Биыл әйгілі жерлесіміз, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр.
Сонау аумалы-төкпелі заманда жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың ұлт мүддесі жолында атқарған істері аз емес. Соның бірі 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда оның ықпалымен Баянауыл жерінде ашылған «Мәдени кіндік» білім ошағы.
Бұл қазақ даласындағы жұттан халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуымен Қызылтау өңіріне жинайды. Ж.Аймауытов және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. 1921 жылы Алаш ардақтысы жергілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Кейін қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора тұрғызылады. Білім беру кешені шамамен 1929 жылға дейін жұмыс істеп тұрған деген дерек бар.
Осыған байланысты Баянауыл ауданындағы Лекер ауылының маңында Жүсіпбек Аймауытов негізін салған тарихи мекен – «Мәдени кіндік» рухани тәрбие және білім беру кешеніне белгітас орнатылды.
Белгітас қою идеясын Алаш қайраткерінің аталас туысы, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев алғаш көтерген.
Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры демеуші азаматтардың басын қосып, белгітас сол қаржыға қойылған.
Фото: Мұрат Аяғанов