Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады.

– Мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, өз дауысымды туған өлкемнің болашағы мен тұрғындарымыздың әл-ауқаты үшін бердім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәслихаттардың рөлін нығайту және депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Мәслихаттар жергілікті басқару жүйесінде маңызды орын алады. Себебі дәл осы деңгейде тұрғындардың мүддесі қорғалып, өңірлерді дамыту, экономика, әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері бойынша шешімдер қабылданады.
Павлодар облысының тұрғындары да белсенді азаматтық ұстаным танытып, өздерінің дауыс беру құқығын пайдаланады деп сенемін. Өйткені өңіріміздің ертеңі әрқайсымыздың таңдауымызға байланысты.
Сайланған депутаттар жерлестеріміздің мүддесін сенімді түрде қорғайтын, халықпен ашық диалог орнататын, бастамашыл әрі нақты нәтижеге бағытталған азаматтар болады деп сенемін.
Сайлау өзара құрмет пен түсіністік жағдайында өтіп, өңіріміз бен еліміздің дамуына жасалған тағы бір маңызды қадам болсын! – деп атап көрсетті облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
