Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында елімізге белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі, сазгер Асығат Тұрғанбектің 50 жас мерейтойы атап өтілді.
Іс-шара барысында ақынның «Сен мінгізген ақ пырақ» кітабының тұсауы кесілді.
Асығат Сәулетұлы облысымыздағы ақындардың көбінің ұстазы. Мерейтойда шәкірттері де арнау жырларын айтты.
Сондай-ақ, «Ұстаздық еткен жалықпас» атты республикалық оқушылар айтысы өтті. Оған Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жарқынбек Амантай, белгілі ақын, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен, «Алтын домбыра» иегері, ақын Аспанбек Шұғатай, елімізге белгілі ақын Қуанышбек Шарманов қазылық етті.
Оқушылар арасындағы айтыс тартысты өтті. Балалық қызықтармен қатар, ересектерге тән ірі ойлар да айтылды. Ақындар арасынан Алматы облысынан келген Рауан Нұршабекұлы ерекше өнерімен көзге түсті. Өнеріне риза болған ата-апалар орындарынан тұрып, жас өнерпазға баталары мен арнайы сыйлықтарын берді.
Айтыс қорытындысы бойынша да Бас жүлдені Рауан Нұршабекұлы жеңіп алып, 300 мың теңгелік сыйлыққа ие болды.
1-орын Астанадан келген ару қызымыз Айғаным Мақсұтқанға бұйырды. 2-орынды Нұрислам Рағат (Қостанай обл.) пен Мейіржан Баршынбай (Павлодар обл) еншіледі. 3-орын иегерлері Ерасыл Сейітжан (Алматы қ.), Еламан Кенжеш ( Қызылорда қ.), Сәттібек Серікболатұлы ( Ақмола обл) атанды.
Сонымен қатар, жас өрендерге атаулы сыйлықтар да табысталды:
«Көтеш Райымбекұлы» атындағы сыйлық – Нұрахмет Мәуіт (Баянауыл ауд.)
«Мәшһүр Жүсіп» – Фатих-Сұлтан Мейрам (Қарағанды обл)
«Иса Байзақов» – Алдияр Қайрат (Павлолар обл)
«Арман Қани» – Нұриден Охиттан (Павлодар обл)
«Құдайберген Әлсейітов» – Әмірхан Декенов (Маңғыстау обл)