Қазақстанның жаңа Конституциясында еліміздегі отбасы институты, ұрпақ тәрбиесі және бала құқықтарын қорғаудың қоғамдық-құқықтық маңызы ерекше орын алған. Мемлекеттің мерейі – отбасының беріктігінде, ұлттың болашағы – ұрпағының кемелдігінде. Бұл – уақыт сынынан өткен өмірлік ақиқат. Қоғамның қандай биікке көтерілетіні, елдің ертеңі қаншалықты баянды болатыны ең алдымен отбасындағы тәрбиеге, ұрпақтың білім-білігіне, адамгершілік қасиеттеріне байланысты.

Отбасы – адам баласының алғашқы мектебі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі, қоғамдық қатынастардың алтын діңгегі. Адамның дүниетанымы, мінез-құлқы, ар-ұяты, азаматтық ұстанымы осы шағын ортада қалыптасады. Сондықтан отбасының тағдыры – жеке адамдардың ғана емес, тұтас мемлекеттің тағдыры.

Қазақстанның жаңа Конституциясы аясында отбасы институтының құқықтық негіздерін, ана мен баланы қорғау мәселелерін, ата-ананың жауапкершілігін және өскелең ұрпақтың құқықтық кепілдіктерін зерделеу айрықша мәнге ие. Өйткені бала құқығын қорғау – бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет қана емес, мемлекеттің ертеңіне жасалған жауапты инвестиция.

Отбасы құндылығы – конституциялық қорғауда

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттің құқықтық негіздерін айқындаумен қатар, адам мен қоғам арасындағы жауапкершіліктің маңызын бекемдей түсті.

Ата Заңның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген. Бұл қағидат отбасы мен бала құқықтарын қорғаудың да іргелі құқықтық негізін құрайды.

Әсіресе Конституцияның 30-бабы отбасы институтының мемлекет өміріндегі айрықша орнын нақтылайды. Аталған бапта неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болатыны бекітілген. Сондай-ақ неке ер мен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалады.

Конституциялық норма отбасы құндылығын жариялаумен ғана шектелмейді. Ол отбасы мүшелерінің өзара құқықтары мен міндеттерін де белгілейді. Балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені көрсетілген. Ал кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауы міндеттелген.

Қазақ халқы ежелден отбасын қасиетті ұғым санап, ұрпақ тәрбиесін елдік мұратпен ұштастырған. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің терең мәні де осында. Отбасында қалыптасқан сыйластық, адалдық, жауапкершілік пен мейірім қоғам өмірінің рухани сапасын айқындайды.

Бала құқығы – мемлекет жауапкершілігінің өлшемі

Бала – қоғамның ең әлсіз мүшесі ғана емес, оның ең қымбат болашағы. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау кез келген өркениетті мемлекеттің адамгершілік және құқықтық кемелдігін көрсетеді.

Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру, сапалы білім алуға жағдай жасау, денсаулығын қорғау, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің алдын алу – өзара тығыз байланысты міндеттер. Бұл міндеттерді тек отбасының немесе білім беру ұйымдарының жауапкершілігіне жүктеу жеткіліксіз. Оларды жүзеге асыруға мемлекеттік органдар, құқық қорғау жүйесі, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, азаматтық қоғам институттары бірлесе атсалысуы қажет.

Бала құқықтарының қорғалуы ең алдымен оның күнделікті өмірінен көрінуі тиіс. Мектепте өзін қауіпсіз сезінетін, отбасында пікіріне құлақ асылатын, қоғамда қадір-қасиеті құрметтелетін бала ғана еркін ойлайтын, өзіне сенімді азамат болып қалыптасады.

Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берген жөн. Өйткені өз құқығын білетін бала әділетсіздікке қарсы тұруды, заңды құрметтеуді және өзгенің де құқығын сыйлауды үйренеді. Құқықтық мәдениет балаға тек заң баптарын жаттатумен қалыптаспайды. Ол отбасындағы қарым-қатынастан, мектептегі әділдіктен, үлкендердің күнделікті іс-әрекетінен бастау алады.

Ата-ана жауапкершілігі және ұлттық тәрбие

Отбасы институтының беріктігі туралы сөз қозғағанда ата-ананың жауапкершілігіне тоқталмай өту мүмкін емес. Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне қатысты талаптар күрделене түсті. Ақпараттық технологиялардың дамуы, әлеуметтік ортаның өзгеруі, өмір сүру қарқынының жылдамдауы ата-аналарға бұрынғыдан да жоғары жауапкершілік жүктеп отыр.

Баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету маңызды. Алайда тәрбие тек киіндіру, тамақтандыру, оқыту міндеттерімен шектелмейді. Оның жан дүниесін түсіну, қабілетін дамыту, арман-мақсатына қолдау көрсету, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру – ата-ананың басты парызы.

Қазақ дүниетанымында ұрпақ тәрбиесі ешқашан жеке шаңырақтың ғана шаруасы саналмаған. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас» деген халықтық тәмсілдің астарында баланың жас ерекшелігіне сай қарым-қатынас орнатудың тағылымы жатыр.

Әрине, қазіргі тәрбиеде баланың қадір-қасиетін құрметтеу, күш қолданбау, оның дербес тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау негізгі ұстаным болуы тиіс. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қамқорлық, еңбекқорлық, адалдық пен отансүйгіштік – ұлттың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани қазынасы.

Цифрлық дәуірдегі бала қауіпсіздігі

Қазіргі кезеңде бала құқығын қорғаудың жаңа әрі күрделі бағыты қалыптасты. Ол – цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік. Интернет пен әлеуметтік желілер балалардың білім алуына, шығармашылық қабілетін дамытуына, дүниетанымын кеңейтуіне зор мүмкіндік береді. Алайда бұл кеңістікте қауіп-қатер де аз емес.

Кибербуллинг, интернет алаяқтығы, зиянды ақпарат, жеке деректердің таралуы, психологиялық қысым мен цифрлық тәуелділік – балалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселелер. Мұндай жағдайда баланы цифрлық ортадан толық оқшаулау мәселені түбегейлі шешпейді. Ең алдымен оның ақпаратты дұрыс қабылдау, саралау және қауіп-қатерді ажырата білу қабілетін дамыту қажет.

Мемлекет тарапынан құқықтық реттеу тетіктерін жетілдірумен қатар, ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру да маңызды. Әлеуметтік желілердегі жас шектеулерін белгілеу, балалардың жеке деректерін қорғау, зиянды контенттің таралуына тосқауыл қою мәселелері қоғамның жан-жақты талқылауын қажет етеді.

Мұнда екі маңызды құндылықтың тепе-теңдігі сақталуы тиіс: бір жағынан, баланың қауіпсіздігі, екінші жағынан, оның білім алу, ақпаратқа қол жеткізу және шығармашылық тұрғыдан даму мүмкіндігі. Демек, цифрлық қауіпсіздік саясаты шектеуге ғана емес, саналы пайдалануға, құқықтық жауапкершілікке және ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға негізделуі қажет.

Әлеуметтік әділеттілік отбасынан басталады

Отбасының әлеуметтік жағдайы мен баланың даму мүмкіндіктері арасында тікелей байланыс бар. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, тұрақты табысы бар, тұрғын үй және медициналық көмек мәселелері шешілген отбасында баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптасады.

Алайда қоғамдағы барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Көпбалалы, аз қамтылған, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан тиімді қолдау қажет. Жаңа Конституцияның 31-бабында әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты кепілдіктер қарастырылған.

Әлеуметтік саясаттың тиімділігі қабылданған бағдарламалардың санымен ғана өлшенбеуі тиіс. Оның шынайы нәтижесі әрбір отбасының тұрмысынан, әрбір баланың сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуінен, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған нақты шаралардан көрінуі қажет.

Әсіресе ауыл мен қала балаларының мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты қысқарту, инклюзивті білім беруді дамыту, балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін қолдау – ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуға тиіс. Өйткені баланың болашағы оның қай жерде дүниеге келгеніне немесе ата-анасының материалдық жағдайына тәуелді болмауы керек.

Ұрпақ алдындағы жауапкершілік – елдік мұрат

Жаңа Конституцияның Преамбуласында келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілік идеясының көрініс табуы ерекше назар аудартады. Мемлекет бүгінгі буынның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да мүддесін ескеруге тиіс. Қабылданатын әрбір шешім, жүзеге асырылатын әрбір реформа болашаққа ықпал етеді.

Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті тек тәрбие немесе әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол – сапалы білім, таза қоршаған орта, қауіпсіз қоғам, орнықты экономика, әділетті құқықтық жүйе және ұлттық құндылықтардың сабақтастығы сияқты ауқымды міндеттерді қамтитын мемлекеттік ұстаным.

Бүгінгі бала ертең ел басқаруы, ғылымды дамытуы, өндірісті өркендетуі, ұлттық мәдениетті әлемге танытуы мүмкін. Оның бойындағы қабілетті дер кезінде танып, дұрыс бағыттау – қоғамның ортақ парызы. Ал баланың дарындылығын дамыту үшін оған тек мүмкіндік беру жеткіліксіз. Сенім, қолдау, әділ бағалау және шығармашылық еркіндік те қажет.

Отбасы берік болса, мемлекеттің іргесі берік

Қорыта айтқанда, отбасы мен бала құқықтарын конституциялық тұрғыдан қорғау – мемлекеттің әлеуметтік және құқықтық саясатының аса маңызды бағыттарының бірі. Қазақстанның жаңа Конституциясы отбасы институтының құқықтық мәртебесін, ата-ана мен бала арасындағы өзара міндеттерді нақтылай отырып, қоғамдық жауапкершіліктің берік негізін қалыптастырады.

Алайда заңның шынайы құндылығы оның мәтінінде ғана емес, күнделікті өмірде жүзеге асуында. Отбасында мейірім, қоғамда әділет, мемлекетте заң үстемдігі орныққанда ғана бала құқығы толыққанды қорғалады.

Балаға қамқорлық – қайырымдылықтың ғана көрінісі емес, құқықтық міндет. Отбасын қолдау – әлеуметтік саясаттың ғана бағыты емес, мемлекеттің стратегиялық мүддесі. Ұрпақ тәрбиесі – ата-ананың ғана шаруасы емес, тұтас қоғамның келешек алдындағы жауапкершілігі.

Өйткені мемлекеттің ертеңгі келбеті бүгінгі отбасының тәрбиесінде, бүгінгі баланың санасында, бүгінгі қоғамның адамгершілік деңгейінде қалыптасады. Отбасы берік, бала бақытты, ұрпақ білімді болғанда ғана елдің болашағы баянды болмақ.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий