Табиғаттың тылсым сырына үңіліп, жаңа көркемдік тұрғыдан игеру, зерттеп-зерделеу, жаратылыс бейнесінің, тәңір жаратқан  кейпінің мінез-қасиеттерін адамзаттың бойындағы кісілік сипаттарымен үндестіру, үйлестіре отырып бүтін бітім жасау қазақ табиғат лирикаларындағы жетістік, жаңалық деу керек. Бұл дәстүр мен жаңашылдық бүгінде жалғасып өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Ақындардың жан дүниесі өте сезімтал. Ақын жаны сұлулыққа, жаңашылдыққа  құмар.  Әрқайсысының өзіне тән сөз қолдану тәсілі мен әдісі бар. Әр ақын қазақ поэзиясына өзіндік ерекше стилі мен жаңашылдығын ала келеді. Қазіргі қазақ поэзиясында да ауыз толтырып айтарлықтай ақындар легі бар. Табиғат пен адам жаны етене жақын болғаннан кейін бе, ақындар табиғатпен үндескісі келетіндей көрі- неді. Өзінің жан дүниесін табиғатпен ұштастырып, оқырман алдына жайып бергісі келетіндей. Қазіргі ақындардың сөз қолдану тәсілі де, оқырманға ұсынар өлеңдерінің идеясы да, суреткерлік шеберліктері де өте жоғары деңгейде. Солардың бірі нәзік жүректің иесі, өлеңдерінде өзгешелігі бар ақын – Айжан Табаракқызы. Ақын өлеңдерінде табиғат пен сезімді ұштастыра білген.

…Қайыңды сүйе тұрып жерді құшқан,

Жапырақ сияқтысыз Сіз де енді…, – деп жаза келе,

…Несіне енді күтемін күздей болып,

Несіне ойлайды екем  әлі күнге, –   деп өзінің сағыныш мұңын күзбен теңестіреді. Ақын өлеңдерінде Сәкенде бар философиялық ой жалғасын тапқан. Бұл өлеңінде ақын жүректегі сезімімен табиғатты ұштастыра білген. Өлеңінде сезімдерінің баяғыдай еместігін, үмітін өкініш өшіргендігін, сонда да әлі күнге дейін сағына еске алатынын сөз етеді. Ақынның сөз қолданысы да ерекше. Оған дәлел:

Сөз мүжіген шақтарда тағатымды,

Жылап алу үшін де жаратылды,  – деген өлең жолдарында, «сөз мүжіген шақтар» деген жерде  дерексіз ұғымды жандандыру арқылы ақындық шабытты бейнелеп көрсеткен. Тағатын яғни шыдамын, төзімін сөздерге мүжіту арқылы көрсеткен ақын тапқырлығына қайран қалуға болады. Осы уақытқа дейін «сөз мүжіген» деген қолданысты қолданған ақын жоқ та шығар. Бұл да болса ақынның ізденімпаз екен- дігін аңғартады. Ақын көп ізденіп оқыған сайын, оның ойлау қабілеті де арта түседі. Айжанның өлеңдерін оқи отыра, ақын өлеңдерінде батыс ақындарының сарыны бар екенін де сезінеміз.

Әдебиетші ғалым Қ.Жүсіптің «Өлең – сөздің патшасы», «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» еңбектерін басшылыққа ала отыра, өлеңдерді көркемдегіш құралдар арқылы талдай отыра, өлеңді идеялық тұрғыда сараладық. Қ.Жүсіп қазақ әдебиеттануына дерексіз ұғымдардың жандандырылуы, метафоралық тіркес, шарттылық деген теориялық атауларды енгізген. Бұрын соңды дерексіз ұғымдарға мән беріп, зерттеген ғалым болмаған.

Айжан Табаракқызының «Шақ» өлеңінде:

…Қайыңның құшағында билейді үнсіз,

Жер асыға күтсе де қызғаншақ қар…, – дей келе, қарға қызғаншақтық сезімін беріп, жан бітіре бейнелейді. Кейіптеуі ерекше, мұндай кейіптеу басқа ақындарда болмаған. Ақынның сөз қолдану кезіндегі талғамы ерекше, ол «қызғаншақ қар» тіркесі арқылы адамдар  арасындағы қарым-қатынасты көрсеткісі  келген. Осы  уақытқа дейін ақындар өлеңінен қардың жауу үрдісін оқып келсек, Айжан ақын өлеңінен қардың қызғаншақ та бола алатынын түсіндік.

Ақын өз өлеңдерінде желді көп қолданады. Бірде желді  сыңсыта соқтырса,  бірде  көйлегімен  ойнатады. Айжан ақындықты мұрат тұтпайды, ол үшін өлең – бір сәттік көңіл-күйдің көрінісі іспеттес. Ақын жаны кейде жалғыздықты аңсап күз болып мұңайса, кейде дауылдатып, құйындатып өтеді. Оған дәлел ақынның тілшіге берген  сұхбатындағы мына бір сөздері:

«Ақындардың түйсігі жай адамның түйсігінен қарағанда жақсы дамыған. Олар күзді жақсы көреді. Мен де күзді жиі өлеңге арқау  етем, күзге мұңымды шағамын. Мұның себебін ғылыми тұрғыда қарайтын болсақ, күзде жапырақтар сарғайып, шөптер қурап, күннің жылуы азаяды. Сол кезде табиғат энергияны адамдардан  тартады екен. Көңілсіздік, депрессия сол кезде пайда болады.  Біз де сол көңілсіздікті бастан кешеміз».

Қазіргі қазақ поэзиясында есімі  мақтана  айтылатын ақындардың бірі – Танакөз Толқынқызы. Ақынның өлеңдерінде табиғат пен сезім арасында ерекше үйлесімділік бар. Өлеңдерінен жаңа сарын, жаңа ой, жаңа леп бары көзге айдан анық көрініп тұрады.

Тұзкелдіге биыл тағы күз келді,

Сары жүрек жауып қалды құз, белді.

Құларыңда құшағына белестің

Жапырақ-ау!

Кіммен ғана кеңестің?

Келмей-ақ қой, енді қайтып, күрең күз!

Сен білетін сойқан ақын емеспін.

Ойлама сен өзің жайлы айтар деп,

Көздеріңе тұнған шықты байқар деп.

Күзді көрсем айқай салғым келеді:

«Саған жазған хаттарымды қайтар», – деп.

Танакөздің «Тұзкелдіге биыл тағы күз келді» өлеңінде көп жаңашылдық байқалады. Сары түске боялатын шөп, жапырақтарды «сары жүрек» тіркесімен берген. Өзіндік сөз қолданысын аңғартатын метафора.   Сары түс поэзияда сарғайған  сағынышты білдіреді. Бұның алдындағы өлеңдерінде де жапырақ  бейнесі  ерекше  бөлініп алынатын, желмен вальс билейтін жапырақты көргенбіз. Бұл өлеңде де күз келгенде жерге түсетін жапырақ қимылынан басқаша ойға жетелейді. Жапырақтың құлауы адам әрекеті секілді алынған. Ақынның ой тереңдігі, табиғат құбылысынан өзгеше сыр тани білетіндігі байқалады. Мұқағалидің «күрең күз» қолданысын қайталай отырып, интермәтін тәсілін қолданған.

«Сен білетін сойқан ақын емеспін» деген тармақта сойқан ақын деп Мұқағалиды меңзеп отыр. Күзге келмей-ақ қой деп айтуының өзінде бұрын-соңды ақындарда болмаған ақындық мінезді байқаймыз. Күз бұл өлеңде кейіпкердің жазған хаттарына жауап қайтармай  қойған адам  секілді бейнеде алынған. Жаздың өтіп, күздің келуі адамдардың көңіл күйіне кейде көңілсіздік, мұң ұялатуы мүмкін. Сондай көңілсіз сәттерді ақын жауапсыз қалған хаттарға ұқсатып, табиғатты суреттеудегі шеберлігін танытқан.

Жалпы, күз мезгілі ақынның тағы бір  өлеңінде былай беріледі:

…Күз болмас еді, шапағатты күз,

Жапырағын жанның қалтыратпаса.

«Жанның жапырағы» метафоралық тіркесі арқылы, әрі дерексіз ұғым «жанның» жапырақ секілді заттандырылуы арқылы күз бейнесі адам жанына көңілсіздік әкелетіні аңғарылады.

Мұқағали өлеңдеріндегі тау бейнесі Танакөзде жалғасын тапқан. Мұқағалидің «Мен – таулықпын» өлеңіндегідей  «Таулардан іздегем жоқ басқа тірек» өлеңінде Танакөз кейіпкері де таулардан тірек іздейді, тау қызы болғысы келеді, тауды екінші анасы деп санайды.

«Ей, таулар! Құдай бізге берген сені

Бір күні кетпесін деп аласарып».

Ақын үшін тау – биік рухтың, асқақтықтың символы. Ешқашан өзгермей, бір қалыптан айнымайтын, беріктіктің белгісі. Тауға қарап, адамдар өздерінің адами құндылықтарының аласарып кетпеуін қадағалап отыратын секілді.

Танакөздің «Іздемесең, жаңбырға кетіп қалам» өлеңінде: Іздемесең, жаңбырға кетіп қалам,

Үңірейіп қалады кетік ғалам…, – делінеді. Лирикалық кейіпкер жалғызсыраған сәтте жаңбыр болғысы келеді, әйнек- ті ұрғылаған жаңбыр тамшылары кейде жүрекке айналып кетеді. Қайыңға жылайтын жел де желдің өзі емес, кейіпкер сағынышына айналып кетеді. Екінші кейіпкердің тағдырына бұлт болып араласпауын қалайды. Жүрегіне қаяу түсіретін адамды бұлт ретінде қабылдайды.

ХХ ғасыр басында Мағжан табиғат лирикасын адамдардың қарым-қатынасы сияқты суреттеуді қолданған болса («Сең», «Жазғытұрым», «Батқан күн, атқан таңның жыры»), Танакөзде табиғаттың әр бөлшегі, әр құбылысы адамның әр түрлі көңіл-күйін, сәттерін, мінезін ашуға қызмет етеді. Осы ойымызды «Даланы көрші, ақ  жаңбыр басылған шығар» өлеңінде жалғастыра аламыз:

«Бас ұрған шығар әйнекке соқыр сағыныш

Солқылын жанның жаңбырға жасырған шығар…».

Мұндағы жаңбыр да тек өз бетімен жауып тұрған жоқ, бір жанның соқыр сағынышын жасырып, жауып жатады. Осындай ерекшеліктер Танакөздің табиғат жайлы өлең- деріндегі ерекшелік екеніне көз жеткіздік.

«Бұл шаһарды тастай қашсам» өлеңінде кейіпкер желді өзінің құрбысы етіп санайды. «Мінез» өлеңінде  бұлттар қолтаңба сұрайды. «Қалып қойсын елеусіз қуыста мұң» өлеңінде күнді жалғыз туысқаным деп атайды. «Жүректерді шашып ойнар Ару Күз» өлеңінде күз ару қыз бейнесінде суреттелген. Қарап отырсақ, жел, бұлт, жаңбыр, жапырақ, тау, күн, күз – барлығы бір-бір адам бейнесінде қолданылып отырады. Бұл да Танакөздің жаңа ерекшеліктерінің бірі деуге болады.

Қорыта айтқанда, Танакөз Толқынқызының   табиғат туралы өлеңдерінен дәстүр мен жаңашылдықтың қандай тәсілдермен өрнектелгендігін талқыладық.  Танакөздің табиғат лирикасында адам  сезімі, көңіл-күйі бірге астасып беріледі. Адам басында болатын әр  түрлі жағдайларды ашып көрсетуде табиғат құбылыстары, жыл мезгілдері қызмет етеді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлының табиғат жырлары бірден өзгешелігімен көзге түседі. «Біз Алтайға барғанда» өлеңінің әр шумағында ақынның замандас ақындарының есімдері аталып отырады.

…Жұмақ көлдің жағасын әнге бөлеп мен кеттім,

Жұматайдай жездемнің құлағына бұрау сап.

…Әбдіраштың әнінде өзбекшелеу мақам  бар,

Қаракесек бір ағам «орысшалап» тамсанды…

…Кеме қалған Қаратау Қайрат Сақ боп бас иді,

Өр Алтайды көргенде: «Тәңір сыйы екен» деп!

…Тасбұлақтың суының мөлдірлігін сипаттап

Бір кержақтың кісімсіп, көсілуі-ай маған кеп.

Осындағы «кержақ» сөзі – мұсылман емес  басқа  ұлт өкілдерінің атауы. Бұл сөз Оралхан Бөкей, Асқар Алтай прозалық шығармаларында қолданылған болатын. Ақынның бұл сөзді қолдануынан оның ұлтжандылығын, туған жердің табиғатын өзгелерге қимайтындығын байқаймыз.

«Таң бозымен» өлеңінен көп айтыла бермейтін сөз тіркестерін аңғаруға болады: қырмызы күн, таң көбесінің сөгілуі, қоңыр жотаның апасы ұйытқан айранның бетіне ұқсап көрінуі (ұлттық өрнек), майсаның зертүктенуі, бөрте жусан, кедір дөң.

«Мұнар таудан ұшқалы» өлеңіндегі кейіпкер мұңы халық қамымен ұштасады.

Мұнар таудан ұшқалы

Мұң басады кеудені.

Ұлар таудан ұшқалы

У жүректі кеуледі.

Ұлар тектес ұлт едім,

Үрей буған үркегім.

Ұлт көзінен сораны

Қай жеңіммен сүртемін?!

Ұлар құсы адам  аяғы жете бермес  биіктерді мекендейді. Ақын асқақ рухты ұлар жүретін биіктермен салыстырады. «Ұлар тектес ұлт едім» деген жол қазақтың бұрынғы даналығын, тектілігін,  жауынгерлігін, сөз  мәнісін  ерекше қадірлейтін, сөзге тоқтаған ел екенін білдіреді. Ұлар ұшқан жайлауда өзін жалғыз тал қауырсынға ұқсатады. Демек, лирикалық кейіпкер өзін кешегі қазақтың бір үлгісімін деп айтып отыр. Махамбеттің «мені» сияқты мінез байқаймыз.

«Зырлауық күн-ай, зырлауық» өлеңінде уақыттың зымырап өтіп бара  жатқандығын табиғат көріністерімен суреттейді. Қаз тұрған бала қайыңның балауса тәнінің дір қағуы, шағала құстың шарқ ұруы, үйректің үрпиіп, үркуі, жылғада жыланның сумаңдауы, қарағайдың басын күн шалуы, құм- ның сусылдауы – бәрі тынымсыз уақыт аясында бейнеленеді. Өлең:

Жабырқау тартқан көңілім

Жапырақ жайсын қайың боп!,  –  деп аяқталады. Дерексіз ұғым «көңілдің» қайың сияқты жапырақ жаюы – дерексіз  ұғымды заттандырып сипаттаудың шебер  үлгісі. Басқа ақындар сияқты Дәулеткерей де көңіл-күйінің алуан сәтін жеткізуде қайыңды жиі қолданады. Қайың басқа ағаштарға қарағанда әдемі, көзге мен мұндалап алыстан түсіп тұрады.

«Желекті  жиде   ой   ырғап»  өлеңінде   де   танымал ақын-жазушылар есімдері  өздерінің эпитеттерімен бірге аталады. Мысалы, Тыныштықбектің торғай жұмыртқалаған қалпағы, Оралхандағы Тағанның пәлсапасы, Ақсұңқарұлының Арқадан «ұлыған» даусы,  Кенежиренді Жұматай. Қазіргі айтылып жүрген интермәтін деген ұғымға да келеді. Ақын бұл өлеңде басқа  қаламгерлердің жұртқа танымал сөздерін, шығармаларындағы кейіпкерлерге тән қасиеттерін, өлеңдеріндегі сөз қолданыстарын келтіріп отырған. Қазіргі поэзияда сирек кездесетін тәсіл деуге болады. Бұл да Дәулеткерей Кәпұлының табиғатты жырлаудағы бір ерекшелігі деуге болады. «Кенежиренді Жұматайдың Кеңсайға кетіп қалуы» да автордың шеберлігі дейміз. Кеңсайдың Алматыдағы зират орналасқан  жер екенін үлкендер білгенімен, жастар жағы біле бермеуі мүмкін. Бірақ ақын Жұматайды қайтыс болғанда деп айтпай, басқаша  бейнелеп жеткізген. Поэзия ақындардан осындай бейнелі сөздерді, терең ойды, асқақ идеяны талап етеді. Әйтпесе бізге белгілі жайтты қайталап айтып бергеннен ақындық шыға бермейді.

Дәулеткерей өлеңдерінде табиғат пен өзінің өмірбаяны, немесе басқа ақынның өмірбаяны астастырылып беріледі.

«Есен аға, есенсіз бе, әуелі?» өлеңінде Есенғали Раушановты «Бұтақ жайған тораңғылдай мәуелі» деп мәуелі тораңғылға теңейді. Әуелі көп айтыла бермейтін тораңғыл ағашына  тоқталайық. Түсіндірме сөздікте шөлейт аймақтарда, өзен аңғарларында өсетін,  ұзындығы 20-30 метр, діңінің диаметрі 2 метр боп келетін, түк жапырақты, көпжылдық қатты ағаш деп берілген. Демек, Есенғали ақынды жай ағашқа теңеп тұрған жоқ. Өзі ұзын боп өсетін, оңайлықпен сына қоймайтын  мықты ағашқа   теңейді. Әрине, адам сезімін көрсетерде көбінесе қайың алынады. Барлық ақындарда дерлік қайың көп айтылады. Ал, тораңғыл ағашы өте сирет қолданылады десе де болады. Табиғат лирикасында Дәулеткерей осылай сирек  аталатын ағаштарды, жануарларды келтіріп отырады. Қай нәрсені сөз қылса да, оны сирек айтылатын сөзбен жеткізеді. Бұл да ақынның табиғат лирикасындағы келесі бір ерекшелігі.

Осы өлеңде  автор өзін «тауда туып, тарпаң өскен тарғылдай» деп сипаттайды. Тарғыл дегеніміз шұбар  ала теңбіл дегенді білдіреді. Тарпаң дегеніміз жабайы жылқы дегенді білдіреді. Тарпаң сөзін Махамбет өлеңдерінен білеміз. Ақынның балалық шағы таза табиғат аясында, төрт түлік малмен бірге, тарпаң жылқыдай еркін өскендігін көреміз. Өзінің рухының тамыры қайдан шығып жатқандығын  таныстырады. Алтайдың теріскейінде марқа қозының даусымен марқайып өскенін, шұрқыратып жылқы айдап, жарты айдың мұңын тыңдап өскенін айтады. Соны айта келе, қазіргі күнде екі ақынның да қалада тұрып жатқанын, қосақта қой, желіде құлынның жоқтығын, жайлаудың да, бұтартар жортардың да жоқ екенін, түйені тек зоопарктен көріп жүргенін айтып, қаладағы күзгі бақтың сүреңсіздігін айтады. Есенғалимен сырласу арқылы балалық, жігіттік шағын және қазіргі өмірін көз алдымыздан өткізіп шығады. Іштей кейіпкеріміздің тарпаңдай болып жылқы бағып, аймен сырласып жүре бергенін қалаймыз. Бірақ уақыт адамдардың ырқына бағынбайды. Адам жанының қалауы үнемі орындала бермейтінін осы өлеңнен байқаймыз. Табиғатта туып, өскен қаншама адамдарымыз қалада осылай күй кешіп жүр десе де болады.

Туған жердің даласын суреттегенде де Дәулеткерейдің жаңа сөз тіркестеріне, сөз қолданыстарына көз жеткіземіз.

«Көне жота көз тастап қырымына» өлеңінде «төбет іңір» деген тіркес ешкімде кездеспеген тіркес деп айтуға болады. Іңірді барлық ақын сөз етеді. Бірақ, іңірдің төбет сияқты болатыны қиялымызды шартарапқа  жетелейді. Күннің батып, қою қараңғылық орнағанға дейінгі аралықты іңір дейміз. Осы өлеңдегі:

Күн Қыранға қызыл тау – көне тұғыр, – деген жолда күннің өмір бойы қызыл таудың үстінен  бататынын «көне тұғыр» сөздерімен жеткізген. «Тұғыр» – бір нәрсенің астына қойылатын тірек, немесе  құстың қонақтайтын орны, ағаш  қондырғы. Күнді қыранға ұқсатып алғаннан кейін, таудың құс қонатын қондырғы тұғыр болып суреттелуін табиғатты сипаттаудағы шеберлік дейміз.

«Мына күннің ызғарын-ай» өлеңінде де ақ балтыры сыздаған бала қайыңның бүр  атып келе жатуы, лирикалық кейіпкердің оған жаны ашып, бірақ  суықтан қорғап, ара түсуге шамасы келмеуі жырланады. Бүр атып келе жатқан бала қайыңның суыққа шалынбауын тілейді. Көбіне өлеңдерде «жас қайың» тіркесі қолданылады. «Бала қайың» тіркесі өлеңге өзгеше рең беріп тұр. «Сүйінші, қайың бүрледі» өлеңінде ақын сәуірде қайыңның бүрлегеніне ерекше  қуанады. «Бүрледі» деген сөзді де көбіміз айта бермейміз.

«Бүрлеу»  сөзі ақынның «Алтай астым, Алатауда түледім» өлеңінде де кездеседі. Бұл өлеңде  туған жерге деген «сағыныштың бүрлеуін» көреміз.  Дерексіз  ұғым  сағыныштың кәдімгі шығып келе жатқан жапырақтай суреттелуінен лирикалық кейіпкердің туған жерге деген сағынышының қан- шалықты екендігін бағамдаймыз.  Өзін жақпарда   өскен жалқы, қасқа  қайыңға теңейді. Алтай, Алатау тауларымен өз тағдырын байланыстыра келе ақындығын қалай жетілдіргенін мына жолдармен береді:

Таң асырып, тамшы терін тұндырдым,

Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін.

«Күлік ойдың  күреңі»  метафоралық   тіркесі  арқылы, «күлік»  метафоралық  эпитеті арқылы ақын ақындық шабытын, шеберлігін, ақындық жолының қалыптасуынан сыр шертеді. Тура мағынасында таң асырып жүйрік тұлпарды байлап қояды, күн көзіне жүргізбейді. Ұлттық өрнектің әдемі үйлескенін көреміз.

«Аршалы беткей» өлеңінде жусанды қырат, күреңселі бел, бұйырғынды алап, жалбызды өзек деген эпитеті бар тіркестер  арқылы туған жердің  табиғатын сипаттайды. Осындағы «күреңсе» – саздау жерге шығатын шабындық шөп. Байқағанымыздай, Дәулеткерей өлеңдерінде көп айтыла бермейтін өсімдік, ағаштар атауын жиі кездестіруге болады. Өлеңде ақ балтыр қайың, ақ теректер серілерге ұқсатылады.

«Тарбағатай» өлеңінде:

Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,

Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.

Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,

Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.

Бозталдың бүршік жарғанының өзін ақындықтың жаңа басталып жатқан шағына ұқсатқан. Лирикалық кейіпкер көзімен қарағанда,  боз дала мен  бозтал, қоңыр самал мен қоңырқай кеш, қоңыр жоталар – бәрі түс жағынан үйлесімді өрнектелген. Бір шумақтың өзінде жаңаша  сөз қолданыстары жетіп жатыр. «Қонжық жон» эпитеті – тың қолданыс.

..Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,

Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.

Бұл тармақтарда да үнемі таза боп тұратын биік шың, ақ бұлттармен кейіпкер ұқсас етіп бейнеленеді.  Биік, таза табиғаттан кейіпкер өзін көреді.

Көгеріп беткей біткенде көктемде атырап,

Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.

Таудың жатып алып күй шертуінен ұлттық өрнекті көреміз. Өлеңнің бас жағында дала да күй тыңдап жататын. Өлеңнің соңында ақын Тарбағатайды төрт түлік түгіл, адамы жайылатын  жер  екенін ерекше  айтады. Тарбағатайдың өте шұрайлы, табиғаты әдемі, құнарлы жер екенін осы сөз айқындайды.

Дәулеткерей Кәпұлының табиғат лирикасы жайлы қорыта айтсақ, оның өлеңдерінде танымал адамдардың есімдері жиі қолданылады. Екіншіден, көп айтыла бермейтін сөздерді жиі қолданылатынына куә болдық. Өсімдік, ағаш атаулары болсын, басқа да мағынадағы қазақтың бай сөздерінің түр-түрін ақын өлеңдерінен кездестіреміз. Ерекше эпитеттер, метафоралар кездеседі. Басқа ақындар секілді оның өлеңдерінде де қайың бейнесі ерекше орын алады. Мысалы, бала қайыңның суықта дірдектеп тұруы, кейіпкердің сезімінің бүр жарған қайыңға ұқсатылуы. Туған жер табиғаты көп жырланады.

Раушан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

жас ақын,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий