Еңбек адамның өмір сүру сапасын арттырып, қоғамның дамуына ықпал етеді. Әр азаматтың өз қабілетіне сай кәсіп таңдауы, адал еңбегі үшін лайықты ақы алуы және қауіпсіз ортада қызмет атқаруы құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің қатарында. Қазақстан Республикасының Конституциясы осы бағыттағы құқықтық кепілдіктерді айқындайды. Ата Заңның нормалары еңбек қатынастарында адам мүддесін қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға негіз болады.

Конституцияның 1-бабында Қазақстанның құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітілген. Бұл қағидат еңбек саласында да ерекше мәнге ие. Мемлекет жұмыскердің құқықтарын қорғауға, оның денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын ескеруге міндетті. Сонымен қатар 3-баптың 1-тармағында еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Мұндай ұстаным қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Еңбек қатынастарына тікелей қатысты негізгі нормалар  Конституцияның 27-бабында қамтылған. Аталған баптың 1-тармағында «Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар» деп жазылған. Бұл норма адамның өз мамандығын, қызмет бағытын және жұмыс орнын еркін таңдауына құқықтық негіз береді. Мәжбүрлі еңбекке сот актісімен байланысты заңда көзделген жағдайларда немесе төтенше және соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

27-баптың 2-тармағы қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, кемсітусіз еңбекақы алуға және заңға сәйкес әлеуметтік қорғалуға кепілдік береді. Жұмыс беруші еңбек ұйымдастыру барысында қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге, қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тиіс. Еңбекақы төлеу кезінде адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты негізсіз алалауға жол берілмеуі қажет. Осы талаптардың орындалуы ұжымдағы сенім мен жауапкершілікті күшейтеді.

Еңбек қатынастарында тараптардың мүдделері әрдайым сәйкес келе бермейді. Жалақының кешіктірілуі, жұмыс уақытына қатысты келіспеушіліктер немесе еңбек шарты талаптарының орындалмауы дауға себеп болуы мүмкін. Конституцияның 27-бабының 3-тармағында «Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады» деп көрсетілген. Бұл ереже жұмыскерлердің өз құқықтарын заңды жолмен қорғауына мүмкіндік береді. Дауларды келіссөз, келісу комиссиясы немесе сот арқылы шешу тәртібі еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Адамның еңбек етуімен қатар тынығу құқығы да маңызды. Конституцияның 27-бабының 4-тармағы жұмыс уақытының ұзақтығына, тынығуға, демалыс пен мереке күндеріне және ақы төленетін демалысқа заңмен кепілдік береді. Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау адамның денсаулығына, отбасылық жағдайына және кәсіби өнімділігіне оң әсер етеді. Сондықтан демалыс уақытын сақтау еңбек тәртібінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуы қажет.

Еңбек құқықтарын ұжымдық тұрғыдан қорғауда Конституцияның 26-бабының да маңызы зор. Оның 1-тармағында Қазақстан азаматтарының бірлестік құру бостандығы бекітілген. Осы құқық кәсіптік одақтар арқылы жұмыскерлердің ортақ мүдделерін қорғауға негіз болады. Дегенмен аталған баптың 2-тармағында жекелеген мемлекеттік қызмет санаттарына, соның ішінде әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне кәсіптік одаққа мүшелікке қатысты шектеулер белгіленген.

Конституциялық кепілдіктер күнделікті еңбек барысында нақты іске асырылғанда ғана өз мақсатына жетеді. Ол үшін еңбек шартын заң талаптарына сәйкес рәсімдеу, еңбекақыны уақытында төлеу, жұмыс уақытын дұрыс есепке алу және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру қажет. Жұмыскер де өз міндеттерін адал орындап, ішкі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Бұл мәселелердің нақты тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

Қорыта айтқанда, Конституция еңбек қатынастарын адам қадір-қасиетін құрметтеу, әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттары негізінде дамытуға бағыт береді. Әр адамның өз құқықтарын білуі, жұмыс берушінің заң алдындағы міндеттерін орындауы және тараптардың өзара құрметі тұрақты еңбек мәдениетін қалыптастырады. Ата Заң талаптарын сақтау арқылы қоғамда адал еңбек бағаланып, әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқаты нығаяды.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий