Қадірлі оқырман, сарбаз болып сапқа тұрып, сағынышты сезіну қаншалықты жылы болса, соншалықты ауыр… Бүгінгі Отан қорғаушылар күнінде жас сарбаздардың жігерін шыңдап, жүрегін жалындатсын деген ниетпен қазақ ақындарының әскер туралы жырларын жариялаймыз. Бұл өлеңдерді оқыған әр азамат солдат шағын есіне алып, өткен күнге ойша саяхат жасайды деп сенеміз. Қабыл алыңыздар!

Сағи ЖИЕНБАЕВ: «Хат»

Солдат үшін бір сәлем хат – бір дастан,
Келсе және ол күтіп жүрген қимастан.
Оқиды оны көзі ұйқыға кеткенше,
Оқиды оны төсегінен тұрмастан.

Не кінә бар шалғайдағы шырақта,
Әке-шеше, ауыл-аймақ жырақта.
Қалтасында болмайды оның артық зат,
Қыздан келген хат жүреді бірақ та.

Жалықпайды жалғыз хатты жүз оқып,
Жүреді ол да жаңбыр өтіп, сыз өтіп.
Туған жерін күзетеді жас жігіт.
Жас құрбысын тұрады ол да күзетіп.

Саусағына әрең-әрең ілініп,
Қашан күл боп кеткенше өзі үгіліп,
Жалынға орап жатады оны түнімен
Жастығының астына кеп тығылып.

Жабығатын, сағынатын кез де көп,
Соның ғана жарқылы анау көздегі от.
Сүйген адам не жазғанын кім білсін,
Одан қазір… құдіретті сөз де жоқ.

Хат дегенің құпия сыр, жыры көп,
Тұрған шығар туған ауыл үні кеп…
Құрбы қыздар күтіп жүрген алыста
Сақшыларға хат жазыңдар жиірек!

Тоқаш БЕРДИЯРОВ: «Моряк жыры»

Біздің кеме жинап алса егер де,
Судан
Якорь-сырғасын:
Көз алдымнан елестетіп өтем бір,
Туған елдің қырқасын.

Корабльдің болат арқан кіндігін
Үзген шақта жағалау –
«Қош бол, Үлкен жер-ай» – деп,
Жүрек шіркін жанады-ау.

Жүректі тек билейді енді сағыныш,
Арман,
Арман,
О да бар.
Соңымыздан шағала боп ұшады,
Қыз бұлғаған орамал.

Теңізшінің махаббаты отпен бір,
Суытпайды жас құшақ.
Толқындардың өркешінде ойнайды,
Біздің албырт жастық шақ.

Жат елдерде,
Қаумалайды сағыныш –
Ойқастатып құрығын.
Жүректе тек маяктай боп жанады,
Отан деген бір ұғым.

Өткен күндер,
Туып-өскен жағалау
Бізді қайта құшады…
Қыз бұлғаған орамал,
Шағала боп төбемізде ұшады.

Есенғали РАУШАНОВ: «Солдат жазған хаттардан»


Бұла түн қайда?
Аспанды бұлттар қаптап ап жалбыр,
Тұратын
майда
Сіркіреп ақтамақ жаңбыр?
…Бұлақтар сонда Тау-ана бөбектері боп,
Жып-жылы самал есетін өбектеп, үдеп.
Құлайтын жапырақ өлшемді биіктіктерден
Шекспир сонеттері боп.
Бұла түн қайда?
Ақтамақ жаңбыр сіркіреп тұратын майда?
Жымысқы желі мезі етті жырынды күздің,
Көгершін біткен шатырға тығылды біздің.
Ақтамақ жаңбыр жүпарын сағындым ғой мен,
Аңсатты мені күлкісі бұрымды қыздың.
Жоқ қылып мынау
зіл-мұңды өлеңші өңірден,
Көк бұлттар-ау,
күн қайда көбең сөгілген?
…Түнгі постарға жүремін сұранып шығып,
Ақтамақ жаңбыр жауады деген сеніммен

Ертай АШЫҚБАЕВ: «Солдаттық альбом. Веспрем қаласы»

О, көп емес қалған мұрам ескіден,
Ең ескісі —
таңғы тыныс,
кешкі дем.
Мына сурет —
Венгрия,
Веспрем,
Жолдас болдық біз де талай естімен.
Кейде көңіл әл заманды аңсаса,
О, қонбайды,
қонбайды ғой ешбір ем,
Диагноз қою қайда тестімен?!
Веспрем шәр,
қандай адал кескін ең,
Орындаған бұйрықтарым,
о, қанша,
Оралмай ма алғыстарым естіген?

Шинель,
етік,
қару-жарақ —
көк мұздай,
Қомданамыз қонған құстай топ бұзбай,
Біздер бұрын жылынамыз,
от қызбай.
…Емес пе екен біздің қыпшақ тұқымы —
Әнеу жерде тұрған сұлу топ қызды-ай!
Ең қиыны мұндай шақта,
Жүректі
сақтап қалу мұң-шойтасқа соққызбай.
Қай көктемге арызыңды айтарсың,
Аялайды мейірімі жоқ күз қай?..

Өкпелетіп бүгін қазақ даласы,
Оянса да кейде жүрек жарасы,
Булықса да көйлегімнің жағасы,
О, өкпем жоқ,
Еуропа қаласы.
Алып кетті сенен қанша әсем сыр,
Әрбір үйдің әлпештеген баласы.
Әлі күнге,
беу,
жүр ме екен қалықтап,
Қыпшақ-қызды көру үшін анықтап,
Он сегіз бен жиырма жастың арасы?
…Қарашы!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Кеттің бе мүлде ұмытып»

Кеттің бе мүлде ұмытып,
Кезігіп тағдыр жарына?
Уақыт-қыс мүлде суытып,
Өтті ме көміп қарына?

Жоқ!
Мен серік еткем төзімді,
Кеудемде бар да жыр әнім.
Мен түндер сайын өзіңді
Түсімде көріп шығамын.

Сенерсің, мейлі, сенбессің,
Азаптан безер келді шақ:
Жүрегімді менің енді ешкім,
Жауламаса екен сен құсап.
***
Туған жерім,
саған деген махаббаттар – пәк арман
сыналған-ды тас қияңда, түнекте:
не жас болып ағады да жанардан
не тас болып қалады да жүрекке!
Сол махаббат қан жүгірткен жырыма
Сол махаббат айбат берген тауыма;
не гүл болып таралады қырыңа,
не оқ болып қадалады жауыңа.

Табыл ДОСЫМОВ: «Әскерде жүріп, шет жерде»

Әскерде жүріп, шет жерде,
Сағыныш сазын шерткенде.
Екі жыл сені қалдырдым,
Жүректе, сосын, дәптерде.

Ерке қыз, жолың оң болғай,
Ер Тарғыныңды күтерде,
«Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!»

Егіле тартып күйді өзге,
Ел кезіп кеткен тентегін,
Есіне алып кей кезде,
Елеңдей ме екен ерке құм?!

Елес күндерге қол артып,
Есіл арманға шөлдеген,
Еркелігімді жоғалтып,
Есейіп қайтам елге мен.

Ермеңдер бірақта маған,
Ерігіп кетті демеңдер.
Елінде тұрақтамаған,
Елім деп еңірегендер.

Нарша ҚАШАҒАНҰЛЫ: «Қош, арманым»

Аяулы арман едің,
Кетіпсің сен басқа боп.
Шығарып салған едің,
Жанарың жасқа толып.

Жүрсем де жерде жырақ,
Мен саған сенетінмін.
Білмеппін бізді бірақ,
Жолдардың бөлетінін.

Хатыңды жаттап алып,
Қараушы ем қайта-қайта.
Әр сөзін жаттап алып,
Жүруші ем айта-айта.

Махаббат жалған ба едің,
Көтердім бар салмағын.
Шығарып салған едің,
Қалайша қарсы алмадың?

Қош енді, қош, арманым,
Сүйем деп бос алдадың.
Екі жыл тоса алмадың,
Екі жыл тоса алмадың…

Әзірлеген, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий