Тілсіз жау
(Болған оқиға ізімен)
Тілсіз жауға қазақ үш нәрсені жатқызады: от, су, бура. Бурадан қазір қорықпауға да болатын шығар. Өйткені, жоқтың қасы… Ұланғайыр қазақ даласына шаққанда, әрбір жүз шаршы шақырымға, әлде мың шақырымға ма, біреуден ғана келер, я келмес те… Кеңес өкіметі қазақты, алдымен, атынан, одан кейін түйесінен айырды…
Жә, біздің әңгімеміз, осындағы екінші тілсіз жау – су жөнінде. Су болғанда, кәдімгі ықылым замандардан бері Алтай мұздықтарының тұщы суын сонау Мұзды мұхитқа тасымалдап жатқан ұлы өзен – Ертіс бойында болған жағдай…
Бір топ жігіт маусымның аяғына таман Жастар күнін тойлауға су жағасына барды. Әрине, машинамен… 3-4 қармақты ала салды. Баяғы, балық түсе қалса, «уха» пісіріп жемекші… Оған керекті картоп, пияз, сәбіз, бұрыш, тұз дегендер молынан алынды. Тоғайдан құрт та табылды. Шешініп тастап, салқын суға бір сүңгіп алып, балық қызығына кірісіп кетті… Алғашқы түскен алабұға, шабақтар да қазыққа байланған тор ішінде шоршып қояды…
– Алабұға жақсы! Сорпасы дәмді болады, – деп қояды Берік достарына.
– Қызыл балық түссе, тіпті жақсы болар еді, – дейді Ақан.
– Қой, атама бәлекетті! Полиция ұстаса, бес жылды арқалап кете барасың!, – деп қосарланды Серік те.
– Бұйырған балық түсер, бұйырмағанына басты ауыртпайық, – деп қосылды Әсет.
– Әй, жігіттер, кәуәп пісірмейміз бе?
Бұл – бағанағы Берік еді. – Ақан, сол жұмыс сенің қолыңнан келеді. Серік екеуің кірісіңдер! Үйден ұсақталған отын да ала келдік емес пе сол үшін?! Ал Әсет екеуіміз балық аулай берейік…
Көп кешікпей күйген еттің иісі мұрынды қытықтай бастады.
Берік ұстаған балықтарын аршып, тазалап, «уханы» – балық сорпасын өзі пісірді. Айналадан көптің күшімен үйден әкелінген отынға қоса қу бұтақтар да жиналды. Балықтың көзі ағарған кезде құлағына сым байланған кәстрөлді оттан түсіріп бөлек алып қойды. Жігіттер балық сорпасын рахаттана ішіп болғанда, кәуәп та дайын болды…
Осы кезде арғы беттен бір айғай естілді.
– «Ақан, Берік!» дейтін сияқты ғой…
Иә, расында да арғы беттегі құм қайрақ үстінде топ жігіт жүр. Бұлардың аттарын атайды.
– Өй, мыналар көрші ауылдың балалары ғой. Кәуәпқа шақырсақ қайтеді? – деді Ақан.
Айғайлап, қол бұлғап, оларды бергі бетке шақырды. «Көршілер» де көп күттірген жоқ. Үлкен резеңке қайықпен төрт жігіт бергі жаққа өтті.
Өздерімен бірге әкелген шишалары, тіске басарлары да бар екен. Кәуәп желінді, арақ ішілді, әңгіме қызды. Бір кезде әлгілер қайта жиналды. Ар жаққа қарай екпіндете ағыза жөнелген қайықтары жолында бөрене кездесті ме, немене, Ертістің ортасына жете бере аунап түсті. Қайық бір жаққа, төрт жігіт бір жаққа кетті. Үшеуі жанталасып, арғы бетке малти жөнелді, ал төртіншісінің: «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!», – деген жан дауысы шықты. Ақ мәйкесін жүгіре сыпырып тастап Берік суға бір-ақ қарғыды. Бала күнінде ауыл жанындағы Қарасуды астынан сүңгіп, үстінен жүзіп, сан мәрте ары-бері өтетін. Кейіннен осы Ертістен де арғы бетке малтып өтіп жүрді. Ағыны қатты ғой жарықтықтың… Тау өзендеріндей (таудан басталса да) сарқырамайды, күркіремейді, бар қуатын бойына жиып, жай ғана іштен тынып ағып жатқан сияқтанады. Ал бірақ ағынға қарсы малтып көрші?! Көрейін әуселеңді… Малти алмайсың, көп болса, бір орныңда тұрарсың… Бір жерден оқығаны бар, алдымен адам баласы суда жаралыпты, балық болыпты… Бөбектің туғаннан кейін желбезегі бір аптаға дейін өлмейді екен… Егер туа сала суға жіберсе, нәрестенің желбезегі дамып кетеді де, бала судың астында балық сияқты жүзеді… Теледидардан бір көргені бар. Терең бассейн түбінде, судың астында жүру де білмейтін кішкентай сәби ойыншықтармен ойнап отыр. Анасы суда босанған екен. Яғни, шешесінің құрсағындағы судан шығып, қайта суға кіреді. Балаға да, анаға да еш ауыртпалық жоқ…
Берік құлаштай малтып, әлгі төртінші жігіт жанына лезде жетіп барды. Бірақ денесінен ұстаған жоқ.
– Қорықпа! Мен жаныңнан кетпеймін! Мен сені ажалға бермеймін!
Әлгі жігіт жалт қарады. Көзі алақ-жұлақ етеді. Әйтеуір, итше малти алады екен. Су бетінде батпай баяу қалқып барады.
– Саспа! Маған қарай малты!
Ол бұған қарай ұмтылды.
– Иә, осылай, осылай! Жақындай бер! Қорықпа! Мен қасыңдамын!
Бейтаныс жігіт тағы жақындай түсті… Бұл кезде жағада қалған Беріктің достары да ағаш арасымен жүгіріп келеді. Екеуі жақындаса, көмекке ұмтылмақшы… Қайықтан аударылған үшеу бұл кезде арғы бетке жетіп те қалған еді. Ал мына төртінші жігітті Берік өз жағалауына жақындатып келеді…
– Қорықпа! Жанталаспа! Күшіңді үнемде! Мен қасыңдамын! Әне, біздің жігіттер де қазір көмекке келеді! Сені біз жауға бермейміз!
Қалған үшеу де суға секірді… Қолтығынан демеп, әлгі жігітті жағаға шығарды…
– Атың кім өзіңнің?, – деді Берік.
– Се-е-р-ік! – деді анау ықылық атып…
– О-о, Серік! Берік! Ұйқас екен атымыз! Енді көп жасайсың, Серік!
Серіктің тісі тісіне тимейді. Қорыққаны, қуанғаны бар…
– Бүгін біздің үйде қон! Ертең ауылдан қайық тауып, өзім-ақ арғы бетке жеткізіп саламын…
Бірақ туралап келген ажалдан әупірімдеп аман қалған Серік ауылына Ертістің үстімен емес, автобуспен қала арқылы қайтқанды жөн көрді. Жігіттер жабылып киіндірді, жолына ақша тауып берді…
Иә, «Суға ерлік жүрмейді» дейді қазақ. «Мен!» деген талай малтымпаз тілсіз жаудың құрбаны болған… Ал мына Серік бала Берік ағасының арқасында бір ажалдан аман-сау қалып еді… Ғұмыры ұзақ болсын!
Ғабит Сапаров,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Павлодар қаласы.