Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты маңызды міндеттер белгіленді.
Президенттің биылғы Жолдауының ерекшелігі – оның Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында және жаңа Конституция күшіне енген кезеңде жариялануы. Мемлекет басшысы Ата Заңды бірнеше ұрпақ арасындағы қастерлі келісім ретінде сипаттап, еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті.
Жолдаудағы айрықша назар аудартқан бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Президент бұл ауқымды жобаның басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту екенін айтты.
Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Ал биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.
Бұл – еліміздің барлық өңірін қамтуға тиіс ауқымды жұмыс. Президент денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті анықтап, құрылыс жұмыстарын жедел бастау міндетін қойды. Сондай-ақ елді мекендерге газ бен таза ауыз су тарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселелері де қамтылды.
Мен білім беру саласында ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз ретінде Жолдаудағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аудардым. Өйткені мектептердің жағдайы, білім беру нысандарының қолжетімділігі, балалардың заманауи ортада білім алуы – қоғамның келешегіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер.
Білім беру нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталған бастамалар, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау – болашаққа жасалған маңызды инвестиция.
Президенттің барлық өңірдің әлеуметтік нысандарға деген нақты қажеттілігін анықтау жөніндегі тапсырмасы да осы тұрғыдан өзекті. Себебі әрбір өңірдің, әрбір елді мекеннің жағдайы әртүрлі. Сондықтан жаңа нысандардың құрылысы халықтың шынайы сұранысына негізделуі қажет.
Жолдауда «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық маңызына да тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағдарлама кәсіпкерліктің дамуына, ұлттық экономиканың жандануына ықпал етіп, жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Осы ретте Президенттің Үкіметке жыл соңына дейін барлық аймақты қамтитын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсыруы маңызды. Ендігі міндет – белгіленген жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына қол жеткізу.
Менің ойымша, «Халықтық құрылыс» бастамасының шынайы нәтижесі жаңа ғимараттардың санымен ғана емес, сол нысандардың халыққа тигізетін нақты пайдасымен өлшенуі тиіс. Жаңа мектеп – балалардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге, жаңа медициналық мекеме – азаматтардың денсаулығын қорғауға, ал жаңғырған инфрақұрылым тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етуі қажет.
Мемлекет басшысы бұл ауқымды бастаманың игілігін тұтас халық, әсіресе өскелең ұрпақ көретініне сенім білдірді.
Шын мәнінде, елдің болашағына бағытталған әрбір игілікті іс ұрпақ қамымен сабақтасып жатуы тиіс. Өйткені бүгін жасалған мүмкіндік – ертеңгі қоғамның дамуына негіз.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әрбір өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайту, жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау – ел дамуының маңызды өлшемдері. Сондықтан «Халықтық құрылыс» бастамасының нақты нәтижеге ұласып, халық игілігіне айналуы баршамыз үшін маңызды.

Сәбит ИБАДУЛЛИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

Баянауыл ауданы

Добавить комментарий