Астананың конституциялық орны, тарихи миссиясы және Қазақстанның саяси болашағы туралы

Астана – Қазақстанның әкімшілік орталығы ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің саяси ерік-жігерін, ұлттық бірлігін және стратегиялық даму бағдарын бейнелейтін қала. Сондықтан елорданың мәртебесін конституциялық деңгейде айқындау мәселесі тек құқықтық немесе аумақтық сипаттағы шешім емес. Тереңіне бойласаңыз, бұл мемлекеттің тұтастығына, билік институттарының тұрақтылығына, тарихи сабақтастық пен ұлттық мүддеге тікелей қатысты мәселе болып табылады.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік құрылымның бірқатар маңызды қағидаттарын айқындады. Солардың қатарында елорданың құқықтық мәртебесін нақтылау да бар. Ата Заңның 2-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласы екені және оның мәртебесі конституциялық заңмен айқындалатыны бекітілді.
Бір қарағанда, бұл бұрыннан белгілі жайтты құқықтық тұрғыдан нақтылау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің мәні әлдеқайда тереңде. Елорда мәртебесінің конституциялық заң деңгейінде реттелуі мемлекеттің саяси орталығының орны мен қызметіне берілетін құқықтық маңыздың артқанын көрсетеді.
Бұл өзгерістің тарихи негізі қандай? Астананың ерекше мәртебесі мемлекет пен қоғамға қандай міндеттер жүктейді? Ең бастысы, елорданың дамуы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне қаншалықты ықпал етуі тиіс?
Осы сауалдарға жауап іздеу елорданың бүгінгі орнын ғана емес, оның болашақтағы миссиясын да тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім тәуелсіздік тарихындағы ең ірі стратегиялық бастамалардың бірі болды. 1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола ресми түрде елордаға айналды. Ал 1998 жылы қала Астана атауын алды.
Бұл шешім қабылданған тұста ел экономикасы күрделі өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатқан еді. Нарықтық қатынастарға бейімделу, жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыру, әлеуметтік мәселелерді шешу оңайға түскен жоқ. Сондықтан астананы көшіру бастамасы қоғамда біркелкі қабылданбады. Оның экономикалық шығынына, инфрақұрылымдық қиындықтарына және әлеуметтік салдарына қатысты түрлі пікірлер айтылды.
Алайда елорданы көшірудің мәні бір қаладан екінші қалаға мемлекеттік мекемелерді орналастырумен шектелген жоқ. Бұл Қазақстанның кең аумағын тиімді игеруге, өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және елдің жаңа саяси-географиялық кеңістігін қалыптастыруға бағытталған шешім болды.
Уақыт өте келе Астана мемлекеттің саяси орталығы ғана емес, жаңа экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктер тоғысқан ірі қалаға айналды. Мұнда мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі институттары шоғырланды, халықаралық деңгейдегі кездесулер мен форумдар ұйымдастырылды, жаңа инфрақұрылым қалыптасты.
Дегенмен Астананың тарихи маңызын тек сәулеттік жетістіктерімен немесе экономикалық көрсеткіштерімен бағалау жеткіліксіз. Оның басты құндылығы – тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілік негіздерін нығайтуға қызмет етуінде.
Өйткені елорда – мемлекеттің саяси орталығы ғана емес, елдің ертеңіне деген сенімнің де көрінісі.
Жаңа Конституцияда Астананың мәртебесіне қатысты бекітілген норма мемлекеттік құрылым тұрғысынан ерекше назар аударуға тұрарлық.
Ата Заңның 2-бабының 4-тармағында: «Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады», – деп көрсетілген. Бұл жерде екі маңызды құқықтық қағидат бар.
Біріншіден, Астана қаласының Қазақстанның елордасы екендігі Конституцияның өзінде бекітілген. Демек, оның мемлекеттік мәртебесі елдің конституциялық құрылымының құрамдас бөлігі болып саналады.
Екіншіден, елорданың мәртебесін реттеу конституциялық заң деңгейіне көтерілген. Бұл оның құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін айқындауға айрықша мән берілгенін білдіреді.
Осыған байланысты 2026 жылғы 5 маусымда №299-VIII «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданып, 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Аталған құжат елорданың құқықтық жағдайын, оның мемлекеттік маңызын және қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктерін айқындайды.
Бұған дейін Астананың мәртебесі 2007 жылы қабылданған заңмен реттеліп келген болса, енді бұл мәселе конституциялық заң аясында қарастырылады.
Мұның саяси-құқықтық мәні зор. Өйткені елорда – жай ғана ірі қала емес. Ол мемлекеттің жоғары билік институттары орналасқан, стратегиялық шешімдер қабылданатын, елдің халықаралық қатынастары жүзеге асырылатын басты саяси орталық.
Сонымен бірге ерекше мәртебе Астанаға өзге өңірлерден жоғары тұратын айрықша артықшылық беру дегенді білдірмейді. Керісінше, ол елордаға бүкіл Қазақстанның мүддесіне қызмет ету жөнінде үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қазақстан – аумағы кең, экономикалық мүмкіндіктері мен әлеуметтік ерекшеліктері әртүрлі мемлекет.
Әр өңірдің өзіндік әлеуеті, даму басымдықтары және шешімін күткен мәселелері бар.
Біздің Павлодар облысы – ірі өнеркәсіптік өңір. Қарағанды – индустриялық өндірістің маңызды орталығы. Алматы – қаржы, ғылым, білім және мәдениет салаларының ірі ортасы. Ақтау – халықаралық көлік-логистикалық бағыттар үшін маңызды қала. Түркістан – тарихи-мәдени мұра мен рухани сабақтастықтың айрықша кеңістігі.
Бұл өңірлердің барлығы Қазақстанның экономикалық және қоғамдық дамуына өзіндік үлес қосады. Сондықтан елорданың қарқынды өсуі мен өңірлердің дамуы бір-біріне қарсы қойылмауға тиіс. Керісінше, Астананың мүмкіндіктері бүкіл елдің өркендеуіне қызмет етуі қажет.
Осы орайда маңызды мәселе туындайды: елордаға шоғырланған мемлекеттік және қаржылық ресурстар өңірлердің даму мүмкіндіктерін шектемей ме?
Бұл – орынды сұрақ. Өйткені елдің экономикалық әлеуеті бір орталыққа шамадан тыс жинақталған жағдайда өңірлер арасындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық айырмашылықтардың ұлғаю қаупі бар.
Сондықтан мемлекеттік саясатта өңірлік теңгерім, инвестицияның әділ бөлінуі, инфрақұрылымның қолжетімділігі және жергілікті экономиканы қолдау мәселелері басымдыққа ие болуы керек.
Елорда мемлекеттің басқару орталығы болғанымен, елдің бүкіл экономикалық және интеллектуалдық мүмкіндігін өзіне ғана жинақтайтын кеңістікке айналмауға тиіс. Қазақстанның қуаты – оның барлық өңірінің қуаты. Ал Астананың табысы сол өңірлердің табысымен өлшенгені жөн.
Астана мәртебесінің конституциялық деңгейде айқындалуы қаланы басқару жүйесіне де жаңа талаптар қояды.
Елордада мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар, халықаралық кездесулер, дипломатиялық келіссөздер мен қоғамдық форумдар өткізіледі. Мұның бәрі қаланың қауіпсіздігіне, көлік инфрақұрылымына, коммуналдық қызметтеріне және ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне жоғары талап қояды.
Бірақ елорданың ерекше мәртебесін тек ресми мемлекеттік міндеттер тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Астана – ең алдымен, адамдар өмір сүретін қала. Мұнда балалар өседі, жастар білім алады, азаматтар еңбек етеді, отбасылар болашаққа жоспар құрады. Сондықтан қаланың даму деңгейі ең алдымен тұрғындардың өмір сапасымен бағалануы қажет.
Тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көліктің тиімділігі, мектептер мен балабақшалардың жеткіліктілігі, медициналық қызметтің сапасы, экологиялық қауіпсіздік, қоғамдық кеңістіктердің жайлылығы – мұның бәрі елорданың шынайы келбетін айқындайтын көрсеткіштер.
Биік ғимараттар мен сәулетті сарайлар қаланың сыртқы бейнесін қалыптастырғанымен, оның әлеуметтік мазмұнын алмастыра алмайды. Қала тұрғындары үшін ең маңыздысы – күнделікті тіршіліктің қолайлылығы, қауіпсіз орта және ертеңгі күнге сенім. Сондықтан елорданың ерекше құқықтық мәртебесі басқару тиімділігін арттыруға, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамытуға және тұрғындардың мүддесін қорғауға қызмет етуі керек.
Астананың тарихи миссиясы оның әкімшілік қызметімен ғана шектелмейді. Елорда тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси келбетін қалыптастырған маңызды кеңістікке айналды. Еліміздің әр өңірінен келген азаматтардың бір қалада еңбек етіп, білім алып, өмір сүруі ұлттық бірегейліктің жаңа қоғамдық ортасын қалыптастыруға ықпал етті.
Астана сәулетінде заманауи үрдістер мен ұлттық дүниетанымның белгілері ұштасады. Оның мәдени және қоғамдық өмірінде Қазақстанның тарихи жады, мемлекеттік тілі, ұлттық құндылықтары мен болашаққа ұмтылысы көрініс табады.
Дегенмен ұлттық бірегейлікті тек сәулеттік нысандармен немесе мерекелік іс-шаралармен шектеуге болмайды. Ол адамдардың қоғамдық мінез-құлқынан, мемлекеттік тілге құрметінен, тарихи санасынан, заңға бағыну мәдениетінен және ортақ елдік мүддені түсінуінен танылады. Астана осы құндылықтардың үлгісіне айналуға тиіс.
Елордада қалыптасатын қоғамдық мәдениет, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, азаматтардың құқықтарына құрмет және қоғамдық диалог дәстүрі бүкіл ел үшін маңызды бағдар бола алады. Осы тұрғыдан қарағанда, Астана ұлттық бірліктің символы ғана емес, оны күнделікті өмірде жүзеге асыратын қоғамдық орта болуы қажет.
Жаңа Конституцияның 2-бабында Қазақстанның унитарлы мемлекет екендігі, оның егемендігі бүкіл аумағын қамтитыны және аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілетіні бекітілген. Аталған баптың 7-тармағында мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтіні көрсетілген. Бұл қағидаттар елорданың конституциялық мәртебесімен тікелей сабақтас. Өйткені Астана – біртұтас Қазақстанның астанасы. Оның мемлекеттік маңызы елдің аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігінен туындайды. Конституциялық тұрақтылық мемлекеттік институттардың қызметіне құқықтық айқындық береді. Ал құқықтық айқындық ұзақмерзімді мемлекеттік жоспарлаудың, инвестициялық сенімнің және қоғамдық тұрақтылықтың маңызды алғышарты.
Дегенмен кез келген конституциялық норманың құндылығы оның нақты жүзеге асырылуымен өлшенеді. Астана мәртебесін айқындайтын құқықтық ережелер де қаланы басқаруда тиімді қолданылып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттырғанда ғана өзінің шынайы нәтижесін береді. Осы орайда елорданың құқықтық мәртебесі мен жергілікті өзін-өзі басқару қағидаттарының үйлесімділігіне де назар аудару қажет. Астана жалпыұлттық мемлекеттік міндеттерді атқарғанымен, оның тұрғындары да жергілікті мәселелерді шешуге қатысуға, өз пікірін білдіруге және қала билігінің қызметіне қоғамдық бақылау жасауға құқылы. Демек, ерекше мәртебе азаматтардың жергілікті басқаруға қатысу мүмкіндігін шектемеуге, керісінше, оның тиімділігін арттыруға бағытталуы тиіс.
Астананың алдағы дамуы бірнеше маңызды міндеттің шешілуіне байланысты.
Біріншіден, елорда мемлекеттік басқарудың тиімді орталығы болып қалуы қажет. Мұнда қабылданатын шешімдердің сапасы, олардың орындалу тәртібі және қоғамдық нәтижесі басты назарда болуы тиіс.
Екіншіден, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы тұрғындар санының өсуіне сәйкес дамуы керек. Тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік және инженерлік желілер мәселесі жүйелі жоспарлауды талап етеді.
Үшіншіден, Астана өңірлер арасындағы байланысты нығайтатын саяси және экономикалық орталыққа айналуға тиіс. Мемлекеттік саясаттың нәтижесі тек елордада емес, бүкіл Қазақстан аумағында сезілуі қажет.
Төртіншіден, қаланың экологиялық тұрақтылығы мен өмір сүруге қолайлылығы басты басымдықтардың бірі болуы керек. Қала құрылысы табиғи ортаға жауапкершілікпен қарауға және ұзақмерзімді жоспарлауға негізделуі тиіс.
Бесіншіден, елорда ашық мемлекеттік басқарудың, қоғамдық диалогтың және азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетуі қажет.
Бұл міндеттер бір-бірінен бөлек емес. Олардың барлығы Астананың конституциялық мәртебесін нақты мазмұнмен толықтыратын өзара байланысты бағыттар.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында Астана елдік шешімнің, саяси табандылықтың және жаңғыруға ұмтылыстың көрінісіне айналды.
Елорданың қалыптасуы мемлекеттің дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етті.
Ал жаңа Конституцияда оның мәртебесінің айқындалуы осы тарихи дамудың құқықтық жалғасы ретінде бағалануға тиіс. Алайда елорданың шынайы биіктігі сәулетті ғимараттардың қабатымен, кең даңғылдардың ұзындығымен немесе салтанатты іс-шаралардың ауқымымен өлшенбейді. Оның ең басты өлшемі – мемлекеттік шешімдердің халық өміріне тигізетін пайдасы.
Егер Астанада қабылданған шешім шалғай ауылдағы мектептің жағдайын жақсартса, өндіріс жұмысшысының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, жас маманның кәсіби мүмкіндігін кеңейтсе, кәсіпкердің бастамасына жол ашса, онда елорданың саяси миссиясы нақты мазмұнға ие болғаны.
Біздіңше, елорданың ерекше мәртебесі үш маңызды қағидатқа негізделуге тиіс: мемлекеттік институттардың тұрақтылығы, азаматтардың өмір сапасы және өңірлер арасындағы әділетті даму тепе-теңдігі. Осы үшеуі үйлескен жағдайда ғана Астананың конституциялық мәртебесі бүкіл елдің ортақ игілігіне айналады.
Түптеп келгенде, Астана – бір қаланың ғана емес, тұтас мемлекеттің тағдырына жауап беретін саяси орталық. Оның мәртебесі де, миссиясы да осы жауапкершілікпен өлшенуі керек.
Елорданың абыройы – елдің абыройы. Ал елдің шынайы қуаты бір ғана астананың көркеюімен емес, бүкіл Қазақстанның өркендеуімен айқындалады.
Асыл ӘБІШЕВ
