Қазақстанның конституциялық жаңғыруы жағдайындағы Президент мәртебесі мен мемлекеттік билік жүйесіндегі орны

Мемлекеттің беріктігі тек оның экономикалық әлеуетімен немесе халықаралық беделімен өлшенбейді. Ең алдымен, елдің саяси институттарының орнықтылығы, билік тармақтарының үйлесімді қызметі, заң үстемдігі және азаматтардың мемлекетке деген сенімі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Президент институты Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында да, конституциялық дамуының жаңа кезеңінде де айрықша орын алады.

Президенттік басқару жүйесінің табиғаты туралы сөз болғанда, мәселені бір адамның өкілеттігімен ғана шектеу дұрыс емес. Президент институты – мемлекеттің стратегиялық бағытын айқындауға, конституциялық құрылыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылын үйлестіруге арналған саяси-құқықтық тетік.

Қазақстандағы конституциялық өзгерістердің мәні де осы институттың қоғам алдындағы жауапкершілігін, құқықтық шекарасын және билік жүйесіндегі орнын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беруінде.

Жеті жылдық мерзім – саяси биліктің жаңару қағидаты

Қазақстандағы Президент институтының маңызды ерекшеліктерінің бірі – Мемлекет басшысының жеті жыл мерзімге бір рет қана сайлануы. 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияның 43-бабында осы қағидат нақты бекітілген. Оның үстіне, аталған баптың 1-тармағы өзгермейтін конституциялық ереже ретінде белгіленген. Бұл норманың саяси мәні терең. Біріншіден, Президентке ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жеткілікті уақыт беріледі. Екіншіден, бір адамның билікте қайта-қайта сайлану арқылы ұзақ отыру мүмкіндігіне конституциялық шектеу қойылады. Үшіншіден, саяси жүйенің жаңаруына, жаңа тұлғалар мен басқарушылық көзқарастардың қалыптасуына алғышарт жасалады.

Алайда жеті жылдық мерзімнің тиімділігі оның ұзақтығымен ғана өлшенбейді. Негізгі мәселе – сол уақыт аралығында қандай институционалдық өзгерістер жүзеге асатынында, халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсаратынында және мемлекет басқару сапасының қалай өзгеретінінде. Сондықтан бір реттік президенттік мерзімді биліктің жаңаруына берілген құқықтық мүмкіндік ретінде бағалаған жөн. Ал оның нақты нәтижесі саяси тәжірибеге байланысты болмақ.

Президент пен Құрылтай: билік тармақтарының жаңа қарым-қатынасы

Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – Президент пен заң шығарушы биліктің өзара қатынасының жаңаша құқықтық негізде айқындалуы. Конституцияның 46-бабына сәйкес, Президент Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялардың фракцияларымен консультация өткізгеннен кейін Премьер-Министрдің кандидатурасын Құрылтай қарауына ұсынады. Үкімет басшысы депутаттардың көпшілік дауыспен берген келісімі негізінде тағайындалады.

Президент Құрылтай қабылдаған заңға қол қояды немесе оны қайта талқылауға қайтарады. Сондай-ақ Конституцияда белгіленген жағдайларда Құрылтайды тарату өкілеттігі де қарастырылған. Мұндай жүйеде Президенттің саяси салмағы сақталғанымен, маңызды мемлекеттік шешімдердің бір бөлігі өкілді органмен өзара іс-қимыл арқылы қабылданады. Бұл жерде бір мәселеге назар аудару қажет. Билік тармақтарының өзара келісімі олардың бір-біріне толық тәуелді болуын білдірмеуге тиіс. Керісінше, конституциялық тепе-теңдіктің мәні – әр институттың өз құзыреті шегінде әрекет етуі, қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік арқалауы.

Құрылтайдың шынайы саяси салмағы оның заң шығару сапасынан, қоғамдық пікірді білдіру қабілетінен және атқарушы билік қызметіне ықпал ету тетіктерін қаншалықты тиімді пайдаланатынынан көрінеді.

Вице-Президент институты: сабақтастық пен жауапкершілік

Конституциялық жаңғыру аясындағы елеулі жаңалықтардың бірі – Вице-Президент институтының енгізілуі. Жаңа тәртіп бойынша Вице-Президентті Құрылтай депутаттарының көпшілік дауыспен берген келісімі арқылы Президент тағайындайды. Оның өкілеттіктері де конституциялық және заңнамалық негізде айқындалады. Бұл институтты тек қосымша жоғары мемлекеттік лауазым ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның мәні мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз ету, Президентке жүктелген міндеттердің белгілі бір бөлігін орындау және билік жүйесінің тұрақтылығын нығайту мүмкіндіктерімен байланысты.

Сонымен бірге жаңа институттың тиімділігі оның құзыретінің қаншалықты нақты бөлінетініне тәуелді. Мемлекеттік басқаруда жауапкершілік айқын болмаса, лауазымдардың көбеюі өздігінен оң нәтиже бермейді. Демек, Вице-Президент институтының өміршеңдігі оның мемлекеттік басқару жүйесіне нақты қандай пайда әкелетінімен бағалануға тиіс.

Президент – Конституция мен азамат құқықтарының кепілі

Президент институтының ең маңызды конституциялық міндеттерінің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепіл болу. Конституцияның 42-бабында Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде айқындалған. Бұл – тек саяси сипаттағы тұжырым емес, мемлекеттік билік қызметінің негізгі бағдарын белгілейтін құқықтық қағидат. Өйткені мемлекеттің басты құндылығы – адам. Президент институтының тиімділігін де азаматтардың күнделікті өмірінен бөліп қарауға болмайды.

Заң алдында бәрінің тең болуы, әділ сотқа қол жеткізу, азаматтардың қауіпсіздігі, білім алу, еңбек ету, әлеуметтік қорғалу құқықтарының сақталуы – конституциялық кепілдіктердің нақты өмірде жүзеге асуының көрсеткіштері. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің Конституция кепілі ретіндегі мәртебесі мемлекеттік органдардың заңға бағынуын қамтамасыз ететін институттардың нәтижелі жұмысымен ұштасуға тиіс.

Күшті Президент және жауапты мемлекет

Қазақстанның саяси даму тәжірибесінде күшті президенттік билік мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайту міндеттерімен тығыз байланысты болды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік институттарды құру, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шекараларды халықаралық деңгейде бекіту, нарықтық экономикаға көшу сияқты күрделі міндеттер алға шықты.

Ал қазіргі кезеңнің талаптары өзгеше. Ендігі маңызды міндеттердің қатарында мемлекеттік басқарудың ашықтығы, әділ бәсекелестік, заң үстемдігі, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси жаңғыру бағытын осы өзгерістер аясында қарастыруға болады.

Дегенмен күшті Президент ұғымын шексіз өкілеттікпен шатастырмаған жөн. Заманауи конституциялық мемлекетте биліктің күші оның заңнан жоғары тұруында емес, керісінше, Конституция аясында тиімді әрекет етуінде. Президенттің беделі де мемлекеттік институттардың дербестігіне, азаматтардың құқықтарының қорғалуына және қабылданған шешімдердің нақты нәтижесіне сүйенгенде орнықты болмақ. Сондықтан күшті Президент пен жауапты мемлекет бір-біріне қарама-қайшы түсініктер емес. Олар заң үстемдігі, институционалдық тепе-теңдік және қоғам алдындағы есептілік қағидаттары арқылы өзара толықтыра алады.

Президент институтының конституциялық дамуы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі болып отыр. Жеті жылдық бір реттік мерзім, Құрылтаймен өзара іс-қимылдың жаңа тәртібі, Вице-Президент институтының енгізілуі және Президент өкілеттіктерінің құқықтық тұрғыдан айқындалуы – осы өзгерістердің негізгі бағыттары. Алайда кез келген конституциялық реформаның құндылығы оның қағаз жүзіндегі мазмұнымен ғана емес, өмірдегі нәтижесімен өлшенеді.

Ең бастысы – Президент институты нақты бір саяси тұлғаның беделіне ғана тәуелді болмай, мемлекет дамуының тұрақты, болжамды әрі жауапты тетігіне айналуы. Өйткені кемел мемлекеттің өлшемі – биліктің бір адамның қолында қаншалықты шоғырланғаны емес, мемлекеттік институттардың қаншалықты орнықты жұмыс істейтіні. Ал Президент институтының тарихи миссиясы – осы орнықтылықты қамтамасыз ете отырып, халықтың сенімін ақтау, Конституция үстемдігін сақтау және елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ету.

 

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий