әрі қызықты мамандық. Сондықтан болар бұл мамандық иесі болғысы келетіндер қатары тым көп-ақ. Алайда, шынайы журналистикамен айналыса бастаған алғашқы күндері-ақ бұл мамандықтың қиындығы кездесе бастайды. Сөйтіп, сырттай тамаша болып көрінген жолдың кедір-бұдыры мен ой-шұқыры аяқ алысты мардымсыз етіп, қажыта бастайды.

India,USA,laptop,Blogging, Article,Content management, Author, Blogging, Business
India,USA,laptop,Blogging, Article,Content management, Author, Blogging, Business

Журналистиканың ең басты қарапайым ғана мақсаты – қоғамды ақпараттандыру. Анық, толық, шынайы, жан-жақты ақпарат тарату. Осыдан бұл мамандықтың маңызы мен мәні ашылады.

Бүгінде журналистиканың төртінші билік ретіндегі бейресми мәртебесі де қоғам үшін салмағының қаншалықты батпан екендігін анық көрсетеді. Әлемде журналистика – үлкен күш, қоғамның үні кейде адамдардың санасына әсер етер құрал. Журналистиканың басты талабы бейтараптылық екені белгілі. Сондықтан да ол мақтамен бауыздаушы да бола алады. Публицистика, зерттеу, сараптамалық, ақпарат тарату салалары – бүгінгі таңдағы журналистиканың мінезі мен болмысын көрсететін барометр.

Сарапшылар журналистиканың ағартушылық қырын да баса көрсетіп жүр. Бұл туралы пікір сан қырлы. Журналист Дархан Әбдік «Қазақ әдебиеті» газетіне берген пікірінде журналистиканың ағартушылық қыры жайлы былай дейді: «Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстаған тұлғалардың адами табиғаты мен ниетіне байланысты нәрсе деп ойлаймын. Ағартушылық дегеніміз мамандық емес қой. Ол – миссия. Ол қаржылай пайда әкелмейді. Рейтинг бермейді. Табиғатында ағартушы адам кез келген кәсіпті сол миссиясына пайдаланады». Белгілі журналист Қасым Аманжол БАҚ-тың ағартушылық қырымен келіспейді:

«Журналистиканың ағартушылық миссиясы ескірді деп есептейтіндердің бірімін. Қазақ БАҚ-тарындағы насихаттық сарынды сезінген сәтте өзімді біртүрлі қолайсыз сезінемін. Оқырман мен көрерменді манипуляция жасаумен айналысқан журналистика оңбайды. Оны журналистика деудің өзі артық. Қысқасы, журналист өзін ағартушымын, түзеушімін, кем-кетікті толтырушымын, қандай да бір мүдделер үшін күресушімін деп сезінбегені жөн. Сөйтіп сезінген сәттен бастап журналист өліп, белсенді басталады. Әлем журналистикасы, оның ішінде дамыған әлем журналистикасы насихаттан бас тартып жатыр деп ойлаймын. Әлемде қазір журналистиканың орны өте үлкен және оның орны «ағартумен» емес – ашықтық, баламалы пікір, жылдамдық әрі дәлдікпен өлшенеді деп есептеймін».

Қазақ журналистикасының тарихы он тоғызыншы ғасырдың төртінші ширегінен бастап қалыптаса бастады деуге болар. Ал, жиырмасыншы ғасырдың басында журналистика біршама дамыды. Газет, журнал шығару ісі қазақ даласында өрістей түсті. Кеңестік кезеңде партия идеологиясының басты құралы болған журналистика бүгін де ол талаптан босап, өзінің табиғи міндетіне бет бұрды.

Журналистика тек ақпарат айнасы ғана емес, қоғамның картинасы, көңіл-күйі де. БАҚ-тың басты мақсаты ақпараттандыру екені айтылды. Яғни, саяси жоспар мен экономикалық шешімдермен, қоғамда болып жатқан әртүрлі оқиғалардан халықты хабардар ету. Осылайша қоғамның әрнәрседен хабардар болуы арқылы, белгілі реакция мен пікір қалыптастыру. Осылайша билік пен халық арасындағы диалог алаңы да болу.  Сондықтан БАҚ-тың маңызы қоғам күрделеніп, түйткілдер түрленген сайын арта түсуде.

Журналистика тарихы тереңдерге тамыр тартады. Журналистика деп нақты сала ретінде аталмағанымен ерте кезеңдердегі кейбір әділетшіл, күрескер адамдардың бойынан журналисттік табиғат кездесіп жатады. Журналистиканың бүгінгі таңда алдыға қойып отырған басты мақсаты – БАҚ-тың толық тәуелсіздігі мен сөз бостандығы. Бұл жолда әлем бойынша көптеген журналистер бастарын бәйгеге тігіп шаһит кешті.

Жыл сайын «Шекарашыл тілшілер» ұйымы баспасөз еркіндігі индексін жариялайды. Рейтинг қалай жасалады?

Есеп ішінара сауалнамаға негізделген. Плюрализм (медиа кеңістігінде пікірлердің ұсынылу дәрежесін өлшеу), БАҚ тәуелсіздігі, қоршаған орта және өзіндік цензура, заңнамалық база, ашықтық және инфрақұрылым сияқты негізгі критерийлерге негізделеді. Сауалнамада бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтық базасы ескерілген (оның ішінде баспасөз құқық бұзушылықтары үшін жазалар, мемлекеттік монополияның бұқаралық ақпарат құралдарының жекелеген түрлері үшін қалай реттеледі) және бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздік деңгейіне баса мән берілген. Қазақстан 2020-жылғы рейтинг бойынша 157-орында.

Журналистика ғылымында БАҚ этикасы мәселесі көп талқыға түседі. Журналистиканы ғылым ретінде түсінсек, ол да қоғамның қажеттілігін өтеуі керек. Демек, журналист адамдарға қажетті объективті ақпаратты жеткізуі керек. Алайда бүгінгі таңда, бейтарап ақпаратты жеткізу майдан қылшық суырғандай қиын іске айналып отыр. Әсіресе, алаң көңілді, темпераменті тұрақсыз, әрі үркек Қазақстан қоғамы үшін ондай ақпараттың қоғамға таралу ауқымы да тар. Бұндайда журналист сенсация қуалап «жер өртеуге» кірісуі керек пе? Ондай жағдайлар да аз емес. Сонда журналистика құрал болуы керек пе, мамандық болуы керек пе? Сондықтан, кейде журналистика қоғамның сұранысын орындайтын салаға да айналады. Белгілі журналист Дархан Әбдік «Қазақ әдебиеті» газетінің саулнамасына берген жауабында былай дейді: Әр елдің журналистикасы өзіне ғана керек. Журналистика қоғамның айнасы, әрі сол қоғамның сұранысына ғана жауап береді. Егер қоғам мақтаншақ адам секілді: «Мені мақта, ата-бабамның ұлылығын дәріпте, өзгелерден артық екенімді көрсет», – десе, дәл осыны жазатын журналистер атқа мінеді. Ал егер қоғам саналы адам секілді – «маған шындықты айт, алдама, қас-қабағыма қарама», – десе, оны айтатын адам да табылады.

Бұл пікірден журналистика қоғамдық сұранысқа қызмет ететіндігін әрі соған толықтай болмаса да тәуелді мамандық екендігін аңғарамыз. Ең бастысы, БАҚ-тың шынайы ақпарат алдындағы абыройы ортаймағаны ләзім.

Добавить комментарий