(Ақын Әбу Жарқынұлымен сұхбат)
Жақында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының бастамасымен, меценат Асылбек Туғанбайдың қолдауымен ақын Әбу Жарқынұлының «Екі жол» кітабы жарық көрді. Бұл – ақынның екінші туындысы. Ақын 2007 жылы «Сезімнің жылы жаңбыры» жинағын оқырманға ұсынған болатын.
Жыр жинағында ақынның жүрекжарды азаматтық үнін паш еткен, қоғамдағы әр алуан көріністі асқақ шабытпен жырлаған өлеңдері топтастырылды. «Бөлмедім жыр кітабын бөлімдерге, бүтін жыр қор болмай ма бөлінгенде», – деп Жәркен ақын жырлағандай, бұл кітап та бөлімдерге бөлінбей, өлеңдер тұтас берілген. Өлеңдерімен ақ пен қараның ара жігін ашып, ащы шындықты айпарадай айқын көрсете білген ақын туған елін, Отанын ыстық сүйіспеншілік тебірене толғайды.
30 мамырда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада аталған кітаптың таныстырлымы өтетін болады. Сонымен бірге, ақын Атырау қаласында өткен Махамбет Өтемісұлы атындағы республикалық жыр бәйгесінде жүлдегер атанды. рухани сапардан күні кеше оралған Әбу Жарқынұлымен жыр кешінің қарсаңында сұхбаттасуды жөн санадық.
– Әбу аға, жүлдеңіз құтты болсын! Қуаныш қуанышпен еселеніп жатыр екен. Ертең өтетін әдеби кешке дайындық қалай?
– Ақ Жайықтың жағасынан Ертіс-Баян даласына қанжығамыз майланып келді. Өңір әдебиетінің ортақ жеңісі деп білемін – бұны. Ал, жаңа кітаптың таныстырылымы болатын әдеби кештің жалпы дайындығы ойдағыдай. Кешке әр ауданнан арнайы шақырылатын кітапхана қызметкерлері мен қаламдас достардың қатары да аз емес. Ең әуелі, осы орайда оқырмандармен шығармашылық жүздесуді алдын-ала ойластырып, рухани кеш жасауға мұрындық болған Май аудандық және облыстық кітапхана ұжымына айтар алғысым шексіз. Кеш барысында жиналған қауыммен емен-жарқынәңгіме құрып, қойылған тосын сұрақтарға да тосылмай жауап беруге ішкі дайындық үстіндемін. Кеш барысында әуелеген ән мен күмбірлеген күйге, бүкпесіз достық лебіздерге де рет-ретімен кезек беріліп отырса, көпшіліктің көңілінен шығатындай рухани кеш сыйлай алсақ, мақсатымыздың орындалғаны ғой…
– Кітап туралы айтсаңыз…Неге «Екі жол» деп атадыңыз? Алғашқы кітабыңызбен салыстырғанда қандай ерекшелік, өзгешелік бар?
– Кітаптың атауы естір құлаққа тым қарапайым жадағай естілгенімен, көзі қарақты оқырманға бәрі де түсінікті деп ойлаймын. Кітаптың атауын қоярда көп толғандым. «Екі жолға» бәрі де сыйып тұрғандай. Өмірдегі ақ пен қара, жақсы мен жаман, бақ пен сор, періште және сайтан, дүние жолы мен хақ жолы, күндіз бен түн, пәни мен бақи, өмір жолы һәм өнер жолы т.б. Осы бір философиялық мәні кең ауқымды қамтитын бір ауыз сөздің түйініне бүкіл жаратылыс дүниесінде оқшау тұрған зат немесе сыңар жақтылы түсінік жоқ қой. Бәрі де егіз ұғымнан бастау алып жатса керек.
Ал енді екі кітаптың айырмашылығына тоқталсам, «Сезімнің жылы жаңбыры» атты алғашқы жинағым 2007 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курсында оқып жүрген қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдардың өшпес естелігіндей, қайталанбас жастық шағымның, яғни жалындаған 18 бен ай-хай 25-тің аралығында жазылған жырлар еді. Сол себепті бұл шағын еңбегімде махаббат лирикалары басымдау болды. Арада 15 жыл өткеннен кейін екінші кітап «Екі жол» оқырманға жол тартты. Екі кітаптің айырмашылығы жер мен көктей болмаса да, екінші кітап мазмұндық және тақырыптық жағынан ауқымдырақ болғанға ұқсайды. Көбінесе азаматтық ойлар айтуға, қоғамдағы түрлі талас тудырған көзқарастарға нүкте қоюға ұмтылысты аңғаруға болатындай. Баяғыдағы балаң жырлардың ес жиып, етек жапқанын, өн-бойындағы олпы-солпысын түзетіп, есейе түскенін аңғарғандаймын. Тұғыш жинақтың жарық көруіне тікелей қолдау жасаған сол кездегі универитеттің ректоры ҚР ұлттық ғылым акадамиясының академигі Ғазалиев Арыстан Мәуленұлы ағамыз еді. Алғашқы кітаптың тұсаукесері және шығармашылық кеш ретінде өткен аталмыш оқу орынның акт залында өткен рухани кештің сөз тізгінін ұстаған ақын досымыз Айбек Оралхан екендігін де айта кетейін.
– «…Шындық үшін шыбын жанын аямас, болғым келеді шын ақын» дейсіз бір өлеңізіде. Сіз іздеген шындық қандай?
– Әрқандай адам шындықтан жалтара алмайды. Әсіресе қаламды қару еткен жандар үшін ащы шындықтың алар орыны ерекше. Өмірде көбінесе шындықтың жүзіне тура қарай алмай, тайсақтап, жауап беруге келгенде күмілжитіндер де жиі ұшырасып жатады. Бауыржан Момышұлының: «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген қанатты сөзін жан дүниемнің жалауы етіп келе жатырмын. Мен іздеген шындық жұрттан алабөбен емес қой. «Көздегенім дәл мынадай шындық еді» деп, кесіп-пішіп айтуға болмас.Ақиқат – адамзатқа ортақ. Оған шынайы көз жеткізіп, көмескілеу тұстарына зер салып үңілу, нысанаға алған ақпарды ой елегінен өткізу, әбден саралау қаламгер қауымның басты ұстанымы екені даусыз. Осы тұрғыдан келгенде енжарлық танытпай, жалпақшешейлікке салынбай, қоғамдағы көрініс беріп отырған келеңсіз жағдайларды қандауырдай өткір тілмен безеп, лас қоғамның қанды-іріңін шығаруға ұмтылмаған ақын көздеген биігіне шыға алады дегенге сену қиын.
– Өзіңіздің ақындығыңыз бен азаматтығыңызды қалай бағалайсыз? Жалпы, адам баласы өз-өзіне қандай көзқараспен қарау керек?
– «Ақын болу – өз еркің, азамат болу – борышың» деп қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев айтқандай, ақындыққа әр азамат өз еркімен, өз ынтасымен келеді ғой. Жалпы ақындық өнерді – Аллның берген сыйы деп қабылдайтынымыз рас. Ақындықты тек оқу-тоқумен ғана келетін дарын деп қарастырсақ қатты қателесеміз. Ол ата тектен, қанмен бірге келетін баға жетпес қасиет деп бағалаймыз. Ал азаматтық қасиет бала күннен өсе келе біртіндеп қалыптасатын жеке бастың, қадыр-қасиетінің ерекшелігіне тікелей байланысты екені хақ.
Адамдың өз-өзіне баға беруі – қиынның қиыны. Қандайда бір кісінің жалпы азаматтық болмысы болсын, қоғамдағы алатын орыны болсын – бәрі-бәріне баға беретін халық деп есептеймін. Халық өзі керегін алады, керексізін шетке ысырып отырады. Ақындық пен азаматтықты қатар алып жүру өмірлік ұстанымым. Екеуін де бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз.
– Сіз көздеген мәре қанадй?
– Өнер өлкесіне қадам басқан шығармашылық адамы алдына үлкен мақсат қоя білуі тиіс. Тағы да есіме Қадыр атамның өлеңі түсіп отыр:
«Кішігірім мақсатпен,
Үлкен адам болмайсың.
Ойқастаған қасқа атпен,
Орта жолда қалмайсың», – деп жырлап кеткен жоқ па?!Өзімнің бір әдетім – өлеңі ұнаған ақынның шығармасынан бір үзінді болса да жаттап алуға тырысамын. Көбінесе толықтай жаттап аламын. Мұның себебі – еске сақтау қаблітетін сәулелендіру үшін. Ал енді өнер майданында көздеген мәреге келсек –қасиетті қара өлеңнің керуенінде өзіндік үн, өзіндік қолтаңба қалдыру, тыңнан түрен салмасақ та, саусақпен санарлықтай болса да келешек ұмытып кетпейтіндей өміршең туындылар жарату.
– «Көңіліңізде бүрледі екен қанша арман?!»
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген мақал бар ғой. Арман үнемі адамды алға жетелеп қана қоймай, сана-сезімін, жан дүниесін, көңіл көгін жаңғыртып, түлетіп отыратын тылысым күш сияқты. Бала күндегіармандардың талайы сағымға айналып ғайып болды. Есейе келе армандар да көктемгі бүршік атқан жас талдай жарыса бүр жаратыны рас. Адам баласының арманы өмір бойы таусылмайтын шығар-ау! Бозбала шақта мектепті тезірек бітіріп, жоғары оқу орнына түсуді армандасаң, студент атанғасын қалаған мамандығың бойынша диплом алып, қоғамға араласып, алғашқы еңбек жолымды бастасам екен деп армандайсың. Қоғамның бір кетігіне кірпіш болып қаланып, елге қызмет ете бастағанда мойныңа түскен үлкен жауапкершілікті сезінесің. Бұдан әрі салмағы ауыр жауапкершілікті адал атқаруға өз-өзіңді қамшылап, жігерлене түсесің. Еткен еңбегіңнің жемісін жегенде, өмірлік азық болар баянын берсе екен деп тілейсің. Қандайда бір жетістігіміз болса, үнемі алға жебеп, ұмтылдырып отыратын арманның ықпалынан бөліп қарай алмаймыз. Кейде арманның алдап кететін кездері де ұшырады. Ондайда «Бір сәтсіздік – бір сабақ» деп өзімізді жұбатып алатынымыз тағы бар.
– Көңіліңіздің жыртығын немен жамайсыз?
– Өмір болғасын басымыздан қилы-қилы тағдырлар, кейде тіпті күтпеген жағдайлар да орын алып жатады. Өмір бір сарынмен, бір сыдырғы өтіп жатқандай сезілгенімен, оның өрекпіген асау толқындары кейде көңіліңді алай-дүлей етіп, жетімсіреген бір жағалауға әкеп тіреп қойғандай күй кештіретінін қалай жасырайын. Сондай бір беймаза шақтарда, күзгі бақтай құлазыған көңілден мұңлы сарынмен ақ параққа жыр жолдары нөсердей сіркіреп, бірде ақ жаңбырдай себелеп көпке дейін толастамайтын сәттерін сағынасың-ау. «Неге?» дейсің ғой. Оның бәрі ақын үшін қайталанбас ғажайып күй. Ой мен сезім астасқан мезеттік күй. Оның бәрі қас сұлудың арқасында бұлғақтаған қос бұрымдай өлең жолдары ғой. Жан әлемімнің үңірейген бір бұрышын осы сәтте өлең келіп толтырады. Ондайда ешкімнің мүсіркеген сөзін, жұбату айтқан ақылмандығын көтере алмайсың. Тек қана қағаз бен қалам жан серігіңе айналып кете барады. Ақын үшін көңілдің жыртығын өлеңмен жамағаннан артық бақыт жоқ шығар.
– «Ақын жаны – ақиқаттың ақ туы, ақын жаны – адалдықтың пәк гүлі» деген өлең жолдарыңыз есімде қалыпты. Жаныңызға кір жұқтырмау үшін қалай сақтанасыз?!
– Ия, бұл ойландыратын сұрақ. Жалпы адам баласы өз өмірінде судан таза, сүттен ақ болып, ешкімнің ала жібін аттамай ғұмыр кешіру мүмкін емес шығар?! Дей тұрғанмен барынша адалдықпен, таза табан ет, маңдай термен тапқан несібенің берекесі қашанда мол болары сөзсіз. Мына заманда ешкім «періште» емес. Кім етегіне намаз оқып жүр дейсің. Пенде болғасын, кемшіліксіз болмаймыз. Шындап келгенде әр адамның бойынан бір мін табылады. Келеңсіз қасиеттерден бойымды аулақ салуға тырысамын. Мүмкіндігінше ізгі ниетті, пиғылы таза жандармен сырласқанға не жетсін?! Біреудің болмашы кемшілігін байқап тұрсам да, оның бетіне басып мұқатудан аулақпын. Бұл – азаматтық ұстанымым. Өзгелердің қитұрқы мінез-құлқы жан дүниеме жақпай тұрса да, кешіріммен қарауға тырысамын. Жаман қасиеттерден сақтанудың бір жолы осы болар? Жеке басымның кемшін тұстарын түзетуге күш саламын.
– «Біз жайлы не айтады ертеңгілер?» Сіз қалай ойлайсыз?
– Өз өлең жолдарым өзіме тың сұрақ болып алдымнан шыққанда, кәдімгідей ойға қалдым. Теңіздің түбінен інжу-маржан тапқандай, өте шеберлікпен орынды әрі салмақты сауалдар қойып отырсың, Елеке! Жалпы болашақ жайлы сөз қозғағанда, келер ұрпақтың ой-санасымен долбарлап, пікір білдіру сәуегейлік болар?! Қаламгердің шығармасы болсын, ғұламалардың тарихта қалған өнегелі ісі болсын бәрі-бәріне уақыт қана әділ төреші ғой!
– Әңгімеңізге рахмет, аға! Жыр кеші сәтті өтсін!
Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
(Суреттер Әбу Жарқынұлының жеке мұрағатынан алынды)