(Қ.Жұмаділевтің «Соңғы көш» тарихи роман-дилогиясына пікір)

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділевтің «Соңғы көшін» (1-кітап) оқыдым.

Тарихи роман-дилогияда маған: Әкпар мен Әбілғазы дүрбелеңі туралы; Нұрбек мұғалімнің Қанағат бидің ауылына қалай келіп қоныс тепкені жайлы; Ысмайыл зәңгінің тоған су алу тарихы; Естайлардың Нұғыман ауылындағы «Алтыбақанға» баруы; Естай бастан кешкен махаббат хикаясы өте ерекше ұнады.

Тағы бір ерекше ұнағаны: Туындыда адамның көңіл күйі мен табиғат райын, қоршаған орта тынысын тізгіндестіре бейнелеу өте көп ұшырасады.

Бірер мысал:

…Даланың көгі жетіліп, айнала төңірек ұзатылатын қыздай жасанып тұр (Сүзекпен ауырып, төсек тартып жатып қалған Қанағат бидің басын көтеріп, ауыл сыртындағы төбеге көтерілген сәті);

…Дүние жап-жасыл әрі сондай таза еді. Сәл жел тұрса болғаны, көк күреңсе мен теке сақал бетеге баяу ырғалып, жібек шымылдықтай сусыл қағады… (Ауылға келген Естай мен Жолбарыс таңертеңгі шайдан кейін бой жазбақ болып, ауыл сыртындағы дөңге көтерілген сәттегі сурет);

…Айнала кірінен тазарғандай жасаңғырап шалынады. Тал-теректердің жапырағы кешегіден де молая түскен. Көзін жаңа ашқан жас бүршіктер күн сәулесіне талпынып, алақанын тосып тұр… (Торғынның дәрігерлік курсқа түсем деп Нұрбекке бара жатқан сәті).

…Жаясы төңкерілген қазандай жұп-жұмыр, қаз мойын көк арғымақ резеңке дөңгелекті жеңіл арбаны бұйым құрлы көретін емес, бейне бір құйрығына жабысқан қурайдай қаңғалақ қақтырып, зулап келеді… (Естайлардың ауылға бара жатқан көңілді де жарқын сәтін ат жүрісімен бейнелеу);

***

Сонымен бірге, романның әрін ашып, дәмін келтіріп тұрған тамаша теңеу-суреттер де жетерлік:

…Боз шолақ аттай келте ғұмыр…;

…Күннің көзі бүгін де көкжиектен өрттей алаулап көтерілді де, жер бетін төстікше қақтап, қуыра бастады…;

…Киіз үйлердің туырлығы желпілдеп, ұшатын құстай қопаң-қопаң етеді… (Қанағаттар Жақып шалдың жаназасына кетіп, Естайлар таңқурай теруге барған күннің кешінде жауын жауып, жел тұрған кез);

…Сабасына симай тырсылдап әрең отыр… (Жас тоқалы Сақыпжамал мен Нартай арасы жайлы көптен жанын жегідей жеп жүрген бір күдікті біле алмай ызаланып оытрған Нұғыманның күйі);

…Көше жиегіндегі күресін қар майлық орамалдай кірлеп, көксоқталанып жатыр… (Лан-ке Нартайды ұстап берген Нұғыманды марапаттап, шығарып салған соң артынан қарап, арам ойға ерікберген кездегі табиғат көрінісі);

…Тымағын шешіп еді, қайнаған қазанның қақпағын теgu жұлып алғандай, басынан бір құшақ бу шықты… (Үш күндік демалыста Естайды ауылға апара жатқан Бақтияр);

…екі көзі жауын шайған қарақаттай мөлдіреп тұр… (Зипа туралы);

…жаратқан аттай әдемі жігіт екен… (Жиналыста Жағыпар мінбеге келгендегі Тұрсынның ойы);

…ащыға үймелеген қойдай…;

…Жаңа ғана туып, шаранасы енді ғана кепкен жас төлей бір шумақ өлең…

          ***

Романда кезіккен күлкілі әңгімелер да аз емес.

Мысалы, Шөншіктің ауылын іздеп келген жолаушылар туралы; Ермекпен танысқан кезде «есте сақтау қабілеті нашар болғанын» айтып, Жолбарыстың оны әжуалауы; Саясаттың иісі танауына бармайтын Қаймолданың қытайдың Найманнан көп екенін түсінуі; Қытай ағайындардың атқа мінуге ебедейсіздігі туралы; Бақтиярдың жасырақ кезінде үш қойының топалаң тиіп өлуі секілді әңгімелер – қазақы қалжыңның озық үлгілері оқырманды мырс-мырс еткізеді.

Мына бір үзіндіні келтіре кетейін:

Қанағаттар Нұғыманның үйінде «Бие бауда» отырғанда Омар бүкіл ауылды басына көтеріп, боқтайды. Сол кезде Нұғыман:

– Бұл ауылда Омекең қанша айқайлап жатса да, оған өкпелеп тарынатын ешкім жоқ. Бәріміз де әке жағын соған тапсырып қойғамыз, қалаған уақытында жеті атамыздан тартып боқтай береді. Омекеңнің бір жақсысы, боқтықты бір адамға арнамай, бүкіл ауылға жалпағынан жайып жібереді. Сондықтан кісі басына бөлгенде оншалық ауыр тимейді…, – дейді.

***

Романда қазақы дәстүр, жөн-жоралғылар көп айтылады. Үйге белбеу тастап кету; Ер адамның жаяу қыдырмауы; Бие бау; «Қонақтың сыбағасы» деп «қазанға кемінде екі кісілік асты артық салу; «Жарысқазан»; «Түсті ме?» ырым-салттары; Көш қамы; Қымыз баптау секілді тұрмыстық жағдайлар ұғынықты баяндалады.

Мысалы мен үйді бұзғанда, бақанмен тіреп тұрған адамның шаңырақты ел көшетін жаққа әперуі керегін білдім. Бұрын бұл салт маған беймағлұм еді.

Романда көшпелі қазақтың тұрмысы, тынысы, тіршілігі, ырым-тиымдары, сонымен бірге далалық мінезі, қазаққа ғана тән түсінік, тәлімі, тәрбиесі, мінезі – барлығы тартымды жырланады. Мысалы, Ұзақ қамшы алып қуа кеткенде «Дәу апа» – Қатшаның қашып кететіні.

Естайдың: «Дәу апа-ау, сол қаңбақ шалдан несіне қорқасың? – Кеудесінен түйіп қалсаң, шалқасынан түспей ме?», – деп күйіп-піскеніне Қатша: Қанша дегенмен, құдай қосқан қосағым емес пе… Жаман да болса еркек деген аты бар. Бетінен қақсам меселі қайтпай ма?- дейтін-ді. Бұл енді қазақ әйеліне, қазақ анасына ғана тән мінез.

***

Романның өн бойында романның мазмұнына сай нақылдар жиі ұшырасады:

«Итті иесімен қинасын»;

«Шабаннан желмес туады, сараңнан бермес туады, саңыраудан шақырса келмес туады»;

«Елде болса, ерніңе тиеді»;

«Ат қоссаң, ауылыңмен»;

«Балта көтергенше дөңбек жал табады»;

«Өспейтін ұрпақ өнбейтін дауды қуады»;

«Бәледен қашық жүрсең, бәленің сенде несі бар? Бәлеге жуық жүрсең, бәленің сенен басқа несі бар?»;

«Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді»;

«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын»;

«Бала соққан кездіктің басы жарық»;

«Тез қасында қисық ағаш жатпас»;

«Бұралқы ит үргенімен жағады»;

«Қашқан жауға қатын би»;

«Тауда бұқа сүзіссе, ойдағы өгіздің мүйізі сырқырайды»;

«Қорыққан бұрын жұдырықтайды».

Бұлар жазушының ойын, оқиғаға, диалогқа толықтырушы, байытушы қызметін «адал атқарып» тұр.

          ***

Кейіпкерлер аузымен айтылатын қанатты сөздер мен оймақтай болғанмен ордалы ойларды жеке тізімдеп қойдым:

…Аш болсаң, адал-арам деген ұғымдардың шекарасы жойылады… (Жолбарыстың Естайға айтқаны);

…Жалғанда ішің мен сыртың екі дай боп, бітеу жарадай күлкілдеп жүрген жаман екен… (Нұрбектің дегені);

…Өкімет басына келген адамның иненің жасуындай қателігінің өзі сені мен менің құрып кетуімізге жетіп жатыр… (Тұрсынның Нұрбекке айтқаны);

…Құдықта жатқан бақаға аспан әлемі теңгедей ғана боп шалынады екен… (Жаңа үкімет әскерін қарсы алып тұрғанда Жақып шалдың айтқаны);

…Өткен өмірді қайтарып әкелу мүмкін емес, әрине. Бірақ оның кейбір тоғыз тарау түйіндерін қайталап бастан кешіруге әбден болады. Кейде тіпті өмір бойы шеңбер айналып жүргендей әсер аласың…(Нұрбектің ауылға бара жатқанда айтқаны);

…өлгендер тарихын зерттемей тұрып, тірілер тағдырын түсіндіре алмайсың… (Нұрбектің зират басында айтқаны);

…Адамның шын қасиеті оның азаматтық тұлғасында, өмірден таңдап алған мұрат-мақсатында болса керек… (Нұрбектің айтқаны);

…Қайрат жоқ жерде дәулет тұра ма?… (Қатшаның айтқаны);

…Дұрыс ойлай білетін адамдардың ұғынысуы қашанда қиынға соқпайды…;

…ғылымға құр кеудемен билік айтып, тезге салуға болмайды… (Ли-Хұңның Нұрбекке айтқандары);

…адам баласы өз көңілін тыныштандыру үшін өмір сүреді ғой… (Жасыбай байдың Нұрбекке айтқаны);

…Пікір таласынан шындық туады. Мәселе тізгінге таласуда емес, істің тетігін білуде… (Ли-хұңның Лан-кеге айтқаны);

…Адал адамдардың ту сыртынан келмесең, маңдайынан оқ өтпейді… (автор);

…Адамды заман билейді, Заманға жаман күйлейді. Жаманға билік берсеңіз, ардақ тұтар асылды табанға салып илейді… (Қанағаттың Естайға айтқаны).

Осыларды оқығанда өзімнің де пайымым пысықтала түскендей болды. Кейде өзің сезіп, ұққан дүниеге көзің жетпей тұратын кездер болады. Сондайда жазушы және кейіпкерлер санаңдағы қозды қозғап жібергендей әсер береді. Бұл үзінділер де тап сондай.

          ***

Қорытындылай келе айтарым: «Соңғы көш» көркем де кестелі суреттерге, бейнелі баяндауларға, әдемі әдіптелген әсерлі оқиғаларға толы.

Романды оқығалы алтыбақаннан қайтқан Естай секілді «жүрегімді балға малып алғандай, бір тәтті, рахат сезімнің әсерінен арыла алмай келемін».

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Добавить комментарий