Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуды мақсат етеді. Орта Азия көшпелі халықтарының этникалық спорт түрлерінен мықтыларды анықтайтын бұл дода биыл бесінші мәрте астана қаласында ұйымдастырылмақ.
Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болды. Кейіннен Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.
Осыдан тура он жыл бұрын Қырғызстанның Чолпан-ата қаласында өткен ойынға 19 мемлекет қатысты. Спорттың 10 түрі бойынша жарыста 583 спортшы бақ сынаған болатын.
Ал, 2016 жылы тағы осы қалаға 62 елден 1200 атлет келді. Спорттың 26 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Араға тағы екі жыл салып Чолпан-ата меймандарға үшінші мәрте құшағын жайды. Бұл жолы барлығы 82 мемлекеттен екі мың спортшы жиналған болатын.
Төрткүл дүниені жайлаған пандемия салдарынан біраз үзіліс алған көшпенділер жарысы 2022 жылы Түркияның Изник қаласында жалауын көтерді. Төртінші мәрте ұйымдастырылған додада спорттың 13 түрі бойынша дүниежүзінің 102 елінен келген 3 мың спортшы бақ сынаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, бесінші көшпенділер ойыны үстіміздегі жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астана қаласында өтеді.