Бүгін еліміз үшін ең ұлық әрі маңызды мерекелердің бірі – Республика күні. Осы айтулы датаға орай Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңір жұртшылығына арнайы құттықтау арнап, мерекенің тарихи салмағына тоқталды.
Облыс басшысы өз сөзінде 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қазақ мемлекеттілігінің негізін қалап, тәуелсіздікке жол ашқан басты құжат болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күнге «Ұлттық мереке» мәртебесінің қайтарылуы – ел егемендігінің баға жетпес құндылығын тағы бір айшықтағанына тоқталды.
– 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негізін қалап, еліміздің тәуелсіздікке бастар жолын ашты. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Бұл қадам атаулы күннің тарихи маңызын айқындап, ел егемендігінің баға жетпес құндылығын тағы бір мәрте айшықтады. Павлодар облысы үшін бұл мереке – бірлік пен жасампаздықтың, туған өлкенің болашағы алдындағы жауапкершіліктің нышаны. Өңіріміздің әрбір жетістігінің артында тұрғындардың маңдай тері, өз ісіне деген адалдығы мен елімізді одан әрі қуатты әрі табысты етуге деген ұмтылысы тұр. Туған жеріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандардың арқасында ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасының берекесі арта түсуде. Әр шаңыраққа зор денсаулық, бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін! Көк Туымыз асқақ желбіреп, еліміз өркендеу жолында нық қадаммен алға баса берсін! – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген тұрғындардың еңбегі елдің берекесін арттыратынын атап өтіп, әр шаңыраққа денсаулық, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.
