Сайлау БАЙБОСЫН

МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ

Жер менікі, тау менікі, көл ана…
Дінім мынау – сәл бұрылған жобаға,
Тілім келді кәлимә мен тобаға.
Осыны айтып мақтансам да бола ма?!
Жер менікі дегенменен, аспаным,
…қазынасы қалтасында басқаның,
бір кемдігім со ғана!

Жүрегімді мұң-өкініш тілімдеп,
Отырамын кейде сосын жыным кеп.
Пайдасы үшін ертең кетер,
бүгін кеп,
Кавказ көршім алтын тісі жарқырап:
«Қазақстан жақсы!» – десе күлімдеп.

«Қазақстан мықты ел дейді, – керемет,
Іздегенің табылады, не керек?!
Ана жақты Отаным бар, әйтпесе,
біржолата келер ек…».

Анау белдің қазып жатқан алтынын,
Алған кезде әлгі мықты сәл тыным.
Деймін оған: «Отан деген – мәрт ұғым,
Қазыналы жерім менің – нарқы мың,
Кеңқолтықтау халықпыз ғой, сондықтан,
Сен ала бер артығын.
Жер иесі мен екенін бірақ та,
есіңде ұста, жарқыным!».

Бе-еу, Қазақстан!
Жерің қандай сүбелі,
Елің қандай – қойнын ашып жүреді.
Орыс та дос, қытай да дос, бәрі дос,
Оны мынау бүкіл әлем біледі.
Газетіңіз соны жазып жатады,
Теледидар соны айтады үнемі.
«Қазақстан керемет қой, кетпейміз!» –
деп жебірей көршім бар,
ол да өтірік күледі.

Байлық деген түсінгенге – ірі бақ,
Ірі бақ па,
ойлайықшы бір уақ?!
Шүршіт келіп тоқал етіп қызыңды,
Шешенің жүр желкемізге мініп ап.
Орыс көршім ол да мықты орасан,
Жататұғын бірін сатып, бірін ап.
«Қазақстан жақсы!» дейді кекіріп,
бірезулеп күліп ап…

Тонап-тонап Тәңір берген барымды,
Бір соқтырып кете ме деп санымды.
Жер иесі екенімді білдіріп,
Күдірейтіп қоям кейде жалымды.
Ішкен күні боқтап алам ыза боп,
Қуамын деп деп бәріңді!

«Ұрайын мен тегіңді!
Жібермеймін намысым мен кегімді.
Анашымның ақтарғандай қойынын,
Неге келіп ақтарасың жерімді?!».

«Қой-қой, – дейді көршім сосын, – алайма,
Байлық бар ғой жететұған талайға.
Сіздікі жөн, алайда,
Ұлыңды алам күзетшы ғып жұмысқа,
Қызыңды алам, аспаз етіп, жарай ма?
Бір жүз грамм ішейікші әуелі,
келісерміз қалайда!».

Тамам болып осы арадан әңгімем,
«Келісемін» әрең-әрең әлгімен.
–Бірақ-тағы жер менікі, бауырым,
Бұны ұмытпа алдымен!

…Мына дала,
марғау белес,
қыр ана,
Тастап кеткен бабаларым мұраға.
Алтыны бар, ала берсең бітпейтін,
Мұнайы бар ағыл-тегіл бұл ара.
…Өгей бала секілдімін бірақ мен,
бұйырмаған сыбаға.

Ей, Қазақстан!
Сенсің маған жалғыз ана, бір ана,
Кейідің деп қоймашы тек кінәға!
Бәрі кетер таусылғанда берерің,
Сәл-сәл енді шыда да…
Бәрі кетер толған кезде жемсауы,
Бәрі кетер,
…жоғарыда… кім… ана…
Тек мен қалам өзіңменен мәңгілік,
жасыңды тый, жылама!

Беу, дариядай далам кең!
Көңіліндей жомарттың,
Байлығың мол, бағаң кем.
Желініндей батбат сорған саулықтың,
Суалғанда берерің,
келем іздеп саған мен!
Саумалды көл – сорға айналған жағаңмен,
Ағашы өліп – тақыр болған алаңмен.
Уран жұтып – уға айналған самалмен,
Бәрібір,
өзіңді іздеп табам мен!

Керек емес алтының да, күмісің,
Керек емес байлығың да, құрысын!
Алтынсыз да сенсің менің – ырысым,
Ауасыз да сенсің менің – тынысым.
ҚАЗАҚСТАН, сен аман тұр, жалғызым,
Ертең атар көкжиектен күн үшін,
Ертең шығар сәбилердің тілі үшін!!!

Добавить комментарий